Оранжереяға соға кет!

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Жемісті ауылдық округіндегі «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің жеміс-жидек көшеттерінің түр-түрін өндіріп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бүгінде мұндағы көшет өндіретін алқаптың көлемі ұлғайып, алманың – 32, жүзiмнiң 38 сұрпы өсiрiледi. Көшет өндiру мақсатындағы 96 гектар алқаптың 70 гектары тамшылатып суарылса, соның 17 гектары автоматты түрде суару жүйесіне көшірілген. Іскер басшы Танабай Шынтасов бірнеше жыл бұрын Франциядан алманың М9 деген сұрпынан 16 мың көшет әкелген болатын. Бүгінде сол М9 бұламасын 110 мыңға жеткізді. Оның арасында қаншасы сатылды. Қазір питомникте 2 миллиондай бау-бақша, тропикалық, декоративті ағаш көшеттері өсіп тұр.

Жуырда аталмыш шаруашылық Ташкент–Шымкент трассасының бойынан «Бау орталығын» – оранжерея ашты. Бұл жерге қойылған көшеттер сатылмайды, мамандар сіз таңдаған көшеттер жайлы кең мағлұмат, кеңес береді, бағыт-бағдар ұсынады.

– «Бау орталығын» ашу үшін 25 млн. теңге жұмсалды. Соның 15 млн. теңгесін «Оңтүстік» АИО-дан несиеге алдық. Көшеттердің барлығын өзіміз тұқым кезінен түрлі ауруларға төзімді етіп өсіреміз. Сонымен қатар қызанақ, қияр, орамжапырақ, салат жапырақтары, қауын-қарбыз және гүл көшеттерін де өндіреміз. Кореядан әкелінген автоматтандырылған тұқым егуші құрылғының көмегімен тұқымдарды кассеталарға егіп, көшет өндіріп, шаруаларға ұсынудамыз, – дейді «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің басшысы Танабай Шынтасов.

Сарыағашқа қарай жол тартсаңыз, күре жолдың бойында орналасқан «Бау орталығына» соға кетіңіз. Оранжереядағы түбекке отырғызылған пісіп тұрған лимон ағашының, әдемі гүл көшеттерінің, түрлі декоративті ағаш көшеттерінің сізді қызықтырмауы мүмкін емес. Ал, үлкен бау-бақша егуге ниет етсеңіз, осы жерден кеңес алып, тапсырыс бере аласыз.

Сарыағаш ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз