"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ЛАТЫН ӘЛIПБИI ЖӘНЕ НӘЗIР ТӨРЕҚҰЛОВ

Сенбі, 30 Желтоқсан 2017 20:43
ЛАТЫН ӘЛIПБИI ЖӘНЕ НӘЗIР ТӨРЕҚҰЛОВ

 

Қысқа ғұмыр кешсе де халқы үшiн көп iс тындырған тұлғалардың бiрi – Нәзiр Төреқұлов. Оның, әсiресе, кеңестiк Қазақстанды латын әлiпбиiне көшiруге сiңiрген еңбегi мол.

 

1923 жылдың ақпанында Н.Төреқұлов Ұлт iстерi жөнiндегi Халық комиссариатының жанындағы араб әрпiн өзгерту комиссиясының мәжiлiсiн Мәскеуде өткiзiп, Орта Азияны бiрыңғай әлiппеге көшiру үдерiсiне белсене араласты. Латыншаға өтудiң ғылыми дәйектемесiн әзiрлеп шыққан Нәзiр «Жаңа әлiппе. Үлкендер үшiн» кiтапшасын жарыққа шығарып, араб әрiптерiндегi қазақ дыбыстарын толық қамтитын латын әлiпбиi негiзiндегi жаңа мiнсiз әлiпбидi ұсынады.

Жасыратыны жоқ. Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш зиялылары бұл бастамаға барынша қарсылық көрсетiп, араб графикасының өмiршеңдiгiн ұғындыруға тырысады.

Дегенмен, ұлтжандылығы, рухы, мiнезi, ниет-мақсаты жағынан Алаш қайраткерлерiне етене жақын болған Н.Төреқұлов бастаған таразының екiншi басындағы топ та жұртының жоғын жоқтаған елжанды азаматтардан құралған болатын. Қоғамдық өмiрдiң сан саласында еңбек еткен Алаш зиялылары ұлттық тәуелсiздiкке иек артуды ұлы мұрат көрсе, мемлекет және қоғам қайраткерi Н.Төреқұлов та өмiрiн осы идеяға арнады, қай салада басшылық жасамасын, туған халқына қашанда көмек қолын созып, басын сан мәрте бәйгеге де тiктi.

Өз заманының беделдi жоғары оқу орындарының бiрi – Мәскеу сауда институтының экономика факультетiн үздiк бiтiрiп, бiрнеше тiлдi еркiн меңгерген Н.Төреқұлов өзiнiң талайлы тағдырында Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жауапты хатшысы, Түркiстан Атқару Комитетiнiң төрағасы, КСРО Орталық Атқару Комитетiнiң жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрiк халықтарының жазуын латын әлiппесiне көшiру жөнiндегi Орталық Комитеттiң төрағасы секiлдi үлкендi-кiшiлi жауапты қызметтердi де абыроймен атқарып, мемлекет iсiн терең меңгерген дипломат деңгейiне көтерiлдi.

Дегенмен, белгiлi ғалым Қансейiт Әбдезұлының пайымдауынша, сол кездегi Кеңес Одағының басшылары Н.Төреқұловты Сауд Арабиясына елшi етiп тағайындау арқылы оның әлемдiк тұлғаға айналуына жол ашқанын өздерi де байқамай қалды. Әрине, Н.Төреқұловтың сол кезеңде әлемдегi ең бiр беделдi, абыройлы дипломатия басшыларымен, елшiлiк қызметiнiң көрнектi қайраткерлерiмен тiл табысып, қоян-қолтық араласып кетуi, сонымен бiрге солардың құрметiне бөленуi, керек болса сол елде қоныс тепкен шетелдiк елшiлiктер корпусының жетекшiсi биiгiне көтерiлуi кеңестiк большевиктiк үкiметтiң шовинистiк пиғылдағы репрессиялық аппаратына ұнаған жоқ. Нәтижесiнде Кеңес Одағы үшiн, iшiнара, әрине, одақтас республикалар ретiндегi түркi халықтары үшiн жасап жатқан жемiстi елшiлiк қызметiн шұғыл арада үздiрiп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алады. Ал, мұрағат деректерiндегi құнды құжаттарға көз жүгiртсек, Н.Төреқұловты тұтқындау туралы №2891 ордер 1937 жылдың 15 шiлдесiнде берiлiп, Мәскеудегi КСРО Жоғарғы соты комиссиясының шешiмiмен ату жазасына кесiледi.

Осынау №84 үкiмде Төреқұловтың 1931 жылдан бастап антикеңестiк пантүркiлiк диверсиялық-террористiк ұйымның белсендi мүшесi болғандығы жазылыпты. Сондай-ақ, осы ұйымның басшысы Т.Рысқұловтың тiкелей тапсырмасымен 1936 жылы түрiк жансызы Мұстафа Жабармен тығыз байланыс орнатып, Түркия мемлекетiнiң мүддесi үшiн астыртын жұмыс жүргiзген деген жалған айып тағады.

Осылайша тоталитарлық әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң құрбанына айналып, жазықсыз жапа шеккен Төреқұлдың Нәзiрi 1937 жылдың 3 қарашасында «халық жауы» ретiнде атылды. Әйтсе де, бiз осынау тарихи тұлғаның асыл бейнесiн, халық үшiн атқарған қалтқысыз қызметiн кейiнгi ұрпаққа кеңiнен насихаттауға тырысқанымыз дұрыс. Олай дейтiнiмiз, тарихи мiндет мойнына жүктелiп, 1922 жылы түрiк халықтарының жаңа әлiпбиге көшу жөнiндегi комиссиясына төрағалық еткен Нәзiр бұл iсте де асқан бiлiмпаздық көрсетiп, «Жаңа әлiппе» (Мәскеу, 1924) кiтабында, түркiтанушылардың бiрiншi съезiнде (Баку, 1926) жасаған баяндамасында нақтылы дәйектер келтiре отырып, латыншаға өтудiң заман қажеттiлiгiнен туындап отырғанын тарқата түсiндiрiп бередi.

Осынау баяндамасында ол латын жазуына көшудiң маңыздылығына тоқталумен бiрге, Ауғанстанмен шекаралас отырғандықтан, тығыз мәдени-экономикалық байланыс орнатқан Тәжiкстанның ғана араб жазуын сақтап қалуға тырысып отырғанын айтады. Сондай-ақ, араб жазуының Қазақстанда бiр бөлек, Түркiменстанда өзгеше, Татар Республикасында мүлде басқаша таңбаланатынын алға тартып, мұндай реформаның жемiс бермейтiндiгiн жеткiзуге тырысады. Әсiресе, «Башхарф» жүйесiнiң кемшiлiктерiн санамалап көрсетедi. Бiздiңше, оның бұл жүйенiң тек плакаттар мен кiтап мұқабаларынан ғана көрiнiс тауып отырғанына қынжылыс бiлдiрiп, әлiпби өмiршең болуы үшiн реформаның ең алдымен мектептен енгiзiлгенi жөн деген пiкiрiнiң маңызы зор. Сонымен бiрге, ол түркiтiлдес елдердегi осы мәселедегi ахуалға да егжей-тегжейлi тоқталып, араб жазуынан латыншаға көшудiң қажеттiлiгiн қайта-қайта қаперге салады. Нәзiртанушы А.Балтабайұлының айтуына қарағанда, бұл аса маңызды мемлекеттiк мiндеттiң басы-қасында жүрген Н.Төреқұлов латыншаға көшiрудiң барлық түркi этностарына, олардың ұлттық сезiмiне, жазба мәдениетiне қатыстылығын анық аңғарып, үгiт-насихат жұмысын күшейту мен жергiлiктi ұйымдастыруды нығайтудан бөлек, жаңа түркi әлiпбиiне көшудi ғылыми негiздеудi қамтамасыз ету керектiгiн де жете ұғынғанға ұқсайды.

Тiптi, жаңа түрiк әлiпбиiне қатысты Бүкiлодақтық Орталық Комитеттiң 1927 жылдың 3-7 маусымында Бакуде өткен бiрiншi пленумының стенографиялық есебiне көз жүгiртсек, Төреқұловтың баяндамасынан оның түркi тiлдерiнiң мүмкiндiктерi мен өзiндiк ерекшелiктерiн терең меңгергендiгiн көремiз. Осы тұста оның бауырлас өзбек халқының бiрқатар оқулықтарын жазып бергендiгiн де айтпай кетуге болмас.

Жалпы, 1924-1926 жылдары Түркiстан мен Қазақстанда толассыз жүрген әлiпби төңiрегiндегi тартыста Ахмет те, Нәзiр де ұлт мүддесi, ұрпақ болашағы үшiн ашық пiкiрталасқа түстi, өз ұстанымдарын жанкештiлiкпен қорғады. Олай болса бiздiң мақсатымыз кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс деген сауалға жауап табу емес, бұл әрекеттiң тарихи мәнiн тану, оны тиiсiнше бағалау болуы тиiс.

Анығы сол – 1924 жылдың маусымында өткен Бiлiмпаздардың алғашқы съезiнде Н.Төреқұлов көпшiлiкке салмақты ой тастап: «...бiз латын қарпiн қазаққа күштеп алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын қарпiн үйрену, жазу қазаққа тым пайдалы, жеңiл.

...Мәдениеттiң жаңалығы халықтың пiкiрiне қарап iлгерi кетпей тұра алмайды. Латын әрпiн қазiр аламын, үйренемiн деушiлерге бөгет болмасқа тиiс. Қашан латын қарпiн қолдағанша 10 жыл, 100 жыл болар, одан да арман кетер. Бiрақ, мектептегi оқушыларға таныстыру үшiн осы бастан қазақ әлiппесiнiң жанынан тiркеп, бiр-екi әңгiмелердi латын қарпiмен жазып, балалардың көздерiн үйрете беру керек» деген болатын.

Сол кезеңнiң беделдi баспасөзi «Еңбекшi қазақ» газетiнде де (1924 жыл, 27 маусым) кеңеске қатысушылардың 8-i Ахметке, 9-ы Нәзiрге дауыс бергендiгi жазылыпты. Ахмет Байтұрсыновты жақтағандар қатарында I.Ахметов, Е.Омаров, Ә.Байтасов, Ә.Бәйдiлдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков, тағы басқалар болса, Н.Төреқұлов жағында М.Мұрзин, тағы басқа бiраз азамат болды. Нәтижесiнде осы съездiң қаулысымен латыншаға өту бiрауыздан мақұлданып, 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитетi мен КСРО Халық Комиссарлары кеңесi латындандырылған жаңа әлiпби – «Бiртұтас түркi алфавитiн» енгiзу туралы қаулы қабылдады. Алайда, осы мәселеге қатысты өткен келелi кеңестердiң бiрiнде ең соңынан сөз алған Смағұл Сәдуақасұлы Өлкелiк Бюро, Үкiмет, Халық Ағарту комиссариаты мүшесi ретiнде әлiпби тартысында бейтарап позиция ұстануы тиiс болса да, А.Байтұрсынұлын қолдап үлкен баяндама оқыды, алашордашыларды жақтайтынын, олардың жанайқайын жан-жүрегiмен түйсiнетiнiн анық аңғартты.

Шындығында, бастапқыда латыншаға өтуге Х.Досмұхамедұлы да қарсы болғанымен, өз ұстанымынан қайтып, жаңа латын әлiпбиiнiң жобасын жасап шыққан болатын. Жалпы, араб графикасын қолдаушылар 24 әрiптен тұратын әлiпбидi құп көрсе, Н.Төреқұлов ұсынған латын әлiпбиiнiң жобасы 28 әрiптен тұрады. Дегенмен, бұл латыншаға өту үдерiсi бiршама баяулау жүзеге асып, елiмiздiң 1929 жылы ресми түрде латыншаға 29 әрiппен көшкенi белгiлi. Ал, кейiннен, нақтырақ айтқанда, 1933 жылы Қ.Жұбанов толықтырулар енгiзген әлiпбиiмiзде 24 әрiп, 1 дәйекше (яғни, f, Һ, х әрiптерi) енгiзiлiп, кейiннен С.Аманжолов, С.Жиенбаев тарапынан да бiршама жетiлдiрiлген едi. Бұл кеңестiк кезеңдегi латын әлiпбиiне көшу мәселесi бүгiнгi тәуелсiз елiмiздiң ғалымдарының назарынан да тыс қалған жоқ деген сөз. Бұл турасында Н.Әмiржанов «Латын әлiпбиi негiзiндегi қазақ жазуы графикасы мен орфографиясы» (Алматы, 2010) еңбегiнде қарастырса, Қ.Күдеринова «Қазақ жазуының теориялық негiздерi» (Алматы, 2010) зерттеуiнде латын әлiпбиiне негiзделген қазақ әлiпбиiн бiршама зерттеп-зерделедi.

Былайша айтқанда, сол кезеңнiң өзiнде де бұл тақырыпқа қалам тартып, халқымызды сауаттандыру iсiне белсене атсалысқан Алаш арыстары аз болған жоқ. Мәселен, өз өңiрiмiздiң тумасы Ә.Үсенов үлкендер мектебiне арналған «Әлiппенi» әзiрлеп шықты. Латын қарпiн танытуға бiршама септескен бұл еңбек Қазақтың мемлекет баспасынан 1937 жылы 230 мың тиражбен Қазақстан Оқу Халық комиссариатының бекiтуiмен басылды. Әрине, Ә.Үсенов түзету енгiзiп, редакцияланған бұл еңбекте «Халықтар достығы», «Одақтас Республика» «Сталиндiк Конституция» секiлдi сол тұстағы саясатты насихаттайтын мәтiндерге басымдық берiлгенiмен, бұл әлiпбиден жылқы, соқа, орақ, арба, ұста, т.б. секiлдi халқымыздың төл сөздерiн де көптеп кездестiруге болады. Ең қызығы – Ә.Үсенов осынау әлiпбиiнде Қ, Ә, Ө, Е, О секiлдi төл дыбыстарымызды сол күйiнде таңбалауға күш салса, ы дыбысын жеткiзуде ь белгiсiн пайдаланыпты. Нәтижесiнде оқуға да, жазуға да ыңғайлы әлiпбидiң дүниеге келгенiн ондағы мәтiндердi оқи отырып көз жеткiзгендей болдық.

Демек, жаңғыруға бет бұрған бүгiнгi қоғамымызда бiз де сол кезеңнiң Ә.Үсенов секiлдi зиялыларының еңбектерiнiң оңды тұстарын кәдеге жарата бiлсек, бүгiнгi әлiпбиiмiздiң тұтас халқымызға ұғынықты да өтiмдi болуын қамтамасыз еткен болар едiк.

Әсiресе, 1926 жылы Бакуде өткен Бiлiмпаздар съезiнiң қаулысындағы «Емленiң негiзi дыбыстық жүйесiне тiрелсiн» делiнген тұжырымды басты темiрқазық етсек, одан ұтылмасымыз анық. Себебi, бұл мәселе қазiргi таңда да күн тәртiбiнде тұр деуге әбден болады.

Алайда, тарихи шындық сол – түркi әлемiнiң бiр-бiрiмен рухани байланысын үзу, бiр-бiрiнен алшақтату үшiн И.Сталин ешкiммен кеңеспей-ақ одақтас республикаларды бiр күнде латын әлiпбиiне өткiздi де жiбердi.

Бiздiңше, Алаш зиялылары латыншаға өтудiң насихатының шамадан тыс науқаншылдыққа ұласқанынан бекер сезiктенбеген сияқты. Себебi, арабшаны қолдаушылар да, латыншаны мақтаушылар да түгелге дерлiк 1937 жылдары «қызыл террордың» құрбанына айналып кеткен соң, 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латындандырылған әлiпбиден орыс графикасы негiзiндегi жаңа әлiпбиге көшiру туралы» заң қабылданды.

Осылайша ел мүддесiн көздейтiн атпал азаматтарымыз қалмаған тұста тоталитарлық билiк түркi халықтары, соның iшiнде қазақтар да орыс графикасына «халықтар қалауы» бойынша көшiрiлуде деген сылтаумен ашық түрде орыстандыру саясатын жүзеге асыра бастады.

Мұны Қазақстан Оқу ағарту комиссариаты тарапынан мектепте оқыту туралы қарардың 7-тармағындағы «...Орыс тiлi – Қазақстанда мемлекет тiлi, орыс тiлi қазақ пролетариатына, қазақ жұмысшыларына басшылық жасап тұрған орыс пролетариатының тiлi ... Сол үшiн орыс тiлiн бiлу – Қазақстанның әрбiр жұмысшысына мiндеттi» деген жолдардан анық байқауға болады.

Қысқасы, Қазақстанда латын әлiпбиiне көшiру үдерiсi жеделдетiле iске асырылып, қажеттi материалдық-техникалық базаның жұтаңдығы, оны үйрететiн кәсiби мамандардың аздығы, қоғам мүшелерiнiң стихиялы қарсылығы, т.б. факторлар ескерiлмедi. Сондықтан кеңестiк Қазақстандағы латын әлiпбиiне көшу мәселесi әлi де түбегейлi зерттеп-зерделеудi қажет ететiн маңызды тақырып деп бiлемiз.

Қорыта айтқанда, бiз де тұрақты дамуға бет алған елiмiздiң рухани жаңғырудың жарқын жолына түсу мақсатында латын әлiпбиiне көшуiн құптай отырып, ұлт мүддесiмен үндесетiн бұл қадамды толық қолдайтынымызды жеткiзгiмiз келедi. Өйткенi, бұл бастама – бiз күткен бетбұрысқа, қарқынды дамуға бастайтын тарихи қадам. Латын әлiпбиiне өтудiң тұтас халқымыздың қоғамдық өмiрiне, рухани қайта түлеуiне тың серпiн беретiнi анық. Сондықтан Елбасымыздың тарихи таңдауын қолдау – баршамыздың қасиеттi борышымыз.

Сейдехан ӘЛIБЕК, М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң факультет деканы, тарих ғылымдарының докторы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper