"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


БҰРЫНҒЫДАЙ НЕГIЗСIЗ ТЕКСЕРУЛЕР БОЛМАЙДЫ

Сенбі, 26 Тамыз 2017 15:56
БҰРЫНҒЫДАЙ НЕГIЗСIЗ ТЕКСЕРУЛЕР БОЛМАЙДЫ

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Елiмiзде кезектi құқықтық реформа басталды. Елбасы шiлденiң алғашқы күнi прокуратура органдарының мәртебесi мен құзыретi нақтыланған жаңа заңға қол қойып, бұған дейiн ешбiр заңда дәйектелмеген прокуратураның жоғары қадағалаушы орган ретiндегi мiндеттерiн айқындап бердi. Прокуратура ендi жай орган емес, конституциялық мәртебесi бар құрылым ретiнде заңдылықтың қоғамда салтанат құруына бiлек сыбана кiрiспек. Мұндай құзырет Ата Заңға енгiзiлген соңғы түзетулерде нақтыланды. Атап айтсақ, басты құжаттың 83-бабында олардың еншiсiне тиесiлi үш мiндет белгiленiп отыр. Жоғары қадағалау, сотта мемлекеттiң мүддесiн бiлдiру және қылмыстық қудалау. Бұдан былай заңды қадағалушы орган осы үш бағытта жұмыс iстейдi.

 

Облыс прокурорының орынбасары Жанболат Туғанбаев БАҚ өкiлдерiнiң басы қосылған жиында жаңа заңның жаңашыл тұстарына назарымызды аударды. Оның айтуынша, жаңа құжат бұрынғыша адам құқығын қорғау, заңдылықты сақтау секiлдi басым бағыттарын сақтап қалған.

– Есесiне бұрынғыдай бас-аяғы жоқ тексеру тоқтатылады. Бас Прокурор Жақып Асанов айтқандай, осыған дейiн кiмдi тексергiмiз келсе, өз еркiмiз едi. Тырнақ астынан кiр iздеп, тiптi мектеп асханасының қасықтарына дейiн санап шығатынбыз. Былайша айтқанда, бiз араласпайтын iс, мұрын тықпайтын жер қалмайтын. СЭС те, РайОНО да, РайСобес те бiз болдық. Пысық келiн секiлдi бәрiне үлгергiмiз келетiн. Ал, оның нәтижесi бар ма, жоқ па? Ол ескерiле бермейтiн. Себебi, бiрiншi кезекте көрсеткiш тұратын. Ол қалай болғанда да былтырғыдан кем болмауы тиiс. Осылай көрсеткiш қуалап жүрiп, халықтың сенiмiн жоғалта бастадық, – дейдi Жанболат Сейдахметұлы.

Айтса айтқандай, олардың құрығынан өз саласында заңдылықты сақтауға мiндеттi министрлiктен бастап төменгi сатыдағы құзырлы органдар да қашып құтыла алмайтын. Оның үстiне әбден бой үйретiп алған жұрт арызын алдымен прокуратураға сiлтейтiн. Әр нәрсенiң басын шалған iсте береке бола ма? Осының салдарынан халықтың жанына батып жүрген шын мәнiндегi заңсыздықтар шетке жиi ысырылып қалатын. Әсiресе, қылмыстық iстер назардан тыс қалған-тын. Бұл өз кезегiнде жемқорлыққа апаратын тура жол едi. Себебi, тексеруден кейiн жағдай пәлендей жақсарып кеттi деуге келмейтiн.

Жаңа қадағалау ендi тексеру, талдау, құқықтық актiлерден тұратын үш бағытта жүргiзiледi. Прокурор бұрынғыдай түскен шағым бойынша бас салып тексере бермейдi. Алдымен мұның қай органның құзырына тиесiлi екенiн анықтап, соған жiбередi. Елiмiзде мұндай құзыретке ие 60-қа жуық орган бар екен. Бiрақ, оларға талап бөлек. Прокуратура осы ұйымдар өз мiндеттерiн дұрыс орындамай, шектен шыққанда ғана араласуға құзырлы. Мәселен, азаматтың құқығы бұзылды делiк. Ол алдымен арызын арқалап сотқа барады. Мiне, осы кезде сот тиiстi мiндетiн орындамаса, прокурор тексеруге кiрiседi. Тексеру мерзiмi 30 күнннен аспауы тиiс. Себебi, бұған дейiнгi кейбiр тексерулер жылдап созылып кететiн. Ендi арнайы шешiммен бiр айға ғана созуға болады. Әрбiр тексеру ресми түрде тiркеуге алынады. Сондықтан прокурордың тiзiмiне iлiкпес үшiн тиiстi орган арыз-шағымды барынша жiтi қарауға тырысады.

Прокурор мемлекеттiк органдарды тек үш жағдайда ғана тексеруге құқылы. Азаматтың өзiн-өзi қорғауға қабiлетi жетпесе немесе жаппай адамдардың құқығы бұзылған жағдайда, үшiншiден, мемлекеттiк органның жұмысы адамдардың өмiрiне немесе қоғамға қауiп төндiрсе ғана тексередi. Азаматтардың өтiнiштерiне де осындай шектеулер қойылып отыр. Прокурорлар тек осы үш санаттағы азаматтардың ғана арызын қарап, сол бойынша тексеру жүргiзе алады.

Ал, прокурор тiкелей тексерiстi үш жағдайда ғана жүргiзе алады. Президент немесе Бас Прокурор тапсырма берсе, мүдделер қақтығысы туындаса, мемлекеттiк органның шешiмi мен әрекетiне келiспесе, прокурор тiкелей тексеруге кiрiсе алады. Осы ретте көпшiлiкте «бұрын прокуратураға барушы едiк, ендi кiмге шағым айтамыз» деген сауал туындауы мүмкiн. Жоғарыда айтқанымыздай, бақылаушы-тексерушi құзыретi бар елiмiздегi 60 орган алдымен шағымды қарап, нәтижесi шықпаған жағдайда прокурор араласады. Оған дейiнгi процеске араласуға прокурордың құзыретi шектеулi екен.

Жанболат Сейдахметұлының айтуынша, жаңа заңда талдамалық тәжiрибеге көбiрек басымдық берiлген көрiнедi.

– Прокурор тексеруге кiрiспестен бұрын талдауға жүгiнедi. Ең алдымен статистикалық мәлiметтер, БАҚ-та жарияланған материалдар сарапталады. Ешқайда барудың, ешкiмдi мазалаудың қажетi болмайды. Соңғы технологияның арқасында кез келген заңбұзушылық кабинетте талданып, себеп-салдары анықталады, – дейдi заңдылықты қадағалаушы орган өкiлi.

Жаңа заңнамалық құжаттың жақсылығын ең алдымен кәсiпкерлер сезiнетiн секiлдi. Ендi прокурор өз бетiнше бизнестi тексере алмайды. Әрине, әртүрлi заңбұзушылықтар орын алуы мүмкiн. Алайда, адам өмiрiне, қоршаған ортаға, мемлекеттiк қауiпсiздiкке қатерi жоқ болса, прокурор ол iске араласа алмайды. Қандай да бiр тексеру қажет болса, оған Президенттiң немесе Бас Прокурордың рұқсатын алуы қажет.

Түптеп келгенде, жаңа заң қасаң қағидалардан арылып, жаңа тұрпатты прокуратура қалыптастыруды көздейдi. Өйткенi, өткеннен қалған мұралар заңның толыққанды үстемдiк құруына қолбайлау болып келдi. Сондықтан заңдағы соны серпiлiстердiң қаншалықты жүзеге асатынын алдағы уақыттың еншiсiне қалдырайық.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper