"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


«БҰЛ ПӘТЕРДЕ АҒАНЫҢ РУХЫ БАР»

Сейсенбі, 15 Тамыз 2017 11:07
«БҰЛ ПӘТЕРДЕ АҒАНЫҢ РУХЫ БАР»

 

Шуақты Шымкент шаһарын шиырлай берсеңiз, талай тарихи орындарға, ұлы адамдардың iзi қалған жерлерге тап боласыз. Айталық, кезiнде осы қасиеттi қалада ұлы жазушы Жүсiпбек Аймауытов тұрды. Ұлы Абайдың баласы Тұрағұл да тағдырдың кесiмiмен осы жердiң ауасын жұтты. Тарихты тереңiрек қаза түссек, мұндай оқиғалар көптеп кездеседi. Бiрақ, бiз кейде күнделiктi өмiрдiң ағымымен өткенiмiзге мойын бұра бермеймiз.

 

Шымкент қаласындағы Шәмшi Қалдаяқов көшесiмен жүрген сайын менi осы бiр ой мазалайды. Республика даңғылы мен Ш.Қалдаяқов көшесiнiң қиылысындағы таяқ тастам жердегi көпқабатты үйдiң iргесiндегi ұлы композитордың шағын ескерткiшiне әрi-берi жүргендер көз тастап өтедi. Осы ескерткiш арқылы бұл үйде кезiнде Шәмшi ағамыздың тiршiлiк еткенiн бiледi.

Ал, халқымыздың қалаулы ұлдарының бiрi тұрып, өлмес, өшпес дүниелерiн өмiрге әкелген пәтердiң соңғы тарихы қандай? Пәтер иесi Ажар Әбенова апай менiмен бiраз уақыт пiкiрлес болды. Талант табанының iзi қалған пәтерде отырып Ажар апайдан бiрталай естелiктер жазып алдым.

– Жолдасым Нәби Елiкбаев ол кезде облыстық комсомол комитетiнде қызмет iстейтiн едi. Мен мектепте мұғалiммiн. Үйленгенiмiзге жыл толарда Шәмшi аға Алматыға көшетiн болды. Ағамен бiз ертеректен араласушы едiк. Оның қарындасы Раушан маған жеңге болды. Күйеуi Оразәлi Абытов мектеп директоры қызметiн атқарды. Жеңешем алтын асықтай 10 ұл-қыз өсiрiп, тәрбиеледi. Шәкең бiзге жиi келiп тұратын. Аралас-құраластығымыз достыққа ұласты.

Шәкең Алматыға көшетiн болып түпкiлiктi шешiм қабылдаған соң пәтерiн бiзге қалдырды. Енем Ажаркүл ауылдағы сиырын сатып, қаржысын буып-түйiп бiзге әкелiп берген. Өзiмiздiң жинағанымыз бар, Шәкеңе қаржысын түгел ұстаттық.

Бiз көшiп келгенде пәтерде Шәкеңнiң күйсандығы мен темiр кереуетi ғана тұр екен. Оларды жолдасым пойызға артып, Алматыға жiбердi. Содан соң пәтерге көшiп келдiк.

Мұнда көшiп келмей тұрып та бiз Шәкеңдi iздеп келiп, осында жиi болушы едiк. Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов, Нармахан Бегалиев, Мұхамеджан Рүстемов, тағы басқа да өнер адамдарымен осында таныстық. Ағаның үш бөлмелi пәтерi қонақтардан үзiлмеушi едi. Тума талант иелерiнiң сан тақырыптағы пiкiрталастары таңнан таңға дейiн ұласатын. Ара-арасында ән мен жырға кезек тиiп, әдемi бiр кеш өтiп жататын. Өзiм куәмiн, Шәкең көптеген әндерiн осы күйсандықта отырып шығарды.

Бiрде Шәкең бiздiкiне қонаққа келдi. Көп кешiкпей ауырып қалды. Дереу жедел жәрдеммен ауруханаға апардық. Екi-үш аптадан соң бетi берi қарады. Сосын оны ауруханадан шығаратын болды. Ендi оны ауруханадан шығарып әкетейiк десек, киiмдерi жоқ. Не iстеу керек? Үйде Мұхтар Шахановтың киiмдерi тұрушы едi. Есiме дереу сол түстi. Апарып едiк, шақ келе кетпесi бар ма?!

– Ауруханаға Шәмшi болып түсiп, Мұхтар болып шықтым, – деп күлiп отырушы едi жарықтық.

Бiрде Шәкең есiгiмiздiң алдына «Жигули» автокөлiгiмен келiп тоқтады. – Нәби! Ажар! Мен машина алдым, – дедi ол үйге кiрген соң.

Бiз композитор көлiгiне көрiмдiк бердiк. Осыдан соң оның көлiгiмен орталыққа барғымыз келетiнiн айттық.

– Мен әлi машинаны жүргiзе алмаймын ғой, – дедi ол.

Сөйттi де күлдi. Есiне әлдене түскен болар, шамасы.

– Неге күлесiз? – дедiк қосарлана.

Шәкең аздап тұтығыңқырап сөйлейтiн.

– Жаңа бiр МАИ қызметкерi тоқтатты. «Мен Шәмшiмiн ғой» деп айтамын деп тұтығып қалдым. «Ш-ш-ш» дей берiппiн. Жол сақшысы менi балағаттап тұр деп ойлап, талонымды тесiп бердi. Күлкiмнiң сыры сол, – деп Шәкең тағы күлдi.

Оның бұл сөзiне ендi жабыла күлдiк.

Аға көшiп кеткеннен соң да бiздiң үйге жиi келiп тұрды. Қанша дегенмен жастық шағының едәуiр бөлiгiн өткiзген киелi мекенi емес пе? Ол келгенде қуанып қалатынбыз. Үйге келген сайын көйлектерiн, киiмдерiн жуып беремiн. Нәбимен екеуi ұзақ әңгiмелеседi. Бiрге тамақтанады. Кетерде ризашылығын бiлдiрiп кетедi.

Осы пәтердi сатқан соң Шәкеңнiң бiзге бата бергенi қалай ұмытылсын! Сол батасы қабыл болды-ау, шамасы, бұл баспана бiзге құт әкелдi. Бiр ұл, бiр қызды болдым. Ұлым Абзал қазiр Мәскеуде тұрады. Заң қызметкерi. Екi баласы бар. Құдай қаласа, жуырда елге көшiп келмек. Одан кейiнгi қызым Гүлмира Алматыда тұрады. Дәрiгер. Күйеу балам Тәжiмұрат органда қызмет iстеп, зейнеткерлiкке шықты. Аллаға шүкiр, ағадан сатып алған пәтер бiзге осылай құт болып келдi.

Айтпақшы, кезiнде Шәкең сатып алған «Романтика-106» радиоқабылдағышы сол күйi бiздiң пәтерде қалып қойды. Шәкеңе талай рет «пойызға салып жiберейiк» деп айттық. «Осында қала берсiн» деп бiзге сыйлап кеттi. Әлi күнге дейiн жұмыс iстеп тұр. Радиоқабылдағышты қосып кеп қалсам, Шәмшiнiң әндерi төгiле жөнеледi. Бiз тұрған үйдiң бұрышындағы Шәкеңнiң ескерткiшiн көрдiң ғой. Кейде сол жақтан үйге кiрерде ескерткiштi көрiп денем дiр ете қалады. Алдымнан жайраңдап ағам шыға келетiндей көрiнедi. Үйге кiрiп, күйсандығын iздейтiндей мазасызданамын. Иә, бұл пәтерде Шәмшiнiң рухы бар.

Ендi Шәмшiнiң қолының табы, табанының iзi қалған пәтерде тұру үлкен жауапкершiлiк жүктейдi. Үйде оңаша қалғанда баяғы төрт құбыламыз түгел кездегi алаңсыз күндер мен түндер есiме түсiп, жүрегiм сыздайды.

Рас, бұл – киелi пәтер. Кей-кейде құлағыма пианино үнi келедi. Едендi сықырлатып, ағаның әруағы кезiп жүргендей сезiнiп, ұйқым шайдай ашылады, – деп едi Ажар апай мұңайып отырып.

Иә, жастық шақ жайлы сыр толғасақ, айтар әңгiме түгесiлер ме? Сол жылдардың елесi санамызда әлi жаңғырады. Ажар апай өткен күндерiн сағынышпен еске алып отырды.

Ажар апай осы пәтердi мұражайға айналдыру жөнiнде Шымкент қалалық әкiмдiгiне талай рет хат жазды. Шәкеңнiң iнi досы Мұхтар Шахановтан, композитор Қалдыбек Құрманәлiден көмек сұрады. Екеуi де қалалық әкiмдiкке құлаққағыс еткенiмен, қаржы тапшылығына байланысты Шәмшi тұрған пәтер мемлекет қарамағына сатылып алынбады. Егер сол пәтер мұражайға айналғанда, оған қойылар жәдiгерлер осы қаланың өзiнен көптеп шығар едi. Ажар апаймен бiрге сұратқанымызда Шәмшi аға араласқан көптеген отбасыдан композитордың талай дүние-мүлкi табылған болатын.

Бүгiнде Шәмшi пәтерiнiң шырақшысы Ажар апай да ұшыраса бермейдi. Ана бiр жолы Шәмшi тұрған пәтердiң есiгiн қағып көрдiм. Ешкiм тырс етiп дыбыс бiлдiрмедi. Апай әлдебiреулерге сатып жiбермедi ме екен? Сатып жiберсе Шәмшi ағаның көзiндей баяғы радиоқабылдағыш қайда қалды екен? Мына Ресейде Пушкиннiң ғашығы Анна Керн сүрiнiп кеткен тас музейде тұр. Бiр қарағанда әншейiн тас. Алайда, ұлы ақынның өмiрiнiң бiр сәтiнен сыр шертетiн құнды жәдiгер. Ал, бiз елiмiздiң ұлы композиторы, мемлекеттiк Әнұранның авторы Шәкеңнiң ғұмырының бiр бөлшегi өткен пәтерге көңiл аудармаймыз. Осынша селқос болар ма едiк?..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper