Ел болашағы – жастар

Биылғы Жастар жылы аясында Ордабасы аудандық Жастар ресурстық орталығы «Болашақ елдің жастары» атты өнер кешін ұйымдастырды.

Талантты жастарды насихаттау, олардың талабын шыңдау мақсатында өткізілген мәдени кешке зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен белсенді еріктілер қатысты. Ауданнан түлеп ұшқан республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары, жүлдегерлері мен өнер иелері талантты жастарға сәт-сапар тілеп, жүрекжарды лебіздерін әнмен өрнектеді. Мәселен, былтырғы жылдың үздік жас ұстазы, «Дауыстар үндестігі» облыстық хор ұжымдары фестивалінің жүлдегері Ақкенже Нұрышованың орындауында «Елбасы» әні тыңдармандарға керемет көңіл-күй сыйлады. Ал, республикалық «Уақыт алтыннан да қымбат» атты жас жазушылар байқауының иегері, мәнерлеп оқушылардың «Махамбет оқулары»  байқауының бас жүлдегері Жұлдыз Әбдірахманның «Киелі жер – Ордабасым» өлеңі ордабасылықтарға шабыт берді.

– Қазақстан жастары – мемлекеттің басты байлығы. Олар бойындағы күш-қуатын, білімі мен біліктілігін тәуелсіз елдің ертеңіне арнайды. Мемлекетіміздің нығая түсуіне, қарыштап дамуына үлес қосып жүрген жастардың белсенділігі де жоғары. Талантты да талапты жастарды қолдау  біздің міндетіміз, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әсел Баймаханова.

А.ЖАҚИЯҚЫЗЫ.

 

Пікір қалдырыңыз