"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ КИЕСI ҚОЛДАҒАН ЖАН

Дүйсенбі, 07 Тамыз 2017 09:55
ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ КИЕСI ҚОЛДАҒАН ЖАН

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Өмiр алма-кезек. Кешегi жас өрен уақыт өте келе атпал азаматқа айналып, одан соң егделiк жасқа жетедi. Бұл -- уақыт заңдылығы. Задында әдемi қартая бiлгенге не жетсiн?! Әдемi қартаю дегенде көз алдымызға жұрт алдында абырой-беделi артқан, қадiрлi, айтары мол ақылман қария елестейтiнi белгiлi. Мұндай жандар, әдетте ұрпағының қызығын ұзағынан көредi, өсiп-өнген мәуелi бәйтерек iспеттi. Биыл 80 жасқа толған Елiк Дүйсебеков те сондай жандардың бiрегейi десек артық айтқанымыз болмас.

 

Замана ауанына сай сан құбылған тағдыр тезiне тап болып, жан сақтау үшiн ата қоныстан Өзбекстанға үдере көшiп, содан бес жылдан кейiн, 1937 жылы 8 тамызда туған топырағы -- киелi Қазығұрттың бауырына керi оралған күнi Дүйсебек Аманжолов әулетiнде шекесi торсықтай ұл жарық дүниеге келедi. Бұл жөнiнде аңызға бергiсiз мынандай естелiк те бар: «Туған жер шетiне жетiп, ауасын құшырлана жұтқандар «Аманқұлбұлақ» бауының көлеңкесiне көштi шөгередi. Шырай апаның толғағы қатты болып, қиналған соң Дүйсебектiң iнiсi Баймырза оның оң жағында тұрып үш рет мылтық атады. Шырай апа селк етiптi де, сол мезетте ұл туыпты. «Елге келiп табан тiреген кезде туылған бала» деп атын Елiкбай қойыпты».  Ал, көпшiлiк оны Елiк деп атады. Мiне, содан берi сынаптай сырғып 80 жыл өте шығыпты. Өмiр атты ұлы көштен Елiк Дүйсебекұлы бұйыртқан несiбесiн терiп ала бiлдi. Тауқыметiн де аз тартқан жоқ.

Олар көшiп келген Аманқұл баба қонысы «Қызыл ту» колхозы атанған екен. Басқарма орны босағанда етi тiрi, ептеп сауаты бар Дүйсебектi колхозшылар басшы етiп сайлайды.

Елiкбай күн өткен сайын бұғанасы бекiп, буыны қатайып, талпынып өсiп келе жатқанында адамзат басына қара бұлт қайта төндi. Бес жасқа қараған шағында Ұлы Отан соғысы басталды. Бiр жақсысы, колхозды басқарып тұрған Дүйсебек ақсақал соғысқа алынбай, елде қалады. Ал, соғыс аяқталған жылы Елiкбай мектепке барды. 1949 жылы Қазығұрттың бойындағы ата-баба мекендерiнде алаңсыз өмiр кешiп жатқан жетi колхоз халқын түгелдей мал-жанымен Мырзашөлдегi Киров каналының бойына көшiредi. Сол жерде Елекең қазақтың көрнектi ақыны Қайрат Жұмағалиевпен кездесiп, достасады. Батыс Қазақстан облысында туған Қайрат анасымен бiрге Мырзашөл даласына көшiп келiптi. Орыс тiлiн үйрену мақсатында Елекең мектептегi соңғы сыныпты Шымкент қаласындағы  Қ.Сыпатаев атындағы №7 орта мектепте бiтiрдi. Кейiнiрек осы мектеп түлектерiнiң кездесуiнде қазақтың аты аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлымен танысып, әңгiмелескен сәтi де жадында мықтап сақталып қалған.

Ташкенттегi Орта Азия университетiне түсiп, инженер-геолог мамандығын алып шықты. Жетiсай аймағында, одан Шымкенттегi «Южгорсельпроект» мекемесiнде жұмыс iстедi.  Кейiн «Казмежколхозпроект» институтының Шымкенттегi филиалына қызметке ауысты. Мiндетi – жаңадан құрылыс нысандары түсетiн жердiң топырағы мен суын зерттеп, қорытынды беру. Уақыт өте келе жас маманның тәжiрибесi толысып, өз саласының нағыз бiлiктi маманына айналды. 20 жыл аталған институтта директор болды. Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы түрлi құрылыстардың бас жобасын жасады.  Облыстағы сол кездегi 54 колхоз бен 126 совхоздағы құрылыстардың жобасында, сметалық-жобалау құжаттарында қолтаңбасы қалды. Абыройсыз болған жоқ, өзiне лайықты алғыс, марапаттарды иелендi. 

Елекең Құдай қосқан қосағы Қанткүл екеуi үш ұл, бiр қыздан 14 немере, 20 шөбере сүйдi.

-- Саналы азамат Алланың көрсеткенiне және  берген дәулетiне шүкiршiлiк етуi тиiс. Мен өз басым мына өмiрде таршылық көрмедiм деп айта алмаймын. Әкем  қайтыс болып, үйдегi еркек кiндiктiнiң естияры мен болып қалдым. Университетте оқып жүргенде кей күндерi нанға тиын таба алмай аш жатқан күндерiм де болды. Бiрақ, шыдас бердiм. Болашағыма саналы түрде қарап, ертеңгi күнiм жарқын болатынына сендiм. Құдай ниетiмнiң түзу екенiн ескерсе керек, қазiр бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн күн кешiп жатқан жайым бар. Барлық нәрсеге қанағат тұтамын. Менде еңбексiз табыс болды деп айта алмаймын. Өйткенi, сұғанақтанып, бiреудiң қалтасы мен қолына қарайтын әдет менде болған емес. Сондықтан барым-байлығым, адал ақы, маңдай терiммен келдi деп айта аламын, -- дейдi Елiк қария.

Бүгiнде Елекең кейiнгi ұрпаққа өнегелi өсиетiн қалдыру үшiн қарттыққа мойынсұнбай iзгi iс жасауда. Атап айтқанда, 15 кiтап шығарды. Өйткенi, көргенi көп, тұла бойы тұнып тұрған шежiре. Киелi Қазығұрт өңiрiнiң бүкiл арғы және бергi шежiресiн тiлге тиек етiп, келешек ұрпаққа ұсына бiлуi – екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермес дүние. Кiтаптың қарапайым тiлмен өрнектелiп жазылуы қазiргi кейбiр шежiре жазғыштардың дүмбiлез дүниелерiнен әлдеқайда артық.  «Бағы жанған бағыстар» атты кiтабынан бастап «Сабыр Рахымов», «Қарақозы Әбдәлиев» сияқты тарихи оқиғаларға  құрылған еңбектерi мақтауға тұрарлық дүниелер. 2015 жылы бақилық болып, көз жазып қалған аяулы жары Қанткүлге арнап «Жанымның жартысы едiң, Қанткүлiм» деген атаумен кiтап шығаруы алпыс жыл отасқан қосағының рухын сыйлаудың ең бiр абзал қасиетi.

Иә, қарияның тағдыр жолы соқпаққа толы болды. Балалығын соғыс ұрлады. Бiрақ, жастайынан қиындық көрiп өскендiктен өзiн-өзi қамшылап, өмiрден орнын таба бiлдi. Қазiргi таңда ұрпағының қызығына кенелiп отыр...

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper