"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 335.33 0.00   EUR: 395.49 0.00   RUB: 5.7 0.00   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«БIР СЫНЫП ЕМЕС, БIР МЕКТЕП БОЛАТЫНДАЙ ҰРПАҒЫМЫЗ БОЛСА...»

Жұма, 29 Қыркүйек 2017 20:43
«БIР СЫНЫП ЕМЕС, БIР МЕКТЕП БОЛАТЫНДАЙ ҰРПАҒЫМЫЗ БОЛСА...»

 

Бүгiнде тiл, дiн, дiл, салт-дәстүрдi сақтау дейтiн мақсат-мүдделердiң сапында халық саны, ұлттың көбеюi деген мәселе де жоқ емес. Тарихқа көз жiберсек, қайсыбiр асыл мұраттардың жүзеге асуына мұрындық болып, басы-қасында ұлт зиялылары жүргенiн байқаймыз. Олай болса, демография мәселесiнде де бүгiнгi қоғам зиялылары, елдiң алдында жүрген, есiмдерi жұртқа белгiлi азаматтар жүрсе құба-құп. Сонда «Көбей, қазақ!» деп қана қоймай, қазақты көбейтуге үлес қосқандығы үшiн де ел олардың есiмдерiн құрметпен атайтын болады.

 

Сондай азаматтардың бiрi – кезiнде облыста бiлiм саласында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған, бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы бiлiм саласы ардагерлерi кеңесiн басқаратын Нышан Байғұтов. Өмiрiн ұрпақ тәрибесiне, сапалы бiлiм беру саласына арнаған Нышан Тасболатұлы жұбайы Тұрдыкүл Iзтiлеуқызы екеуi 6 ұл-қыз өсiрдi.

Қызметтiң ретi солай, үйден ерте кетiп, кеш келетiн отағасы елдiң балаларын тәрбиелеп жүргенiмен, өз ұл-қызына көңiл бөлуге мұршасы болмағаны белгiлi. Бiрақ, бұл олқылықтың орнын жары Тұрдыкүл апай толтырып отырды. Сондықтан да «әкең естiсе ренжидi», «әкелерiң келе жатыр...» деген ұлттық тәрбие бұл шаңырақты да айналып өтпедi.

Дегенмен, жұптарын 45 жылдан берi жазбаған жарасымды әулеттiң бала тәрбиесiнде ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан өз дәстүрi де жоқ емес. Отағасы дастарқандағы астан ауыз тимейiнше балалар тамаққа қол ұзатпайды екен.

– Отбасында ынтымақ пен бiрлiктiң сақталуы көбiне әйелге байланысты. Тыныштық пен береке кеткен шаңырақта ер-азаматтың iсi алға баспайды. Тәрбиелi ұл-қыздың болуы да екiталай, – дейдi Тұрдыкүл апай.

Байғұт әулетiне келiн болып түскеннен соң бiраз уақыт бастауыш сыныптарға сабақ берген ол «балаларымызды енем бағып-қағатындықтан тәрбиесiне көп алаңдамайтынмын» дейдi. Ал, еңбек жолын мектепте қарапайым мұғалiмдiктен – орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнен сабақ беруден бастаған Нышан ағаның уақыт өте келе қызметi жоғарылай бастағанда баланың ғана емес, күйеуiнiң де жағдайын жасап, үйге бас-көз болып отыру Тұрдыкүл апайдың негiзгi мiндетiне айналады.

Мектептегi мұғалiмдiк жұмысын бiржолата қойған ол бар уақытын ендiгi жерде ұл-қыздарына арнайды. Бiрiн қарсы алып, екiншiсiн сабаққа шығарып салып, жұбайы қай кезде келсе де дастарқанын жайып отыру парызына һәм мiндетiне айналады.

– Балалардың сабағын қадағалап, үй тапсырмасын орындатып отыру менiң мiндетiм болғанымен, мектептегi ата-аналар жиналысына баруға әкелерi жауапты болды. Мұндай жиналыстардан күйеуiмнiң көңiлi көтерiлiп, марқайып шығуы мен үшiн үлкен мәртебе болатын. Себебi, бұл мен үшiн де берiлген баға деп қабылдайтынмын. «Үйде отырып, баланың сабағын қадағаламағаны қалай?» деген ой тумаса екен деп алаңдайтынмын, – дейдi ардақты ана.

«Әйелдiң ең бiрiншi мiндетi – ұрпақ өрбiтiп, отбасының берекесiн келтiру» деген анасының өсиетi Тұрдыкүл апайдың өмiр бойы ойынан кетпеген. Сондықтан, бала санын шектеу, бiр-екi баладан соң тумай қоя салу деген ойға ешқашан бармаған. Өз балаларын түгендеп бергенмен, немерелерiнiң санына келгенде Тұрдыкүл апай «үбiрлi-шүбiрлiмiз, айналайын» деп қоя салды. Қазақы ырымның осы бiр тұсын берiк ұстанатынын аңғардым. Былтыр бұл әулетте дүбiрлi той өтiп, сонда асаба Нышан ағадан «Қанша немереңiз бар?» деп сұраған екен. Сонда ол бiраз ойланып тұрып «Бiр сынып» деп жауап берiптi. Жарасымды жауап екен.

– Жолдасым балаға еш уақытта ұрысқан емес. Ол үй iшiнде дауыс көтеру ата-ананың түзелмес қателiгi деп санайды. Қатты ашуға бой алдырғанда қолын бiр сiлтейтiнi бар. Мен оның әр кез қас-қабағына қарап, балаларға «әкелерiң қолын сiлтемесiн» деп айтып отырамын. Бала болғаннан кейiн оның кейбiр iсi шала болады емес пе? Ондай кезде Нышан жай сөзбен ұялтып, тәрбиелеуге тырысады. Әлi күнге дейiн осындай. Отбасымыздың ендiгi мақтаныштары – немерелерiмiз. Байқағаным, аталары оларды үш жасқа дейiн алақанына салып аялап, барынша еркелетiп өсiредi. Үш жастан кейiн үлкен адамша, тең терезелi азаматша ой бөлiседi. Мұнысы немерелерге қатты ұнайды, – дейдi кейiпкерiмiз.

Нышан аға мен Тұрдыкүл ана отбасылық өмiрлерiнде аз қиындық көрмедi. Әсiресе, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы әлеуметтiк мәселелер бұл отбасыны да айналып өткен жоқ. Асау уақытпен арпалысып жүрiп, олар алты баланы қиындыққа қарамастан өмiрге әкелiп, аяқтарынан тұрғызды. Қыздары Динара мен Гүлвира ата-ана жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Ал, Гүлнар – дәрiгер. Ұлдарының үлкенi Жомарт кәсiпкерлiкпен айналысса, кiшiсi Ғабит «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстiк Қазақстан облыстық телекоммуникациялар дирекциясында жұмыс iстейдi. Ал, кенже қыздары Алуа – М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң студентi.

Тұрдыкүл ана Нышан ағаның жастайынан еңбекқор болғанын, сол еңбектiң арқасында өсiп-өнген азамат екенiн айтады. «Содан болар зейнеткерлiк демалысқа шықса да жұмыстан қол үзген жоқ. Бiрақ, немерелерiнiң сабағын тексеруге, тәрбиесiне мән беруге уақыт табады» дейдi.

Айта кету керек, көпшiлiктiң әдетте лауазымды қызметтер атқарған азаматтардың үй шаруасына келгенде қырсыз болатынын айтып, ақсаусақ ретiнде көретiнi бар.

Ал, Нышан аға әлi күнге өз қолымен салған үйде ұрпақ өргiзiп, немерелерiн өсiрiп отыр. «Жазды күндерi таң бозарып ата бастағаннан оянып, жұмысқа кеткенше бiраз шаруаны тындырып үлгередi» дейдi Тұрдыкүл апай.

Ағайын-туыс, дос-жаран ортасында отағасының беделiн арттырып, ұрпағын өргiзiп, абыройын асқақтатып отырған Тұрдыкүл апайдың пайым-парасаты қазақ әйелдерiне үлгi-өнеге. Бiр шаңырақ астында екi келiннiң басын сиғызып, «абысын тату болса ас көп» деген қағиданы iс жүзiнде дәлелдеп отырған асыл жар, аяулы ана, ақылды ене, сүйiктi әже ендiгi жерде келiндерiнiң де көпбалалы ана болуын қалайды. «Алланың берген баласын туа берсе деймiн. Аман болсам барлығын да бағып-қағудан қашпаймын. Тек немерелерiм көп бола берсiн. Бiр сынып емес, бiр мектеп болатындай ұрпағымыз болса деп тiлеймiн» дейдi. Тiлегiңiз қабыл болсын! «Көбей, қазақ!» дегендi айтамыз бiз де....

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31
JoomShaper