"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


«ЖАҚСЫДАН ЖАМАН ТУСА ДА, ЖАМАННАН ЖАҚСЫ ТУСА ДА...»

Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2017 10:35
«ЖАҚСЫДАН ЖАМАН ТУСА ДА, ЖАМАННАН ЖАҚСЫ ТУСА ДА...»

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Ғылымда тарихилық принципi деген бар. Яғни, бiзге ХХI ғасырдың биiгiнен қараған кезде қарапайым болып көрiнетiн нәрселер орта ғасырларда таңғажайып жаңалық болып есептелген. Сол тарихилық принципiне сүйенсек, V ғасырда жабайы жылқыны қолға үйретiп, оған ер тоқым мен үзеңгi, ауыздық салу, қала бердi оның үстiнде қолына шоқпар алып жаумен айқасу деген ең жоғары технология, ғажап ноу-хоу болған. Ол кез үшiн жылқыны жүгендеп мiну, онымен жауға шабу дегенiңiз қазiргi жарық жылдамдығымен ұшатын зымыран жасаудан да қиын тiрлiк-тi. Сол жоғары технологияны жасап шығарған және бүкiл адамзатқа үйреткен көк түрiктер, бiздiң ата-бабаларымыз едi. Қазiр еврейдiң ақылын, немiстiң сапасын, жапонның тапқырлығын айтып таңқаламыз емес пе? Ал, бiр кездерi адамзат бiздiң бабаларымыздан үлгi алған, бiзге қарап көшiн түзеуге ұмтылған.

 

Ендi не болды? Неге алғашқы ғарыш кемесiн немесе сенсорлы экраны бар алғашқы смартфонды бiз жасамадық? Не себептi нанотехнологияның жiлiгiн шағып, майын iшкен майталман маман арамыздан шықпай отыр? Нелiктен осы күнге дейiн қазақтың бiрде бiр ғалымы Нобель сыйлығын алардай ғылыми жаңалық ашпады? Жаңалық ашқанды қойшы, не себептi шетелдерде жасалған дайын инновациялық технологияларды игерiп кете алмай отырмыз? Бұл сауалдарға жүз түрлi жауап айтуға болатын шығар. Бiрақ, барлығының айналып келетiн жерi бiреу. Бiз ұлттық салт-дәстүрiмiзден алшақтап, отбасындағы, әулеттегi ұрпақ сабақтастығынан, тектi ұрпақ тәрбиелейтiн кемел методологиямыздан айырылып қалдық. Ал, онсыз Фараби, Хорезми, Ұлықбек сияқты кемеңгерлердi тәрбиелеп шығаруымыз екiталай.

Бiз бүгiнде отбасы құндылықтарының арзандап кеткенi жайлы жиi айтамыз. Сол отбасы институтының ең басты миссиясы – ұрпақ тәрбиесi. Ал, бiздiң қазiргi қасiретiмiз сол ұрпақ тәрбиесiнде көп қателiктерге ұрынып, кемшiлiктерге бой алдырып жүргенiмiз. Ең бiрiншi қателiгiмiз, бала дүниеге келгенде оның миы ақ қағаздай тап-таза болады деп ойлауымыз. Бұл – бiзге отарлаушылардың идеологиясы арқылы жеткен еуроцентристiк көзқарас. Егер бұл ұстаным рас болса, жарық дүниенiң есiгiн ашқанға дейiн шаранаға ешқандай сыртқы фактор әсер етпейдi екен. Яғни, болашақ баланың әке-шешесi қандай адам, олардың қандай жақсы-жаман әдеттерi бар, жүрiс-тұрысы, мiнезi, ойы қандай... Кешегi Макаренколар бастаған педагог-ғалымдардың ойынша, мұның ешқайсысы құрсақта жатқан шаранаға әсер етпейдi-мiс те, ата-анасы қандай жексұрын болса да бала дүниеге ақ қағаздай тап-таза болып келедi екен.

Екiншi қателiк, сол еуроцентристердiң айтқанына сенiп, «дүниеге келген әрбiр бала – тұлға» деген сандыраққа сене бастадық. Құдай-ау, жасымыз пәленбайға келсе де сiз бен бiз әлi тұлға ретiнде қалыптаса алмай жүрген жоқпыз ба? Тұлға болу үшiн адам ата-анадан, ата-әжеден, ұстаздан, қоғамдық ортадан, ұлттың тұлғаларынан тәлiм алып, қала бердi кәмелетке толған соң өзiн-өзi тәрбиелеуi керек қой. Тұлға деп өмiр жолындағы неше алуан қиындықтарды жеңiп шыққан, сан сынақтан сүрiнбей өткендердi айтса керек-тi. Ал, еуроцентристер ұсынған концепцияға сүйенiп, дүниеге шыр етiп келген баланың бәрiн тұлға деп қарасақ, тәрбие дейтiн категорияның мәнiн тым арзандатып жiберемiз.

Қазақ – қашаннан ұрпағының тектi болғанын қалаған халық. Тектiлiк қанмен келе ме, әлде оны адам өзi қалыптастыра ма? Бұл сұрақтың кез келген адамды ойландыратыны анық. Адам бойындағы iзгi қасиеттер, ең алдымен ананың сүтi, атаның қаны арқылы бойға дариды. «Сүтпен сiңген сүйекпен кетедi», «қанына тартпағанның қары сынсын» деп қазақ бекер айтпаған. Тiптi, Бұқар жыраудың өзi «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негiзге» деп жырлаған екен. Демек, тектiден тектiнiң туатыны, тектiлiк тұқым қуатыны – ақиқат. Олай болса, бала туған кезде оның миы ақ қағаздай тап-таза болады деп, ана құрсағындағы, тiптi оған дейiнгi тәрбиенi ұмыт қалдырып жүргенiмiз үлкен өкiнiш емес пе?

Ұлттық тәрбиенiң қыр-сырын зерттеп, жинақтап жүрген профессор Совет-Хан Ғаббасовтың бұл мәселеде өзiндiк айтар ойы бар.

– Ананың құрсағында жатқан шарананың үш айлық кезеңiнен бастап физиологиясы ғана емес, жаны мен рухы да қалыптасып, дами бастайтынын қазiргi медицина, генетика ғылымдары дәлелдедi. Демек, жан мен рух қалыптаса бастаса, бала осы кезден бастап-ақ ата-анасынан тәрбие күтедi. Негiзiнде бала тәрбиесi екi адамның бiрiн-бiрi ұнатып, отбасы құруға ниеттенген күнiнен басталады. Сол күннен бастап ерi тартып жүрген темекiсiн, iшiп жүрген сырасын тастап, әйелi өтiрiк айтуы мен ғайбат сөйлеуiн доғаруы керек. Себебi, болашақ әке-шешенiң миындағы жағымсыз ақпараттың барлығы дән арқылы ананың құрсағына барады. Бала тәрбиесi үй болып, отбасын құрған кезден басталады деуiмiз содан, – деп жазады ол «Адам тәрбиесiнiң жаңа iлiмi» атты кiтабының кiрiспесiнде.

Жазушы-ғалым өзiнiң бұл еңбегiнде ана құрсағынан басталатын бала тәрбиесiнiң жетi негiзiн ұсынады. Әрине, бұл – әлi де ғылыми зерделеудi қажет ететiн өз алдына бөлек тақырып. Айтайын дегенiмiз, ол емес. Айтайын дегенiмiз, бiздiң қазiргi қоғамда отбасын құруға ниеттенген жастар тап осылай дүниеге тектi ұрпақ әкелудiң қамын ойлап жүр ме? Қайдам...

Жастарымыз әлеуметтiк желi арқылы танысады. Сосын дәмханада сыра немесе шарап қойылған дастарқанның басында отырып бiлiседi. Әрi қарай мән-мағынасыз даңғаза музыкадан құлақ тұнатын түнгi клуб... Бұл кезде олардың басына болашақ балаларының қандай болатыны жайлы ойлар кiрiп-шықпайды да. Бар мақсаты – жас өмiрдi қызықпен, сән-салтанатпен өткiзу. Алда-жалда үйленiп, той болса, онда да дастарқанның төрiнде iшiмдiк тұрады. Қазiргi жас аналар құрсағындағы сәбиi жетi айлық болғанша жұмыс iстеуге мәжбүр. Ал, жұмыс дегенiңiз күнделiктi қарбалас, айтыс-тартыс. Жақсы сөз бен жылы лебiзден басқаны естiмеуi тиiс болашақ ана күн сайын ашулы бастықтың айғайын тыңдайды. Декреттiк демалысқа шықса, бiрiншi ермегi – өтiрiк пен өсек-аяң, көреалмаушылық пен қызғаныш, қатыгездiкке толы телехикаялар. Қайсыбiрiн айта берейiк, өзiмiз де аңғармай болашақ ұрпақтың болмысына кесiрлi, қасиетсiз қылықтарды егiп жүр екенбiз ғой. Осыдан кейiн бiздiң ұрпақтан қайдан генийлер шықсын?!

Ғалымдардың айтуынша, ХХ ғасырдың жетпiсiншi жылдарына дейiн жаңа туған нәрестелердiң жүрек, бауыр, бүйрек секiлдi iшкi органдарында туабiттi ақаулар өте сирек кездескен екен. Ол кезде мұндай көрсеткiш бар-жоғы 0,01-0,02 пайызды ғана құраған, яғни, мың баланың бiр-екеуiнде ғана туабiттi ақаулар болған. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректерiне сүйенсек, қазiр мұндай көрсеткiш 4,2 пайызға дейiн жеткен. Бұл – тек бiздiң елде ғана емес, бүкiл дүние жүзiнде кеңiнен тараған үрдiс. Демек, ана құрсағындағы шаранаға тәрбие берiп, күтiм жасауды ұмытқанымыздан науқас балалардың қатары қырық жылда 40 есе көбейiптi. Бұл – тәндегi сырқат. Ал, жаны мен рухына қатысты жағдай тiптi күрделi.

Түркiстандық саяхатшы-жазушы Темiрхан Момбекұлы «Бiз бiр-бiрiмiздi сағынбайтын, сағынсақ та жүре беретiн робот жанды адамдарға айналдық» дегенi бар едi. Сол айтпақшы, бiздiң қатайып кеткенiмiз сонша ағайын-туысты айтпағанда, туған бауырларымызды, ата-анамызды айлап, кейде жылдап iздемейтiн халге жеттiк. Осының бәрi де ұрпақ тәрбиесiнде кеткен қателiктердiң салдары шығар...

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper