"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ

Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2017 10:26
ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ

 

Нәзiр Төреқұловтың ескерткiш-бюстi ашылды

 

Ұлтымыздың тарихында өзiндiк орны бар ардақты азамат, қоғам және мемлекет қайраткерi, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, ғалым, ағартушы, көсемсөзшi Нәзiр Төреқұловтың туғанына 125 жыл толып отыр. Тарихта артына өшпестей iз қалдырған толағай тұлғаның елге сiңiрген елеулi еңбектерi бағаланып, көшелерге, мектептерге есiмi берiлiп, үлкен құрмет көрсетiлуде. Соның жарқын көрiнiсi ретiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жылғы 13 сәуiрдегi №382 қаулысына сәйкес Мақтаарал ауданы, Асықата кентiндегi №121 жалпы орта мектебiне Нәзiр Төреқұловтың есiмi берiлгенiн қуана айтуымызға болады.

Тағы бiр жүрекжарды жаңалық, жақында осы мектепте Н.Төреқұловтың ескерткiш-бюстi ашылды. Бұл iс-шараға аудан басшылары, зиялы қауым өкiлдерi мен еңбек ардагерлерi, ұстаздар, оқушылар көптеп жиналды.

Салтанатты кештiң жүргiзушiсi, мәдениет қызметкерi Кенже Айтбай қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шахановтың Н.Төреқұловқа арналған өлеңiн оқығанда көпшiлiк рухтанып, жiгерленiп, кеуделерiн мақтаныш сезiмi кернедi.

Ескерткiш-бюстiнiң ашылуына орай өткен жиында Мақтаарал ауданының әкiмi Ғ.Исмаилов, ақын, драматург Исраил Сапарбай, Нәзiр Төреқұлов атындағы халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Әбдiжаппар Сапарбаев, аудандық қоғамдық кеңестiң төрағасы Т.Жүнiсов қоғам қайраткерi жайында тебiрене сөз сөйледi. Жиналған көпшiлiк Н.Төреқұловтың жарқын бейнесi сомдалған үлкен ескерткiшке тағзым етiп, гүл шоқтарын қойды. Елiмiзге танымал мүсiншi Тiлеубердi Бинашевке ұлы тұлғаның ескерткiшiн көрнектi етiп жасағаны үшiн алғыс бiлдiрдi. Iс-шарада республикалық ақындар айтысының лауреаты, сазгер Мұхтар Құралов, Отырар ауданынан келген ақын Бегаман Сұлтаев Нәзiр ағаға арнаған жырларын шабыттана оқыды. Жиында «Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының төрағасы белгiлi кәсiпкер Бауыржан Оңғарбаев алаш ардақтыларын насихаттауға белсене қатысқан бiр топ iскер азаматқа «Алпамыс батыр» медалiн тапсырды. Аудандық мәдениет үйiнiң өнерпаздары мен күйшi-сазгер Бөрi Исаның жетекшiлiгiндегi «Әлқисса» халықтық ұлт аспаптар оркестрi ән-күйден шашу шашты.

Мұнан соң мектептiң акт залында көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi Н.Төреқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ұлт рухын ту еткен тау тұлға» деген тақырыпта ғылыми-танымдық конференция өттi. Онда алдымен Н.Төреқұловтың өмiрi жайында түсiрiлген деректi фильм көрсетiлдi. Басқосуда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң профессорлары, ғұлама ғалымдар Хазретәлi Тұрсын, Сейдолла Садықов, Гаухар Батырбекқызы жалынды қайраткердiң өмiр жолы, ерен еңбектерi мен дипломатиялық қызметтерi жөнiнде баяндамалар жасады.

Қонақтар конференциядан соң мектептiң екiншi қабатында ашылған Н.Төреқұловтың мұражайымен танысты.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper