"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


ӘДЕТТIҢ ҚАЛЫПТАСУЫ — САНАДАН

| Автор:   Бейсенбі, 24 Тамыз 2017 10:28
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
ӘДЕТТIҢ ҚАЛЫПТАСУЫ — САНАДАН

Н.НАЗАРБАЕВ: «Қанымызға сіңген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес».

Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбiр қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бiрнеше бағытын айта келiп, прагматизмге ерекше тоқталады.

 

Шынында да ата-бабалардан мирас болып қалған шынайы қазақы құндылықтар – прагматизмнiң нағыз көрiнiсi. Мiнез-құлық пен iс-әрекеттiң, тұрмыстық мәдениеттiң табиғатқа үйлесiмдiлiгi экологиялық тұрғыдан дұрыс өмiр салтын ұстануға ықпалын тигiзетiн сананы қалыптастырады. Дегенмен, ХХ ғасырда ғылым мен техниканың қарқынды дамуы «адам табиғатты бағындырады» деген негiзсiз түсiнiктердiң бой көрсетуiне түрткi болды. Тәрбие мен бiлiм беруде ұлттық ұстанымнан ауытқу, технократиялық тұрғыдан бiрнеше ұрпақ өкiлiнiң  санасында «адамның табиғат үстiнен бiлiгi» туралы сенiмнiң орнығуына әкелдi. Адамдардың кiнәсiнен тұмса табиғатқа зиян келтiрiлiп, экологиялық апаттар орын алды. Тiптi, Сiбiр өзендерiн Қазақстан арқылы Арал теңiзiне жетелеп әкелу жобасы ұсынылды. Техника ғасырында адамның барлық нәрсеге, тiптi, өзiн жаратқан табиғат-ананы билеуге де қолы жетедi деген  жаңсақ пiкiр қалыптасты.

Экологиялық мәдениеттiң төмендiгiне байланысты мәселенiң себеп-салдарын кешегi қоғамның әсерiне, аға ұрпақтың жастарға берер үлгiсiне әкелiп тiрейтiндер де табылады. 

Жеке тұлғаның қоғамдық санасын жаңғырту қанымызға сiңiп кеткен кейбiр таптаурындардан арылуды қажет етедi. Бұған әдетте  көпшiлiгiмiз кешiрiммен қарайтын әлеуметтiк масылдық та жатады.

Өкiнiшке қарай, қоғамдық меншiк, социализм дәуiрiнен бойымызға сiңiстi боп қалған  мемлекеттен дайын игiлiктер күту, жеке өзiнiң, отбасының тұрмыстық, өзi шешуге тиiс мәселелердi өкiметке жүктеу дағдысынан бiз әлi де арыла қойғанымыз жоқ. Иә, нарықтық қатынастарға көшу, девальвация секiлдi жаңа қоғамның өзгерiстерi халықтың белгiлi бiр бөлiгi үшiн қиынға соқты. Нарық жағдайындағы бәсекелестiк, тұрақсыздық, жұмыссыздық, бiреулердiң байып кетуi, ауқатты адамдар мен қарапайым халықтың арасындағы айырмашылықтардың артуы қалың бұқараның өмiрiнде тұрмыстық қиындықтар тудыратыны белгiлi. Нарық жағдайында бәсекелестiкке төтеп берiп, икемделу де  оңайға соқпады. Бiреулер iстiң көзiн тауып, кәсiбiн дамытса, екiншiлерi жалақыдан жалақыға әрең жетiп, материалдық тұрғыдан қиналғанына қоғамды, iскер азаматтарды кiнәлады.

Ауыл әкiмдерiнiң халыққа есеп беру жиналыстарында тұрғындардың сауалдарынан олардың санасында әлеуметтiк масылдық әлi де басым екенiн байқау қиын емес. «Үйiмiздiң алдындағы қоқыс алынбайды», «Көшемiзде электр шамы күйген (неге ауыл әкiмi қарамайды!)» деген сияқты  шағымдарды жиi естимiз. Су тасқыны орын алған ауылдарда мемлекет, демеушiлер қаржысы есебiнен құрылысы жүрiп жатқан жаңа үйлердiң қасында, сол баспана өзiне берiлетiнiн бiле тұра, көмек қолын созбай, қызық үшiн сырттай бақылап тұратын адамдарға не деуге болады? Ол ол ма, жергiлiктi телеканалдардан су, газ, электр қуаты, қоқыс мәселесiнiң шешiлмеуiне бiр ғана жергiлiктi әкiмшiлiктi кiнәлап сұхбат беретiн азаматтарды сағат сайын көруге болады. Көрермен де бұл жағдайға әкiмшiлiктi кiнәлауы мүмкiн.

