"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ИТЖЫҒЫС

Сенбі, 30 Желтоқсан 2017 21:08
ИТЖЫҒЫС

 

Өткен жыл қазақстандық атлеттер үшін жеңістер мен жеңілістерден тұрады

 

Ғабит САПАРБЕКОВ,«Оңтүстік Қазақстан».

Гамбург. Бокстан әлем чемпионатының финалы. 56 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Қайрат Ералиев АҚШ үміті Дюк Роганмен жұдырықтасып жатыр. Дюгіңіз қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз боксшы екен. Сәл босаңсысаң, «сыбағаңды» беріп кетпек. Бірақ, тәжірибесі толысқан біздің Қайрат қараторы, бұйра шашты жігіттің аптығын баса білді. Нағыз боксшыға тән әдемі тәсілдерін пайдалана отырып, америкалықты дәл соққыларымен діңкелетті. Дюк Қайратқа соққыларын өткізе алмай, қор болды. Ал, төрешілердің Ералиевке жеңісті бере салғысы жоқ. Бірақ, күштінің аты күшті екен, Шымкенттің қолтоқпақтай баласы бәрібір өзін мойындатты. 3:2 есебімен жеңіс қазақтың ұланына берілді.

Осылайша, Қайрат Ералиев бокстан әлем чемпионы атанды. Даңқты бапкер Мырзағали Айтжанов бұған дейін де бір әлем чемпионын даярлап еді. 2013 жылы Біржан Жақыповтың Алматыда өткен әлем чемпионатында қалай атой салғаны әлі есте. Араға 4 жыл салып, Қайрат шәкірті де сенімді ақтап, әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Қазақстанда екі әлем чемпионын даярлаған бапкер жоқ. Ералиевтің осы жеңісі 2017 жылдың спорт шежіресінде ерекше жазылады. Себебі, бұл – олимпиадалық спорт түрлерінен ересектер арасындағы жалғыз алтын медаль. Әрине, жасөспірімдер мен жастар арасында, ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен ел қоржынында алтын медаль өте көп. Оның әрқайсысына тоқталсақ, бірнеше мақалаға жүк болады. Ал, шымкенттік боксшының жарқын жеңісі тауық жылының ең елеулі оқиғасы деуге негіз бар.

Жалпы, биыл қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері өздері қатысқан додалардың ешқайсысынан жүлдесіз оралған жоқ. «Астана арландары» финалда кубалық қабыландарды жеңіп, үшінші рет WSB сериясының чемпионы атанды. Кәсіпқой боксқа бет бұрған қазақ жігіттерінің саны күрт өсіп, жұмыр жердің түкпір-түкпірінде отандастарымыздан нокаутпен жеңілгендер көбейді. Жеңіл салмақта Жанат Жақиянов америкалық Роуши Уорренді ұпай санымен жеңіп, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ел мақтанышы Геннадий Головкин бұл жылды да жеңіліссіз өткізіп, өз белбеулерін түгел сақтап қалды. Әлемдегі супербоксшылардың бірі ретінде түрлі рейтингтер бойынша көшбасшылар қатарында жүр. Оның Канеломен жекпе-жегі 2017 жылдың ең таңдаулы оқиғаларының біріне баланып, әлем жұртшылығының назарын аударды. Қанат Ислам, Бекман Сойлыбаев, Батыр Жүкембаев, Ержан Залилов, Иван Дычко, Али Ахмедов, Мадияр Әшкеев, Нұрзат Сабыров, Иса Ақбербаев, Айдар Шәрібаев, Бақтияр Эюбов, Жанқош Тұраров, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев және өзге де боксшылар көк туды желбіретсе, әйелдер арасында Фируза Шарипова кәсіпқой бокстан WIBA және WBU тұжырымдары бойынша жеңімпаз болды.

Жылдың ең қуанышты жаңалықтарының бірі – «Астана» футбол клубының Еуропа лигасының 1/16 финалына шығуы. Осылайша отандастарымыз қазақ футболы тарихындағы ең жарқын беттерді жаза білді. Станимир Стоиловтың шәкірттері алдымен чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, плей-офф кезеңіне дейін жетті. Өз алаңында Еуропаға танымал «Легия», «Селтик» командаларын жеңді. Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, Израильдің ең мықты «Маккаби» клубын екі мәрте тізе бүктірсе, Чехияның үздігі «Славиямен» өз алаңында тең түсіп, сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, қазақ футболы тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының 1/16 финалына шықты. Елордалықтар ақпан айында Португалияның бірнеше дүркін чемпионы «Спортингпен» шеберлік байқасады.

2017 жылы грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатының күміс медалін еншілесе, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров қола жүлде олжалады. Таеквондодан әлем біріншілігінде Қайрат Сарымсақов қола жүлде алса, дзюдошы Отгонцецег Галбадрах та ел қоржынына қола медаль салды. Үнемі спорттық бабында жүретін жеңіл атлет Ольга Рыпакова да қола медалымен қуантса, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен Әбілбек Аманқұл күміс, Василий Левит, Абылайхан Жүсіпов және Жомарт Ержан қола жүлдемен қуантты. Велоспорттан «Вуэльта» көпкүндігінде Алексей Луценко бір кезеңнің жеңімпазы атанды. Батутта секіру, садақ ату секілді спорт түрлерінен қазақстандықтар әлем кубогын еншіледі. Шахматтан Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде топ жарса, Динара Сәдуақасова ересектер арасында Азияны мойындатты.

Қысқы спорт түрлерінен де табыстарымыз жетерлік. Алматыда дүниежүзілік қысқы Универсиада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстанның студенттері 11 алтын, 8 күміс және 17 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бұл сында Галина Вишневская, Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек, Жібек Арапбаева, Анна Шевченко сынды өрендер жасындай жарқырады. Биылғы маусым бастала сала фристайлдан әлем кубогында Юлия Галышева алтын мен күміс медаль еншілесе, Дмитрий Рейхард екінші орынды иеленді. Шаңғышы Алексей Полторанин мен фристайл шебері Павел Колмаковтың әлем кубогы кезеңіндегі жүлделері де мақтануға тұрарлық.

ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында көкпардан, тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жалпы, биыл ұлттық спорт түрлерінен өткен додалардың бәрінде дерлік Шымкенттегі облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің өрендері жеңіс тұғырынан түскен жоқ.

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы нәтижелер бойынша Қазақстандағы ең үздік спорттық аймақ болғаны анық. Олимпиадалық спорт түрлерінен 1 алтын мен 2 қола медаль олжалау – үлкен табыс.

Жылдың ең өкінішті оқиғасы ретінде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жігерсіз ойынын айтуға болады. Ресейлік маман Бородюктің шәкірттері 2017 жылы 6 рет жеңіліп, 1 рет тең түсті. Сөйтіп, өз тобында ең соңғы орында қалып қойды. Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 137-орында... Қазақстандықтардың жігерсіз ойындары жанкүйерді жүнжітіп, жүйкелерін жұқартты. «Астана» абыройды сақтап қалды демесеңіз, Еуропа лигасында «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» да алысқа шаппады. Футболшы қыздарымыз да түрлі додаларда қарсыластарынан ойсырай жеңілумен келеді. УЕФА чемпиондар лигасында 1/8 финалға дейін жетіп, жанкүйерлерін желпіндірген «БИІК-Қазығұрт», өкінішке қарай, қос кездесу қорытындысы бойынша Францияның «Лионынан» 0:16 (!) есебімен тізе бүкті. Қыруар қаржы жұмсалып жатқан қазақ футболының қашан еңсе тіктейтіні белгісіз. Миллиондап жалақы алатын олар өз арларымен бетпе-бет қалып, жанкүйерлерінен ұялатын күн бола ма екен деп ойлайсың...

2018 жылы Қазақстан спортшылары Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындары мен Индонезияда ұйымдастырылатын жазғы Азия ойындарына қатысады. Одан бөлек әлем чемпионаттары мен кубоктары, құрлық біріншіліктері бізге не даярлап тұрғаны бір Аллаға аян. Жақсылықтан үмітті жұртпыз. Өткен жыл жеңістер мен жеңілістерден құралды. Қазақ мұны итжығыс дейді. Жаңа жылда спортшыларымыз сүйінші жаңалықтарымен қуанта бергей!

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper