ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК – ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР

Сарыағаш ауданы – бүгінде халқым деп тер төккен, бар күш жігерін туған өлкесінің гүлденуіне сарп еткен азаматтарымен мақтанатындай жұлдызы жоғары, мәртебесі биік мекен.

 

         Сарыағаш аудандық кітапханасы ауданның 80 жылдығына орай және «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Өлкеміздің тұғырлы тұлғасы» атты ұзақ мерзімді кітапханалық жобаны бекіткен болатын.  Туған өлкесінің дамуына, гүлденуіне елеулі үлес қосқан, қоғамдық мүдделерді ұштастыра алатын, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды игерген, мемлекетіміздің өркендеуі үшін еселенген  еңбегімен еленген азаматтарымыздың ғибратты ғұмырын  өскелең ұрпаққа өнеге ету  мақсатында осы жоба бойынша үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді.

Биыл қаңтар айында ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ҚРҰҒА мүшесі Еркінбек Қанжігітовпен  «Еңбегімен еленген ғалым»  атты бенефис кешін өткізді. Онда Еркінбек Қаныбекұлының оқушыдан ғалым, профессор, академикке дейінгі жүріп өткен жолы оқырманға өнеге ретінде таныстырылды. Үлкен ғалым боламын деген арманның жетегімен Еркінбек ағамыз Алматыдағы зоотехникалық мал дәрігері институтында «Ветеринария» мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғары дәрежелі білім алған жас ветеринар барлық ынта-жігерін, күш-қуатын осы саланың мықты маманы болуға арнады. 1984 жылы Қабыланбек зоомалдәрігерлік техникумына ветеринариялық пәндер оқытушысы болып қабылданады. Ветеранария бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, теориялық білімін арттыру біліктілігін арттыру мақсатында Ленинград ветеринариялық институтында тағлымдамадан өтті. Мәскеудегі К.Н. Скрябин атындағы ветеринариялық академияның педогогикалық факультетін тамамдады.  Ғылым жолында өлшеусіз еңбек етіп, көз майын тауысып,  қатпарлы жолы көп ілімнің шырағын сөндірмеуге арнап, мал шаруашылығы саласының жағдайын жақсарту үшін көп еңбектенді.  

     Еркінбек Қаныбекұлы «Бруцеллезге қарсы РЕВ-1 вакцинасын тері арасындағы егудің тиімділігі» «Уақ мүйізді малдар бруцеллезінің профилактикасы тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, «Ветеринария ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін абыроймен иеленді. Осы еңбектің нәтижесінде уақ мүйізді малдар бруцеллезіне  қарсы вакцинаның дүние жүзі бойынша бірінші авторы атанды. Сонымен қатар  170-тен астам ғылыми және әдістемелік еңбектері жарық көрді. Ветеринария және зоотехника саласына арналған 18 оқулық пен 36 электрондық оқу құралының авторы атанды. Бүгінде сарыағаштықтар Еркінбек Қанжігітовпен мақтанады. Оның ғылымға қосқан үлесі, туған жері үшін теккен төрі лайықты бағасын алуда. Осындай ел азаматтары бар елден шыққан өскелең ұрпақтың жаман атты иеленуге қақысы жоқ деп есептейміз. Өлкеміздің, еліміздің дамуына үлес қосатын Еркінбек ағамыздай тұлғалар әлі көптеп шығатынына сенім мол.

Міне, осындай тынымсыз ізденістің, сүбелі еңбектің нәтижесінде жасалған, салмақты, бағалы зерттеу жаңалығын ашқан Еркінбек Қаныбекұлын барша өскелең ұрпаққа үлгі өнеге ету міндетті борышымыз екенін айтқым келеді.  Осындай ғаламат ақыл иесінің тынымсыз кең ауқымды еңбегін жастарға ғибрат ете отырып, жастарымызды әрқашан ізденіп білім алуға, ғылым үйренуге, жаңалық ашуға жаны құштар болуға, кітап оқуға шақырамын. Ұлттық ерекшелігімізді бойына сіңірген елге үлгі боларлық рухани ұстанымдары жоғары, мақсаты айқын  ұлағатты ұрпағымыз көбейе берсін.

            

   Қалбибі Көлгінова,

Сарыағаш аудандық орталықтандырылған

кітапханалар жүйесінің директоры.

Пікір қалдырыңыз