"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН

Сенбі, 19 Тамыз 2017 13:51
ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН

 

Сондай салқар көштiң үстiнде ауыл адамдары ел иесi Шаншар ақсақалға келiнi, Келдiбектiң аяғы ауыр келiншегi Тоқмейiл кейiндеп қалғанын, еру қылған жерге әлi жетпей жатқанын хабарлайды.

 

Мұны естiген абыз қарт жiгiттерге: «Келiннiң аты болдырып қалған-ау шамасы, алдынан менiң қара жорғамды жiберiңдер. Басқа жылқы оны көтере алмайды, өйткенi, келiннiң iшiнде алтын жатыр ғой» дептi. Сөйтiп, ауыл адамдары Тоқмейiлдiң алдынан Шаншардың қара жорғасын алып шығады. Еру қылған жерге ол да таяп қалған екен, жорға барған соң: «Атасының атына келiнi мiнгенi жарамас, ұят, обал болар. Мен ертоқымның үзеңгiсiнен ұстап-ақ барайын» деп ауылға жаяулап жетiптi. Келiсiмен толғатып, тал түсте босанған екен. Сонда туған нәресте Қазыбек би көрiнедi.

– Менi соңғы сапарға шығарып салуға қамданыңдар, менiң бұл фәни дүниемен қоштасар уақытымды бiлетiн адам бар. Ол күн шығыстан келуi тиiс. Сол адамды тыңдап, соған билiк берiңдер, намазымды да сол шығарады, ол қазiр жол үстiнде келе жатыр, – деген екен. Айтқан адамы бидiң қазасын алдын ала бiлген Бегiмшайық әулие екен. Қазыбек би мен Бегiмшайық әулие замандас, құрдас, дос болған. Бегiмшайыққа Бекмысық деп ат берген де Қазыбек би. Оның әңгiмесi ұзақ. Бегiм қожаны Қазыбек би Сарыарқаға көшерде Түркiстаннан өзiмен бiрге ала келген екен. Досының қазасына қатты қүйзелген ол киiз үйдiң iшiнде жатқан марқұмның мәйiтiн көруге барады. Қимас досының мәңгiлiк бақиға аттанғанын көрiп, қолындағы аса таяғымен мәйiттi ұра бастайды. Мұны көрген Қазыбектiң үлкен ұлы Бекболат би:

– Оу, ақсақал, өлген әкемдi ұрып, аруақты қорлағаныңыз қалай? – деп ренжiп, әулиенiң қолынан ұстай алыпты. Бұған Бегiмшайық әулие:

– Өз обалдарың өздерiңе. Әкеңнiң бойында сал әулие деген қасиетi бiрге кетiп бара жатыр едi. Жетi ұрғанда жетi атаңа кетушi едi. Үш-ақ рет ұруға шамамды келтiрдiң. Ендi бектiк, салдық үш атаңнан аспайды-ау, қап әттегене-ай!, – деп киiз үйден шығып кетiптi.

«Тектiден тектi туады, тектiлiк жолды қуады». Рас айтылған сөз. Дүниеге келген әрбiр iрi тұлғаның шыққан тегi осал болмаған. Сол сияқты Қаз дауысты Қазыбек бидiң ата-бабалары да өмiр сүрген ортасына әйгiлi, есiмдерi ел аузында жүрген жандар.

Қазыбек бидiң арғы атасы Мейрам сопыдан Қаракесек туады. (Азан шақырып қойған аты – Болатқожа). Болатқожадан Ақша мен Түйте туады. Ақшасынан – Бошан. Бошаннан бес ұл туады: Байбөрi, Таз, Машай, Жанту және Манат. Екiншi ұлы Таздан Наманай мен Бұлбұл туады.

Бұлбұлдың екi әйелi болған. Бәйбiшесi Қаракемпiр болса, тоқалы– Құбакемпiр. Құбакемпiрден бес ұл тарайды: Алдияр, Күшiк, Шаншар,Үсен және Құдайберлi. Шаншардан Қазыбектiң әкесi Келдiбек туады. Осы жерде Шаншар тұлғасына тоқтала кеткендi жөн санадық. Шаншар Есiм ханның ақылшы биi, бас уәзiрi болған. Тарих беттерiне үңiлсек, 1627 жылы Ташкенттi билеген Тұрсын хан мен Түркiстанды билеген Есiм ханның арасында қырғын соғыс болады. Кескiлескен ұрыста Тұрсын хан қаза болады. Сол заманның заңымен жауын жеңген жасақ таңдағанын алады. Сонда Шаншар Тұрсын ханның Айбике, Нұрбике деген қыздарын олжаласа керек. Қазыбек бидiң әкесi Келдiбек осы Айбикеден туады. Нұрбикеден берi өрбiтсек Мөшеке – Қазанғап – атақты күйшi, композитор Тәттiмбет дүниеге келедi.

Ел iшiнде тараған келесi аңызға көңiл бөлсек: «Айбике, Нұрбике, Қызданбике қол басқарған Жоңғар батырының қыздары деседi. Қырғын соғыста жеңiске жеткен Шаншар баба жау баһадүрiнiң осы үш қызын иемденсе керек».

Қалай дегенде де Қазыбек бидiң арғы тегiнiң осал еместiгi, ел iшiнде елеулi адамдар болғаны тарихтан мәлiм. Әкесi Келдiбек ел iшiнде туындаған даулы мәселелерге әдiл шешiмiн айтқан би болған. Мiне, осындай тектi адамның шаңырағында 1667 жылы Қаз дауысты Қазыбек дүниеге келедi. Келдiбектен Қазыбекпен бiрге Сәдiбек, Асан, Балапан, Бөдене туады.

Елге белгiлi жыршы, шежiрешi Құндызбай Кеңгiрбайұлының әңгiмесiне сүйенсек: «Ақ селеулi, боз бетегелi Сарыарқа қадым заманнан киiз туырлықты қазақтың қан жайлауы болса керек. Сыр мен Шу бойын тел қыстаған жұрт көктем шыға, қар суынан нәр алып, Бетбақдаланы көктей өтiп, Сарысуды өрлеп, жайлауға шығады екен. Таң қылаң бере көшкен ел кейде көз байлана, кейде ақшам ауғанда, судың ұшырасуына байланысты қоналқыға тоқтайды. Оты мен суы келiскен жерге бiрер күн еру қылса, тақырға тап болғанда көп бөгелмей, үдере көшедi. Сондай салқар көштiң үстiнде ауыл адамдары ел иесi Шаншар ақсақалға келiнi, Келдiбектiң аяғы ауыр келiншегi Тоқмейiл кейiндеп қалғанын, еру қылған жерге әлi жетпей жатқанын хабарлайды.

Мұны естiген абыз қарт жiгiттерге: «Келiннiң аты болдырып қалған-ау шамасы, алдынан менiң қара жорғамды жiберiңдер. Басқа жылқы оны көтере алмайды, өйткенi, келiннiң iшiнде алтын жатыр ғой» дептi. Сөйтiп, ауыл адамдары Тоқмейiлдiң алдынан Шаншардың қара жорғасын алып шығады. Еру қылған жерге ол да таяп қалған екен, жорға барған соң: «Атасының атына келiнi мiнгенi жарамас, ұят обал болар. Мен ертоқымның үзеңгiсiнен ұстап-ақ барайын» деп ауылға жаяулап жетiптi. Келiсiмен толғатып, тал түсте босанған екен. Сонда туған нәресте Қазыбек би көрiнедi.