Әрине, тұрмыстық мәселелердi шешуге ауыл әкiмшiлiктерi араласпасын демеймiз. Бiрақ мемлекет саясатын жергiлiктi деңгейде жүргiзетiн, тұрмыстық түйткiлдерден де күрделi мәселелердi  шешуге уәкiлеттi билiк органдарына әлгiндей ұсақ-түйектердi артып қалғанымыз қалай болады? Бұл жәйттердi алдымен өз мүмкiндiктерiмiзге қарай шешкенiмiз дұрыс.  Мәселен, облыста инфраструктура мәселесiн өкiметтен жәрдем күтпей-ақ өздерi шешетiн елдi мекендер аз емес.

 Қанымызға сiңiп кеткен тағы бiр нашар әдет – ысырапшылдық. Отбасылық бюджеттi нақты есептеп, соған сәйкес жоспар жасап, ысырапшылдық пен астамшылыққа жол бермейтiн сана мен әдеттi қалыптастыруымыз керек. Өкiнiштiсi, қаржылық сауатымыз төмен, үнемшiл емеспiз, ақша табуды бiлгенiмiзбен, оны сақтап, көбейтуден бейхабармыз. Бүгiнде базар мен дүкеннен керек затыңды табу оңай. Көрсең көзiң тоймайды. Бiр зат алуға барып, қажет болмаса да бес-алтауын сатып аласың. Үйiмiз пайдаланылмайтын заттар қоймасына айналды. Тұтынушылық тәбетiмiз жоғары болғандықтан, дүкенге жүгiруден шаршамаймыз.

Куба мемлекетiнiң азаматтары жылына бiр-ақ рет талонмен бас киiм мен аяқ киiм сатып алады екен. Демек, бiр бас киiм мен аяқ киiмдi жыл бойы киюге тура келедi. Сөйте тұра елде бұқараға өте жоғары деңгейдегi медициналық қызмет тегiн көрсетiледi, қылмыс деңгейi төмен. Ал, бiзде... кейбiр әйелдер бiр тойға киiп барған көйлегiн  екiншi тойға киiп баруға ұялады.

«Тапқаның тойға бұйырсын» дейдi халық. Маңдай терiмiзбен тапқанымыз тойға жұмсалсын. Дегенмен, ысырапшылық артпаса, кемитiн түрi жоқ. Сәнқойлық үшiн  не деген уақыт пен қаржы жұмсалып жатыр десеңiзшi. Егер сол уақыт пен қаржының бiр бөлiгiн балаларымыз бен өзiмiздi дамытуға инвестициялайтын болсақ, өмiр басқаша болар едi-ау, шiркiн...

Әдеттiң қалыптасуы санадан басталады. Қалыптасқан әдеттi тастау оңайға соқпағанымен, өзгеруге болады. Айналамызда темекi мен iшiмдiкке тәуелдiлiктен арылып, салауатты өмiр салтын ұстанып жүрген адамдардың  көбейгенiне қуанасың. Ересек адамдардың өзiн-өзi дамыту мақсатымен бiлiмiн жетiлдiруге ұмтылысы байқалады.

Өзiмiздiң, отбасымыздың, қоғамның дамуына кедергi болып отырған әдеттерден арылу уақыт пен нақты iс-әрекеттi талап етедi. «Адам жүрегiнiң инженерi» саналатын педагогтар өскелең ұрпақ пен ата-ана санасын өзгертуге атсалысуы тиiс. Жаңғырған саналы адамдар өздерiн жәрдем күтетiн емес, өзгелерге жәрдем беретiн мықты тұлға етiп қалыптастырғаны жөн. Олар өз мәселелерiн өздерi шешедi, өзгелердi де әлеуметтiк масылдық пиғылдан арылтады. Адамдар қанағатшылдық пен қарапайымдылықтың ғажаптығын ұғынады. Рухани жаңғыру қоғамды дамытуға қызмет етедi.

Кезiнде басым болған «қалай өмiр сүрсең, солай ойлайсың» деген пәлсапалық ұстаным ХХI ғасырда «қалай ойласаң, солай өмiр сүресiң», «сана өзгермей, тұрмыс өзгермейдi» деген ақиқатпен толтырылады.

Негматжан АЛМЕТОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры.

226 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper