Бастапқы әскери дайындық пәнi – патриоттық тәрбие бастауы

Патриот, ержүрек адамды, табанды күрескерлерді тәрбиелеудің негізі мектепте қаланады. Бұл орайда мектептерде бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне үлкен талап қойылады.

Аталған пән мұғалімдерінің міндеті – келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азаматтар даярлау. Сондықтан бұл мұғалімдерге өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз, олар білікті маман болумен қатар білімді, тың ақпараттардан хабары мол болуы шарт. Қазақ халқының тәрбие жүйесінде жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп қалыптастыру жетекші орын алады. Өйткені, Отан, халық, ел, жер деген ұғым өте ауқымды. Бастапқы әскери дайындық пәні жастарды патриотизм мен интернационализм, демократиялық қоғам және оған шексіз берілгендік, Отанға және Қарулы Күштерге деген сүйіспеншілік, әскери борышты мүлтіксіз орындауға әзірлік рухында тәрбиелеуге бағытталған.

Мектепте жастарға әскери патриоттық тәрбиені жеткізу және әскери қызметті түсіндіру мақсатында алғашқы әскери дайындық оқытушысы-ұйымдастырушысы тағайындалған. Қарулы Күштердің қатарында әскери қызметшілердің құрамын білімді және спортпен шыңдалған, жүрегінде жалыны бар азаматтармен толтыру үшін мектеп жастарына әскери жетекшінің әскери патриоттық тәрбиені түсіндіруінің (әскери тақырыпта әңгімелер қозғау, әскери кездесулер өткізу және т.б.) және әскери патриоттық тәрбиеге қатысты іс-шаралар ұйымдастыруының (әскери спорт жарыстары, әскери ойындар және т.б.) пайдасы көп. Егеменді ел тірегі – Қарулы Күштер болса, сол Қарулы Күштерде әскери қызметті атқаратын – жастар. Ал, жастарды мектеп табалдырығынан бастап жеке куәлігін алғанша даярлайтын және шыңдайтын алғашқы әскери дайындық пәні болып табылады.

Сондықтан бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне спортшы болып қана қоймай, жан-жақты білімді де болу маңызды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындықтың теориясы мен әдістемесі» кафедрасында мектептерге сапалы кадр даярлау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Патриоттық сезімді жастарға мәнді және мағыналы сусындату үшін алғашқы әскери дайындық пәні жетекшісінің білімі де, тәжірибесі де мол болуы тиіс. Осыған орай біз де болашақ мамандарға теориялық білім берумен шектелмей, Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер, әскери-спорттық ойындар мен эстафеталық жарыстар, әскер тақырыбындағы ерлік сабақтар, қалалық, облыстық слеттерге қатысу, мұражайларға, ескерткіштерге, мәңгілік алау аллеясына бару, әскери әндер сайыстарын өткізу секілді іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Тәуелсіз еліміздің жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолдары бар. Солардың бірі – тарихи өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында студенттерге «Туған жер» бағдарламасымен өңіріміздегі тарихи-киелі орындарға саяхат ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Өлкетану арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы – туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен таныстыру. Әрбір жас өзінің кіші Отаны – туған аймағында тарихтан қалған қандай жәдігерлер барын, олардың мән-маңызын білгенде ғана туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге деген сезімі оянады.

Сөз соңында елімізде өскелең ұрпақтың Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту және одан әрі арттыру мақсатында мынадай ұсыныстар айта кеткенді жөн санап отырмын. Телеарналарда әскери өмір жайлы фильмдер жиі көрсетіліп, үлгілі сарбаздар жайлы БАҚ-тарда кеңінен насихатталып, мемлекеттік тілде әскери кітаптар көптеп шығарылса деген тілегіміз бар.

Айдархан БАЛАБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындықтың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

 

Пікір қалдырыңыз