«Болар бала он бесiнде баспын дер» демекшi, бабамыз да жастайынан ел өмiрiне араласып, көптiң көңiлiнен шығады. Әкесi Келдiбек те баласының болашағынан көп үмiт күтсе керек. Сол кездегi қазақ ортасында қалыптасқан тәрбие бойынша жер көрсiн, ел танысын деген мақсатпен үлкендер зерек балаларын атақты би-шешен адамдардың қасына атқосшы ретiнде жiберiп отырған. Осылайша бала күнiнен ел аралап, үлкендердiң сөзiне құлақ асып, кемеңгерлiгiн бойына сiңiрген бала Қазыбек ерте есейедi.

Қаз дауысты Қазыбек бидiң тұлға болып қалыптасуының тағы бiр көрiнiсi Жоңғардың ханы Қоңтажының ордасына барған елшiлiк кезiнде қазақ елiнен барған азулы билердiң жасқаншақтық танытып, тартынған кездерiнде жастығына қарамай Жоңғар ханынан дат сұрап, суырылып сөз сөйлегенi, айбар танытқандығы халық арасына аңыз болып тарады. Бұл жерде Қазыбектiң сөздерiнен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған iзгiлiктi де аңғарған жоңғар қоңтайшысы әдiлдiкке жығылып, өжеттiгi мен шешендiгiне риза болып, елшiлердiң бүкiл талабын орындағаны мәлiм. Осы жолы жау қолындағы 90 тұтқынмен қоса тоналған мүлiк, шабылған малды қайтарып алып, олжалы оралған екен.

Халықтың ауыз әдебиетi, салт-дәстүрiн, рәсiмдерiн, ата жол заңдарын мол меңгерген, әдiл де көреген Қазыбектi әз Тәуке хан Орта жүздiң Бас биi етiп бекiткен. Әз Тәуке хан кеңесiнiң белдi мүшесi болып, Төле би, Әйтеке би үшеуi жаңа заң жобасы – «Жетi жарғыны» жазды. Ел iшiндегi дау-дамай, жер дауы, жесiр дауы, кек алу, құн төлеу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, мемлекет басқару, ел қорғау, ұрпақ тәрбиесi, тағы да басқа мәселелер жаңа заң бойынша шешiлетiн болды. Жаңа заң – «Жетi жарғыны» Күлтөбенiң басына халықты жиып, қабылдатты.

1718 жылы әз Тәуке қайтыс болғаннан кейiн де Сәмеке, Әбiлмәмбет, Абылай хандарға мемлекет басқаруға, iшкi-сыртқы саясатқа араласып, ақыл-кеңестер берiп, ықпал жасап отырады. Ел басына күн туғанда, қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубәтiне ұшырағанда Қазыбек би Сәмеке хан, Әбiлмәмбет хандардың, Барақ, Абылай сұлтандардың арасын жарастырып, оларды ынтымаққа шақырады.

Қаз дауысты Қазыбек өз халқының бейбiт өмiрi үшiн күрескер дипломат болды. 1741 жылы Сары-Манжы бастаған ойраттардың отыз мың қолдық әскерi Орта жүзге тұтқиылдан шабуыл жасап, Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқынға түсiп қалғанда, Қазыбек би Абылайды құтқару үшiн қолдан келген барлық елшiлiк айла-әрекеттерiн жасаған. Келiссөздердiң қорытындысында қалмақ ханы Қалдан Серен Қазыбек биге: «Бiз сенiмен үшiншi рет келiсiм жасап отырмыз, бiрақ бiздiң татулығымыз тұрақты болмады, бұзыла бердi. Мұнан былай бiздiң татулығымыз тұрақты болу үшiн қыз алысып, қыз берiсейiк» деп Кiшiк атты қызын берген екен. Бұл қызды Қазыбек би үлкен ұлы Бекболатқа қосыпты. Кiшiктен атақты Тiленшi би туады. Осының нәтижесiнде 1743 жылы Абылай сұлтан тұтқыннан босап, қазақтың отыз үш қаласы Әбiлмәмбет ханға қайтарылған.

1723-1725 жылдары қазақ халқына үлкен ауыртпалық әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасiретiнен кейiн шамамен 1728 жылдары елдi аман сақтап қалу мақсатымен Қазыбек би өзiнiң ұрпақтары және бүкiл Бошан әулетiмен Сыр бойынан Арқаға көшiп Ұлытауға, 1740 жылдары Қарқаралы ауданының Едiрей, Арқалық, Үшқара, Қаратау, Балқантау, т.б. жерлерiне қоныстанған. Қазыбек бидiң бәйбiшесiнен Қазымбет, Базаркелдi, Барқы, Сырымбет, тоқалынан Бекболат пен Маңқан деген қыз туады. Бекболаттан – Тiленшi – Алшынбай – Түсiп, Қақабай, Қосық, Шәпи, Бәпи, Бепау туады. Бәпиден атақты әншi-композитор, сал-серi, ақын Мәди батыр туады. Мәдиден ұрпақ жоқ. Түсiптен ғұлама Абайдың әйелi Дiлдә туады. Түсiптi Жүсiп мырза деп те атайды.

Қазыбек би тоқсан жетi жасында Баянауылда Семiзбұғы тауының етегiндегi Теректiбұлақ қыстауында дүниеден өтедi. Көз жұмар алдында жиналған жамиғатқа:

– Менi соңғы сапарға шығарып салуға қамданыңдар, менiң бұл фәни дүниемен қоштасар уақытымды бiлетiн адам бар. Ол күн шығыстан келуi тиiс. Сол адамды тыңдап, соған билiк берiңдер, намазымды да сол шығарады, ол қазiр жол үстiнде келе жатыр, – деген екен. Айтқан адамы бидiң қазасын алдын ала бiлген Бегiмшайық әулие екен. Қазыбек би мен Бегiмшайық әулие замандас, құрдас, дос болған. Бегiмшайыққа Бекмысық деп ат берген де Қазыбек би. Оның әңгiмесi ұзақ. Бегiм қожаны Қазыбек би Сарыарқаға көшерде Түркiстаннан өзiмен бiрге ала келген екен. Досының қазасына қатты қүйзелген ол киiз үйдiң iшiнде жатқан марқұмның мәйiтiн көруге барады. Қимас досының мәңгiлiк бақиға аттанғанын көрiп, қолындағы аса таяғымен мәйiттi ұра бастайды. Мұны көрген Қазыбектiң үлкен ұлы Бекболат би:

– Оу, ақсақал, өлген әкемдi ұрып, аруақты қорлағаныңыз қалай? – деп ренжiп, әулиенiң қолынан ұстай алыпты. Бұған Бегiмшайық әулие:

– Өз обалдарың өздерiңе. Әкеңнiң бойында сал әулие деген қасиетi бiрге кетiп бара жатыр едi. Жетi ұрғанда жетi атаңа кетушi едi. Үш-ақ рет ұруға шамамды келтiрдiң. Ендi бектiк, салдық үш атаңнан аспайды-ау, қап әттегене-ай!–деп киiз үйден шығып кетiптi.

Расында да Қазыбек бидiң әулиелiгi мен бектiгi Бекболат, Тiленшi, Алшынбайдан соң сетiней бастаған. Қазыбек бидiң мәйiтiн қыс түсiп кеткеннен кейiн сөре тасқа кереге жайып, былғарымен орап, үстiне алты қанат киiз үй тiгiп, қыс бойы сақтайды. Көктем келiп, күн жылынып, жер аяғы кеңiген соң Қазыбек бидiң айтып кеткен өсиетi бойынша Бекболат бастаған қырық жiгiт Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне апарып жерлейдi. Басына құлпытас қояды.

Биыл Қазыбек бидiң туғанына 350 жыл толып отыр. Қазыбек би туралы осы бiр мақалаға айтпағымызды түгел сыйғызып жазу мүмкiн емес. Бұл аңыздардың барлығы ата-бабамыздан халық ауыз әдебиетi арқылы жеткен шындық.

С.СЛАМБЕКОВ, Қарқаралы тарихи-өлкетану музейiнiң кiшi ғылыми қызметкерi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper