Ұлттық рухтағы ұрпақ тәрбиесi

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Уақыт өтеді, ұрпақтар алмасады. Әр ұрпақтың өз құндылығы болады. Аға ұрпақ пен бүгінгі өскелең жастар арасында көзге көрінетін, көзге көрінбейтін жер мен көктей айырмашылық бар. Өйткені, олардың алған тәрбиелері бөлек. Оның үстіне қазіргідей технология күннен-күнге дамып жатқан кезеңде бүкіл адамзаттың болмысы, таным-түсінігі мүлдем өзгеріп барады. Заман өзгерді екен деп бабалар салып кеткен сара жолдан, ата-баба дәстүрінен кілт бұрылмасымыз тағы анық. Еліміз өркениеттен тыс қалмай дамуға қаншалықты бет бұрса да ұлттық рухымыз сақталып қалуы тиіс. Түркістан облысының Қазығұрт ауда-нына қарасты Жаңабазар ауыл округінде тұратын 85 жастағы Рахматулла Жамашев атамызды да бүгінгі ұрпақ тәрбиесі алаңдатады.

– Біздің өміріміздің басым бөлігі коммунистік партияның ықпалында өтті. Ол кезде ұлттық рухтың не екенін де сезінбегенбіз. Өйткені, заманымыз сондай болды. Ленинді күн көсем дедік. Дін апиын деп үйретті. Ата-бабадан қалған құндылық атаулы қоғамды тежеуші күш саналды. Осындай тәрбиемен өстік. Сол заманның пионері, комсомолы, коммунистік партияның белді мүшесі болдық. Пионер кезімізде бізге өз әкесін халық жауы деп ұстап берген Павлик Морозовты үлгі ететін. Сол кезең көрші-қолаңды, тұрмысы дұрыс ауылдасты, туысты жау тұтатын халге жеткізді. Кеңес Одағының коммунистік партиясы – заманымыздың ақыл-ойы, абыройы, ар-ожданы деген мақтаныш сезімде өстік. Шекарадан тыс жерде не болып жатқанынан бейхабар едік, өз идеямызбен ғана өмір сүрдік. Еліміз өз алдына егемендігін алғаннан кейін ғана көзіміз ашылды, кімнің кім, ненің не екенін анық түсіндік. Ойлап отырсақ, біздің сол кездегі күн көсеміміз Лениннен бастап барлық ел билеушілеріміз халық түгілі өз отбасыларын дұрыс тәрбиелеп жолға қоя алмағандар екен. Ашық айтсақ табалағандай болармыз, бірақ Ленин, Сталин сынды басшылардың ешқайсысы жарытып ұрпақ қызығын көрді деуге негіз жоқ. Балалары болмады, ал болғанының өздері бордай тозды.

Бүгін, міне, шүкіршілік, заман өзгерді. ХХІ ғасыр тосын жаңалықтарға толы болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұл мақала «бабаларымыздан қалған ізді жоғалтып алыппыз, соған қайтыңдар, жаңғыртыңдар» дегендей мағына беріп тұр. Міне, енді осыны басшылыққа алып, өмірімізді түбегейлі өзгертуге тырысудамыз. Биыл елімізде Абайдың 175 жылдығы, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы тойланбақ. Бұл екі ұлы тұлғаға көрсетілер құрмет мерейтоймен шектеліп қалмауы тиіс. Бізде той өткен соң бәрі ұмытылып қала беретіні бар. Абайдың да, әл-Фарабидің де ұлағатты сөздері өміріміздің күнделікті өзегіне айналуы керек.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Аталарымыз «балаңның қолына пышақ, сіріңке беріп жұбатпа, өмір бақи жылатасың» деуші еді. Бұл бала жазатайым өзін жарақаттап алмасын деген сөз. Оларды бермеу қиын емес. Ал, қазіргі жастарға қасірет келе жатыр. Ата-аналар мұны өздері қолдан жасауда. Бір-екі жасар баланың қолына ұялы телефон беріп қойып жұбатады. Оны алсаң бала шыр етіп жылайды. Өскен сайын одан бір елі ажырамайды. Ал, одан соң сол телефон үшін ата-анасына тіл тигізетін жағдайға жетеді. Әрине, заманына қарай компьютердің тілін білгені дұрыс. Алайда, мүлде бақылаусыз қалдырудың салдары жаман болмақ. Бұдан құтылудың бір жолы – баланың көңілін басқа жаққа аудару. Ең алдымен баланы бесіктен бастап тәрбиелеу қажет. «Бесік жыры» арқылы сәби анасының мейірімді даусын естиді, ақ сүтіне мейірлене қанады, – деген Рахматулла атамыз бұл мәселені шешуге септігі тиетін өзге де тәрбиелік мысалдарды көптеп келтірді.

