"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 323.2 -1.45   EUR: 395.56 -2.10   RUB: 5.72 -0.02   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Шахан әулие туралы не бiлемiз?

Бейсенбі, 11 Қаңтар 2018 11:04
Шахан әулие туралы не бiлемiз?

Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің арасын қосатын үлкен жолдың бойында, Түркістан қаласының іргесіндегі Шойтөбе ауылындағы №30 теміржол бекетінде Шахан ата кесенесі бой көтерген.

Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауиге зиярат жасаушылардың бір қатары жол-жөнекей Шахан ата кесенесіне де бас сұғып, әулие рухына Құран бағыштап, Алла тағалаға деген ыстық ықыласы мен құрметін көрсетіп жатады. Зиярат етушілер қатары толастаған емес. Жылдың төрт мезгілінде де Алланың қасиетті есімін ауызға алушылар легі үзілмейді.

Кесененің архитектуралық келбеті де айрықша. Төрт қабырғасы ашылып тұрған үлкен кітапқа ұқсайды. Ерекшелігі сол, қабырғаға жауын-шашын тимейді. Кітап-қабырға ешуақытта суға малынбайды. Қаланған кірпіштің жүзіне дақ түспеген, құрғақ. Әулие атаның төрт құлақты мазаратына түнеп, зиярат еткен жандарға демалатын және ас-су ішетін орындар бар.

Елдің аузына ілігіп, есімі халық жадында осы күнге дейін сақталып, әулие атанып, көпшіліктің назарын өзіне аударған Шахан ата кім? Ол туралы аңыз-әңгімелер не дейді? Шахан әулие жайында көнекөз қариялар оның өмірінен үлгі аларлық, көріпкелдігімен жұртын таңқалдырған әңгімелер айтады.

Шахан әулиенің негізгі қасиеті тілінде болған деседі. Ықыласы түскен адамдарға тілегенін беріп, жаманшылық ойлағандарды «оғымен атқан» деседі. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген қасиетті ұғыммен Алла тағаланың құдіретіне өмір бойы бас иіп өткен екен. «Мен жетінші ұрпағымда қайтып ораламын» деген сөзі айна қатесіз жүзеге асып, жетінші ұрпағына өзі туралы аян берген. Ол туралы кейінірек әңгіме етеміз. Қазір Шахан әулие туралы әңгімені өрбіте түселік.

Шахан әулие алдағыны тура болжап айта білген кісі, үнемі жаяу жүреді екен. Алайда, баратын жеріне аттылы адамдардан бұрын баратын болған. Баптаған аттары бәйгеден үнемі бұрын келетін атбегілігін де ел қадірлеген.

Елге сыйлы, абыздығымен аты шыққан бір қария ас беріп, ат шаптыратындығы туралы жария етеді. Бас бәйгеге қарияның алтын-күміспен, гауһар тастармен безендірілген құндыз бөркі тігіледі. Осыны естіген Шахан ата ұлдарын шақырып:

– Хан базарға барасыңдар, сонда Мандамкер деген ат саудаға түседі, соны сатып аласыңдар, – дейді.

Балалары базардан атты іздеп табады. Ат иесімен сөйлесіп, олай-бұлай қараса, аттың бір аяғы кем болып шығады. «Көкеміз көрмей-білмей осы атты әкеліңдер дегені қалай? Аяғы шабуға келмейді, оны бәйгеге қалай қосамыз?» деп ақылдаса келе елге бір жігітті шаптырады. Ол елге келіп, болған жайды баяндайды. Сонда ата:

– Үш аяғы бүтін болса, бір аяғын мен көтермесем, несіне Шахан боламын? Атты алып келіңдер, ─ депті.

Сонымен, балалары атты саудаласпай алып келеді.

Балаларына Мандамкерді баптауға және әр баласына бір-бір тайды дайындауға тапсырма береді. Сонымен асқа барады ғой. Бұрынғы бәйгелерде Шаханның атынан кейін Бөлек датқаның Қаракөгі екінші болып келеді екен. Шаханның бұрынғы атының өлгенін естіген Бөлек датқа жиынның ортасында:

─ Шаханым осы жолы да Шахандатар ма екенсің?─деп келемеждейді. Сонда ата:

─ Құдай қаласа, Шахандатармыз! ─ деп жауап қайтарыпты.

Бәйгеге орасан көп ат қатысады. Аттарды жіберетін жерге айдап жеткізеді. Жол бойы аттардың келе жатқанын хабарлайтын жігіттер қойылады. Күтіп отырған жұрт аттардың шаңын көре бастайды. Алда ойнақтап Бөлектің Қаракөгі шауып келеді. Екінші ─ Мандамкер. Мәреге жақындағанда Шахан ата: «Әй көк ит, қайда барасың?» ─ деп басындағы бөркін жерге ұрады. Сол кезде ағып келе жатқан ат омақаса құлайды. Мәре сызығын Мандамкер бастаған төрт-бес ат «Шахандап» атойлап өтеді. Сонда жиналған ел: «Ойда да Шахан, қырда да Шахан!» ─ деп ұрандатыпты.

Бөлек датқа Шахан атаға келіп:

– Атымды атқанша, өзімді неге атпайсың? ─ деп өкпелеп, Қаракөк атын әкелген күймесін бос алып кетеді. Бас бәйгеге тігілген қарияның бөркін алған Шахан әулие балаларына:

─Анау Бөлек маған өкпелеп кетті. Бәйгеге тігілген мына бөрікті апарып беріндер, бөрік соныкі ғой ─ дейді. Балалары бір қыдырым жерге кетіп қалған Бөлекке барып:

– Мына бөрікті Сізге атам беріп жіберді, ─ дейді.

– Мен Шаханнан сауға сұрамаймын, ─ деп артына қарайламай кете барады. Оны естіген әулие:

─ Әттеген-ай, райынан қайтпады-ау, арты қиын болатын болды-ау, – деп налыған екен.

«Ия, сол Бөлек датқаның соңында мандырымды ұрпақ қалмады» деп қариялар айтып отыратын еді.

Сонымен, Шахан ата кесенесі қалай тұрғызылды? Осы сұрақтың жауабына назар аударып көрелік.

Сарысу ауданының құрметті азаматы, Жаңатас қаласының тұрғыны, зейнеткер Сержанов Өмірзақ қария былай дейді:

– Мұғалім қызым Гүлшарат қатты ауырды. Есі аумалы-төкпелі. Әр кез Шахан ата туралы айтады. Бір күні:

– Шахан ата мені тап деп жатыр. Мен оны іздеймін, ─ деді.

─ Қызым, қайдан іздейміз? ─ дедім оған таңдана қарап.

─ Сыр бойынан іздейміз. Ата сол жақта, ─ деді.

Амангелді деген туысқанымның көлігін сұрап, анасы Дина, мен және үлкен ұлым Мекембай Түркістан қаласына қарай жолға шықтық. Күн ыстық.Түркістан қаласының маңындағы қорымдарға бардық. Қызым қорымға қарай жүгіріп кетті. Әлден уақытта «бұл жерде жоқ» деп қайтып келді. Не керек, баспаған жеріміз қалмады. Қорым да таусылды. Ауылға қайтуға бет алдық. Түркістан қаласына 10-15 шақырым қалғанда Шойтөбе ауылының маңында жол бойына машинаны тоқтатып, қызым жүгіріп шеңгелдің ішіне кіріп кетті. Сәлден кейін қол бұлғап бізді шақырды. Гүлшарат үлкен оман арықтың ішінде отыр екен.

─ Мен атамды таптым. «Осы жердемін» деп маған аян берді, ─ деді.

Сол кезде қасымызға бір қария келді. Біз шаруамызды айттық. Ол атамыздың рухына бағыштап Құран оқыды. Есімі Тәжібай екен. Төрт бұрышына темір қағып, ауылға қайттық. Ата Гүлшаратқа тағы да аян беріп, өзінің кесенесінің қалай болатындығын сипаттайды.

Сонымен, кесененің жеріне рұқсат алу қағазын Егізбаев Кеңесбек деген азамат өз мойнына алып, бір гектар жер бөлдірді.

Кесене тұрғызу оңай болған жоқ. Ағайындар бас-көз болып, ынтымақ пен бірліктің, достық пен ағайындықтың арқасында Қаратау, Шымкент, Ташкент, Тараз қалалары мен Байқадам ауданы тұрғындарының көмек қолымен «Көп түкірсе көл болады» деген рас екен, зәулім кесене 1991 жылдың 21 қыркүйегінде бой түзеді.

Қазір кесене айналасы ағаштармен, әсем гүлдермен көмкерілген. Үлкен күре жолдан кесенеге жеткенше асфальт төселген. Электр жарығы жайнап тұр. Ауызсу сарылдап ағып тұр. Басында күндіз-түні шырақшы отырады. Әуелде Тәжібай ақсақал, одан соң оның ұлы Қылышбек шырақшы болды. Қазір Егізбайдың баласы ─ Дәнебек пен оның ұлы Нұрбек Шахан әулие басында шырақшылық қызметін атқарады.

Әулие аралаған адамдар Шахан атаға соқпай кетпейді. Барғандар әулие рухына Құран бағыштап, Алла тағаланың шарапатына бөленіп қайтады.

Шахан ата көріпкелдігімен қатар елін қорғаған батыр болған. Қазірдің өзінде басына зиярат ете келіп, түнеген кісілердің кейбіреулеріне бес қаруы сай, сауыт киген қалпында көрінеді екен. Ел аузындағы сөздерге сенер болсақ, ниет етіп келген, бойында құбылысы бар кісілердің үшінші көзі ашылатын көрінеді.

Шахан ата негізінде Жамбыл облысының Жаңатас, Қаратау, Байқадам елді мекендерінің етегінде туған. Бұдан 300 жылдай бұрын жоңғарлардың шапқыншылығынан ығып, Сыр бойына қоныс аударған. Жаугершілік кезінде қазақ қолдарын басқарған батырлардың бірі болған. Ұрыс майданында шейіт болып, Түркістан маңындағы Шойтөбе ауылында жамбасы жерге тиіпті.

Сарысу ауданының Жаңаталап ауылында ел есінде сақталып қалған Шахан арығы деген жер бар. Арықты Шахан ата егіншілікпен айналысқан шаруалар үшін қаздырған деседі. Арықтың кереметі кішігірім, саяз болып көрінгенімен, Талас өзені тасып, суы арнасынан асып жатқанда, бұл арықтың арнасы сыртқа су шығармайды екен.

Әулиелер дегенде ең алдымен Алла тағаланың құдіретімен ерекше қасиеттерге ие жандар еске түседі. Олар қарапайым халықтың қолынан келе бермейтін кереметтерді жасай алатындар. Сондай жандардың бірі ─ біз сөз етіп отырған Шахан ата. Оның әулие атануы тегін емес. Көзі тірісінде еліне қамқор, ағайынға мейірбан, сөзімен де, ісімен де, ақылымен де, қайрат-жігерімен де аймаққа аты мәшһүр болған. Шахан әулиенің ашкөздікке, қызғаншақтыққа, күншілдікке, өзімшілдікке, жаугершілікке және басқа да кесепаттарға қасқая қарсы тұрып, елді бірлікке, ынтымақтыққа шақыра білуі, іс-әрекетімен халықты соңынан ертіп, көшбасшы болуы нағыз әулиелік емес пе?!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқи отырып, ұлттық жаңғыру жолы әлемдік озық технологияны, жаңалықтарды қабылдаумен қатар өз ұлтымыздың тарихи тәжірибесін, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау арқылы дамитындығына көзіміз жете түсті. Өйткені, Елбасы айтқандай, тарихымыздағы озық дәстүрлерімізді санамыздан шығармай, оны одан әрі ұлықтасаң, ата-бабаларымыздың ардақты есімдерін дәріптеп, келешек ұрпаққа өнеге ретінде ұсынсақ, рухани жаңғыруды жылдамдата түсетініміз ақиқат.

Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper