"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


МҰҚАЛМАЙТЫН МҰҚАҢ

| Автор:   Дүйсенбі, 07 Тамыз 2017 10:25
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
МҰҚАЛМАЙТЫН МҰҚАҢ

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Жасыратыны жоқ, қазiр доцент те көп, профессор да көп. Дардай ғылыми атақ иеленгендер мыңдап саналғанымен, арасында шын ғалымдар некен-саяқ. Көпшiлiгi ғылымнан, ғылыми iзденiстен әлдеқашан алшақтап кеткен. Әйтеуiр нән папкасын құшақтап, университеттiң аудиториясына кiрiп-шыққанына, жоғары жалақы алғанына мәз. Мұндайларды «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасына қосқымыз жоқ.

 

 Ал, шын ғалымның орны бiр бөлек. Ол пәлен жыл бұрынғы еңбегiмен шектелiп қалмай, өмiр бойы iзденiп өтедi. Бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз Мұхтар Қожа да — сондай шын ғалымдардың бiрi. Ол қазiр жайлы кабинет, салқын аудиторияда отырса да, археологиялық экспедиция сапында шiлiңгiр шiлдедегi ми қайтнатқан күннiң астында, шаң-тозаңның арасында өткен күндерiн аңсайды. Сағынады. Өйткенi, Мұхаңның бойына – ғылымға деген iңкәрлiк, жүрегiне – туған жерге, Отанға деген зор махаббат ұялаған.

Республикаға белгiлi археолог, ғалым Мұхтар Қожа жақында Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен ХII ғасырға жататын өрнектi ағаштар тапты. Мұндай көне жәдiгерлер Орталық Азия аумағында бұрын-соңды кездеспегендiктен, бұл – үлкен ғылыми жаңалық! Ғалымның айтуынша, өрнектi ағаш қазiргi бiз көрiп жүрген кесене тұрғызылғанға дейiн әулиенiң басында болған көне ғимараттың қалдықтары.

Негiзiнде Ясауи кесене-ханакасы Әмiр Темiр кезiнде, яғни, ХIV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басында тұрғызылған ғимарат екенi белгiлi. Бiрақ, көп жылдық зерттеулер барысында Ясауи қабiрiнiң үстiнде Әмiр Темiр салғызған кесене-ханакадан да бұрын құрылыстар болғаны анықталған. Мұндай болжамды алғаш рет 1928 жылы белгiлi археолог-шығыстанушы М.Массон айтыпты. Мұндай пiкiр айтуға оған Әмiр Темiр тұрғызған ғимарат төбесiнен ХII ғасырға жататын сәулет өнерiне тән сырсыз өрнектi терракота бөлшектерiнiң табылуы негiз болыпты. Одан кейiн де реставрация жұмыстары кезiнде бұл болжамды растайтын жәдiгерлер кездескен. Алайда, кесенеден өрнектi ағаштардың табылуы алғаш рет кездесiп отыр.

М.Қожаның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауидiң ХII ғасырдағы кесенесi жалғыз болмаған. М.Массон 1930 жылы басылған еңбегiнде жергiлiктi аңыздарға сүйене отырып, ХIV ғасырды Қожа Ахмет Ясауи ханакасы салынбай тұрып Қожа Ахмет Ясауи кесенесi  айналасында Кукрас хан мен  Әулие хан, Баба Самит Жолбарыс хан атты жоғары лауазым иелерiнiң молалары болғанын жазады. Аңызға қарағанда Баба Самит Жолбарыс хан Қожа Ахмет Ясауидiң заманында өмiр сүрген билеушi, кейiн Түркiстан шайқының мүридi болған және оның моласы Қожа Ахмет Ясауидiң қабiрiне жақын жатқаны айтылады.  Реставрациялық жұмыстар барысында Әмiр Темiр салдырған ханаканың «Мешiт» атты бөлiгiнiң солтүстiк дуалының iргесiнде ХII ғасырдың қабырғасының қалдықтары мен өрнектi қыш бөлшектерi табылған болатын.

-- Бұған қосар жаңалығымыз – жақында Қожа Ахмет Ясауи ханакасының күмбез арасы куысының iшiне кiрген кезiмде бiрнеше өрнектi ағаштарға тап болуымыз, -- дейдi ғалым. – Бұларды бiз ортағасырлық Орта Азия мен Қазақстанда көп жағдайда мешiт жабуында пайдаланылатын жуан белағаштар бөлiгi деп санаймыз. Бұл белағаштардың қай кезде жасалғанын анықтауда олардың Қожа Ахмет Ясауи ханакасының қазандығының төбесiндегi күмбез аралық куыста болуы көмектеседi. Қожа Ахмет Ясауи ханакасын тұрғызу 1389-1391 жылдары басталғанын ескерсек, ал, бұдан бұрын осы жерде орналасқан ХII-ХIV ғасырларға жататын құрылыстар бұзылған  болатын. Осыған қарап бiз жаңа табылған  өрнектi қары ағаштарды ХII-ХIV ғасырларға жатқыза аламыз. Олар Қожа Ахмет Ясауи қабiрi қасында салынған мешiттiң үстiңгi жабу бөлiгiнiң элементтерi болуы мүмкiн. Қожа Ахмет Ясауи ханакасының орнында бастапқыда әулиенiң алғашқы кесенесi қасында мешiтi болған деп сенiмдi айта аламыз. Қожа Ахмет Ясауи ханакасының күмбез арасы куыс iшiнен табылған ХII-ХIV ғасырлардың өрнектi және сырмен боялған ағаштар мешiттiң қары (белағаш) қызметiн атқарған элементтер деп болжам айтуға болады. Бұлар осы орында мешiт болғанын қостайтын қосымша дәлел.  Орталық Азия аумағында мұндай көне белағаштар алғаш табылып отыр. 

Тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң профессоры Мұхтар Баһадырұлы Қожаның отандық ғылымға қосқан үлесi бұл ғана емес. Ол – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасына қосылуға әбден лайықты тұлға.  Оның өмiр жолы тынымсыз iзденiс пен қажырлы еңбектен тұрады. Ол — ғылымға адалдығының арқасында талай табысқа жетiп, биiктердi бағындырған жан.

 Мұхтар Баһадырұлы  1960 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат ауылында туған. 1983 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiн тәмамдаған. 1983-1988 жылдары Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетiнде дәрiс оқыды. 1988 жылдан бастап Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық-музейiне археология бөлiмiнiң меңгерушiсi, директоры (1997-2004) болып қызмет iстедi. Одан кейiн ҚР Орталық музейiнде, Көшпендiлердiң мәдени мұрасы мәселелерi жөнiндегi қазақ ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып iстедi. Ал, 2006 жылдан бастап Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң бас ғылыми қызметкерi, 2010 жылдан профессоры.

 Ол 1996 жылы кандидаттық,  2009 жылы докторлық диссертация қорғады. Ұлттық эксперт ретiнде «Ежелгi Отырар» атты ЮНЕСКО Жапон жобасына тартылды. Отырар, Сарайшық, Түркiстан, Тараз, Сығанақ қалаларында, Маңғыстаудағы Белдеулi керуен-сарайында қазба жұмыстарын жүргiздi. Археолог ретiнде 1996-1999 жылдары Түркiстандағы Абылайдың мүрдесiн зерттеуге бағытталған тарихи-антропологиялық жұмыстарға қатысты. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы қазақтың атақты ханы Әбiлқайыр жерленген Хан моласы мазаратындағы археологиялық қазбаларды басқарды.

М.Қожа – «Отырардағы керамика өндiрiсi» (1996), «Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер» (2006),  «Оңтүстiк Қазақстанның әулие жерлерi» (2013), «Ортағасырлық Отырар тарихы» (2017) атты монографиялардың, бiрнеше кiтапшалардың авторы. Сондай-ақ, ол – «Қожа Ахмет Ясауи кесенесi», «Историко-культурный атлас казахского народа», «Краткий энциклопедический словарь исторических топонимов Казахстана», «Қазақ хандары»,  «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» атты кiтаптардың қос авторы. Ғалымның мақалалары орыс, немiс, ағылшын, түрiк, өзбек тiлдерiнде Ресейде, Германияда, Қытайда, Түркияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда жарияланды.

Мұхтар Қожа – «бiздiң көшпелi ата-бабаларымызда қалалық мәдениет болмады» деген терiс түсiнiктi түбiрiмен жоққа шығарған ғалым. Ол Көксарай ауылынан оңтүстiк-батысқа қарай 16 шақырым жерде, Қызылқұмның ортасында орналасқан Шаншар қонысында қазба, зерттеу жұмыстарын жүргiзген. Қоныстың орталық бөлiгiнде төртбұрышты қамал бар. Қамалдың солтүстiк-шығыс қабырғасының ұзындығы – 80 метр, солтүстiк қабырғасы – 85 метр, оңтүстiк-батыс қабырғасы – 95 метр, оңтүстiк қабырғасы – 82 метр. Қорған дуалдарының енi – 10-15, биiктiгi – 2-3 метр. Қамалдың төрт бұрышында төрт мұнара, оңтүстiк-батыс қабырғасының ортасында тағы қос мұнара орны бар. Бұлар қорған iшiне кiретiн орынды белгiлеп тұр. Қамал мен оның айналасындағы аймақты тағы бiрқатар қорған қоршап тұр. Бұл қорғанның ұзындығы 1 шақырымның шамасында және қабырғаларында 23 мұнара орны бар.

Құмды шөлдiң өзендерi ғасырлар бедерiнде өзiнiң арнасын ауыстырып отырғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ғалымның айтуынша, Шаншар қонысының жанынан да бiр замандарда Сырдария өзенi, ең болмағанда оның бiр тармағы өткенi анық. Қысқасы, Шаншар қонысы – есте жоқ ескi дәуiрлерде тiршiлiгi қыз-қыз қайнап жатқан үлкен қаланың орны. Өзен арнасының алыстап кетуiнен немесе жаугершiлiктен болар, әйтеуiр кейiнiрек қаланың басынан бақ тайған. Дәуiрлер ауысқан сайын қирандыға айналып, құмның астында қалған.   М.Қожа сол тарихи қабаттарды зерттеп, Шаншар қонысының бiздiң заманымызға дейiнгi I ғасырға жататынын ғылыми тұрғыда дәлелдедi.

Кейiпкерiмiз бiрнеше күн бұрын редакцияға келдi. Өзiн «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасына үмiткер ретiнде ұсынбақ ниетiмiз бар екенiн айтсақ, ынғайсызданып, тартынып отыр. Бұл – нағыз ғалымға тән қарапайымдылық. Мақтану деген Мұхаңның табиғатына жат нәрсе. Ол үшiн бұл жобаға қарағанда, Сыр бойындағы ортағасырлық қалалардың орнында жүргiзiлетiн археологиялық қазбалар әлдеқайда маңыздырақ. Өзi былтырдан берi аздап сырқаттанып жүрсе де «Көне қалалардың орнын әлi де қазып, зерттеу қажет. Әттең, экспедиция ұйымдастыруға талай жылдан берi қаржы бөлiнбей жүр ғой» дейдi.

Айтпақшы, жақында Түркия тарапы М.Қожаға шағын грант ұсыныпты. Ендi аз күннен кейiн Отырартөбеде жаңа қазба жұмыстарын бастамақшы. Бәлкiм, Мұхтар Қожаны ғылым жолында жетiстiкке бастаған осы мұқалмайтын мiнезi мен ерiк-жiгерi болар.  «Iске сәт!» деймiз да.

402 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper