Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сайлау азаматтардың ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсеттi

«Бұл туралы бүгін отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғысымды айтқым келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті орындау мен үшін үлкен міндет. Бұл – халықтың сенімі. Сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өтті. Сайлау барысын мыңнан астам халықаралық байқаушы қадағалады. Әлемнің 40 елінен келген 350-ге жуық шетелдік журналистер дүние жүзіне хабар таратты» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті 9 маусымда өткен сайлауда кандидаттарға барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.

«Олар еркіндікте өз бағдарламаларын жариялады. Бұл жай ғана дауыс беру емес, азаматтарымыздың ел болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Қазақстан халқы Елбасы стратегиясының сабақтастығын берік қолдап отыр» деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудағы қарсыластарына алғыс айтты.

«Бұл сайлаудың ерекшелігі – көп кандидаттың тіркелуі. 7 кандидат сайлауға қатысты. Олар өз бағдарламасын жариялау мүмкіншілігіне ие болды. Сондықтан бұл сайлау қызықты, өте ашық түрде өтті деп айтуға болады. Олардың ұсыныстары, пікірлері өте ұтымды болды. Ең пайдалы ұсыныстарын міндетті түрде мен өз жұмысым барысында пайдаланамын. Сондықтан өзге канидаттарға, өзге үміткерлерге алғысымды білдіргім келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Пікір қалдырыңыз