"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


АЛАШ, АЛАШ БОЛҒАНДА...

| Автор:   Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:10
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
АЛАШ, АЛАШ БОЛҒАНДА...

 

Алмас АҚЫЛБЕК, «Оңтүстiк Қазақстан».

Н.Назарбаев: «Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады. Күллi ХХ ғасыр революциялық сiлкiнiстерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлiнше әсер етiп, бүкiл болмысын өзгерттi.

Әрбiр жұрт тарихтан өзiнше тағлым алады, бұл – әркiмнiң өз еркiндегi шаруа.

Бiреуге өзiңнiң көзқарасыңды ерiксiз таңуға ешқашан болмайды. Бiзге тарих туралы өздерiнiң субъективтi пайымдарын тықпалауға да ешкiмнiң қақысы жоқ.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшiн қасiретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды».

 

Ия, Ұлт Көшбасшысы айтқандай, өткен ғасырдың басында дүниежүзiн қарулы қақтығыстар мен саяси текетiрестер жайлаған аласапыран кезең жайлады. Осындай алмағайып уақытта ғасырлар бойы азаттықты аңсаған, тәуелсiздiктi көксеген ата-бабаларымыздың асыл арманын жүзеге асырамыз деген ұлт зиялылары «Алаш» партиясын құрған болатын. Ел боламыз деп жұртының еңсесiн тiктеген, Алаш қамын ойлаған, өзiнiң тарихи миссиясын артығымен орындаған «Алаш» партиясының құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Осы мерейлi датаға орай Отырар ауданында «Алаш автономиясы – ұлттық тәуелсiздiктiң негiзi» атты республикалық ғылыми–тәжiрибелiк конференция ұйымдастырылды. Конференцияға алыс-жақын шетелдерден, Астана, Алматы, Шымкент және Түркiстан қалаларынан шақырылған қонақтар күллi мұсылман қауымы тәу ететiн Арыстанбаб кесенесiнде болып, зиярат жасады. Осыдан 11 жыл бұрын Мысырдан ғұлама бабамыз әл-Фараби мен даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың зиратынан әкелiнген топырақ Арыстанбаб кесенесiнiң аумағына көмiлген болатын. Қонақтар бұл кешендi де аралап көрдi. Мұнан соң конференция өтетiн Мәдениет сарайында сурет және қолөнер шеберлерiнiң туындылары қойылған көрменi тамашалады. Отырар ауданының әкiмi Ерлан Айтаханов конференцияны ашып, құттықтау сөз сөйледi. Белгiлi алаштанушы ғалымдарды таныстыра келе конференция жұмысын ары қарай жалғастыру үшiн сөз кезегiн профессор Дихан Қамзабекұлына бердi.

Франциядағы Мұстафа Шоқай қорының төрағасы, Париж қаласынан келген Самиддин Балабан және облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова, осы шараның бас демеушiсi, кәсiпкер Әбдiмәжит Сыздықбеков құттықтау сөз сөйледi.

Алаш қайраткерлерi туралы алаштанушылар Тұрсын Жұртбай, Әбдуақап Қара, Әлихан Бөкейханның жиен немересi Ортай Әбдiрахманов, тағы бiр Алаш қайраткерi Қошке Кемеңгерұлының немересi Ризабек Кемеңгер, осы тақырыпты терең зерттеп жүрген бiрнеше ғалымдар баяндама жасады.

Конференция қарарының жобасын қабылдаған соң қонақтар Алаш арыстарының құрметiне жайылған дастарқаннан дәм татып, әруақтарға Құран бағыштады.

Түс ауа мәртебелi меймандар топырағын түртсең тарихтан сыр шертетiн Отырартөбе қалажұртын бетке алды. Орта ғасырларда өркениеттiң алтын бесiгiне айналған iрi мәдени, ғылым мен сауда орталығы болған қаланың орны сырын iшiне бүгiп, мүлгiп жатыр.

Археологиялық қазба жұмыстары кезiнде аршылған, табылған монша, мешiт, тұрғын үйлер орамдары, тағы басқа да көне нысандар туристердi таң қалдырды. Ашық аспан астындағы музейдi аралаған қонақтар аудан орталығындағы Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейiне келдi. Абдулла Жұмашев негiзiн қалаған музейде әл-Фараби заманындағы қолжазбалардан бастап, кешегi күннiң жәдiгерлерi де сақталған. Бұл музейден өлке тарихына қатысты экспонаттарды молынан кездестiресiз.

Отырар тарихымен терең танысқан қонақтар Ш.Қалдаяқов ауылындағы «Алаш» аллеясында өтетiн iс-шараға қатысты.

Кәсiпкер Ә.Сыздықбековтiң идеясымен дүниеге келген «Алаш» аллеясын аралап көрген қонақтар Алаш қозғалысы туралы көптеген мағлұматтармен танысты. Облыс өнерпаздарының гала-концертiн тамашалаған меймандар «Алаш» этноауылына аттанып, көшпендi қазақтың тыныс-тiршiлiгiн көрiп, мол әсермен қайтты.

Отырар ауданы.

406 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper