"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ ОСЫНДАЙ!

Сейсенбі, 05 Қыркүйек 2017 10:47
БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ ОСЫНДАЙ!

   Германияның Гамбург қаласында бокстан кезекті әлем чемпионаты аяқталды. Төрткүл дүние жанкүйерлері көз тіккен додада Қазақстан құрамасының жігіттері 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға  ие болды.  Дүбірлі сында ортақ жеңіске Оңтүстік Қазақстан облысынан үш спортшы қатысып, оның екеуі жүлдемен оралды. Кеше облыс жұртшылығы бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен оның шәкірттерін — әлем чемпионы Қайрат Ералиев пен қола жүлдегер Жомарт Ержанды Шымкент әуежайынан үлкен құрметпен қарсы алды.

  Алаш жұртын 56 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Қайрат Ералиев ерекше қуантты. Себебі, Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті өзін сынап жүрген талай ауыздарға құм құйып, Гамбург төрінде шеберлігі өте жоғары боксшы екенін дәлелдеді. Сиднейде атой салған Бекзат ағасы секілді қолды-аяққа тұрмай, барлық жекпе-жегін жоғары деңгейде өткізді. Шабуылда да, қорғаныста та мықты болды.

Сүйсінерлік әдіс-айлаларын паш етті. Қайрат алдымен мексикалық Флоресті – 5:0, сосын өзбекстандық Муроджан Ахмедәлиевті – 4:1,  германиялық Омар әл-Хагты – 5:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда англиялық Петер Макгрейлді де айқын жеңсе, финалда АҚШ-тың қабыландай мықты жігіті Дуг Раганды 3:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, 2013 жылы әлем чемпионатында алған қола жүлдесінің қасына Гамбургте олжалаған алтын медалін қосты. Қайраттың бұл медалі Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бокстан ұлттық құрама қоржынына түскен 11-ші алтын жүлде еді.

  Өзге спортшыларға келсек, 75 келіде жиырма жастағы жас арлан Әбілхан Аманқұл күміс жүлдеге иелік етсе, 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев та екінші орынға тұрақтады. Әбілхан соңғы жылдары ешкімнен жеңілмей жүрген Лопестің өзін сан соқтырып кетті. Тараздың жас бөрісінің болашағы алда. Қамшыбек те өзінің алғашқы әлем чемпионатында күміске ие болды. Мұхтархан батырдың ізбасары дерсіз. Жас спортшылар үшін бұл тамаша жетістік. Ал, Жомарт Ержан, Абылайхан Жүсіпов және Василий Левиттің қол жеткізгендері қола медаль болды. Абылайханды жартылай финалда Гиясовтан жеңілді деуге келмейді. Сәл тәжірибе мен белсенділік жетпеді.

   Қайрат пен Жомарт  — білікті басшы Балғабай Елшиев басқаратын ОҚО жоғары спорт шеберлігі мектебінің сайыпқырандары. Жігіттердің чемпионатқа дайындалуына облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та бар жағдайды жасады. ҚР Бокс федерациясының да еңбегі мол. Сенім мен еңбек ақталып, өрендеріміз көк туды биікке өрлетті.

         Ұлттық құрама Гамбургте өтетін әлем біріншілігіне 9 салмақ бойынша лицензия ұтып алған болатын. Алайда соңғы сәтте 49 келі салмақтағы индонезиялық спортшы чемпионатқа қатысудан бас тартып, лицензия шымкенттік Жомарт Ержанға бұйырған. Және Жомарт өзіне берілген тағдырдың сыйын сәтті пайдаланды. Тіпті, ширек финалда Еуропа чемпионы ресейлік Василий Егоровтың өзін жеңіп кетіп, өзінің тегін боксшы еместігін дәлелдеді. Жартылай финалда болашақ әлем чемпионы кубалық Хоанис Архилагосқа жол беріп, қола медальді місе тұтты. Осы табыстан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановқа деген ел құрметі арта түсті. Ел намысын үшін аянып қалмайтын біздің елдің жігіттері осындай!

Ғабит САПАРБЕКОВ,

Суретті түсірген Қайсар Шерім. 

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper