Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?


Киімді кредитке алуда...

Жаңа оқу жылының басталуына бір ай уақыт қалды. Ата-аналардың көбі балаларын ертіп базарда жүр. Ал, біз кездестірген келіншек «Каспий банктің» алдында ұзын-сонар кезекте тұрды. Оның да күйттегені жаңа оқу жылының қамы.

– Бес балам бар, – дейді ол. – Жолдасым мен менің айлық жалақым олардың барлығын бірдей киіндіруге жетеді. Бірақ, мұндай жағдайда күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды, азық-түлікті ала алмай қалуымыз мүмкін. Тойдың науқаны қыза түсуде. Осыдан кейін біз «Каспий банктен» «KaspiRed» карточкасын ашып, киімді кредитке алуды шештік.

Баланың мектепке жаңа киім киіп, жарқырап барғанын бәріміз қалаймыз. Қымбатшылық құрғырдың қос бүйірден  қысып тұрғаны тағы рас. Амал қанша... Бұрынғыдай інісі ағасының кішірейіп қалған костюм-шалбарын, сіңлісі әпкесінің көйлегін кие бермейді... Бірыңғай мектеп формасы талап етіледі. Ол, тіпті, әр мектепте әртүрлі. Былтыр «бүрмеленген белдемше киесіңдер» деген соң оны іздеп Тараз қаласына дейін барып, әбігерге түскен ата-аналарды да көрдік.

Жалпы оқу жылы жақындаған сайын Түркиядан әкелінетін сапалы тауарлардың бағасы көтеріле беретіні бар. Мәселен, ер балаларға арналған ақ жейденің жеңі ұзынын 5 мың теңгеге, қысқасын 3 мың теңгеге сатып аласыз. Ал, есесіне қырғыз бен өзбек ағайындардың қолынан шыққан өнімдер біршама арзандау. Бұл елдерден келген мұндай тауарды ерінбей іздесеңіз,
2 мың теңгеге де табылады.

Осы ретте ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талабына тоқтала кетейік. Бірыңғай мектеп формасы екі-үш түстен аспауы тиіс. Ер балалардың мектеп формасына пиджак, жакет, шалбар жатады. Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жакет, белдемшеден тұрады. Сонымен қатар, қыз балаларға арналған белдемше тізеден 5 сантиметр жоғары болмауы керек.

Қыстыгүні оқушылардың водолазка, трикотаждан тоқылған желеткелерді киюіне рұқсат етіледі. Сала мамандарының айтуынша, білім ұяларында бірыңғай мектеп формасы ата-аналардың, қамқоршылық кеңес мүшелерінің келісімімен қабылданады. Дегенмен, ата-аналарды «мына фабриканың өнімін алыңыз» деп күштеуге болмайды.

 

16 мектеп пайдалануға беріледі

Облыста мектеп табалдырығын аттайтын бала саны жылдан-жылға көбейіп келеді (Мәселен, биыл 56 мың 223 бала 1-сыныпқа барады деп күтілуде). Осыған байланысты өңірімізде мектептерде орын тапшылығы әлі де сезілуде. Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2019–2024 жылдар аралығында 55 015 орынды 184 білім ұясын салу қажеттігі анықталған. Бүгінде соның 68-інің құрылысы қолға алынып, 36-сының жобалық-сметалық құжаты дайындалды. Ал, 17 мектептің жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Қалған
63 мектепке жер телімі қарастырылуда.

68 мектептің (20 040 орынды) құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 24,1 млрд. теңге бөлінді. Биыл жыл соңына дейін 23 білім ұясы пайдалануға берілмек. Оның 16-сы 1 қыркүйекте ел игілігіне тапсырылады.

 

13948 компьютерді ауыстыру қажет

Орайы келгенде, мектептердің де жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде айта кетейік. Биыл өңіріміздегі 806 білім беру нысанын әктеп, сырлауға жергілікті бюджеттен 760,2 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, 13,5 млн. теңгеге Ордабасы және Шардара аудандарында орналасқан 2 мектептің жылыту қазандықтарын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал, 16 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаралды.

Білім ұяларының материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жылдан-жылға жаңару үстінде. Соның нәтижесінде 1 компьютерге келетін оқушы саны 11,3-тен 10,5-ке төмендеп отыр. Десек те, ауыстыруды қажет ететін компьютерлер әлі де аз емес. Нақты деректерге сүйенсек, қазіргі таңда облыс мектептерінде 41605 компьютер бар. Оның 33,6 пайызы, яғни 13948-і тозған. Компьютер сыныптарын жабдықтау үшін аудан бюджеттерінен қаржы қарастырылып, интерактивті экран секілді бірқатар қосымша жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, оларға облыстық білім басқармасы тарапынан 1700 дана «Bilim Book» деп аталатын компьютер-планшет берілді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыстағы мектептердің барлығы «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарына қосылған. Сондықтан бұл компьютер-планшетті кеңінен қолданылуда деуге болады.

Облыста оқушылардың заман талабына сай білім алуына барынша көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде балалардың білім көрсеткіші де жоғарылап келеді. Өткен оқу жылында оқушыларымыз халықаралық және республикалық ғылыми жоба жарыстары мен пән олимпиадаларында үздік жетістіктерге жетіп, білімдерінің жоғары екенін дәлелдеді. Олардың қоржыны
18 алтын, 26 күміс, 44 қола медальмен толыға түсті. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 38 медальға артық. Ендеше, алдағы оқу жылынан да үлкен үміт күтеміз. 

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз