"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


ЕЛДIҢ ДАМУЫ АУЫЛДЫҢ ГҮЛДЕНУIНЕН БАСТАЛАДЫ

| Автор:   Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 10:29
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
ЕЛДIҢ ДАМУЫ АУЫЛДЫҢ ГҮЛДЕНУIНЕН БАСТАЛАДЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, кез келген қазақстандық өзi туып-өскен ауылын гүлдендiруге, әлеуетiн арттыруға  үлесiн қосуы қажет. Бүкiл елдiң дамуы ауылдың гүлденуiнен басталады. «Туған жерге туыңды тiк» деген халық даналығын мысалға келтiре отырып, Елбасы, әсiресе, елден шыққан кәсiпкер, ғалым, қоғам қайраткерлерiне үлкен сенiм артуда.

 

Мақалада Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген Елбасының ерекше сүйiспеншiлiгiн аңғару қиын емес. Осындай сезiм әрқайсымыздың бойымыздан табылуы қажет. Өз елiмiздiң нағыз патриоттары «Туған жердi түлетiңдер» деген Елбасы сенiмiн ақтайды деп ойлаймын. Президент өз мақаласында «Патриотизм кiндiк қаның тамған жерiңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңiрiңе, яғни туған жерiңе деген сүйiспеншiлiктен басталады» деп атап көрсеттi. Осының негiзiнде «Туған жер» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарламаның жүзеге асуына ендiгi жерде ел азаматтары, бiздер, мұрындық болуымыз керек.

Бұл орайда бiздiң «Бал Текстиль» кiлем фабрикасы бiрқатар игi шаралардың жоспарын түзiп, жүзеге асыруда. Ең алдымен өзiм туып-өскен Бәйдiбек ауданы Жүзiмдiк ауылында спорт кешенiн күрделi  жөндеуден өткiзiп, ел игiлiгiне бердiк. Бүгiнде ауыл балалары  бос уақыттарын тиiмдi пайдаланып, салауатты өмiр салтын құруға, спортпен шұғылданып, шымыр болуға бiлек түре кiрiскен. Жазғы футбол алаңшасында доп теуiп жүрген балақайларды көргенде көңiлiм көтерiледi. Ауылдастарым үшiн жасаған кiшкене ғана еңбегiмнiң еш кетпегенiне қуанамын.

Елбасы «Туған жер» бағдарламасы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептердi компьютерлендiруге, жергiлiктi жоғары оқу орындарына демеушiлiк жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге шақырды. Бұл мiндеттi абыроймен атқарсақ қазақ руханияты байи түсерi сөзсiз.

Бәйдiбек ауданындағы тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы ретiнде тоғызқұмалақшы жастардың  түрлi байрақты бәсекелерге қатысуына қолымыздан келгенше қолдау бiлдiрiп келемiз. Бүгiнде «Бал Текстиль» брендiмен мыңнан астам кiлем түрiн тоқып отырған фабрикада үш жүзге жуық жан еңбек етедi. Бәрi де жергiлiктi азаматтар. Отызға жуық топтама бойынша, яғни Тұран, Vizion, Silk, SilkPlus, SilkNewCollection, Kashan, Алатау, Фиеста, AntiqueImperial, AntiqueVizion, Lider, FrizeCarving, Orda, Tomiris, Creative, Nora, Alania, Anandi сынды атаулармен тоқылған кiлемдер тұтынушылар тарапынан жоғары бағаға ие болуда. Бұл  — еңбегiмiздiң жанғаны. Отандық өнiм өндiрiсiнде аянбай тер төгiп жүрген жастардың көбейiп келе жатқаны да көңiлiмiздi марқайтады. Олардың әрқайсысының көкiрегiнде туған жерге деген сүйiспеншiлiк сайрап тұр деген сенiмдемiн. Өйткенi, бiздiң мiндетiмiз — отандық өнiм өндiрiп, ел экономикасына үлес қосу ғана емес, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу. Бұл орайда бiлiм саласында ғана емес, кәсiпорын, фабрика, медициналық мекемелерде де тәлiм-тәрбие семинарлары, кеңестерi жиi өткiзiлiп тұруы тиiс деп ойлаймын.

Жұмыла кiрiскенде ғана кез келген асуды еңсеру оңай болмақ. «Бал Текстиль» фабрикасы бүгiнгi таңға дейiн 10,2 млн. шаршы метр кiлем тоқып, 5 млн. 200 мың келi полипропилен жiп иiрдi. Қазақ кiлемiне қызыққан 20-дан астам шетелдiк әрiптесiмiз келiсiмшартқа отырып, серiктесiмiзге айналды. Шведтiң әйгiлi халықаралық iрi ИКЕА сауда желiсi бiздiң кiлемдердi Ұлыбританияда, Германияда саудаға шығарып отыр.  Отандық тауар өндiрушiлер арасында өткен «Алтын сапа» республикалық байқауында «Халық тұтынатын үздiк тауар» номинациясына ие болып, облысымызда орта кәсiпкерлiк субъектiлерi арасында «үздiк салық төлеушi» атандық. Бiздi әу баста Отанға деген сүйiспеншiлiк отандық өнiм өндiруге жетеледi. Ендiгi жерде «Қазақ кiлемi» деген брендтi әлемдiк нарықта қалыптастыру мақсатын ұстанудамыз. Былтыр Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда үздiк сапа номинациясы бойынша ISAQ жүлдесi – «Алтын Жұлдыз» иеленген «Бал Текстиль» фабрикасы әлi де қанатын кеңге жаяры сөзсiз. Өйткенi, бiзде, Елбасы айтқандай, туған жерге, оның мәдениетi мен салт-дәстүрлерiне деген айрықша iңкәрлiк бар. Тоқыған кiлемдерiмiзде  қазақтың ою-өрнегiн бере отырып, қазақ мәдениетiн, өнерiн, шеберлiгiн паш етудi көздеймiз.

Талғат ИСҚАҚОВ, «Бал Текстиль» кiлем фабрикасының директоры.

1740 рет оқылды
Осы категориядағы басқа материалдар: « МҰҚАЛМАЙТЫН МҰҚАҢ ОТАН — ҰЛЫ ҰҒЫМ »
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper