"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


АЙТЫСЫП СӨЗГЕ КЕЛГЕНШЕ, АҚЫЛМЕН ЖӨНГЕ КЕЛ

Сенбі, 26 Тамыз 2017 15:55
АЙТЫСЫП СӨЗГЕ КЕЛГЕНШЕ, АҚЫЛМЕН ЖӨНГЕ КЕЛ

 

Былтыр Ұлт Жоспарының сот-құқықтық реформасын iске асыру мақсатында жаңа редакциядағы Азаматтық процестiк кодекстiң күшiне енгенi мәлiм. Жаңа заңнамалық құжатта барлық негiзгi құқықтық институттар қамтылып, әлемдiк озық стандарттарға негiзделген елеулi өзгерiстер енгiзiлдi.

 

Ерекше айта кететiн жайт, кодексте азаматтық дауларға қатысты сотқа прокурорлардың қатысуын азайту, соттардың қарауындағы iстердi оңтайландыру, жаңа мән-жайларға байланысты iстi қайта қарау тәсiлiн енгiзу, дауларды татуластыру рәсiмiмен шешу секiлдi тетiктер айқын көрсетiлген. Жалпы, қазақ халқы дауды әуел бастан екi жақтың ортақ келiсiмiмен шешiп келген. Сондықтан татуластыру рәсiмдерiн сотта қолдануды халық түсiнiстiкпен оң қабылдап, дауларды өзара екi жақтың келiсiмiмен шешуге ұйғарды. Нәтижесiнде соттарда медиация тәртiбiмен қаралған iстердiң саны артып келедi. Бiздiң ойымызша, мемлекеттiк органдар мен жеке және заңды тұлғалардың арасындағы кейбiр дауларды, яғни үшiншi жақтың құқына қайшы келмейтiн дауларды да татуласу рәсiмдерiн қолдану арқылы шешу керек. Себебi, мемлекеттiк органдардың жеке және басқа заңды тұлғалардан ешқандай артықшылықтары жоқ, себебi, олардың сот алдындағы құқықтары бiрдей. Азаматтық процестiк кодекстiң 174-бабына сәйкес, сот тараптардың татуласуы үшiн барлық қажеттi шараларды қолдануды және дауды процестiң барлық сатыларында келiсiммен реттеу үшiн оларға жәрдемдесуi тиiс. Ол үшiн алдымен тараптар арасында дауды медиация тәртiбiмен реттеу туралы келiсiм жасалуы қажет.

Тараптар өз ерiктерi бойынша сотта қаралып жатқан дауды толықтай немесе бiр бөлiгiне татуласу рәсiмдерiн қолдануға құқылы. Келiсiм бiрiншi апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiнгi уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актiсiнiң орындалуы кезiнде жасалады. Азаматтық процестiк кодекстiң 176-бабында көзделгендей, тараптар келiсiмдi жазбаша түрде дайындап, оған тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қояды. Онда татуласу келiсiмiн кейiнге қалдыру немесе ұзарту мерзiмдерi көрсетiлiп, жауапкердiң мiндеттемелердi орындауын кейiнге қалдыру, ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе iшiнара кешiру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келiсiмiн мәжбүрлеп орындау туралы шарттар мен заңға қайшы келмейтiн өзге де шарттар қамтылуы мүмкiн. Татуластыру, тараптарды бiтiмгершiлiкке әкелудiң мақсаты – бұрынғы билер соты сияқты дауласушы тараптарды бiтiмге келтiрiп, татуластыруға қол жеткiзу. Сондықтан дауды шешудiң жолын iздеу, дауласушы екi тарапқа да қолайлы нұсқаны тауып, татуласу рәсiмiн бекiту – бұл ең маңызды сәт.

Атам қазақ ертеден-ақ екi тараптың арасында туындаған дауларды билер арқылы шешiп келген. Бүгiнгi күннiң билерi де осы дәстүрден жаңылыспай, халық арасында өздерiнiң жоғары тәлiмгерлiк талабын таныта бiлсе, нұр үстiне нұр болар едi.

Қанатбек ҚОҢЫРБАЕВ, ОҚО кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper