"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«ТАЛАЙ ЖАСТЫҢ ТАҒДЫРЫ ТӘЛКЕККЕ ТҮСТI»

Сенбі, 16 Желтоқсан 2017 14:13
«ТАЛАЙ ЖАСТЫҢ ТАҒДЫРЫ ТӘЛКЕККЕ ТҮСТI»

 

Жәмила МАМЫРӘЛI, «Оңтүстiк Қазақстан».

Осылай деген Батырхан Сағынтаев сол бiр күндерде мұз үстiнде лаулаған алау болған жастардың ерiк-жiгерiне әлi күнге қайран қалатындығын айтады.

 

– Ол кезде мен Алматыда политехникалық институттың 2-курсында оқитынмын. Билiк басындағы ауыс-түйiстi естiгенбiз. «Бұл қалай болғаны...» деген жауапсыз сауал көкейдi кернеп-ақ тұрған. Көшеде ту көтерiп, бейбiт митингiге үгiттеген жалаушалары бар өзiм құралпы замандастарым кезiге бастады. Қарасам Халық шаруашылығы институтында оқитын құрбым Анар да алып-ұшып, «естiдiң бе, жастардың бәрi алаңға жиналып жатыр екен. Москваның бұл қадамына өздерiнiң наразылығын бiлдiруде екен» деп келiп тұр. Ол кезде Анар екеумiз әлi үйленбегенбiз. Көңiл жарастырып, сөз байласып, дос болып жүрген шағымыз. Анардың қолынан ұстап алаңға тартып отырдым.

Өзге желтоқсаншылардың тағдырында өшпестей iз қалдырған оқиға Батырхан Тұрарұлының да өмiрiнен ойып тұрып орын алды. Алаңға қол ұстасып бiрге барған қыз бен жiгiт әп-сәтте бiр-бiрiнен көз жазып қалды.

– Барсақ, құжынаған адам. Көбi жастар. Сәлден соң-ақ жастарды ұрып, соғу басталды. Еркiн күреспен айналысқаным бар. Бiразға дейiн дес бермей қарсыласып бақтым. Бiрақ, мұздай қаруланған сақшыларға төтеп беру мүмкiн емес едi. Басыма дубинка тиген соң әрi қарай не болғаны есiмде жоқ. Есiмдi абақтыда жидым. Iшi толған өзiмiздiң жастар. Қойша иiрiп қойған. Сылқ етiп құлағанымды бiлемiн. Тағдырдың түйiстiргенi шығар, есiнен танып құлаған менi сонша адамның iшiнде дәл Анардың алдына апарып тастапты ғой.

Батырхан ағаның айтуынша, алаңда күш қолданып, ұрып-соққаны емес, тiптi мұзбен сүйреп, темiр торға тоғыта салғаны да емес, сүйiктiсi Анардың да соққыға жығылғаны ашу-ызасын кернеген.

– Анарды да ұрыпты. Бетi көгерiп кеткен. Мұндай озбырлыққа ол кезде ешбiр қазақтың жiгiтi шыдамайтыны анық. Тергеуде қасарысу, айтқаннан қайтпау басталды. Мен ғана емес, тұтқындалған қыз-жiгiттердiң бәрi де тек ұлттың мүддесi үшiн күрестi деп ойлаймын.

Алайда, қабырғасы бiрнеше жерден сынған Батырханды тергеушiлер ауруханаға жатқызуға мәжбүр болады. Бет-аузы ауыр соққылардан iсiнiп, көзi де көрмей қалған ол бiр айдан астам ауруханада жатып, тергеуге қайта шақырылады. Бұл жолы аудандық полиция бөлiмi емес, Бас прокуратураның тергеуiнде болған ол ақыры оқудан шығарылып, еш жер жұмысқа алмайтындай көшеде қалады.

– Көп ұзамай тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңi басталды емес пе? Не оқу жоқ, не жұмыс жоқ. Бұрыннан спортты жаныма серiк еткендiктен спортшы жiгiттермен түз тағысындай болып нәпақамды тапқанымды жасырмаймын, – дейдi Батырхан Тұрарұлы.

Бүгiнде «Желтоқсан ақиқаты» деп аталатын республикалық қоғамдық бiрлестiгiн құрып, бiр кездерi өзi сияқты желтоқсаншы ретiнде қуғын-сүргiн көрiп, тағдыры тәлкек болған талайлардың әлеуметтiк мәселесiн шешуге жең түре кiрiскен.

–Үйсiз-күйсiз қалғандары көп. Денсаулығынан айрылғандары да аз емес. Солардың мәселесiн тиiстi орындарға жеткiзiп, баспаналы болуларына, ауруханаға жатып, ем алуларына мұрындық болып жүрген жайым бар. Бұдан қала бердi, жастарға патриоттық тәрбие беруге де үлесiмiздi қосып, өскелең ұрпақ өз Отаны мен ұлтын сүйiп, мемлекетiмiздiң құндылықтарын қадiрлеуiн насихаттаудамыз. Мектеп оқушыларымен, студенттермен түрлi кездесулер өткiзiп, желтоқсаншылармен жүздесу ұйымдастырып тұрамыз, – дейдi «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бiрлестiгi ОҚО және Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б.Сағынтаев.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper