"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


«ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДА ҚАЗЫБЕК БИДIҢ ОРНЫ ЕРЕК»

Дүйсенбі, 31 Шілде 2017 10:07
«ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДА ҚАЗЫБЕК БИДIҢ ОРНЫ ЕРЕК»

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Жамбыл Омарұлы АРТЫҚБАЕВ:

 

Он жасымда Мәшһүр Жүсiп қолжазбасын көшiргенмiн

– Құрметтi Жамбыл Омарұлы, көзiқарақты оқырман қауым Сiздiң тарих, археология, этнография, топонимия тәрiздi ғылымның сан-саласын зерттеп, бұл тақырыптарды кiтаптарыңызға өзек етiп жүргенiңiздi жақсы бiледi. Ғалым болу бала күнiңiзден арманыңыз ба едi?

– 1959 жылы 20 тамызда Қарағанды облысы, Ульянов (қазiргi Бұқар жырау) ауданы, Жаңақала ауылында дүниеге келгенмiн. Әкем «халық жауы» атанып, Карлаг, Иркутлагта болып, 1953 жылы жаздың соңында босап қайтқан екен. Менi көп күтiптi... Әкей 50, шешей 40 жасқа келгенде дүниеге келгенмiн. Әкем марқұм «сен туғанда намазға жығылдым» дейтiн. Құдайға шүкiршiлiк қылған болуы керек.

Иә, тарихқа қызығу бала кезiмнен басталды десем де болады. Әкемнiң, ауылдағы қариялардың өтiнiшiмен бiрталай тарихи кiтапты (соның iшiнде «Рүстем—Дастан» да бар)  мектеп жасында  оқыдым. Дауыстап тұрып оқушы едiк. 10 жасымда әкемнiң тапсырмасымен Мәшһүр Жүсiп қолжазбасының бiр нұсқасын көшiрдiм. Әкемнiң ағасы Әмiр  арабша өте сауатты адам болған. Сол кiсi оқып, мен жазып отырдым. Жарықтық, ара-тұра кейбiр мәселелердi түсiндiрiп отырушы едi. Алла риза болсын! Ол кезде тiптi телевизор да жоқ, ермегiмiз кiтап едi ғой...

– «Дүниеде бiр ғана ғылым бар, ол – тарих!» К.Маркстiң осы тұжырымын Сiз қалай бағалайсыз?

– Әр ғылым саласының өз тарихы бар, Маркс соны айтқан болуы керек. Кез келген ғылым өз саласының тарихын бiлмей ештеңе де iстей алмайды. Адамзат баласының тiршiлiгiне қажет басты жаңалықтар сонау тас ғасырында, осыдан жарты миллион жылдай бұрын ашылған (отты пайдалану, тамаққа тұз салу, уақыт пен кеңiстiктi ұғыну, адам өмiрiнiң өтпелiлiгiн тану, т.б.), бiз сол бiлiмдердi  қайта-қайта өңдеп, жаңғыртуымен айналысамыз. Немесе бұрынғы барды қиратып, қайтадан жасаймыз. Мен қазiр «Тарих философиясы» деген оқу құралын жазып бiтiрдiм. Орысша баспадан шықты, қазақшасын жақында тапсырамын. Осы кiтапта тарихтың мәнi, оның ара-тұра қайталап соғып тұратын заңдылықтары, адамзаттың даму шарттары, тағы басқа да мәселелер әңгiме болады.

– Сiздiң тарихи мазмұндағы еңбектерiңiздiң iшiнде қазақтың үш биiнiң бiрi әрi бiрегейi Қаз дауысты Қазыбек би туралы кiтабыңыздың орны бөлек. Бұл ерекше еңбектi жазуға не түрткi болды? Деректердi қалай жинадыңыз?

–1993 жылы Бұқар жырау тойы тойланар алдында «Бұқар жырау: он екi тарих» деген ғылыми-көпшiлiк кiтап жаздым. Бұл осы саладағы алғашқы тырнақалды еңбегiм едi. Халел Арғынбаев сынды ұстаздарым мақтады. Ақселеу Сейдiмбек, Тұрсын Жұртбай сияқты ағаларым «дұрыс екен» дедi. Осы кiтаптан кейiн қанаттанып Қаз дауысты Қазыбек бидi зерттеуге кiрiстiм. Қарқаралы ауданының әкiмшiлiгi қолдайтын болды, бiрақ, жарты жолда олар қалып қойды.  Кiтапты 2000 жылы «Фолиант» баспасынан шығардық.

Өзiм докторлық диссертациямды ХVIII ғасыр бойынша қорғағандықтан, тарихи деректердi жинау барысында аса қиналған жоқпын. Бiрақ, шынын айту керек, дерек онша көп те емес едi. Екiншiден, деректердiң  бiразы бертiңгi уақытта өңделген. ХIХ ғасырда билердi қарапайым ауылдың қазағы деңгейiнде түсiндiредi. «Қаз дауысты Қазыбек бiр жаман ер тоқым үшiн Төле бимен дауласқан екен-мыс» деген сияқты... Екi ұлы бидiң жаман ер тоқым үшiн дауласуы мүмкiн емес, олар өз заманының iрi тұлғалары, iрi аймақтардың басшылары. Мысалы, қазақ мемлекеттiлiгi жойылған соң мемлекеттiк институттар, басқару жүйесi ұмыт қалды. Хан кiм, ол билiгiн қалай iске асырады, орда деген не, билер сот па, әлде әкiм бе деген жүздеген сұраққа жауап беру керек болды.

Қаз дауысты Қазыбек би қазақ халқының ХVII-ХVIII ғасырлардағы ұлы үш биiнiң бiрi ғана емес, сөзге шешен, халықтың ауыз әдебиетi мен салт-дәстүрлерiн, ата жолы заңдарын жете меңгерген данагөйi болған. Әдiлдiгi мен алғырлығы үшiн Тәуке хан оны Орта жүздiң бас биi еткен. Қазақ тарихында Қазыбек бидiң орны ерек. Оның ел басқару iсiне, iшкi-сыртқы саясатына араласқаны, қалмақ жаугершiлiгi тұсында екiжақты елдiк мәселенi шешуi бөлек әңгiме. Өз еңбегiмде осы маңызды жайларды нақты деректермен өрнектеп отырдым.

Кiтапты жазу барысында Қаз дауысты Қазыбек тұлғасын көрсетумен қатар «Жетi жарғы» ережелерiн жинауға, зерттеуге тура келдi. Кiтаптың соңына соны қостым, кейiннен «Жетi жарғы»  «Заң әдебиетi», «Жетi жарғы» баспаларынан жеке кiтап болып шықты.

Бұл кiтап — қазақ мемлекетi мен оның  құқықтық негiзi, ұлт тағдыры жөнiндегi зерттеулерiмнiң жемiсi. Қаз дауысты Қазыбек бидiң мемлекет қайраткерi ретiндегi қызметiн, өмiрi мен күресiн осы талапқа бағындырдым. Әз Тәуке бас болып, Төле, Әйтеке және Қазыбек билер атсалысқан «Жетi жарғыны» елге танытуды мақсат еттiм. Кiтапты жазу барысында заңгер ғалымдар Н.Дулатбеков пен Б.Сыздықов және филолог ғалым З.Тайшыбаевтың берген кеңестерi менi қанаттандырып отырды.

 

«Қаз» сөзiнде терең мағына бар

– Кiтапта Қаз дауысты Қазыбек бидiң Сыр бойында туып-өскенi және  өз аманаты бойынша Түркiстанда жерленгенi жайлы жазылады. Бұл туралы оқырман тарапынан қандай ой-пiкiрлер естiп жүрсiз? Хаттар аласыз ба?

– Сыр бойы — қазақтың үш жүзiнiң де қыс қыстауы, Түркiстан — қазақтың астана қаласы. Бiр сөзбен  айтқанда, қазақтың жаз жайлауы әз Тәуке  хан заманында  алып  Арқа  жерi  болса,  қысқы  қонысы  ұзына бойы ағып жатқан Сырдария, одан әрi Жиделi Байсынға  дейiнгi өлке. Мәшһүр Жүсiптiң «Әз Тәуке ханның  тұсында  үш  жүздiң  баласы  оңтүстiктен шөлейтке  қарай жайлайды  екен. Сырдың бойын  жағалап, Жетiсу, Алматы, Қапал  тауларын  өрлей  отырады  екен. Орта  жүздiң  қыс  қыстауы  шүйгiген  Сыр  бойы  да,  жаз  жайлауы  Арқаның  жоны  екен. Сол  кезде Орта  жүз  қазағы  Есiл  мен  Ертiстiң  арасын   қуалай  жайлайды»  деуiне  осы  жағдай  себеп  ( 8т., 170-б.).

Иә, Қаз дауысты Қазыбек бидiң туған жерi — Сыр бойындағы қазақтың жайма шуақ-өлкесi, Қорқыт бабаң қобызын аңыратқан, Асан қайғы желмаясымен желiп жүрген қасиеттi топырақ. Ал, орда тiккен жерi —Қарқаралыдан әрi жатқан Едiрей-Айырық тауларының баурайы, одан әрмен Далба тауы. Жаз жайлауы – Нұра мен Есiл арасындағы шұрайлы өлке.

Ол өзiнiң ұрпақтарын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасiретiнен кейiн Сыр бойынан Арқаға көшiрiп әкелген. Негiзiнен Едiрей, Арқалық, Үшқара, Қаратау және Балқантау жерлерiн қоныс еткен. Ұлы жүздiң биi Төленiң:

Қақ жарған қара қылды Қазыбегiм,

Бiр өзiң бар қазаққа азық едiң.

Төленi жанған отқа тастап кетiп,

Самалдап Сарыарқада қазы жедiң.

 

Туған жерге мен де бiр қазық едiм,

Сен аспанда қаңқылдаған қазым едiң.

Ағаңның халiн бiлмей сен жатырсың,

Ағайынға мен неден жазып едiм, — деп Қабанбай батыр арқылы жолдаған сәлем хаты осы оқиғадан кейiн жазылса керек. Өйткенi, бұл қара қалмақтың қайраты қайтпай, қазақты қыспаққа алып тұрған қиын тұс едi ғой.

Ендi Қазыбек бидiң Түркiстанда жерлену сырына келейiк. Ол 1763 жылы ақпан айында Далба тауының етегiндегi Теректiбұлақ деген жерде 97 жасында қайтыс болған. Мәйiтiн қыс бойы таудағы сөре тасқа кереге жайып, былғарымен орап, алты қанат ақ үйде сақтайды. Көктем шыға бабаның айтып кеткен аманатымен ұлы Бекболат бастаған қырық жiгiт атпен желiп отырып, Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне апарып жерлейдi. Осынау киелi топырақта қазақтың даңқты хандары мен билерi, батырлары мен дүлдүл азаматтарының қатарында Орта жүздiң биi атанған айтулы әрi данышпан тұлғалардың бiрi Қазыбек би Келдiбекұлы мәңгiлiк дамылдап жатыр.

Менiң оқырманым, Құдайға шүкiр, бар. Қазақстанның қай жерiне барсам да алдымнан сәлем берiп, қызмет қылып, құрметтеп  шығарып салатын азаматтар жеткiлiктi. Байлыққа, билiкке бас шұлғыған  заманда,  тәубе,  қазақтың бәрi бiрдей ұсақталып кеткен жоқ. Ғылымды жоғары қойған, менi ұстаз деп таныған рухы биiк азаматтарға рахмет.

Қазiр анда-санда Фейсбукте отырамын. Қазақ тарихынан сұрақ жауып кетедi, бiреулер ақылдасады, бiреулерi даулы мәселелерге төрелiк жасауымды өтiнедi, шамам келгенше, көз шыдағанша жауап беремiн. Бiрнеше сайттармен, соның iшiнде «Казконтент», «Ел орда ақпарат»,  т.б. жұмыс iстеймiн. Оның сыртында «Мәдени мұра», «Дәстүр» журналдары, «Астана ақшамы», «Түркiстан» сияқты газеттер бар, соларды оқимын.

– Қазыбек би есiмiне нелiктен Қаз  дауысты деген сөз қосылып айтылады? Мұның себебiн қалай түсiндiрер едiңiз?

– Бабамыздың «Қаз» атағын алуы 1684 жылдан басталады деп жорамалдай аламыз. Түркi-мұңғыл көш-пелiлерiнiң қоғамдық өмiрi демократиялық тәртiпке негiзделгенi белгiлi. Ал, жаугершiлiк заманда қазақтың да, қалмақтың да қалың ортасында мемлекет пен қоғам өмiрiнiң маңызды деген мәселелерi бүкiл ел басшылары мен қарулы азаматтар қатысқан жиында шешiлген. Осы ұлы нөпiр жиынды «Қаз» деп атаса керек.

«Қаз» –  жалпы жауынгер жасақтың мәжiлiсi, жиыны. Көшпелiлердiң тәртiбi бойынша мұндай жиынға астында аты, қолында бес қаруы жоқ адам қатыса алмайды. Көшпелi қоғамда ондай адамды өзгелер өзiне тең санамайды. Мәселен, бiр жерден қыз айттырамын десе де, алдымен әлеумет шаруасына қатысы бар ма, соған қарайды. Қазға адам көп жиналады, оның шешiмдерi де дауыстың басымдылығымен шешiледi. Дау болып ел екiге жарылса, қай жағының даусы басым, сол жеңедi. Мiне, осындай жерде би-шешеннiң шеберлiгi, даусының күштiлiгi сынға түседi. Бүкiл қазақтың жиынын меңгерiп кету оңай емес. Қазда мемлекеттiң сыртқы саясаты, хан мұрагерлiгi, жер иелiгi мен ел билiгi сияқты жалпы халықтық мәселелер талқыланады. Сол себептен де Бұқар жырау Абылай ханды сөзден тоқтатқан кезде:

              Ашуланба, Абылай,       

              Ашулансаң Абылай

              Көтерермiн көрермiн,

              Көтерiп қазға салармын, — деген.

Қай мәселенi де қазға салу ең алдымен iрi мемлекет қайраткерлерiнiң, ру басы көсемдерiнiң шешiмiмен жүзеге асқан. Халықтық жиындар да iрi мемлекет қайраткерлерiнiң, ру басы көсемдерiнiң қолдауымен  шешiледi.  Егер осы ұсыныстарды  қаз  қолдаса, онда бүкiл  ел қырылып жойылса да сол шешiмдi орындайды. Қаздың маңызын ХVIII ғасырдың аумалы-төкпелi заманында басын бәйгеге тiккен ел азаматтары ғана түсiнсе керек. Бiз қаздың маңызын қазақ халқының  сол  алмағайып заманда  тарих сахнасынан жойылып кетпей аман қалған мысалынан көремiз.

Бұл жерде «қаз»  (хаса ) ең атақты жауынгерлердiң кеңесi, қазiргi тiлмен айтсақ, парламент дегендi бiлдiредi.  Эпос қазға тек  әскери сыннан өткен, жаугершiлiкте  шыңдалған азаматтар ғана қатыса алады дейдi.

Бабамыздың «Қаз дауысты» атануына ең алдымен оның шешендiгi, бүкiл қазақ қауымы жиналған ұлы дүбiрлi жиындарды өзiне бағындырған баурап алу қасиетi, ақылмандығы себеп. Зор дауыстың арғы жағында ғажайып табиғи қасиет, өнер мен бiлiм, ересен интеллектуалды тәрбие жатыр.

– Қазыбек би Келдiбекұлы туралы одан әрi зерттеу жұмыстары Сiздiң кiтабыңыздан кейiн тоқтауы мүмкiн бе? Басқа елдердiң архивтерiнде әлi де айтылмаған тың деректер бар деп ойлайсыз ба?

– Қазыбек би  туралы  зерттеулер тоқтамайды, қайта күшейе түседi. Себебi, бiз Қазақ мемлекетi деген ғажап құбылысты, оның тарихи тамырларын, институттары мен құндылықтарын түсiне бiлуiмiз керек. Мен бастаған шаруаны өзгелер жалғастырады. Тек бiр өкiнiштiсi, қазақи этнографиялық орта, қариялар жоғалып барады. Атқа мiнбеген, жайлауда жүрмеген, далада ер жастанып қонбаған, қариялар аузынан аңыз-әфсанамен сусындамаған, әжелердiң қолынан дәм татпаған адам қазақ тарихын да түсiнбейдi. Қазақ тарихының кiлтi – қазақ этнографиясында, қазақ ауыз әдебиетiнде! Екiншi бiр мәселе, кiлттi алған соң осы қазынаны ашу үшiн еуропалық бiлiм, зерттеу әдiстерi  керек. Осы мәселенi ұштастыру қиын болады. Мен, қазақтың этнографиялық ортасын көрсеткен Аллаға, өздерi ауылда жалғыз қалса да, жасымнан қалаға оқытқан ата-анама ризалық бiлдiремiн. Солардың арқасында қоржынның екi басына да ие болдым.

Тарихи деректер тасқыны әлi таусылған жоқ. Оның бiр көзi қазақтың шежiре-аңыздарында, билiк жоралғыларында, жер-су атауларында, ертегi-жырларында.  Мен жақында өзiнше ру-тайпа болып табылатын, бiрақ саны шағын ғана бiр атаның тарихына қызығып, тереңiрек танысумен айналыстым. Сол атаның iзi Еуразия құрлығында сайрап жатыр, бiр шетi Сарыөзен, ортасы Қазақ жерi, Қырым мен Кавказ, бiр шетi солтүстiк-шығыс Испания! Тек iзден, оқы, жаз!

 

Сандаған мысалды үш биге ғана тели беруге болмайды

– Қазақтың үш алыбы Төле, Қазыбек және Әйтеке билердi мектептерде және жоғары оқу орындарында оқыту жайы қалай? Жалпы, билердiң есiмдерiн ұлықтау, ұрпақ жадында сақтау, жәдiгерлерi мен мұраларын жинастыру жұмыстарына көңiлiңiз тола ма?

– Қазақтың алыптары Төле, Қазыбек және Әйтеке билердi алдымен жоғары оқу орындарында және мемлекеттiк қызмет саласында оқу және игеру керек. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек бидiң Жоңғар ханына айтқан сөзiн Сыртқы iстер министрлiгiнiң әр қызметкерi жатқа бiлуi керек! Ол үлкен кеңселерде үлкен әрiптермен жазылып тұруы керек. Содан кейiн мектептерде және жоғары оқу орындарында  мемлекет басқару және билеу дәстүрлерi туралы оқыту мәселесiн айтуға болады.

Тағы бiр ескеретiн мәселе, қазақтың билерi осы үш бимен шектелiп қалмайды. Қазақта ұлтты ұлт етуге қызмет қылған жүздеген, мыңдаған билер өткен. Қазақтың дәстүрлi ауыз әдебиетiндегi сандаған мысалды  тек осы үш биге жапсыра беруге болмайды. Бiзде халық әндерi, халықтың қария сөздерi деген ұғым бар, олардың шығу тарихы мыңжылдықтарды қамтиды, мүмкiн одан да әрi. Неге қазақтың мақалдары саха-якут немесе лақай мақалдарымен ұқсас, неге Махмұт Қашқари Х ғасырда жинаған дүние бiзде қаз-қалпында сақталған !!! Себебi —  негiзi бiр!

Ал, ендi билердiң мұра-жәдiгерлерiн жинастыру оңай шаруа емес. Үш ғасырдан астам уақыт бұрын тұтынылған заттардың сақталып қалуы да екiталай. Дегенмен, өзiңiз республикалық газеттерде Қазыбек бидiң үш ғасыр сақталған шапаны туралы жазбап па едiңiз. Ол қазiр Астанадағы республикалық музейде тұр.

  – Қарағанды жұртшылығы жуырда Қаз дауысты Қазыбек бидiң 350 жылдығына  арнап ғылыми конференция өткiздi. Тамыздың он сегiзiнде Егiндiбұлақта ұлы дүбiрлi ас берiлгелi жатыр. Түркiстандықтар да Қазыбек бидiң ескерткiшiн iле-шала салтанатты түрде ашпақшы. Сiз өз тарапыңыздан тойға қандай тарту-таралғы  әзiрледiңiз?

 – Иә, сiз бен бiз әңгiме етiп отырған  кiтапта ХVII-ХVIII ғасырлардағы қазақ тарихы жүйелендi. Бабамыздың сөзi түгелге жуық жиналды. Туған, өлген жылдары анықталды. Бiрақ, бiр жағы асығыстықтан, екiншi жағынан кейбiр деректiң уақтылы қолға түспеуiне байланысты аса маңызды бiр-екi мәселе нақтыланбай қалып едi.

Бiрiншiден, Қаз дауысты Қазыбек бидiң «Бiз қазақ деген мал баққан елмiз, бiрақ ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз. Елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жерiмiздiң шетiн жау баспасын деп найзаға үкi таққан елмiз; ешбiр дұшпан басынбаған елмiз, басымыздан сөз асырмаған елмiз. Досымызды сақтай бiлген елмiз, дәмi-тұзын ақтай бiлген елмiз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай бiлген елмiз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елмiз» деп басталатын толғауы 18 жасында емес, 78 жасында, 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылайды босатуға барғанында айтылған. Бұл ондаған жылдарға созылған қазақ пен қалмақтың жаугершiлiгiн ауыздықтап, екi елдiң бейбiт қарым-қатынасын бастап берген кездесу болды.

«Сен қалмақ та, бiз қазақ, Қарпысқалы келгенбiз. Сен темiр де, бiз көмiр, Ерiткелi келгенбiз, Екi елiктiң лағын, Телiткелi келгенбiз. Танымайтын жат елге, Танысқалы келгенбiз. Қазақ-қалмақ баласы, Табысқалы келгенбiз. Танысуға келмесең, Шабысқалы келгенбiз. Сен қабылан да, бiз арыстан, Алысқалы келгенбiз.  Жаңа үйреткен жас тұлпар, Жарысқалы келгенбiз. Тұтқыр сары желiмбiз, Жабысқалы келгенбiз. Берсең жөндеп бiтiмiңдi айт, Бермесең дiрiлдемей жөнiңдi айт. Не тұрысатын жерiңдi айт!» деген сөздi  өмiрден көргенi мен түйгенi мол, жiгерi мен намысы, ақылы мен айласы қатар түсетiн адам ғана  айтады. 

Екiншiден, ауызша әңгiмелерде көп кездесетiн  жоғарыда келтiрiлген бабамыздың қасиеттi сөздерi айтылды дейтiн елшiлiк 1683 жылы болды.

 Осы  және өзге де деректерге сүйенiп, Қаз дауысты Қазыбек бабамызға арнап жазған кiтабымыздың жаңа нұсқасын тойға тарту ретiнде дайындап қойдық.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Ертай БЕКҚҰЛ,«Оңтүстiк Қазақстан». 

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper