8 наурыз – халықаралық әйелдер күні

  Құрметті ханымдар!

 

Ардақты аналар мен аяулы арулар!

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Тіршілік атаулыға мағына, мән беріп, дүниені пәк қалпында ұстап тұрған да арулардың жүрегіндегі осы бір ізгі сезімдер екені шүбәсіз. Сол үшін біз Сіздерді ерекше құрметтейміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен таралады. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал, істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген дана сөзі үнемі жадымызда сақталып тұрады.

Қазақ әйелі – ең әуелі ардақты ана, отбасының сақтаушысы болып отыр. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуы мен жүректегі мейірімін аяған емес.

Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр. Адамзаттық, ұлттық, қоғамдық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа тап аналарымыздай жеткізер ешкім жоқ.

Облысымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Оңтүстік Қазақстан облысы көпбалалы аналар саны бойынша республикада бірінші орында тұр.

Бүгінде өңірімізде көпбалалы аналарымыздың саны 98600-ге жетті. Олардың 3998-і «Батыр аналар», 16361-і «Алтын алқа», 42724-і «Күміс алқа» иегері. Ал, 6906 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.

Қымбатты қыз-келіншектер!

Қазақ қызы қашан да сұлулығымен, даналығымен ғана емес, ерлігі және қайсарлығымен дараланған.

Қазір де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі.

Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі.

Қадірменді ханымдар!

Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!

Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін!

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі.

Қайрат Балабиев, облыстық мәслихаттың хатшысы.

Пікір қалдырыңыз