Жақсы шара жалғасын табуы тиіс

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Елімізде жастар саясатына ерекше маңыз беріліп келеді. Әсіресе, олардың сапалы білім алуларына, кәсіп үйренулеріне, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілулеріне арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар көп. Соның ішінде өңірімізде жоғары оқу орнын бітірген түлектерді «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылды жерлерде жұмыс істеуге ынталандыруға бағытталған шаралар өз деңгейінде жүргізілуде деуге болады.

Мәселен, өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында 913 жас маман жұмысқа орналасса, биыл «Жастар жылында» олардың саны 1695-ке жетті. Бұл жастардың 1250-і білім беру, 316-сы денсаулық сақтау, 30-ы спорт, 21-і мәдениет, 21-і әлеуметтік қамсыздандыру салаларында еңбек етуде. «Жалпы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен барған жастардың 356-сы баспаналы болды» дейді сала мамандары.

Біз әңгімеге тартқан жетісайлық Ақбота Бауыржанқызы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының шарапатын көрген жастардың бірі. Кейіпкеріміз 9-сыныпты бітіргеннен кейін Жетісайдағы Ғ.Мұратбаев атындағы педагогикалық колледжге түседі. Одан соң Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетті тәмамдады. Оқуын аяқтаған соң бірден өзінің туып-өскен жеріне, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Ш.Ділдәбеков ауылына оралды. Осындағы Қ.Дәрімбаев атындағы №41 жалпы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасты.

Ақбота бағдарлама аясында мемлекет тарапынан бір реттік жәрдемақы мен 3 миллион теңге көлемінде несие алып, баспаналы болғанын айтады. Жастарға осындай жағдай жасаған ел Үкіметіне оның айтар алғысы көп.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы – жас мамандардың ауылды жерде тұрақтап қалуы үшін таптырмас жоба. Түптеп келгенде, бұл ауылдарды қала секілді сапалық деңгейге көтеруге де үлкен септігін тигізеді. Лайықты жағдай жасап, тұрғын-үй алу үшін алғашқы жарна беретін бастама кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Сондықтан жастарға қолдау білдіруге арналған мұндай шаралар бір жылмен ғана шектелмей, одан әрі жалғаса беруі тиіс.

 

Пікір қалдырыңыз