«Қазір орынсыз күлкі, мағынасыз жүріс көп, бұған ата-ана да, қоғам да кінәлі» дегенді айтады ақсақал. «Мұндай келеңсіздіктерге теледидардан берілетін жөн-жосықсыз бағдарламалар да өзіндік үлесін қосуда. Телеарнада ешқандай бақылау жоқ, толып жатқан шоу, сайқымазақ» дейді күйініп. Рахматулла атаның мына бір ойы да көңілге қонарлық. Ол кісі ауылда жастардың тұрақтап қалуы үшін мектеп қабырғасында ауыл шаруашылығы сыныбы ашылса дейді. Бұл үшін 9-10-11-сыныптарға арнайы бағдарлама жасалса, оқушылар мектеп бітіргенде түрлі мамандық иелері болып шығар еді. Үйде ата-анасынан бәрін көріп өскен бала мектепте де біраз нәрсені үйренер еді. Сонда мектеп бітіргеннен кейін белгілі бір мамандықтың иесі атанып, ауылды өркендетуге атсалысар еді.

Тәрбие демекші, осы жолы Рахматулла атамен бірге Қарабастау ауылындағы жалпы орта мектепке бардық. Мектеп директоры Гүлмира Төлешова бізді «Рухани жаңғыру» деп аталатын арнайы бұрышпен таныстырды. Осындағы бейбіт күннің қос батыры бейнеленген суреттер көзімізге оттай басылды.

1973 жылы Қарабастау елді мекенінде туып-өсіп, орта мектепті бітірген соң әскери борышын өтеген Ғалымжан Әбішұлы Әбдіров кейін Алматы облысы, Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінде полиция қызметкері болады. 1999 жылдан бастап Алматы қалалық ішкі істер департаментінің патрульдік полиция полкының 3-ротасында полиция старшинасы болып қызмет еткен. 2011 жылдың 8 қарашасында Алматы қаласындағы Б.Момышұлы мен Райымбек батыр көшелерінің қиылысында қандықол қарақшыларды құрықтау барысында қаза тауыпты. Қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Ал, екінші батыр – Мейрамбек Рахматуллаев. Ол 1992 жылы Қарабастау елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. 2010 жылы осы мектепті бітіріп, Ақтөбедегі М.Бөкенбаев атындағы заң институтына оқуға түскен екен. Еңбек жолын Алматы қаласы, Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып бастаған.

2016 жылдың 18 шілдесі күні Алматыда болған лаңкестік шабуыл кезінде қаруланған бұзақы он адамның өмірін қиды. Сол күні кезекшілікте тұрған Мейрамбек Нұрділләұлы оның жолын бөгемек болғанда қандықол қылмыскердің қолынан ауыр жараланды. Осылайша қаскүнемге қасқая қарсы тұрып, ерліктің үлгісін көрсете білген полиция лейтенанты Мей-рамбек небәрі 24 жасында өмірден озды. Бейбіт адамдардың өмірін құтқарып қалу жайында ерен ерліктің үлгісін көрсеткені үшін М.Рахматуллаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Былтыр Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының басшылығы бейбіт күннің сақшысы болған халқының адал ұлын тәрбиелегені үшін Мейрамбектің ата-анасына, ұстаздарына алғыс білдірген хат табыстады. Онда: «Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар. Сіздер тәрбиелеп өсірген ұлдарыңыз Мейрамбек Нұрділләұлы осы қасиеттерге лайық еді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады. Ол әрбір қазақстандықтың өмірін сақтауды өзінің қасиетті борышы деп санады. Сондықтан сын сағаттарда нағыз батырға тән ерлікке барып, өзгенің өмірі үшін өз жанын құрбан етті.

Елін шексіз сүйіп, халқы үшін адал қызмет атқарып, туған жер тыныштығын көздің қарашығындай қорғаған батыр ұл өсірген ата-анасының, нағыз елжанды азамат тұлғасын қалыптастырған ұстаздарының алдында бас иеміз.

Біз оның ерен еңбегін, батырлық болмысын, биік азаматтық келбетін ешқашан ұмытпаймыз. Оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылып қалады және жадымызда ұзақ сақталып, қажыр-қайраты, табандылығы, Отанына деген шексіз махаббаты – жас ұрпаққа жарқын үлгі болып қала бермек.

Біздің басты мақсатымыз – батырларымызды құрметтеп, жан-жақты қолдау көрсетіп, өскелең ұрпаққа өнеге ете отырып, осындай батырларды тәрбиелеу.

Аталарымыз бен әкелеріміздің даңқты жолын жалғастырып, Отан қорғау шебінде, тыныштық пен бейбітшілік күзетінде тұрған бүгінгі күннің батырларына айтар алғысымыз шексіз» деген Ақтөбе заң институтының бастығы, полиция полковнигі А.Сайтбеков.

Бір қуаныштысы, биылдан бастап Қарабастау мектебінің бір түлегіне Ақтөбенің заң институтында оқуға мүмкіндік беріліп отыр. ҰБТ-дан лайықты көрсеткіш алған түлек Мейрамбек оқыған институтта жоғары білім алмақ.

Осы күні ұрпақ тәрбиесінде жемісті еңбек етіп келе жатқан мектеп ұжымымен бірге суретке түстік. Өнерлі оқушылардың концерттік қойылымын тамашаладық. Ең бастысы, өскелең ұрпаққа ұлттық рухта берілген тәрбиенің нәтижесі болатынына тағы да көз жеткізіп қайттық...

 

Пікір қалдырыңыз