"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


МӘҢГIЛIК ЕЛ БОЛУ КЕПIЛI

| Автор:   Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:06
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
МӘҢГIЛIК ЕЛ БОЛУ КЕПIЛI

 

Н.Назарбаев: «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, әрбiр қадамын нық басуын, болашаққа сенiммен бет алуын қалаймын».

 

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мазмұны мен мәнi аса терең тарихи құжат iспеттi. Мақаланың атауының өзi айтып тұрғандай, болашақта атқарылар iс-қимылдарымызды айшықтап берген құнды бағдарлама.

Тәуелсiздiк жылдарында елiмiз екi бiрдей жаңғыруды бастан кештi. Оның бiрi 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы атты тәуелсiз мемлекеттiң шаңырақ көтеруi болса, екiншiсi «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасының мерзiмiнен бұрын орындалып, елiмiздiң мейлiнше дамыған 50 елдiң санатына енуi болды.

2017 жылдың 31 қаңтарында Елбасы «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауын жария еттi. Жолдаудың негiзгi өзегi болған үшiншi жаңғыру мәселелерi Президенттiң 2012 жылғы «Қазақстан–2050» стратегиялық бағдарламасында қойылған мiндеттердiң бiрi едi. Сонымен, бүгiнгi таңда елiмiз жаһандық бәсекелестiкке қол жеткiзуге арналған үшiншi жаңғыру жұмысын бастап кеттi. Межемiз – 2050 жылға қарай өркендеп дамыған 30 елдiң қатарынан көрiну. Айтуға оңай болғанымен, бұл аса ауқымды, өте күрделi мiндет екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Мiне, осынау күрмеуi қиын, бiрақ мейлiнше өзектi әрi көкейкестi мiндеттi шешу тетiктерiнiң ең негiзгiсi ретiнде Елбасы өз мақаласында бүкiл қоғамның рухани жаңғыруы қажет екендiгiн атап өтiп, оны жүзеге асырудың

6 бағытын ұсынып отыр. Олар: бәсекеге қабiлеттiлiк; прагматизм; ұлттық бiрегейлiктi сақтау; бiлiмнiң салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы.

«Рухани жаңғырудың негiзгi iргетасы ол – ұлттық кодты сақтай бiлу, онсыз жаңғыру деген құр жаңғырыққа айналады» дедi өз мақаласында Президент. Бiздiң пайымдауымызша, халқымыздың ұлттық коды – қазақтың тiлi, дiлi, дiнi, материалдық және рухани мәдениетi мен салт-дәстүрлерi және әдет-ғұрыптары. Мiне, осылар топтаса келiп, қазақ халқының ұлттық менталитетiн құрайды. Кез келген ел халқының айрандай ұйып, жұдырықтай жұмылуында мемлекеттiк тiлдiң алар орны айрықша. Ол – қоғамды топтастыруда теңдесi жоқ ерекше күш. Сондықтан да баршамыз Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050»: Бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» атты Жолдауындағы қазақ тiлiнiң мәңгi жасайтындығы туралы мәлiмдемесiн ту етiп ұстауға тиiспiз. Бұл, ең бiрiншi кезекте қазақ ұлтының өкiлдерiне қатысты. Осы орайда дағыстандық ақын, марқұм Расул Ғамзатовтың: «Егер ертең авар тiлi өлер болса, мен бүгiн өлуге даярмын» деген аталы сөзi еске түседi.

Үшiншi жаңғыру барысында нығая түсетiн ұлттық рух – Президент ұсынған «Мәңгiлiк ел» идеологиясын қалыптастырудың негiзгi кепiлi. Сондықтан да бұл идеологияның арқауы етiп халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, бiзге мұра болып жеткен салт-дәстүрлерiмiз бен әдет-ғұрыптарымыз болуы керек деп санаймыз. Дана халқымызда «дәстүрдiң озығы бар, тозығы бар» деген ұлағатты сөз бар. Демек, озығын аламыз, тозығын тастаймыз. Рухани жаңғыру дегенiмiздiң өзi, мiне, осы. Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар халқымыздың, әсiресе, өскелең ұрпақтың моральдық болмысын қалыптастыратын аса құнды қазына. Оларды ұмыт қалдыру орны толмас зардаптарға әкелiп соғады. Осы орайда, күнделiктi өмiрiмiзде орын алып отырған бiрдi-екiлi келеңсiз құбылыстарға тоқтала кетсек.

Қазақтың салт-дәстүрлерiнен туындаған мол қағидаттарының iшiнде ең бастысы – перзентiнiң өзiне өмiр сыйлаған ата-анасының алдындағы парызы мен қарызын, яғни борышын өтеуi. «Үлкенге құрмет, кiшiге iзет, ата-анаға қошемет» деп тәрбиелеген қазақ халқының барлық ұл-қыздары осы қағиданы мүлтiксiз орындап жүр деп айта аламыз ба? Қайдам, күмәнiмiз бар. Мың өлiп, мың тiрiлiп, небiр зобалаңды бастан кешкен қазақ қоғамында бұрын-соңды ешқашан да Қарттар үйi деген болмаған. Әке–шешеге бейәдептiлiк көрсету, қол көтеру барып тұрған көргенсiздiк болып табылған. Тiптi, Тәуке ханның Жетi жарғысында мұндай сорақылықтарға заң жүзiнде тыйым салынып, тиiстi жазалау шаралары қарастырылған.

Қазақта «әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар. Ата–анаға деген сүйiспеншiлiк сезiм ән мен күй, термелерге арқау болған. Қазақ музыка өнерiнiң жарық жұлдыздары Шәмшi мен Нұрғисаның «Ана туралы жыр», «Әкеме» деген әндерiн алайықшы. Екеуiнiң де өне бойы тұнып тұрған тәрбие мен тағлым емес пе?! Ата-анасын ардақтап сыйламаған ұрпақтан Отанның шынайы патриоты шығады деуiмiз бос сөз, құрғақ қиял.

Елiмiздiң рухани жаңғыруында ерекше орын алуы тиiс мәселе – бұл қазақ қызының бүгiнгi таңдағы моральдық болмысы мен кескiн-келбетi. Қазақ халқы ежелден-ақ қызды ерекше қастерлеп құрметтеген. Төрден орын берген, тiптi қыздың әкесi де оған қарап дауыс көтермеген. Қызды қонақ деп қадiрлеген, жатжұрттық деп аялаған. Сондықтан оларға берiлетiн тәлiм-тәрбиеге ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жiңiшке» деген ұлағатты сөздер – бұрынғыдан қалған ұлттық педагогикамыздың iнжу-маржандары. Осындай мазмұны мен мәнi терең қағидаттардан нәр алып сусындаған қазақ қыздары Исрайыл ақынның «бәрiн айт, бiрiн айт та, лайықсың, қазақтың қызы деген ғажап атқа» деп жырлауына негiз болған. Қыз бала – ертеңгi ана. Шаңырақтың шайқалмай берiк болуы әйел-анаға тiкелей байланысты. Сондықтан да қазақ «Әйел – үйдiң туы» деген.

Тәуелсiздiк жылдарында саяси-экономикалық, әлеуметтiк салаларда алынған асулар мен бағындырған белестер аз болған жоқ. Десек те, рухани өмiрiмiзде көңiлге кiрбiң ұялататын кемшiлiктер де жоқ емес. Соның салдары болса керек, бiраз қыздарымыз көшеге түсiп кеттi. Сол қыздар – ертеңгi аналар. Олардың ұл-қыздары қандай болмақ деп ойлағанда өне бойыңды үрей билейдi. Өйткенi, қазақ «Аяғын көрiп асын iш, шешесiн көрiп қызын ал» деген. Қалаларда жезөкшелер үйi (притон) дегендер пайда болып, ол алтын бесiк – ауылға дейiн жеттi...

Бұл аз болғандай шет мемлекеттердiң бiрiнде өткен «көгiлдiрлер» шеруiнде бiздiң бiр қандасымыз мемлекеттiк туымыз – көк байрақты желбiретiп жүрiптi. Ендi бұған не дерсiң? Не десең де, олардың қазақ әлемi үшiн жиiркенiштi, қатерлi құбылыстар екендiгiн мойындайсың. Сондықтан бүкiл қоғам болып жастарға тәлiм-тәрбие беру жұмысындағы ата-бабадан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жеделдете жаңғырту қажет. Елбасы айтып отырған қоғамдық, гуманитарлық пәндердi оқытуды жаңа деңгейге көтеру керек. Жоғары оқу орны студенттерi философия, тарих, саясаттану, тағы да басқа пәндердi оқуды XX ғасырдан берi ғана емес, ежелгi дәуiрден бастауы керек. Өйткенi, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ежелден бастау алады.

Ұлттық менталитетiмiздегi бiз мақтаныш тұтатын ерекше бiр қасиет – бұл халқымыздың меймандостығы мен қонақжайлылығы. Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан түйiнделген «кел демек бар да, кет демек жоқ», «бермегендi берiп ұялт», «таспен ұрғанды аспен ұр» деген сөз мәйектерi осының айғағы. Сондай-ақ, қазақ халқы «малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деп ар-намысты бәрiнен де биiк қойған. Сондықтан да өз өктемдiгiн жүргiзгiсi келген кейбiреулерге «қонақ қойдан да жуас», «жаман үйдi қонағы билейдi» деген. Немесе «шаңыраққа қара, бауырым» деп сыпайы ғана ескертiп отырған.

Жасыратыны жоқ, патшалық және кеңестiк кезеңдерде отаршылдар тарапынан жүргiзiлген репрессиялық жазалау шаралары халқымыздың рухын жаншып, құлдық психологияның қалыптасуына ықпал еттi. Ендiгi мiндет – жастарды ата-бабадан қалған «Бас кеспек болса да тiл кеспек жоқ», «Айтылмаса, сөздiң атасы өледi» деген ұлағатты қағидаларға сай тәрбиелеу. Жастарымыз ынжық, жалтақ болмай өсуi тиiс.

Мақаладағы әлiпбиiмiздiң латын қарпiне көшу мәселесiнiң нақтылануы, сөз жоқ, тарихи әдiлеттiлiктiң салтанат құруы болмақ. 1940 жылға дейiн қолданыста болған латын әлiпбиi қайта қалпына келсе, қызыл империяның солақай шешiмi де бақилық болады.

Елбасы мақаласындағы әлемдегi ең үздiк 100 оқулықты қазақ тiлiне тәржiмелеу, «Туған жер», «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» және «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» бағдарламаларын толықтай қолдай отырып, оларды дайындап жатқан Ұлттық комиссия жұмысына табыс тiлеймiз. Өз тарапымыздан айтар нақты ұсыныстарға келсек, 100 жаңа есiм санатына өзiнiң жеке басының, жерлестерiнiң мүддесiнен жалпыұлттық мүдденi жоғары қойған азаматтар енуi тиiс деп санаймыз. Ал, елiмiздiң киелi жерлерi құрамында «Қалмақ қырылған», Орбұлақ және Аңырақай шайқастары өткен өңiрлер болса, нұр үстiне нұр болар едi.

Сөз соңында айтарымыз, халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет- ғұрыптары – қазақ елiнiң кескiн-келбетi, болмыс бiтiмi. Рухани жаңғыруымыздың ең тиiмдi тетiгi. Ғасырларға созылған тарихымыздың айнасы. Сондықтан да, бiз оларды жадымыздан шығармай жаңғыртайық. «Өткенге топырақ шашпа, шашсаң болашақ саған тас атады» деген ата-баба өсиетiн әрдайым есте ұстайық!

Саттар ҚУАШБАЙ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Шымкент қаласы «Нұр Отан» партиясы әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

168 рет оқылды
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper