"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


АЗАТ ЕЛДIҢ ТӘУЕЛСIЗ ТАҢДАУЫ

Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2017 10:27
АЗАТ ЕЛДIҢ ТӘУЕЛСIЗ ТАҢДАУЫ

 

Н.НАЗАРБАЕВ: «Латыншаға көшудiң терең логикасы бар. Бұл қазiргi заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХI ғасырдағы ғылыми және бiлiм беру процесiнiң ерекшелiктерiне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тiлiн оқып, латын әрiптерiн онсыз да үйренiп жатыр. Сондықтан жас буын үшiн ешқандай қиындық, кедергiлер болмақ емес».

 

ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тiлiнiң латын графикасына негiзделген жаңа әлiпбиiнiң бiрыңғай стандарттарын биылғы жылдың соңына дейiн жасап шығаруды тапсырған болатын. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, бiрнеше ай бойы тынымсыз жұмыс жүргiзiлдi. Жұмыс тобының құрамына Ш.Шаяхметов атындағы тiлдердi дамытудың республикалық координациялық-әдiстемелiк орталығының және сырттан әртүрлi саланың мамандары ендi.

Өздерiңiзге белгiлi апта басында ҚР Парламентi Мәжiлiсiнде «Мемлекеттiк тiлдiң латын графикасындағы әлiпбиiнiң бiрыңғай стандартын енгiзу мәселелерi туралы» тыңдау өттi. Сол тыңдауда бiз қазақ әлiпбиiнiң жаңа нұсқасын ұсындық. Жалпы, қазақ әлiпбиiнiң латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлi сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттiк тiлдiң бiрыңғай стандартты әлiпбиiнiң нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негiзге алынды. Соның нәтижесiнде қазақ тiлiнiң дыбыстық жүйесiне, жалпы әлiпби түзудiң теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Бiз латын әлiпбиiне көшу бойынша комиссия мүшелерi ақылдаса келiп 25 дыбыстан тұратын әлiпби нұсқасын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әлiпбиiнде қалай жазылатындығы көрсетiлдi. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрiнде қолданылуы қиындық тудырмайды.

Бiз әлiпбиге қатысты пiкiр айтқанда, оған баға бергенде белгiлер мен әрiптердi санамауымыз қажет. Дыбыстарды санауымыз қажет. Таңдалып отырған нұсқада барлық қазақ дыбыстары бар ма? Бар. Ең бастысы, осы. Бұған дейiнгi әлiппедегi 42 әрiп – қолдан жасалған. Мұндай дыбыстар қазақ тiлiнде жоқ. Бiздiң тiлiмiзде бар болғаны 28 дыбыс. Айталық, ағылшын тiлiнде 44 дыбыс бар, олар оны 26 белгi арқылы таңбалайды. Ал, бiзде керiсiнше, 28 дыбыс бар да, 42 әрiп жасап алғанбыз. Бұл дұрыс емес.

Қазiр көпшiлiк жеке таңбасы болмаса, қазақтың төл дыбыстары жоқ болып кетпей ме деп алаңдап отыр. Ол дыбыстар ешқайда да жоғалып кеткен жоқ. Мәселен, қазақтың төл дыбыстарын таңбалаудың ғылымға белгiлi екi ғана түрi бар. Оның бiрi – диграфтар, екiншiсi – диакратиктер. Диакратиктер қазақ тiлiндегi өзiне тән дыбыстарды сақтауға кепiл бола алмайды. Мәселен, смартфондар мен өзге де жазба құралдары бiзге түрлi елден келедi, онда латынның 26 ғана әрпi бар. Диакритикалық белгiлердi жаңа латын әлiпбиiне енгiзетiн болса, оларды сирек қолданатындықтан, қазақ тiлiнiң өзiне ғана тән төл дыбыстарынан айырылып қалуымыз мүмкiн. Қазiрдiң өзiнде, әсiресе жастардың арасында «ә» әрпiн «а»-ға, «қ» әрпiн «к»-ге ауыстырып қолдану кең таралған. Ал, кейбiрi тiптi «ғ», «ң», «ү», «ұ» сияқты әрiптердi елемейтiн болған. Болашақта бұл бiздiң тiлiмiздiң шұбарлануына әкелуi мүмкiн. Ал, диграфтар арқылы жазсақ, қазақ тiлiндегi мәтiндi кез келген компьютерлiк бағдарламада, кез келген пернетақта арқылы қатесiз жазуға мүмкiндiгiмiз бар.

Ал, «я» және «ю» дыбыстарына қатысты айтарымыз мынау: Бұл қазақ тiлiнде «иа», «иу» болып жазылады. Қатаң және жiңiшке дыбыстардың қазақ тiлiнде қолданудың мәнi жоқ. Бiзде үндестiк заңы буын бойынша анықталмайды.

Бiз бiрiншi кезекте қазақ тiлiнiң дыбыс жүйесiн қамтуымыз керек. Бұл нұсқада бұл мiндет орындалып тұр. Яғни қазақ тiлiндегi барлық дыбыс қамтылған. Оған қоса айталық, орыс тiлiнен келген дыбыстарды бiз қалдыруды жөн санадық.

Ендiгi бiр түсiнбестiк тудырып жатқан мәселе «у» дыбысын таңбалауға қатысты. Бiзге бұл дыбысты латын әлiпбиiндегi «у» таңбасымен жазайық деген нұсқа болды. Бiрақ, қолдануға ең ыңғайлысы әлiпбидiң жаңа нұсқасында берiлгендей «w» таңбасымен жазу екенi дәлелдендi. Көпшiлiгi бұл белгiге ағылшын тiлiнiң призмасымен қарайды. Ағылшын тiлiмен салыстырып жатыр. Бiрақ, латын әлiпбиi ағылшын әлiпбиi емес қой. Ағылшын тiлi латын әлiпбиiнiң негiзiнде жасалған. Тiлдi әлiпбимен шатастырмау қажет. Бiз ағылшын тiлiн латын әлiпбиiмен шатастырып жатырмыз. Қазақ тiлi – басқа жүйенiң тiлi, оны байланыстырудың қажетi жоқ. Бiрiншi кезекте ағылшын әрiптерiн қабылдамауымыз қажет, бiз дәстүрлi латын әлiпбиiн алып, оған өзiмiздiң дыбыс жүйемiздi қосуымыз қажет. Мәселен, бiзде «у», «ұ», «ү» деген бiрнеше дыбыс болды. Ағылшын, орыс тiлдерiнде мұндай дыбыстар жоқ. Бiз бiр дыбысты алып, оны өзге тiлмен салыстырып жатырмыз, ал, егер бұл дыбыстарды өзгертетiн болсақ, тiлдiк жүйе өзгерiп кетедi.

Көпшiлiктi «Латын әлiпбиiне көшу аясында жеке кұжаттар ауыстырыла ма» деген сауал да мазалайтын секiлдi. Қазақ әлiпбиiнiң латын нұсқасы ресми түрде бекiтiлгеннен кейiн осы саладағы шаралар жоспары қолға алынады. Соның iшiнде жеке куәлiктердiң жаңа нұсқасын шығару да бар. Әрине, бұл шара аса өзектi және әрбiр азаматқа қатысты. Оның аясында жеке куәлiктер де ауыстырылады. Алайда, ол жұмыс бiртiндеп атқарылады. Мәселен, қазiргi құжаттар жазылған мерзiмiне дейiн де жарамды болады. Уақыты аяқталғанда ауыстырылады.

Бiрыңғай стандарт бекiтiлген бойда бiлiм беру саласына қатысты бiраз шараларды атқару қажет. Алдымен маман даярлау мәселесiне баса назар аударған жөн. Осыдан кейiн ол бiлiмдi xалық арасында кеңiнен тарату қажет. «Осы орайда латын әлiпбиiн меңгеру бойынша оқу-әдiстемелiк құралдарды, мобильдi қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарған маңызды. Аталған шаралардың барлығы уақытына қарай үйлестiрiледi және бiр-бiрiмен байланыстырылады. Осының арқасында бiз латын әлiпбиiн жүйелi түрде енгiзе аламыз.

Жалпы, кез келген жаңалықты қоғамның қабылдауы үшiн уақыт қажет. Оның үстiне бiздi отандастарымыздың қазақ тiлiнiң, қазақ жазуының болашағына алаңдаушылық бiлдiрiп жатқаны қуантады. Дегенмен, жаңа әлiпбидiң ұсынылып отырған нұсқасы барлық талаптарға сай келетiнiн толық жауапкершiлiктi мойныма ала отырып айтқым келедi. Жаңа жазбаны қабылдау бiр белгiнi екiншiсiне ауыстыра салу емес. Бұл әлiппенiң алдыңғы нұсқаларында жiберiлген шалалықтарды жою. Осыған байланысты, бiздiң көзқарасымыз бойынша, жаңа әлiпбидi жасап, оны енгiзуде орфографиялық жаңа ережелердi қабылдау қажет.

Қазiргi кезде қоғамның барлық саласы дерлiк латын әлiпбиiндегi таңбалармен жақсы таныс деуге боларлық. Айталық, мектеп оқушысы бастауыш сыныптан бастап-ақ латын әлiпбиi негiзiндегi ағылшын немесе француз, немiс тiлдерiн оқиды, одан жоғарылай келе бiрлiктерi осы әлiпбидегi физиканы, периодтық жүйесi латыншамен берiлген химияны, өсiмдiктер мен хайуанаттар әлемiнiң атаулары тағы да осы әлiпбимен таңбаланған биологиялық пәндермен танысады. Химиядағы Менделеевтiң периодтық кестесi, физикадағы халықаралық бiрлiктердiң СИ жүйесi, барлық математикалық шартты белгiлер мен теңдеулер латын таңбаларымен берiлген. Ендеше, орта мектептi бiтiргендердiң баршасы латын таңбаларымен әлденеше рет кездесiп, оларға көздерi әбден үйренiскен. Бұған қоса, күнде тұтынып жүрген тұрмыстық заттарымыздың барлығы дерлiк шетелдiң дүниелерi. Олардағы жазулардың баршасы да латын таңбаларымен жазылған. Соларды шатыспай-ақ баршамыз күнделiктi таңбасын танып, қажеттi тетiгiн басып қолданып жүрмiз. Әртүрлi сусындар, киiмдер, заттар атаулары да латын таңбаларымен берiлген. Оларға да жалпы халықтың көзi үйренген. Бұларға қоса интернет ресурстарының адрестерi тек латын таңбаларымен белгiленген. Қазiргi балалар мен жастар интернеттi қолданғанда бiз сияқты кирилл әрiптерiне тұра жүгiрмейдi, негiзiнен, латын әрiптерiн пайдаланады. Бұларды аз десеңiз, көшедегi латын әрiптерiмен берiлген қызылды-жасылды жарнамалардан көз тұнады. Яғни қазiргi қоғамда өмiр сүрiп жатқан кiмге де болса, латын әрiптерi етене таныс. Ал, 1929 жылы Қазақстан латын әлiпбиiне көшiрiлгенде халық дәл бүгiнгiдей осы алфавитпен таныс болды дей алмайсыз, сонда да сол заманда сауатсыз, мүлдем мақұрым қалған адам болмаған. Сол себептi, латын әлiпбиiне көшу заманның талабы екенiн әрбiр отандасымыз түсiнуi керек. Латын графикасына негiзделген жаңа қазақ әлiпбиiн жасау – азат елдiң тәуелсiз таңдауы дегiм келедi.

Сөз соңында айтарымыз, жаңа әлiпбидi бекiту бiр-екi күннiң шаруасы емес. Және бұл бүкiл халықпен ақылдаса, кеңесе отырып шешiлетiн мәселе. Яғни арнайы ұсыныстарыңыз болса, ҚР Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Тiлдер және қоғамдық-саяси жұмыс жөнiндегi комитетiне немесе Ш.Шаяхметов атындағы тiлдердi дамытудың республикалық координациялық-әдiстемелiк орталығына Астана қаласындағы 48-83-67, 40-83-93, 40-63-83 телефон нөмiрлерi арқылы байланысқа шығуға болады. Бiз әрбiр ұсынысты мұқият қарап шығуға, ғылыми негiзделген, орынды пiкiрлер болса мiндеттi түрде ескеруге дайынбыз.

Ербол ТIЛЕШОВ, Ш.Шаяхметов атындағы тiлдердi дамытудың республикалық координациялық-әдiстемелiк орталығының директоры.

 

 

 

 

КЕЛЕШЕККЕ ЖАСАЛҒАН ИГI ҚАДАМ

– Тiлге қатысты таңдау – халық тағдырына қатысты таңдау болғандықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан Парламентте таныстырылған жаңа әлiпби туралы ел арасында айтылып жатқан әрбiр пiкiрдi ден қоя тыңдағанымыз абзал. Дегенмен, латын әлiпбиiн танып қалған жас буын бұл реформаға оң көзқарас танытары анық. Өйткенi, латын әлiпбиiн таңдау арқылы бiз өркениетке қадам басамыз. Бұл жарқын келешегiмiз үшiн жасалған нақты қадам.

Бағамдап қарасақ латын әлiпбиiн әлемнiң дамыған елдерiнiң бiразы қолданады. Ағылшын немiс, француз, түрiк тiлдерi барлығының пайдаланып отырғаны – латын әлiпбиiне негiзделген жазу. Түркi халықтарының бiразы кеңес өкiметi тараған тұста-ақ латын әлiпбиiне көшiп кеттi.

Латын әлiпбиiне көшу бiр күнде қабылданған шешiм емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауында бұл туралы айтып, содан берi қоғам қайраткерлерi мен белсендiлер, ғалымдар мен зерттеушiлер түрлi жиын, кездесулер өткiздi. Қоғамдық талқылаулар жүрдi. Әлi де пiкiрталас болып жатыр. Бiр анығы, латын әлiпбиiне көшу мол байлықтың кiлтi.

Олай болса, ғалымдар ұсынған жаңа әлiпбидiң жобасын қабылдауға бiрауыздан қолдау бiлдiрейiк. Төл таңбамыз биiк белестердi бағындыруға бет алған елiмiздiң басты нышандарының бiрi ретiнде өркендеп дамуымызға септiгiн тигiзедi деп сенемiз.

Лесбек ТӘШIМОВ, облыстық мәслихаттың депутаты.

 

БҰЛ – ХХI ҒАСЫР ҚАЖЕТТIЛIГI

– Парламентте таныстырылған жаңа әлiпби жобасына қатысты әртүрлi пiкiр айтылуда. Бұл өте орынды iс. Халқымыз «Келiсiп пiшкен тон келте болмайды» деп текке айтпаған. Бiрақ, кiм не айтса да латын әлiпбиiне көшу – ХХI ғасыр қажеттiлiгi. Өйткенi, ұлттық және рухани коды толық қалыптасқан мемлекеттiң болашағы жарқын болмақ. Латын әлiпбиiн таңдау арқылы бiз нақты өркениеттi таңдап, сол ортада түрлi ғылыми бағыттарды, әлем әдебиетiн бағындыра аламыз. Бұл – уақыт талабы. Бiз осыған дейiн таңбалануы қиын саналатын араб әлiппесiн де меңгерiп, қолдандық. Сондықтан, қажеттiлiк болса, бәрiн де меңгеруге болады. Тек жүйелiлiк керек.

Әр адам өзiн-өзi жетiлдiрiп, дамытып отыруы қажет. Латын әлiпбиi – өркениеттi елдер қатарына ену үшiн зор мүмкiндiк. Қоғам көшiнен кейiнге қалуға болмайтынын, бiлiмдi болуға ұмтылу қажеттiгiн өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр. Сондықтан латын әлiпбиiне көшу қазақ тiлiнiң мәртебесiн асқақтата түсуге септеседi. Әр отбасы өз баласын қазақы тәрбие мен ана тiлiмен сусындатса, жетiстiгiмiз мол болары сөзсiз.

Зәкiрхан ТАЛБИДИН, Шардара аудандық мәслихатының депутаты.

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШIН ТАҢСЫҚ ДҮНИЕ ЕМЕС

– Бiз бiлiм, ғылымдағы мол байлыққа қол жеткiзу үшiн латын графикасын меңгеруiмiз керек. Өйткенi, әлемдiк ақпараттың негiзi латын графикасында болып отыр. Бұл елiмiздiң дамуына, алға басуына кепiлдiк беретiн қадам. Әрине, латын әлiпбиiне көшу кезiнде түрлi қиындықтар мен кедергiлер кезiгедi. Кез келген бастаманың өз проблемасы болатыны сияқты, әбден дағдыланып қалған таңбадан жаңа таңбаға өту де оңай шаруа емес. Бiздiң мiндет – алға ұмтылу, бар қиындықты жеңу. Латын әлiпбиiне көшу – қажеттiлiк, дамуымыздың кепiлi. Тарихқа көз жүгiртсек, 1929 жылдан 1940 жылға дейiн латын әлiпбиiн пайдаландық. Демек, бұл таңсық дүние емес. Қазiр халықтың латын әлiпбиiне көшуге дайындығы жоғары деп айта аламын. Өйткенi, латын әлiпбиiнде таңбаланған жазбалармен жиi ұшырасамыз. Қай әрiп қалай таңбаланатынынан хабардармыз.

Сондықтан жуырда таныстырылымы өткен жаңа әлiпбидi қазақстандықтар қызу қолдайды. Төл таңбасын таңдаған бүгiнгi буын келер ұрпақтың жарқын болашағына iзгi жол салған болар едi. Олай болса, қиындығына қарамастан латын әлiпбиiне көшудi анағұрлым тездеткен дұрыс деген пiкiрдемiн.

Арман ОРЫНБЕКОВ, Шымкент қаласындағы №90 жалпы орта мектептiң директоры.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper