АДАМГЕРШІЛІК және АСТАМШЫЛЫҚ... Бізге қай жол қымбат?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ресейдің «Народное образование» журналында жарияланған белгілі педагог-ғалым М.Поташниктің «Как воспитать нравственного человека в безнравственных обстоятельствах?» деген мақаласы қоғамды дүр сілкіндірді. Ғалым аудандардың біріне іссапармен барғанда оған «Адамгершіліктен ада қоғамда адамгершілікке қалай тәрбиелеуге болады?» деген сауал қойылады. Сұрақ төтесінен әрі өткір қойылған еді. Қарапайым ғана адамның осы сұрағы ғалымды қатты састырса керек.

Мұнан кейін педагог-ғалым мектеп оқулықтарын, ұстаздар басшылыққа алатын құжаттарды әрі аударып, бері аударып көргенде «Адамгершілікке тәрбиелеу» атты бөлімнің мүлде жоқ екеніне көзі жеткен. Ақырында жоғарыдағы сауалдың жауабы ретінде «кітап оқу, оны өзара талқылау», «бірлесіп киноға немесе музейге бару», «үйірмелерге, спорт секцияларына қатысу», «әдеби, музыкалық кештер өткізу» деген сияқты тәрбиелік мәні зор 34 амал көрсетіледі.

Осы ретте Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы еске түседі. Оқулықтың рухани-адамгершілік, жалпы адамзаттық құндылықтарды біртұтас педагогикалық үдеріспен үйлестіруде алар орны ерекше. Жалпы, оқушыларды ғана емес, қоғамды рухани сауықтыру қажеттілігі күн өткен сайын айқындала түсуде. Мейлі ол қай жаста болсын, өмірге не үшін келгенін, өзінің кім екенін, неге ұмтылатынын, нені қалайтынын, қоғамға не бере алатынын жетік білуі тиіс. Ал, жас өскінге осы тұрғыда бағыт-бағдар бере алатын педагогтар осы жауапкершілікке қаншалықты дайын? «Баланың мінез-құлқын түзеу өте маңызды, өте жауапты жұмыс. Бұл педагогикалық шеберлікті де, төзімділікті де, сақтықты да, ойлауды да қажет етеді» деген атақты педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің сөзінде астарлы ақиқат һәм үлкен жауапкершілік жатыр.

Сыныпта бір оқушы тағатсызданып, әр балаға бір ұрынып тыным таппапты. Осы кезде мұғалім оқушының жағынан бір тартып жіберудің орнына әлгі тентектің басынан сипапты. «Міне, осындай мұғалімдер ғана бала жүрегінен орын алады» деп жазды педагог ғалым В.А.Сухомлинский. Иә, бүгінде бала тәрбиесі өзекті, өткір болып отыр. Жампоз жаһандану дәуірі жастар психологиясына да кері әсерін тигізуде. Айталық, бүгінде бастауыш сынып оқушыларына дейін қалта телефонын ұстайды. Әлеуметтік желілерде небір сорақылықтар мен сұмдықтар толып жүр. Кейбір жүгенсіз кеткен сайттардан «үлгі» алған әрі әке-шешесінің «айналайыны» өтіп кеткен, материалдық байлықтың «дәмін» сезіне бастаған жастар арасында мінез-құлық ауытқушылықтары көп екенін бүгінгі ғылым жоққа шығармайды. Ал, ғұлама ғалым әл-Фараби «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде бұлар адамгершілік қасиеттер болып табылады» дейді. «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз» деп тұжырымдайды сол әл-Фараби бабамыз.

Ал, біз жас өскін бойына өнерді қалай дарытып жүрміз? М.Поташникше пайымдасақ, «кітап оқу, оны өзара талқылау», «бірлесіп киноға, музейге бару», «әдеби, музыкалық кештер өткізу» мәселелері қандай жолға қойылған? Біздіңше, қазіргі қоғамда әсіресе кітап оқу, оны бірлесіп талқылау жағы кемшін соғып жатыр. Жұмыс сапарымен, немере тәрбиесімен біз де мектепке бас сұғып қаламыз. Көбіне өзін асқақ, маңғаз ұстағысы келетін оқушылар шығады алдымыздан. Бұл ненің көрінісі? Бұл әке-шешелердің баласының басын күн шалмауын көбірек күйттейтінінен болса керек. Түрлі қитұрқы жолдармен байып алған бағландардың балалары өздерін биік санауды титтейінен-ақ бойларына сіңіріп жатыр. Мұны таңертең мектеп алдына келіп тоқтайтын автокөліктер легінен де байқауға болады. Қымбат автокөліктерден түсіп жатқан бала мен мектепке әкесінің немесе анасының жетектеуімен келген оқушыны салыстыра алмайсыз. Қанша жерден «бірыңғай мектеп формасы керек» деп жар салғанымен, әркелкі киініп жүрген оқушыны күнде көріп жүрміз. Міне, осындай алшақтықтар мұғалімдердің де сағын сындырып отырғаны жасырын емес. Ұрпақ тәрбиесі дегенде еске бағзы бабалар түседі. Олар ұлын алты жасында аңға алып шыққан. Он жасында оқ жондырған. Он үш жасында отау иесі санаған. Осындай биік рух, біртұтас тәрбиенің берік діңгегі жастарды имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке, басқа да игі қасиеттерге тәрбиелеген.

Жапон мектептері дәстүрлі оқытуда бірінші кезекке тәрбиені қояды екен. Осы елдің «Білім берудің ұлы ұстанымдары» атты бағдарламасы 1879 жылы жарық көрген. «Адамдар алдымен өздеріндегі руханилықты тәрбиелеп, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек, содан кейін өздеріне сәйкес әртүрлі пәндерді игеруге болады» делініпті бағдарламада. Жапон халқының ұлттық әнұраны ІХ ғасырда жазылған. Содан бері олар осы әнұранды өзгерткен емес. Рух мықтылығы, ұстаным беріктігі, ұлттық болмысты сақтау деген осындай-ақ болар.

Адамгершіліктің алтын діңгегін босаңсытып, рухани әлемімізді асқақтататын асыл құндылықтарды астамшылықтың көлеңкесінде тұншықтырып тастамайық. Бабалар бойтұмар етіп ұстанған ар-ұят, намыс, әдеп сақтау, жақындарды құрметтеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге берік болу сияқты асыл қасиеттерімізді қапасқа қалдырмай, биікке көтермесек, ел болудан алыстаймыз. Адамгершілік пен ұлттық сана семген жерде ұшпаққа шыға алмаймыз! Ендеше, бізге осы тұрғыда ойлану керек-ақ!

 

Пікір қалдырыңыз