"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Ж.МӘУЛЕНҚҰЛОВ: «ҚАРАМАҒЫМДАҒЫ СОЛДАТ МЕНІ АТПАҚШЫ БОЛДЫ»

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 11:19
Ж.МӘУЛЕНҚҰЛОВ: «ҚАРАМАҒЫМДАҒЫ СОЛДАТ МЕНІ АТПАҚШЫ БОЛДЫ»

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Бүгін өздеріңізге бірінші рет жол тартып отырған «Мен әскерде жүргенде...» айдарының басты мақсаты – аға буынның өткен өмірлерінен сыр суыртпақтап, бүгінгі ұрпаққа ой салсақ деген ниет. Сол арқылы жастарды Отан қорғауға үндеп, елін, жерін сүюге шақыру. Алғашқы кейіпкеріміз – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.

 

1972 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген Жеңісбек аға әскери кафедрадан лейтенант шенін алып шығады. Жас маман бірден қызметтің жалына жармаспай, Қиыр Шығыс аймағындағы Благовещенск облысының Свободный қаласында әскери борышын өтейді.

«Кеңес Одағы кезінде офицерлер жетіспейтін. Сондықтан біз оқу бітіргенімізге қарамастан 2 жылға әскерге аттандық. Ол кезде жастар әскерге баруды өздеріне борыш санайтын. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарған азаматтар қай жерде болса да сыйлы болатын. Сондықтан біз де өз-өзімізді қайрап, жауапкершілігімізді сезініп әскерге барғанбыз» деп әңгімесін бастады Жеңісбек аға.

Кейіпкеріміз 05750 әскери бөлімінің барлау ротасында взвод командирі болады. Барлау және оқу-жаттығу жұмыстарына қатысып, өжеттілігімен көзге түседі. Екі жылдың ішінде аға лейтенант шенін алады. Мерзімі біткеннен кейін оған әскерде қалып, қызметін одан әрі жалғастыруға ұсыныс түседі. Алайда, елде жалғыз қалған анасына алаңдаған ол туған жерге оралуды жөн деп табады. «Алланың әр пенденің пешенесіне жазған тағдыры бар. Шешеме әскерге баратынымды айтқанымда «Алла алдыңнан жарылқасын!» деп ақ батасын берген еді. Жалғыз ұлды әскерге жібермеу керек деген заң жоқ. Ал, қазір кей аналар жалғыз баласын жанынан жібергісі келмейді. Кей жігіттер әскер десе, ат-тондарын ала қашады. Елді, жерді қорғау, көздің қарашығындай сақтау – ер азаматтардың міндеті, парызы. Ендеше, дүниеге еркек болып келдің бе, Отаныңды қорға, ыстығы мен суығына тоң. Отан үшін отқа түс. Әскер туралы біздің түсінігіміз осындай болды, – дейді ол.

Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Жеңісбек аға қазір әскердің ел ішінде екенін, бұрынғыдай ешкім шетке шығандап кетпейтінін алға тартады. Ол ол ма, әскердің мерзімі де қысқарған. Бүгінде әскердегі таңертең ерте тұру, уақытында талаптарды орындау, қару-жарақ пен техниканың тілін түсіну сынды солдаттың міндеттерін ауырсынғандарға таң қалатынын жасырмайды. Әскерден қашатындарды жарытып еңбек етпейтін, ата-аналарына сеніп күн көретін әлсіз, рухы төмен азаматтар деп санайды. Осыдан 45 жыл бұрын бастан өткерген бір оқиғаны әлі күнге дейін ұмытпайды.

– Әскерде жүргенде қарамағымдағы солдаттармен құпия нысандарға барлау жұмыстарына баратынмын. Сонда, аты әлі есімде, Рустам деген тәжік жігіті болды. Өзі алып денелі, айбарлы азамат еді. Жігіттердің дені одан аяқ тартатын. Ол кезде әр екі сағат сайын бақылау бекетіндегі солдаттар ауысып отырады. Сол күні Рустам кезекшілікке түсуі керек еді. Түнгі үштер шамасы... Шырт ұйқыда жатқан жауынгерді үш рет команда беріп әрең ояттым. Арнайы қоймадан қаруын сайлап, тапаншасын тексерткен соң тысқа шықты. Самарқау күйде мен де артынан ілесіп шықтым. Кенет ол «Сені атамын!» деп айқай салды. Арамыз үш-ақ метр. Ұйқысын бұзғаным үшін кектеніп тұрғаны түрінен көрініп тұр. Оның үстіне өзі әлі ұйқылы-ояу сияқты. Содан дереу кабураға қарай қол жүгіртіп, үйренген әдіс-тәсілдерге көштім. Қолымда тұрған өзінің тапаншасын көргенде ғана есін жиып, не істегенін енді түсінгендей кері бұрылып кетті. Осы әрекеті үшін оны арнайы жазалайтын орынға жөнелттік. Бір аптадан соң барсам еңіреп жылап отыр. Алып денелі азаматтың еңкілдеп жылағаны ерсі көрінеді екен. Сол күнгі жауынгерге жат теріс қылығы өзіне сабақ болса керек, ұйқылы-ояу болғанын айтып, қайта-қайта кешірім сұрайды. Біз осылай әскерде сан ұлттың баласын бөле-жармай, бір нанды бөлісіп жеп азаматтық борышымызды бірге өтедік. Міне, армияның әлдекімдерге оңай соқпайтын тұсы осы. Алайда, темірдей тәртіпке бой үйретіп, қиындыққа шыдағандар әскерде де, әскерден тыс өмірде де құрметке лайық болады, – деп сөзін түйіндеді ол.

Ағамыздың жалғыз ұл екеніне қарамастан әскерге аттануы бүгінгі жастарға үлгі болады деп ойлаймыз.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper