"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 335.33 0.00   EUR: 395.49 0.00   RUB: 5.7 0.00   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ЖIБЕКТI ТҮТЕ АЛМАҒАН…

Бейсенбі, 23 Қараша 2017 10:41
ЖIБЕКТI ТҮТЕ АЛМАҒАН…

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Бұ қазақтың дiлмарлығы, айтқыштығы, шешендiгi деген керемет қой. Қанша жерден жетiлген интуиция мен мықты эрудицияңыз, темiрдей логикаңыз болса да тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн ғажап шеберлiкпен, асқан дәлдiкпен дөп басып айтатын қазақтың мақал-мәтелдерiмен таласа алмайсыз. Өйткенi, халқымыз оны ғасырлар бойғы өмiрлiк тәжiрибесiне сүйенiп айтқан, басынан өткенiн, көзiнiң жеткенiн даналықпен сабақтастыра отырып кейiнгiге өнеге еткен. Қазақтың сондай мақалдарының бiрi «Жiбектi түте алмаған жүн қылады, қатынды күте алмаған күң қылады» дейдi. Ойланып отырсақ, кейде нелер қымбатты, асыл дүниенi ұқсата алмай рәсуа ететiнiмiз рас-ау…

 

Сондай қымбатты, қастерлi дүниемiздiң бiрi Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегi. Кезiнде Президент «Тәуелсiздiкке қол жеткiзу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу одан да қиын» деген едi. Қиынды «мүмкiн емеспен» шатастыру әбестiк. Бұл мақала – сол «соқтықпалы, соқпақсыз» қиын сапардағы ұлттың бет түзер бағытын белгiлейтiн темiрқазығы. Ұрпақтың қамын жеуден, «қалғып кеткен ұлттық рухты қайткенде дүр сiлкiндiремiн» деген пейiлден туған туынды. Ал, бiз оны… тайсақтамай турасын айтайық, тағы да науқаншылдыққа айналдырып бара жатырмыз...

Жақында облыс әкiмдiгiнде өткен кезектi бiр жиында айтулы мақалада көрсетiлген мiндеттердiң орындалуы жайы қаралды. Мәдениет басқармасы мен өңiрлiк жобалық кеңсе (рухани жаңғыруды үйлестiредi деп құрылған мекеме) басшыларының есебi тыңдалды. Киелi орындарға жөн сiлтейтiн тақтайшаның бiрi қара, ендi бiрi көк түспен боялғанын дардай проблема етiп көтерген басшылардың баяндамасына көңiлi толмаған облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев рухани жаңғыруды науқаншылдыққа айналдыруға болмайтынын шегелеп айтты.

Әкiм «Кезiнде коммунистiк партияның съездерiн көрiп өстiк қой. Ұраншылдық, науқаншылдық, көзбояушылық… Бiз бiртiндеп рухани жаңғыруды да сондайға ұластырып бара жатқандаймыз. Мiнбеге шығып алып жаттанды, жадағай, жалпылама сөздермен сартылдатып баяндама жасайтын басшылар көбейiп барады. Солардың көбi Елбасының мақаласын толық оқымаған, мәнiн түсiнбейтiн секiлдi. Рухани жаңғыру дегенiмiз ұлтымыздың тарих сахнасында қалу, қалмауын белгiлейтiн мәселе. Оған қатысты жиындарды баяғы компартия съездерiне ұқсатып жалаң ұрандармен өткiзуге болмайды» деп түйiндедi.

Рас қой. Редакцияға күн сайын «Рухани жаңғыруға орай» деп айдар тағылған iс-шараларға шақырған 15-20 хат келедi. Конференциялар, форумдар, семинарлар, байқаулар, «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi, кездесулер… Осылай кете бередi, кете бередi. Бәрi бiрдей iске алғысыз деуден аулақпыз. Iшiнде мақаланың мәнiн халыққа түсiндiрiп беретiн, келелi ой, салиқалы сөз айтылатын басқосулар да бар. Бiрақ, көпшiлiгi көпiрме сөз.

Әуелi жас әншiлердiң концертiн рухани жаңғырумен байланыстырғанда күлдiк те қойдық. Алпыс жылдан берi өтiп келе жатқан «Алтын күз» мерекесiн Елбасының мақаласына «орайластырғанда» түсiнбей қалдық. Атасына ас бергендер сол әрекетi арқылы «елдiң рухани жаңғыруына үлес қосқанын» мақтанышпен айтқанда кiжiнiп тұрдық. Мектептегi педкеңестер мен балабақшадағы таңертеңгiлiктер рухани жаңғыруға телiнгенде дал болдық. Қазiр ендi қандай «реакция» көрсетерiмiздi де бiлмей қалдық. Өйткенi, студенттердiң волейбол лигасы мен оқушылардың спартакиадасы, бiр мекеменiң бiрдеңе жылдығына арналып өткiзiлген футбол жарысы, тiптi, белсендi жастардың флешмобтары да рухани жаңғыруға қосақталатын болды. Сонда Елбасы осы мақаласын жарияламағанда бұл ел егiн егiп, мал бағуды, концерт көрiп, би билеудi қоятын ба едi?! Әлде оған дейiн ешкiм футбол мен волейбол ойнамай келген бе екен?! Иә, Президент мақалада «бәсекеге қабiлеттi болыңдар» дедi. Бiрақ, кәсiп қылу мен бiлiм алудан бәсекелесуге шақырды, науқаншылдық пен ұраншылдықтан, iс-шара өткiзу мен баяндама оқудан бәсекелесiңдер демедi.

Мейлi ниетi түзу шығар, қолынан келгенiнше атсалысып жатқан түрi болар дер едiк. Бiрақ, ойласақ мұның екi түрлi зияны бар. Бiрiншiден, бұл iс-шараның көбi тегiн өтiп жатқан жоқ. Әшейiнде қозғалмайтын қозғалыстар мен бiрiкпейтiн бiрлестiктер осындайда белсендiлiгi артып, болар-болмас iс-шараларына «рухани жаңғыруға орай» деп айдар тағады да мемлекеттiк тапсырыстың қатарына қосып бюджеттен мыс-мыс ақша алады. Рәсуа болған тағы да салық төлеушiнiң, қарапайым халықтың ақшасы. Екiншiден, мына қаталдау, тiптi қатыгездеу заманда адамдар бiр ауыз жылы сөзге зәру. Десе де, сол жылы сөз жөн-жосықсыз мақтауға айналғанда жағымпаздықтай көрiнiп, жиiркенiш тудырады емес пе? Сол сияқты рухани жаңғыруды көрiнген жерге тықпалай берсек, одан халықты жерiндiрiп аламыз. Қазiрдiң өзiнде осы науқаншылдықты байқап жүрген тiлiнде тiкенегi бар замандастарымыз «Қалдарың қалай, рухани жаңғырып жатырсыңдар ма?» деп кекесiнмен сәлемдесiп жүр. «Жiбектi жүн қылудың», қастерлi дүниенiң қадiрiн қашырудың мұнан асқан қандай үлгiсi керек?..

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31
JoomShaper