"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҚОС ҚОРДЫҢ БІРІГУІ САЛЫМШЫҒА НЕ БЕРЕДІ?

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 11:20
ҚОС ҚОРДЫҢ БІРІГУІ САЛЫМШЫҒА НЕ БЕРЕДІ?

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, Оңтүстік Қазақстан.

ҚР Президенті Н.Назарбаев отандық БАҚ-тарға берген сұхбатында еліміздегі Ұлттық қор мен Зейнетақы қорын біріктіру туралы ұсыныс айтты. Елбасы «Мәселен, Норвегияның жақсы тәжірибесі бар – олар зейнетақы және ұлттық қорын біріктірді. Бір қор пайда болды, адамдар, бәрі үшін нық әрі сенімді қорға айналды. Біз де осы жолды таңдармыз. Бұл қаржыны Үкімет бақылауынсыз қалдыруға болмайды. Қалай болғанда да мемлекет зейнеткерлер алдында зейнетақы үшін жауапты» деді.

 

Елдегі ең басты екі қордың бірігуі ұлттық экономикаға қалай әсер етеді? Бұл реформа зейнетақы салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз бола ала ма? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрмекпіз.

Ең алдымен, Президенттің бұл қорларды біріктіру жөніндегі бастаманы көтеруіне не себеп болды деген сауалға жауап берсек. Оның үш түрлі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, былтыр мамыр айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 71,3 миллиард теңге Әзірбайжан банкіне салынып, кейіннен ол банктің шетелдік қарыздарын қайтаруға қауқарсыз екені анықталған. Үкіметтің араласуымен ақша әупірімдеп қайтарылды.

Екіншіден, өткен жылдың соңына қарай АҚШ-тағы банктердің бірі сот үкіміне сәйкес Қазақстанның ұлттық қорындағы 22 млрд. долларды бұғаттап тастады. Ұлттық банк басшылары тиімді жұмыс істеп қаржыны қайтарып алған күннің өзінде, еліміз 500 миллион доллар қаржысын жоғалтуы мүмкін.

Үшіншіден, азаматтардың БЖЗҚ-ға құйған қаржысы олар зейнетке шыққанша тұрақты түрде өсіп отырмаса, өз құнын жойып жіберуі мүмкін. Яғни, инфляция азаматтардың салымын «жеп» қояды. Сол үшін қор салымдарды түрлі жобаларға инвестиция ретінде салып, одан алған табысының есебінен инфляцияны жауып отыруға жұмыс істейді. Ұлттық Банктің мәліметтері бойынша 2017 жылы елімізде инфляция деңгейі 6,3 пайызды құрады. Ал, БЖЗҚ-ның 2017 жылғы инвестициялық табыстары жалпы соманың 7,15 пайызын құрады. Яғни, айтулы қордың өз салымшыларына берген бір жылдық табысы бар-жоғы 1 пайыздың төңірегінде ғана.

Міне, осындай себептер жиналып келіп Елбасының қос қорды біріктіру туралы байламға келуіне негіз болғандай. Ал, Мемлекет басшысының өзге емес, Норвегияның тәжірибесіне тоқталуы да тегін емес. Өйткені, бұл елдің ұлттық қоры 2017 жылдың өзінде 64 миллиард АҚШ долларымен толығыпты.

Негізі ұлттық қор мұнай экспортынан түскен қаржыны дағдарысты кезеңдерге, «қара күндерге» сақтауды көздейді. Өткен жылдардағы дағдарыс кезінде бұл қор бюджет тапшылығын жабуға, дағдарысқа қарсы шараларды қабылдауға мүмкіндік бергенін көпшілік жақсы біледі. Ал, БЖЗҚ-ның мақсаты мүлде бөлек. Ол азаматтардың зейнетақы салымын жүйелі түрде жинақтап, олардың қамсыз қарттығын қамтамасыз ету және болашақта мемлекеттің мойнындағы зейнетақы төлеу дейтін міндетті біршама болса да қамтамасыз ету. Демек, қорлардың басшылығы біріккенімен, олардың қызметінде аталған ерекшеліктер сақталып қалуы тиіс. Бұл – сарапшылардың пікірі.

Экономикалық сарапшы Ерболат Мұхаммеджанның айтуынша, қос қордың біріктірілуінің нәтижелі болуы екі мәселеге байланысты. Біріншіден, салымшылардың қаржысы қандай жобаларға салынуда, ондағы тәуекел деңгейі қандай және қанша көлемде инвестициялық табыс әкелуі мүмкін. Осы сауалдардың бәріне салымшы ешқандай кедергісіз жауап ала алатындай ашықтық болуы тиіс. Екіншіден, біріктірілген қордың топ менеджерлерінің біліктілігі де үлкен маңызға ие. Өйткені, қазіргідей күрделі кезеңде халықаралық нарықтарға инвестиция құйып, одан қомақты пайда табу оңай шаруа емес. Қалай болғанда да реформалардан кейін инвестициялық табыс пен инфляция мөлшері арасындағы айырмашылық 2017 жылғы бір-бір жарым пайыздан әлдеқайда жоғарылауы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында отандық қаржы секторын сауықтыру 10 маңызды міндеттің бірі ретінде бекітілді. Жолдауда «Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді» деп атап көрсетілді. Бұл кепілдік азаматтардың зейнетақы салымдарына да қатысты екені айқын. Демек, азаматтардың өз салымдары үшін алаңдауына еш негіз жоқ. Қос қордың бірігуі жүйенің бұдан да берекелі жұмыс істеуі үшін жасалып жатқан реформалар ғана.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper