"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


ОТАН — ҰЛЫ ҰҒЫМ

| Автор:   Бейсенбі, 10 Тамыз 2017 10:26
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
ОТАН — ҰЛЫ ҰҒЫМ

Бiз, кәсiпкерлер, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын осыған дейiнгi халыққа бағыштаған  Жолдауларының, мемлекеттiк бағдарламаларының жалғасы деп қабылдадық. Мемлекет басшысы мақаласының маңыздылығы сонда, мұнда елiмiздi рухани жағынан жаңа белеске көтерудiң жолдары айтылады.

 

«Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негiздей отырып, Елбасы жаңғырудың алты бағытын ұсынды. Бұлар – бәсекеге қабiлеттiлiк, прагматизм, ұлттық бiрегейлiктi сақтау, бiлiмнiң салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Уақыт талабына зер салсақ, жоғарыдағы бағыттардың барлығы да бүгiнгi күн үшiн өте маңызды да жауапты.

Ұлттың табысты болуы халық мекендеген жердiң табиғи байлықтарымен ғана емес, адамдарының бәсекеге қабiлеттiгiмен де айқындалады. Мұны әлемдiк тәжiрибеден жақсы бiлемiз. Сондықтан Президент аталған мақаласында Қазақстан қоғамы мен қазақстандықтардың мақсат-мүдделерiне барынша назар аударады. Ұлт Көшбасшысы қазақстандықтардың әрқайсысының бойынан бәсекеге қабiлеттiлiктi, жаңа кәсiптердi тез де сапалы игерiп кетуге бейiмдiлiктi, жан-жақты сауаттылықты көргiсi келедi. Бұл үшiн жастар елiмiздiң сан ғасырлық тарихын, мәдениетiн, салт-дәстүрiн жан-жақты бiлуi тиiс. Ұлттық кодымызды сақтай отырып, бiз жаңа рухани сапаға көшуiмiз керек. Ал, ұлттық кодымызды сақтау үшiн өзiмiздiң мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлем халықтарының жақсы өнегелерiнен үйренгенiмiз абзал. Әрине, бұл жерде ескiлiк атаулыдан, қазақы мiнезiмiзге жат әрекеттерден қашу керек екенiн де ұмытпайық. Халқымызда бағзыдан айтылатын «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөз бар. Бабаларымыз бiзге Ұлы дала мен ұлы мәдениеттi мұра еттi. Бiз өзгелердiң жақсысына үңiлгенде осы мәселенi де естен шығармауымыз керек.

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Адам баласы – шексiз зерденiң ғана емес, ғажайып сезiмнiң иесi. Туған жер – әркiмнiң шыр етiп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиеттi мекенi, талай жанның өмiр-бақи тұратын өлкесi. Оны қайда жүрсе де жүрегiнiң түбiнде әлдилеп өтпейтiн жан баласы болмайды» деп жазды. Отан – ұлы ұғым. Ол әрбiр азаматтың жүрегiнде жаңғырып тұрғанда ғана Атамекен қанат жайып, өркендейдi. Осы ретте Елбасы мақаласына «Туған жер» бағдарламасын енгiзу арқылы патриотизмнiң жарқын үлгiсiн нақты нәтижемен көрсетудi мiндеттедi. Бұл үшiн өз елiн, жерiн сүйетiн әрбiр азамат елдi мекендердi абаттандыруға, мәдениеттi өркендетуге, басқа да шараларға өзiндiк үлесiн қосуы тиiс. «Туған жерiне, оның мәдениетi мен салт-дәстүрлерiне айрықша iңкәрлiкпен атсалысу – шынайы патриотизмнiң маңызды көрiнiстерiнiң бiрi» деп Елбасы бiзге отансүйгiштiктiң неден бастау аларын нақты көрсетiп бердi. Ал, «Туған жерге туыңды тiк» дегенде, патриотизмнiң өзi туған жерге деген сүйiспеншiлiктен бастау алатынын қолмен қойғандай ұғындырды.

Иә, қазақстандық әрбiр жас ұлтжандылыққа тәрбиелейтiн iс-шараларға ұдайы атсалысып жүруi тиiс деп санаймын. Бұл тұрғыда мен елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi талай игiлiктi iс-шараларға қал-қадерiнше үлес қосқанымды айтып өтсем деп едiм. Айталық, ауданымызда өткен жас ақындар байқауына демеушiлiк жасадым. Жетiсай қаласындағы бiрнеше балалар бақшаларына үзбей қол ұшымды созып келемiн. Бұдан тыс аудан көлемiнде өтетiн көптеген мәдени шараларға, спорттық жарыстарға қолғабыс еттiм. Жетiсай қаласына кiреберiс күре жол бойына Алпамыс батырдың еңселi ескерткiшiн де өз қаржыма сомдаттым. Қазiр бұл жастардың жиi келетiн жерiне айналды. Түрлi мерекелiк iс-шаралар осы ескерткiш айналасындағы гүлзарбақта өтедi. Гүлзарбақ маңайы көрнекi құралдармен безендiрiлген. Онда Елбасымыздың қанатты сөздерi жазылған. Отансүйгiштiкке, патриотизмге тәрбиелейтiн өнегелi өсиеттер, тәлiм-тәрбие беретiн мазмұнды мақал-мәтелдер де келушiлерге үлкен ой салады. Мен осы iстердi атқарғанда атымды шығаруды ойлаған жоқпын. «Ұлтыма, туған жерiме қызмет етсем» деген басты мақсат менi осындай өрелi iстерге жетеледi.

Жетiсай қаласына кiре берiстен сол жаққа қарай бұрылсаңыз, өзiндiк өрнегi бар шағын ауыл көрiнедi. Осындағы әрбiр тұрғын үйдiң архитектуралық сыртқы келбетi бiр-бiрiне ұқсамайды. Сондай-ақ, көше бойларына ұлы тұлғаларымыздың даналық өсиеттерiн, халқымыздың iнжу-маржан сөздерiн жаздыртып қойдық. Күнiне бiр жақсы сөз естiген немесе оқыған адамның көкiрек көзi ашыла түседi. Жақсылыққа ұмтылады, жамандықтан қашады. Мiне, қарап тұрсаңыз, көрнекi құралдар да тәрбие құралы. Сондықтан мұны патриотизмге тәрбиелеудiң пәрмендi құралы ретiнде пайдалана бiлгенiмiз орынды.

Мақтаарал ауданында туған елiнiң гүлденiп, өркендеуiне үлес қосып жүрген меценаттар мен iскер азаматтар, кәсiпкерлер көп. Олар қай жерде олқылық көрсе, сол нүктеге барып, көмек қолын созуға үнемi дайын тұрады. Айталық, ерте көктемде ауданымыздың бiрер ауылын су шайды. Мiне, осы кезде менiң әрiптестерiм үйлерiн су басқан ауыл тұрғындарына қолдан келген көмектерiн көрсеттi. Олар мұны азаматтық борышымыз деп жасады. Бұл Елбасымыз атап көрсеткен туған жерге деген махаббатты көрсетедi. Әрине, отансүйгiштiктi бойға сiңiру бар да оны нақты iсiңмен көрсете, дәлелдей түсу бар. Мен осындай ұлт болашағына, жерлестерiнiң ертеңiне алаңдап жүрген жаны iзгi әрiптестерiмнiң барына мақтанамын. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасының өмiршең үрдiс алып жатқанының жарқын көрiнiсi.

«Туған жер» бағдарламасы аясында туризмдi дамыту да өзектi мәселе ретiнде қарастырылған. Бұл ретте ауданымызда шетелдiк саяхатшыларға ұялмай көрсететiн тарихи орындарымыз да жеткiлiктi. Айталық, Сырдария өзенiнiң әлемнiң айтулы су арналарынан несi кем? Дон, Днепр, Обь, Волга, Нiл, Дунай, Рейн, Эльба, Замбези, Конго сияқты iрi өзендерiмен мақтанатын шетелдiктер бiздiң Сырдарияны көргенде қандай сезiмде боларын iштей пайымдаймыз. Осы Сырдың бойында қазақ халқы тәуелсiздiк, азаттық үшiн қаншама шайқастарды басынан өткердi. Туристер Елбасымыздың өзi бас болып салып берген Тәуелсiздiк көпiрiнiң үстiнде тұрып-ақ ой-қиялдарын қияндарға шарықтата алары анық. Мiне, осындай киелi жердiң төл перзентi болғанымыздың өзi бiзге үлкен мiндеттер жүктейдi.

Иә, Президентiмiз атап көрсеткендей, туған жердiң әрбiр сайы мен қырқасы, тауы мен өзенi тарихтан сыр шертедi. Әрбiр жер атауының төркiнi туралы талай-талай аңыздар мен әңгiмелер бар. Әрбiр өлкенiң халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есiмдерi ел есiнде сақталған бiртуар перзенттерi бар. Осының барлығын жас ұрпақ бiлiп өсуi тиiс.

Бiздiң бүгiнгi жасап жатқан жұмыстарымыз осыған саяды.

Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ, «Бизнесцентр Қазыбек» ЖШС-нiң төрағасы, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президентi. Мақтаарал ауданы.

178 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper