"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Майданда жүрiп үйленген...

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 11:19
Майданда жүрiп үйленген...

Деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 140 мыңнан астам жауынгердің тең жартысы қан майданда қаза тапқан екен. Жанқиярлықпен Отан қорғағандардың ішінде 51 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті. Сегіз оңтүстікқазақстандық «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. Сол сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсеткен отандастарымыздың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес.

Осындай ерлікке толы өмір кешкен азаматтардың бірі – Жолдыбай Нұрлыбаев болатын. Ол 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 10 жасында ата-анадан жетім қалып, тағдырдың талай теперішін көреді. 20 жасында артиллерия училищесін бітірген ол сол жылы Сталинградтағы шайқаста жойғыш танкке қарсы артиллерия батареясының командирі болады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен де марапатталған.

«Бақ, керек болса, батпаққа да қонады» деген бар. Аласа бойлы, сылыңғыр, қара жігіт қан майданда жүріп 1943 жылы радист қыз Екатерина Прудниковамен отау құрады. Естеліктерінде жары Екатерина Артемовна: «Ол ақкөңіл, жайдары жігіт еді. Өлең жазатын, көптің назарында жүретін» дейді. Жарының жүкті болғанын естігенде: «Саған ұшып баратын қанатым жоқ. Сені қалай сағынғанымды білсең ғой... Саған жеңіспен ораламын!» деп хат жолдаған екен батыр ағамыз. 1944 жылдың желтоқсан айында Екатерина ұл босанады. Сәбидің есімін әкесінің құрметіне Жора деп қояды. Өкінішке қарай, 1945 жылы 30 қаңтарда елге майданнан «қара қағаз» келеді. Сол жылы Жолдыбай Нұрлыбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ал, өмір бойы сүйіктісінің суреттері мен құжаттарын сақтап келген Екатерина Артемовна 1995 жылы қайтыс болды. Бұл кезде жауынгердің жерленген жері белгісіз болатын. Алайда, араға 67 жыл салып жауынгердің бейіті Польшаның Пила қаласынан табылды. Онда Қазақстаннан барған арнайы делегация батыр жерлестеріне арналған естелік тақтаның салтанатты ашылуына қатысты. Осылайша 2012 жылы оның бейітінен елге бір уыс топырақ әкелініп, туған жерiндегi Қарақыр қорымына қойылды.

Бүгінде оның құжаттарын ақтарып отырып, марапат қағазына зер салсақ, майдандас досы В.Дмитриевтің қазақтың батыр ұлына берген бағасы көзге жылы ұшырайды. Онда: «Германияға шабуылдағанда капитан Нұрлыбаевтың батареясы шекарадан бірінші болып өтті. Алғаш болып елді мекендердегі пункттерді басып алды. Лукац-Крейц қаласы үшін болған шайқаста да аталмыш батарея осы ерлігін қайталады. Мұнда ол жаудың 50 сарбазын жер жастандырып, немістердің миномет батареясының көзін жойып, ерлікпен қаза тапты. Сондықтан ол осындай қайсарлығы мен батылдығы үшін жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры лауазымына әбден лайық» делінген.

Айтпақшы, 1970 жылы Жора мен Екатеринаны жауынгердің жерлестері елге қонаққа шақырады. Осы жолы туған жерге оралса қол ұшын созатындарын да жеткізеді. Содан 1972 жылы олар Шымкент қаласына қоныс аударып, сол кездегi Киров ауданының әскери комиссары М.Қалдыбековтiң көмегiмен баспаналы болды. Жора Райхан атты қазақ қызына үйлендi. Кейiннен олар қайтадан Алматыға көшеді. Бүгінде Жора ағамыз Айдар, Дидар деген екi ұлынан немерелер сүйіп отыр.

Қазіргі таңда Алматы қаласында Жолдыбай Нұрлыбаевтың атында көше бар. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында да батырдың құрметіне көше беріліп, ескерткіш қойылған. Ал, 1971 жылы Мақтаарал ауданындағы мектепке Жолдыбай Нұрлыбаевтың есімі берілді. Бұрынғы «Славян» кеңшары қазір батыр есімімен аталады. Ерен ерліктің иесі Ленин, Қызыл Ту, Ұлы Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапаттаған.

Е.МОЛДАХМЕТОВ, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры лауазымын уақытша атқарушы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper