"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ХАНҚОРҒАН ЗЕРТТЕЛУДЕ

Бейсенбі, 24 Тамыз 2017 10:23
ХАНҚОРҒАН ЗЕРТТЕЛУДЕ

Сайрам ауданының бұрынғы Мәдени, қазiргi Ханқорған деп аталатын ауылында тарихтың көзi, шежiренiң сөзi саналатын қасиеттi төбе бар. Биiгiне шығып, төңiрекке көз салсаңыз алыстағы аттылыны анық көресiз. Қазақ тарихында Ханқорған төбесiнiң ерекше орны бар. Жаугершiлiк заманда ұлтымыздың ұстыны болған киелi жермен бүгiнде ауыл тұрғындары орынды мақтанады.

 

Ханқорғанда қазақ ханы Абылайдың бекiнiсi болған деген тарихи дерек бар. Ханқорған – Арыс өзенi бойындағы киелi орын. Абылай ханның iзi қалған тарихи төбе. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осынау мәдени мұра қайта зерттелуде. Сонша уақыт елеусiз жатқан киелi төбеге жан бiтiп, қызу жұмыстар басталып кеткен. Көлкент ауылдық округiндегi Ханқорған төбесi аудан орталығынан 28 шақырым жерде орналасқан. Барар жол даңғыл.

Бiз Ханқорғанға барғанда қазба жұмыстарымен айналысып жатқан 15 шақты жiгiттi көрдiк. 4 метр тереңдiктен үйдiң iшкi бөлмелерi көрiнедi. Сынған құмыралар, жартылай құлаған ошақтар,  диiрмен, тiптi, адам сүйектерi де табылыпты. Қазба жұмыстарының басында жетекшiлiк етiп жүрген Медеубек Кiшiбаев:

— Зерттеу жұмыстары барысында бiраз дүниелер табылуда. Мұнда Абылай ханнан бөлек, Жәнiбек сұлтанның, хан Кенесарының, сұлтан Сыздықтың iздерi болуы мүмкiн. Кезiнде Түркiстан губерниясының құрамында болған Сайрам жерiнiң маңызы туралы Ханқорған әлi талай сырды ашады, — дейдi.

Қасиеттi өлкенiң табиғаты, топырағы, суы бәрi-бәрi тұнып тұрған шежiре. Бабаларымыздың, батырларымыздың iзi қалған жерде болып үлкен әсер алып, бұрын соңды естiмеген құпияға қанық болдық. Сол күнi ауыл тұрғындары құрбандық шалып, төбе басында Құран оқылды.

Кезiнде Шәдi төре Жәңгiрұлы былай деп жырлаған:

 

...Бiр мәрте берi қарап тәуiр болмай,

кеселi ханның әрдам арта бердi.

Табылмай жазылмаққа ешбiр себеп,

Сабыр етiп Шымкентте тұрмай қарап,

Қосынның көшуiне хабар бердi.

 

Жетпекке Түркiстанға айлап талып,

Ортада Арыс деген суға жеттi,

Сол уақта ағзасынан қуат кеттi.

Бойына осы өзеннiң қоныңдар деп,

Қосынның баршасына пәрман еттi.

 

Хан айтты: «Осы жерде қорған салып,

Дертiне қадыр құда шипа берсе,

Бұл жерден көшедүрмiн саһатланып.

Мубада тағдырдағы ажал жетiп,

Дүниеден бақилыққа кетсем өтiп,

Әзiрет сұлтанымның күмбезiне,

Апарып қойыңыздар кебiндетiп.

 

Қазақтың мұны естiген қариялары,

Қосынның үлкен-кiшi тамам бәрi.

Көзiне баршасы да жасын төгiп,

Ханына сөйлер едi айтып зарын.

 

«Сiз хандық құрғаннан соң таққа мiнiп,

Дұшпанның баршасына қарсы тұрып,

Ар-намыс кегiмiздiң бәрiн алдық,

Ұрысып, күш көрсетiп, қайрат қылып».

 

Осылай үлкен-кiшi зар жыласып,

Артынып жыланар-ды көңiлiн басып.

Содан соң – үй салмаққа қолын ұрды,

Лай жасап, балшық құйып, кесек тасып.

 

Басынан бiр төбенiң қорған салды,

Керектi қаражатын байдан алды.

Арыстың өзенiнде бұл уақытта,

Ол төбе «Ханқорған» деп аталар-ды.

 

Шәдi төре Жәңгiрұлының бұл туындысы алғаш «Қазақ хиссалары» атты кiтапта Қытай Халық Республикасының «Ұлттар» баспасынан 1985 жылы жарық көрген.

 Бүгiн Ханқорған зерттелiп жатыр. Тарихы терең екенiн айғақтайтын заттар табылып, тарихи мұра ретiнде қорғалуға алынбақ. Ел тәу етер киелi орынға айналар күнi де алыс емес. Бұл ауданның ғана емес, бүкiл қазақтың мақтаныш етер киелi орны болмақ.

Қызжiбек Мүсiрепхан, журналист. Сайрам ауданы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper