Жігері тасыған жанмен бақ жолдас

Елімізде жұмысқа қабілетті азаматтардың тең жартысын жастар құрайды. Бұл экономикамыздың негізгі тірегі солар екенін білдіреді.

Сондықтан ел Үкіметі «Жастар жылында» жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Әсіресе, оларды кәсіпкерлікке баулуды басты назарға алды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 2019 жылы 81 328 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болатын. Сала мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, өңірімізде мұндай шараға биыл 81 666 адам қатысып, олардың 33 579-ын жастар құрады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кентау қаласы бойынша филиалының директоры Мұрат Сәдуовтың айтуынша, Кентау қаласында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкер» курсынан 70 жас өткен екен. Қуантарлығы сол, бүгінде олардың әрқайсысы мемлекет тарапынан 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, өз идеяларын жүзеге асыруға кірісiп кеткен.

– Жас кәсіпкерлердің көпшілігі өз жұмысын қызмет көрсету, тамақтандыру, мал шаруашылығы салаларынан бастағанды жөн көрді. Араларында жылыжай ашып, көкөніс өсірумен айналысуға қызығушылық танытқандар да бар. Мәселен, қазіргі таңда жас кәсіпкер Жадыра Қонысбекова саңырауқұлақ өсіріп жатса, Алдияр Мәмбет көлік жуу орнын іске қосты, – дейді Мұрат Нұрәліұлы.

Сайрам аудандық жастар ресурстық орталығы мамандарының айтуына қарағанда, мұнда да биыл кәсібін ашып, мемлекет тарапынан қолдау көріп жатқандар көп. Нақты мысал келтірер болсақ, «Жастар жылында» 30 жас өз кәсібін ашып, «екі қолға бір күрек табуға» мүмкіндік алыпты. Бүгінде олардың басым бөлігі ірі қара мал өсіру және мал бордақылау ісімен айналысуда.

Солардың бірі Қарасу ауыл округіне қарасты Ақбастау ауылының тұрғыны Сәбира Ахметовамен (суретте) тілдескен едік.

«Менің мамандығым – есепші. Қазір декреттік демалыстамын. Осы уақытымды тиімді пайдалану мақсатында «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты «Бизнес-бастау» жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрендім. Мемлекеттен 2 млн. теңге көлемінде несие алып, ол қаражатқа сауын сиыр алғанды дұрыс көрдім. Қазір қорамыздағы 8 сауынды сиырдың айран-сүтін, қаймағын ауылдағы дүкендерге өткізудемін» дейді жас кәсіпкер. Сәбираның жолдасы ауданда мәдениет саласында жұмыс істейді. Олардың үш баласы бар.

Биыл егемендік алғанымызға – 28 жыл. Қарап отырсаңыз, бұл бір ұрпақ өсіп, жетіліп шығатындай уақыт. Ендігі жерде тәуелсіздігіміздің баянды және еліміздің бәсекеге қабілетті болуы белсенді жас буынның қолында деп білеміз. Сондықтан олардың мемлекеттің өздеріне жасап жатқан осындай қамқорлығын дұрыс пайдалана білгені абзал.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

 

Пікір қалдырыңыз