"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛI БЕТБҰРЫС

| Автор:   Сенбі, 09 Қыркүйек 2017 13:54
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)
ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛI БЕТБҰРЫС

 

Сөз жоқ, ҚР Президентi Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елiмiздiң рухани әлемiне жаңа леп әкелгендей болды. Елбасы өз мақаласында елдiң мәдени-өркениеттiк дамуы жағдайына өз көзқарасын бiлдiрдi. Бағдарламалық мақаладағы негiзгi тезистердiң бiрi – 2025 жылға қарай қазiргi қазақ жазуын латын графикасына көшiру қажеттiлiгi мәселесi. Егер тарихқа көз жүгiртетiн болсақ, қазақ тарихында бұл қазақ жазуының соңғы бiр ғасырдағы үшiншi iрi реформасы. Кiм қалай десе де, бұл ауқымды iс-шара Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға және ұлттық бiрегейлiктi сақтауға мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, компьютерлiк сауаттылықты жоғарылату, шет тiлдерiн меңгеру және мәдени ашықтықты арттыруға жол ашатынын атап өтуiмiз қажет.

 

Латынға көшу мәселесi соңғы жылдары жиi әңгiме болып келе жатқаны жасырын емес. Негiзiнен, бұған дейiн де әр жер-әр жерде ұсыныстар айтылған. Ал, бұл жолы Елбасы латын графикасына көшудiң қалай жүргiзiлетiндiгi жөнiнде нақты мерзiмдi белгiлеп, 2017 жылдың соңына дейiн қазақ латын әлiпбиiнiң жаңа нұсқасы әзiрленетiндiгi жөнiнде баяндаған. Ал, таяу күндерi «Хабар» телеарнасынан берiлген сұхбатында Нұрсұлтан Әбiшұлы жақын арада өзiнiң ғалымдармен кездесiп, бұл мәселенi тағы да бiр зерделеп, латын қарiптерi жөнiнде ақылдасатынын жеткiздi.

Менiң ойымша, Мемлекет басшысы алдымызға нақты жобалар қойып отырғанда, бiз, жергiлiктi атқарушы органдар қазiрден дайындық жұмыстарына кiрiсiп кеткенiмiз абзал. Қазiргi күнде барлық аудан, қалаларда тiлдердi оқыту орталықтары жұмыс iстейдi. Солардың мүмкiндiгiн толыққанды пайдаланып, 2018 жылдан бастап, мамандарды даярлау және орта мектептер үшiн оқулықтар дайындауымыз, барлық ұйымдастырушылық және әдiстемелiк жұмыстарды таяудағы екi жыл iшiнде жүргiзуiмiз қажет деп есептеймiн. Сауатты жастарды қоспағанда, ауылдық жерлердегi халықтың басым көпшiлiгi латын әлiпбиiнен көп хабары жоғын ескерсек, айналдырған 4-5 жылдың iшiнде атқарар жұмыс аз болмайды. Оның ар жағында 2025 жылда қылаң берiп қалады. Ал, Президентiмiз «2025 жылға қарай iс қағаздарын, мерзiмдi баспасөздi, оқулықтарды, бәрiн де латын әлiпбиiмен басып шығара бастауға тиiспiз» деген болатын.

Тарихқа көз жүгiртсек, өткен ғасырдың 1929–1940 жылдары қолданыста латын графикасына негiзделген қазақ әлiпбиi болды, ол КСРО-ның басқа да түркi халықтарының әлiпбиiн латындандырумен қатар әзiрлендi және қабылданды. Бұл туралы №141–Қазақ өлкелiк комитетiнiң БКП (б) 1925–1937 ж.ж., №708 КП (б) ОК қорларынан және жеке қорлардан алынған Қазақстан Республикасы Президентi архивiнiң құжаттары куәландырады.

Мысалы, 1926 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақ жазуын латындандыру туралы» мәселе жөнiндегi дискуссиялық кеңестiң хаттамасында М.Жолдыбаевтың кiрiспе сөзi келтiрiледi. Онда М.Жолдыбаев мырза бұған дейiн қазақ халқының өз мектебi болмағанын, патша өкiметi барлық жаңалықтардан халықты мақұрым ете отырып, шынайы өмiрге бейiмделуге мүмкiндiк бермегенiн, тек Қазан революциясынан кейiн ғана қазақ халқы тез арада мәдени құрылыс жұмыстарында үлкен жетiстiктерге жете бастағанын, оның iшiнде, ыңғайсыз араб әлiпбиiнен арылу үшiн латын әлiпбиiне өту жолында тиiстi жұмыстарды жасап жатқанын алға тартқан.

Сол қалалық кино ғимаратында өткен дискуссиялық жиналыста сөз сөйлеген Т.Байдилдин өзiнiң баяндамасында соңғы 2-3 жылда баспасөзде латын әлiпбиiне өту жөнiнде әркез пiкiрталас тудыратын мақалалар жарияланып келгенiн, жаңа латын әлiпбиiн қолдаушылар қатарында қоғамның жас өкiлдерi болғанын атап өте келе, жалпы араб тiлiнен латын тiлiне өту кезеңдерi жөнiнде мынадай қызық мәлiметтер келтiрiледi.

Өз сөзiнде, А.Байдилдин негiзi, қолданыстағы араб алфавитiн латын жазуымен алмастыру мәселесi бұдан 60-65 жыл бұрын Әзiрбайжанның ғалымы, драматургi Мырза-Фатали Ахундов тарапынан көтерiлгенiн, патшалық режимнiң кесiрiнен өз елiнде жақтастарын таппағандықтан, өзiнiң ұсынысымен Константинополь (Түркия) мен Тегеранға (Персия) барғанын, ол елдерде де Ахундовқа өзiнiң жаңалық ұсыныстарын жария етуге рұқсат болмағанын баяндаған.

Сөйтiп жүргенде, бұл жұмыс Қазақстанға да келiп жетедi. Елде ынташылар тарапынан «Қазақтың жаңа латын әлiппешiлер қоғамы» құрылады. Мiне, бұл латын әлiпбиiне келудегi бастапқы жағдайдың қалай өрбiгенi туралы архив материалындағы мәлiмет.

Сонымен қатар, аталған құжатта латын әлiпбиiнiң артықшылықтары айтылады, яғни латын таңбалары – тек ғылым мен техниканың белгiлерi ғана емес, барлық дерлiк халықтардың мәдениетiмен игерiлген әлiпби. Бұл латын әлiпбиiн қабылдаған және қабылдау үстiндегi шығыс халықтарымен жақындасуға ықпал етiп қана қоймай, сонымен қатар алдыңғы қатарлы елдердiң ғылымына, мәдениетiне бойлауға ықпал етедi.

Архив құжаттарында 1928 жылдың 9-12 желтоқсанында Қызылорда қаласында «Жаңа қазақ әлiпбиi жақтастарының бiрiншi өлкелiк конференциясы жұмысының нәтижелерi туралы» қысқа есебi бар. Онда НКА Орталық Комитетiнiң Төрағасы Н.Н.Нұрмақов өзiнiң баяндамасында еңбекшi қазақтардың тарихы қалып қойғандығы жөнiнде айта келе, «Жаңа латын әлiпбиi – Қазақстандағы революция. Тезiрек жүзеге және тәжiрибелiк iске асыру үшiн жұмыстың революциялық әдiсiн қолдану керек. Жаңа әлiпбидi жаңа iс ретiнде жүзеге асыру үлкен қиындықтармен ұласады, сондықтан еңбекшiлердiң барлығын жұмылдыру қажет» деп атап өткен. (141-қ., 17-т., 111 iс, 549-558 пп.).

«Жаңа әлiппешiлер қоғамының» («Жаңа қазақ әлiпбиiнiң» қоғамдастығы) Жарғысы бар, онда қоғамдастықтың мақсаты, құқықтары мен мiндеттерi туралы айтылған. 1927 жыл. (141-қ., 1-т., 1560 iс, 1-8 пп.). Бiр атап өтетiн жағдай, Қоғамның Жарғысындағы талаптар өте сауатты жазылған және жаңа әлiпбиге өту жолындағы дерлiк барлық мәселелер қамтылған.

Орталық Комитет Төрағасы О.Жандосовтың ҚазКСР-нiң өмiрiне жаңа әлiпбидi енгiзуi бойынша жұмысы туралы есебi бар, мұнда жаңа әлiпбидi енгiзуi бойынша операциялық жоспардың әзiрленуi, 1929 жылдың 1 қазанына дейiн мөрлер, мөртабандар мен маңдайшаларды толық ауыстыру жұмыстарының аяқталуы, iс жүргiзудiң жаңа әлiпбиге көшiрiлетiндiгi және т.б. мәселелер туралы айтылған (141-қ., 1-т., 2800 iс, 119-128 пп.).

Архив құжаттарынан аңғарылатыны – ел азаматтары ұлт үшiн, оның тiлi, сауаттылығы үшiн күн демей, түн демей еңбектенген. Оған жоғарыдағы құжаттардан келтiрiлген қысқаша мәлiметтер куә. Әрине, бұл құжаттар олар жасаған жұмыстардың бiр бөлiгi ғана екенi даусыз. Тағы бiр көңiлге қуаныш ұялататын жағдай – ол әсiресе, 1928 жылдың 9-12 желтоқсанында Қызылорда қаласында өткен «Жаңа қазақ әлiпбиi жақтастарының бiрiншi Өлкелiк конференциясы жұмысының нәтижелерi туралы» есебiнен байқалады – араб әлiпбиiнен латын әлiпбиiне өтуде жаңа әлiпбидi латын әлiпбиi деп емес, «қазақ әлiпбиi» деп атауы! Неге бiзге де латын графикасындағы Қазақ әлiпбиi демеске!? Қорытындылай келе айтарым, латын-қазақ әлiпбиiне оралу – тәуелсiз Қазақстан тарихындағы елеулi бетбұрыс болмақ!

Бастар ЕСҚАРАЕВ, ОҚО тiлдердi дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы.

800 рет оқылды
Осы категориядағы басқа материалдар: « ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ МӘҢГIЛIК ЕЛ БОЛУ КЕПIЛI »
comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper