"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР КЕШТI

Сейсенбі, 26 Желтоқсан 2017 09:56
ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР КЕШТI

 

(Еңбек ардагерi, Бәйдiбек ауданының құрметтi азаматы Әбiл Патсаханов туралы толғаныс)

 

«Өткен күнде белгi жоқ» деген қағиданы мен Әбекең сияқты көреген қариялардың өмiрi мен жүрiп өткен жолына қарап отырып «өткен күнде белгi бар» деп өзгерте айтқанды жөн санаймын. Неге? Себебi, осынау жаны жайсаң, мiнезге бай, қарапайым да кiшiпейiл, бiреуге қол ұшын созуға даяр тұратын қайырымы мол Әбекеңнiң тәрбиесiн көп көрдiк.

Әбiл аға адалдықты аялап, абырой-парасатты парыз етiп, ақыл-ойды өзiне серiк еткен адам. Сондықтан да Әбекең «Пейiл – адам мiнезiнiң көрсеткiшi» деген ұғымды өзiне қағида етiп ұстана бiлген жан едi. «Кiм болса да қай iске болмасын оң пейiл бiлдiрiп, ықылас қойса, орындалмайтын жұмыс болмайды» дегендi жиi айтып отыратын. Қай қызметте жүрсе де қарамағындағы адамдарға кiсiлiк көрсету, яки бұйрықпен тежеп ұстау, мансабын пайдаланып, өз ұстанымына мәжбүрлеу Әбекеңнiң iс-әрекетiнде кездескен емес. Мәселенi ақылға салып барып шешетiн. Жағымпаздардың сөзiне сенбейтiн. Ол талапшыл болды.

1960 жылы Әбiл Патсаханов Шымкенттегi педагогикалық институтты бiтiрiп, Жамбыл атындағы орта мектепке мұғалiм болып орналасты. Осы жерде сәл шегiнiс жасайық. Себебi, бұл кезең ауданның даңқы одақ көлемiне тарап, мақталып жатқан шақ едi.

1960-1961 жылдары негiзiнен меринос қой өсiретiн аудан шаруашылықтары мол өнiм алып, облыс пен республикаға дүрiлдеп аты шықты. «Шалдар» кеңшарының аға шопаны Керiмбек Маманов әр қойды мемлекетке 92 келi салмақпен өткiзiп, КОКП Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы Н.С.Хрущевтен құттықтау жеделхат алды. Бұл – облыс үшiн жетiстiкке толы, қуанышты оқиға болды. Облыс басшылары барлық аудан басшыларын қатыстыра отырып, әлгi кеңшарда кеңейтiлген семинар-кеңес өткiздi. Осы жиында ауданымыздың Жамбыл атындағы кеңшарынан Патсахан Рсымовтың, «Красная Нива» кеңшарынан Мыңбай Жұматаев пен Дөңбай Айтуаровтың, «Бөген» кеңшарынан Жүнiс Сегiзбаевтiң, ХХII партсъезд атындағы кеңшардан Жұман Ахметовтiң iс-тәжiрибелерiн облыс көлемiне үлгi етiп таратты. Аталған шопандар шын мәнiнде еңбекке берiлген, өздерiн елi мен халқы ерекше құрметтейтiн, нағыз еңбек адамдары болатын. Олардың әрқайсысы әр шаруашылықта iстесе де бiр-бiрiмен жиi-жиi хабарласып, өзара тәжiрибе алмасып тұратын, ауызбiрлiгi мықты адамдар едi. Осылардың iшiнде Мыңбай ақсақал Патсаханды замандасы бола тұра, өзiнiң немере қарындасы Қыздаркүл Спатайқызының жолдасы ретiнде ерекше сыйлап, құрметтейтiн. Сол сыйластық жекжаттыққа ұласты. Мыңбай Шәрипа атты қызын Патсаханның ұлы Әбекеңе ұзатқан.

Осылайша Әбiл ағамыз Шәрипамен бақытты өмiр сүрiп, ұл-қыз өсiрiп, немере-шөбере сүйдi. Жөн-жоралғы, сыйластық дегендi жоғары бағалайтын Әбекең «мен Мыңбайды қайын ата демейтiнмiн, себебi, ол кiсi менi бесiншi перзентiм деп есептеп, маған төс емес, жiлiк ұстатқан. Сондықтан мен ол кiсiнiң баласымын» деп отырушы едi.

1961 жылы жастардың күшiмен Шаян мен Қапшағай су қоймасы арасындағы Комсомол каналы, Ақбастау – Шаян, Шаян – Қызылкөпiр тасжолы салынды. Көшелерге тал егу, тазалау жұмыстары қарқынды жүргiзiлдi. Қысқасы, жастардың белсендi араласуымен көп тiрлiктер атқарылды. Мiне, бұл жұмыстарға мектептегi жас мұғалiмдер, мектеп директорлары мен басқа да мекемелерден мамандар көптеп тартылып, еңбек еттi. Сол жастардың қатарында Әбекең ерекше белсендiлiгiмен көрiндi.

Ағамыздың жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы өнегелi өмiрiне негiз қалағандай. Жауапкершiлiк жүгiн арқалай жүрiп, кез келген iсте зор ұйымдастырушылығымен де көзге түскен ол Жамбыл, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептерде директор болды. Бертiн келе ауылдық Кеңестi, сол кездегi аудандық оқу бөлiмiн жемiстi басқарды. Әбекеңнiң 14 жылдан аса уақыт аудандық бiлiм бөлiмiн басқарған кезiнде ауданда көптеген жаңа мектептер бой көтердi. Әр жылы 1000-нан астам жас орта мектептi жақсы оқу үлгерiмiмен бiтiрiп, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына еш қиналмастан түсiп, өмiрден өз орындарын тауып жатты.

Әбiл Патсаханов ағамыз зейнеткерлiкке шыққан соң да жауапты жұмыстардан шет қалмады. Аудан халқы оны 2000 жылдан бастап аудандағы ардагерлер ұйымын басқарған аузы дуалы ақсақал ретiнде жақсы таниды. Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы ретiнде жергiлiктi билiк пен аудандық билер алқасы арасында алтын көпiр орнатты. Елдiң ынтымағы мен бiрлiгiн ту етiп көтерiп, жастарға отаншылдық тәрбие беруде алдыңғы қатардан көрiнетiн.

Ауданның құрметтi азаматы, елге сыйлы ағамыз бос уақытын шығармашылыққа да арнады, Әбекеңнiң өлең жазатынын ол кiсiнi етене танитындардың көпшiлiгi жақсы бiледi. Мамандығы математика пәнiнiң мұғалiмi болса да әдебиетке деген қызығушылығы тым бөлек едi.

Әбекеңнiң өлеңдерi аудандық, облыстық деңгейдегi түрлi басылымдарда жарияланып тұрды. «Парыз» атты жыр жинағы шықты.

Есейгенде жазу қалды естелiк,

Көп нәрсенi ұмытыппын кеш келiп.

Осы өнердi ертеректе бастасам,

Ақындарға қалар ма едiм ерте ерiп, – деп Әбекең кейде өлең жазуды кеш бастағанына өкiнiш бiлдiретiндей сыңай танытатын. Сонымен бiрге Әбекеңнiң мына бiр өлең жолдарынан үлкен сыр ұғуға болатын едi:

Шындықты айтып ұрпаққа қалдырайық,

Бәрiмiзге адалдық, сол лайық.

Осы iстеген iстердi жалғастырып,

Ескерткiш боп мәңгiлiк бiз тұрайық.

Әбiл аға Патсаханов өзiнiң өлеңдерiнде жырлағанындай, қадiр-қасиет, өнегелi өмiрiмен жас ұрпаққа ғибрат болар толайым талғамымен жақсы қартая бiлген, мақсаты биiк, зиялы тұлға болды. Ел-жұртқа сыйлы болып өмiрден өттi. Әбiл ағаның қырық күндiк асы қарсаңында ол кiсi жайлы мен осылай толғанып, өткен өмiрiн өзiме үлгi тұта еске аламын.

Серiкбай ТҰРЖАН, Қазақстанның құрметтi журналисi, Бәйдiбек ауданының құрметтi азаматы. Шаян ауылы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper