"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


«МЕН ТЕК РЕКОРДТАР ЖАҢАРТУДЫ МАҚСАТ ТҰТҚАН ЖОҚПЫН»

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 09:58

Марафоншы, Гиннесс рекордының 7 дүркiн иегерi Марат ЖЫЛАНБАЕВ:

«МЕН ТЕК РЕКОРДТАР ЖАҢАРТУДЫ МАҚСАТ ТҰТҚАН ЖОҚПЫН»

Амосовтың идеясын жүгiру процесiне лайықтап өзгерттiм

— Жасөспiрiм кезiнде жүгiруге онша қызықпаған адамның аса алыс қашықтыққа жүгiретiн марафоншыға, әлемдiк рекордшыға қалай айналғанынан бастайықшы сұхбатты.

— Мен алғашқыда спорттық бағдарлаумен айналыстым. Жаттықтырушым «сенiң осал жерiң – жүгiру жылдамдығың нашар әрi тез шаршап қаласың» дедi-дағы, менi марафоншылардың тобына апарып қосып қойды. Ал, мен олармен жай жүгiрiп жаттығудан жалығып кеттiм. Қызық емес. Зерiгесiң. Жүгiргiм келмейдi...

Жаттықтырушым менi қалай жүгiртудiң амалын тапты. Олар психолог болады ғой. Ал, мен 7 жасымда әке мен шешеден айрылып, балалар үйiнде өскенмiн. Ол жерде сен өзiңдi-өзiң тәрбиелейсiң. Кеңес кезiндегi балалар үйi дегенiңiз кiшкентай түрме сияқты едi. «Дедовщина» дегенiңiз сонда. Өзiңдi-өзiң қорғайсың. Ол үшiн намысты болуың қажет. Менiң жаттықтырушым да маған «Мына марафоншылар клубын сенiң талай құрдас-қатарластарың тастап кеткен. Неге? Өйткенi, нашарлар. Сенiң де солардың бiрi болатының көрiнiп тұр...» дедi.

Бұл сөз менiң жаныма батып кеттi. Жыным келдi, «кiмнiң нашар екенiн көрсетейiн мен саған» дедiм. Сөйтiп, жаным қаламаса да бiрте-бiрте жүгiруге бойым үйренiп кеттi.

— Ондай клубтар кеңес кезiнде кең тараған едi ғой.

— Иә. Кейiн мен өзiм ол кезде керемет жүгiрмесем де  дене тәрбиесi техникумын бiтiрдiм, жүгiруден жаттықтырушы мамандығын алдым. Яғни қалай дұрыс жүгiру керектiгiн бiлемiн. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебi, жас болсын, жасамыс болсын, алғашқы кезден адам дұрыс жүгiрiп бастамаса, ол өзiнiң буындары мен жүрегiн «отырғызып» алады. Әдетте, жаңадан бастағандардың iшiнде бiлмегендiктен нақ сол «бұрыс» жүгiретiндер көп болады.

— Жұртты дұрыс жүгiруге үйрететiн жаттықтырушы көп, бiрақ, солардың бәрi бiрдей Марат Жыланбаевтай «сверхмарафоншыға» айналып жатқан жоқ қой?..

— Мәселе мынада. Мен еңбек жолымды бастаған Екiбастұз қаласы өзiнiң көмiр кенiмен аты шыққаны белгiлi, әйтпесе ол тiптi аудан орталығы да емес. Мiне, осы қаладағы мен құрған «Марафон» деп аталатын жүгiруге әуесқойлар клубы (ЖӘК) сол кезде КСРО-дағы ең әйгiлi клубтардың бiрi болды. Себебi,  Екiбастұздағы марафон спортына көмек көрсеткен демеушiлер құдiреттi едi. Мысалы, «Екiбастұзкөмiр» өндiрiстiк бiрлестiгiнiң бас директоры Вячеслав Валерьянович Каландарашвили. Онда 1-орынға «Жигули», 2-орынға «Урал» мотоциклi, 3-орынға музыкалық орталық тiгiлетiн.

— Бұл дегенiңiз өте қомақты жүлделер ғой!

— Қазiрдiң өзiмен салыстырғанда өте қомақты, ал, ол кезде одан асқан жүлде болмайтын. Мен сол жерде жұмыс iстедiм. Бiз жарнама жұмысын өте жоғары деңгейге көтерген едiк. Ал, Каландарашвилидiң iскерлiгi сондай, ол сол кеңес заманының өзiнде көмiрiн еуропалық елдерге сататын. Оның коммерциялық директоры Каландарашвилидiң өзiнен өткен алғыр болатын. Тiптi, өндiрiстiк бiрлестiк «Нашар тауарды жақсы сата бiлу» деген еуропалық (!) номинацияны ұтып алған едi.

— Шынында да, Екiбастұз көмiрiнiң қызуы Қарағандының көмiрiндей емес қой.

— Каландарашвилиден де зор демеушiлерге шықтық қой – әлемге әйгiлi «Адидастың» өзiмен де жұмыс iстедiк. «Марафон» ұйымдастырған жарысқа қатысуға бүкiл Кеңес Одағынан ең мықты спортшылар келетiн. Және жыл сайын жүлденiң барлығын дерлiк сол сырттан келген марафоншылар  алып кететiн. Маған өзiмiздiң жергiлiктi спортшылар ұтыла бергендi қойып, жеңiске жететiн болсын деген тапсырма берiлдi. Мен өзiмнiң де жаныма батып жүрген бұл мәселенi шешуге құлшына кiрiстiм. Нәтижесiнде өмiрге марафоншыларды даярлаудың мүлдем жаңа әдiстемесi келдi.

— Мiне, мiне, осы әдiстеме жөнiнде кеңiрек айтыңызшы.

— Жалпы, орташа спортшыдан экстра-класс марафоншы даярлап шығару үшiн 7-8 жыл қажет, ол аптасына 50-70 шақырым жүгiрiп отыру керек  деп есептеледi. Мен бұл мерзiм тым ұзақ деген шешiмге  келдiм, сөйттiм де бiр жылда әлгi деңгейге жетуге болатын әдiстеме ұсындым – күнiне 70-80 шақырым жүгiруге шақырдым. Бiрақ, менiң ол әдiсiмдi КСРО-дағы белгiлi спортшылар тым ауыр, адам баласы оған шыдай алмайды деп есептедi.  

— Сiз әдiстемеңiздiң өмiршең екенiн тек өзiңiз нәтижеге жетiп қана дәлелдей аласыз ғой, солай емес пе?

— Дұрыс айтасыз, мен өзiм көрсетуiм керек болды және солай iстедiм де. Бiр мысал. Мен турникке 6 рет қана тартылатын едiм, сол көрсеткiшiмдi бiр айда 50 ретке жеткiздiм.

— О-о, шынында да бұл өте жоғары көрсеткiш! Қалай, қайтiп?

— Жаттығуды көбейту арқылы. Мен жүгiруде де сол бағытты ұстандым. Мен адам буындары, оның жүрегi қалай дамитынын, қалай демалса қалпына келетiнiн зерттеп, бiлдiм.

— Ол үшiн адамның медициналық бiлiмi болуы керек шығар?

— Дене мәдениетi жайлы бiлiм жетедi. Медицина бойынша өзiңiз бiлiмiңiздi жетiлдiруiңiз керек, дәрiгерлермен кеңесу керек. Маған бұл жерде әйгiлi хирург Амосов көмектестi.

— Ол кезде Амосовтың өзiндiк дене шынықтыру тәжiрибесi дүрiлдеп тұрды ғой.

— Мен ол кiсiнiң жаттығуларын мұқият оқыдым, өзiм де iстедiм. Дұрыс екенiн, жүректi нығайтатынын, организмнiң қалпына тез келуiне көмектесетiнiн көрдiм. Марафоннан  жүгiрiп келген соң спортшылар әдетте аяғын көтерiп жатады, одан кейiн үш күн демалады десе де болады. Ал, мен «марафоннан кейiн де тоқтамаңдар, Амосовтың 1000 жаттығуын жасаңдар» дедiм. Олар сенбедi. Сосын ешкiмге айтпай өзiм жасаумен болдым. Мен тыныққан кездiң өзiнде де жаттығу жасадым. Мiне, қазiр де өзiм жаттықтырып жүрген шәкiрттерiме «жүгiрiп келген соң да менiң жаттығуымды қайталаңдар» деймiн. Және мен Амосовтың 1000 жаттығуын сол күйi көшiрiп ала салған жоқпын ғой, оның идеясын жүгiру процесiне лайықтап өзгерттiм.

— Сiз әдiстеме жасағанда қай жаттығу қанша рет жасалды, олардың әсерi — бәрiн қағазға түсiрiп отырдыңыз ба? Яғни, ғылыми тұрғыдан келдiңiз бе?

— Жоқ, мен ғылыммен айналысқан жоқпын. Өйткенi, ол жаттығулардың жүректi, буынды нығайтатыны, шынықтыратыны көрiнiп тұрды.

— «Сверхмарафонец» немесе ультрамарафоншы болу идеясы бiрден пайда болды ма, жоқ бiрте-бiрте табиғи түрде  солай қалыптастыңыз ба?

— Ешкiм сенбеген әдiстемемнiң дұрыс екенiн дәлелдеу барысында биiк нәтижелерге қолым жеттi. Ендi соны құжат түрiнде бекiту үшiн мен Қазақстанда алғашқылардың бiрi болып Лондондағы Гиннесс рекордтар кiтабына тапсырыс бердiм. Ол кезде хат ары қарай 1 ай, берi қарай 1 ай жүредi. Мен ультрамарафондағы 3 рекордты жаңартуға арыз бердiм. Жаңарттым да. Жалпы, мен 7 рекордты жаңарттым.

Ал, шындап кiрiссем рекордтың 100 шақтысын жаңартуға шамам келетiн едi. Жаттығуларымның алғашқы бiр жылынан кейiн 15 күнде 30 емес, 350 күнде 700 марафон жүгiруге дайын едiм. Календарлық бiр жыл (365 күн) iшiндегi 226 марафон деген ойыншық болатын мен үшiн. Жұрттың бәрi «Рекорд! Рекорд!» дейдi, ал, мен тек рекордтарды жаңартуды мақсат тұтқан жоқпын. Менiң шыдамдылығым (выносливость) жаттығуларымның арқасында 1 жылда еселеп өстi. Мен соны дәлелдеудi мақсат тұттым. Рекордтар – соның қағаздағы растаушылары ғана.

Қолымды да, жолымды да қаражат байлады

— Жақсы, шыдамдылықты күшейттiңiз. Оны рекордтармен дәлелдедiңiз. Ал, шөл далаларды жүгiрiп өту идеясы қайдан туды? Австралиядағы Үлкен Виктория шөлiн 4 түйеге мiнiп кесiп өткен Робин Дэвидсон деген әйелдiң «Саяхаттар бiтпейдi» деген кiтабын оқыған соң «мен неге көрмеске» деп ойлағаныңызды бiлемiн. Бiрақ, әлемдегi ең iрi шөлдiң бәрiн жалғыз жүгiрiп өту деген... Бұл тек намысқой қазақтың ғана қолынан келетiн көзсiз ерлiк қой!

— Мен жасымнан саяхат атаулыға құмар болдым. Саяхатшылар туралы кiтапты өте көп оқыдым, олардың кейiпкерлерi, әсiресе, Робинзон Крузо менiң ең сүйiктi қаһарманыма айналды. Өйткенi, ол аралда жалғыз өмiр сүрiп үйрендi ғой.  Балалар үйiнен талай рет қашып кеткен болатынмын. Менiң Бродяга деген лақап атым болды. Бала күнiмде Новосибирск пен Шымкентке дейiн жеткенмiн. Тек «тоқ қала» — Ташкентке жеткiзбей ұстап алды...

Дэвидсон түйеге мiнiп кесiп өтсе, мен жаяу жүгiрiп өтейiн дедiм. Түйемен қызық емес қой. Сынағасын адам өзiн осылай сынау керек... Мен ол кезде марафон жүгiргенде су iшпеуге де өзiмдi әбден үйретiп алған едiм. Әрi соны да iс жүзiнде тексерiп көргiм келдi. Қазiр де бiр күнде төрт жаттығуым болады, бiрақ, мен суды үйге барған соң бiр-ақ iшемiн. Адам ағзасы бәрiне үйренедi, соның iшiнде шөлде су iшпегенге де. Шөл екен деп, оның үстiне марафон екен деп суды көп iше берсең, денедегi су мен тұздың тепе-теңдiгi бұзылады. Суды көп iшетiн адамның денесiндегi шлакпен қоса ағзаға қажеттi тұз да шайылып кетедi. Соның салдарынан көп ауру пайда болады. Суды iшу керек, бiрақ, организм өзi сұраған кезде. Артығымен iшуге болмайды. Жануарлар, аңдар ешуақытта артық су iшпейдi. Түйеден басқа, бiрақ, ол оған керек. Организмдi тыңдап үйрену керек. Әйел адамның жүктi кезiнде неге ащы нәрсе жегiсi келедi? Ағзаға керек болғаннан кейiн. Екiншi жағынан, дененiң қалаған нәрсесiнiң бәрiн де iстей беруге болмайды. Дене, мысалы, көп демалғысы келедi. Тойып тамақ жегенге, сыра iшкенге, жата қалуға құмар, тiптi, ол арақ iшiп, наша да шеккiсi келедi...

— Әдiстемеңiз шөлдегi сынақтарда өзiн толық ақтады ғой? «Қарақұмды кесiп өткенде өлiп қала жаздағаныңыз» қалай болды?

— Әрине, ақтады! Егер менiң осы әдiстемем болмағанда мен ол шөлдiң бәрiн жалғыз жүгiрiп өте алмас едiм. Қарақұмда қиын болған себебi, ол жерде кеңес заманы орнағанға дейiн болған 25 мыңдай құдықты қызыл әскерлермен соғыс кезiнде басмашылар, дұрысы азат өмiрi үшiн күрескен жергiлiктi түркiмен халқының өзi көмiп кетiп отырған. Олардың көбi сол бойы жарамсыз болып қалған. Бүгiнгi таңда суы бар әр құдықтың арасы шамамен 80-100 шақырымды құрайды. Ең қиыны – құдықтың суы таза ма, iшуге жарамды-жарамсыз ба, уланғаннан сау ма, сау емес пе, бiлмеймiн ғой. Ал, менiң оны залалсыздандыратын таблеткаларым таусылып қалды. Сүзгiден өткiзе алмайсың... Құдық мәселесi өте ауыр болғаннан кейiн ғой менiң оны көктемде жүгiрiп өткенiм. Әрi көктемде құмда тамақ табу да оңайырақ...

— Айтпақшы, сiздiң шөлдегi марафондарыңыздың ең қысқасының өзi 17 күндi құраған. Шөлде немен қоректендiңiз?

— Мен оған да арнайы дайындалдым ғой. Жылан, тасбақа, түрлi бақа-шаяндарды аулап, олардан тамақ дайындауды үйрендiм. Ал, Австралиядағы Үлкен Виктория шөлiн жазда да жүгiрiп өтуге болады.

— Неге?

— Ол жердегi шөлдiң өзi басқаша. Үлкен-үлкен бұталар, ағаштар кездеседi. Америкадағы Невада шөлi – ең ыстық аймақ. Ал, ең ауыр болғаны – Сахараны кесiп өту. Оны бiрге ерiп жүретiн көмекшiлерсiз жалғыз өту – мүмкiн емес.

— Ең басты қауiп-қатер неден екен?

— Сахараның дөңдерiнiң, жалдарының биiктiгi 350 метрге дейiн жетедi. Орташа есептегенде — 100 метр. Соған көтерiлудi, одан түсудi ойлаңыз. «Умный в гору не пойдет, умный гору обойдет» дейдi ғой, шама келсе айналып өтуге тырысасың. Ал, мұның жолды ұзартатыны сөзсiз. Қарақұмда жүгiрiп өткен жолым тура ирелеңдеген жыланнан айнымай қалды, себебi, мен құдықтан құдыққа қарай жылжумен болдым. 

— Жалпы, Қарақұмда сыртқы әлеммен ешқандай байланыста болған жоқсыз ғой?

— Жоқ. Гиннесс қызметкерлерi белгiлеген жерде қалдырған құжаттарын есептемегенде. Мен оларды тауып алып қолымды қоямын, жартысын өзiммен бiрге әкетемiн. Кейiн оны Гиннесс қызметкерлерiне тапсырамын. Тағы бiр қағазда келесi құжат жатқан жердiң координаттары көрсетiледi, мен карта бойынша ендi солай қарай жүгiрiп, оны барып аламын. Ары қарай және солай. Гиннестiктер менiң қол қойған қағаздарымды кейiн жинап алған болуы керек, әйтпесе сертификат бермес едi ғой...

— Сiз ультрамарафондардағы рекорд атаулыны жаңартып болдыңыз – сiздiң ол рекордтарыңыздың әлi күнге мұрты бұзылмай тұр! Сосын адам қиялына сыймайтын әрекетке дайындала бастадыңыз – адам баласының арасында алғашқысы болып бiр жыл iшiнде Жер шарын айналып, тоқтамай жүгiрiп шығуға ниеттендiңiз. Ол рекордты жасауға не кедергi болды?

— Мен психологиялық, спорттық тұрғыдан абсолюттi дайын едiм. «Барғызбасың – барғызбас» деген сөз дұрыс екен, сол ақша деген құрғыр барғызбады ғой.

— Әлемде тұрақты түрде өткiзiлiп жататын дәстүрлi ультрамарафон көп. Сiз оларға қатысып көрдiңiз, жеңiмпаз да, жүлдегер де болдыңыз. Демеушi табылмаса, мемлекет қолдамаса, өзiңiз жаңағыдай марафонның бiразына қатысып, жеңiмпазға берiлер жүлдемен-ақ өзiңiздi өзiңiз қаржыландырмадыңыз ба?

— Ондай марафондарға қатысуға тапсырыс беру үшiн де мыңдаған доллар қажет қой. Бару, келу, жатар жер, iшер тамақты айтпағанда. Менi соларға да жiбермей қойды ғой. Әйтпесе, мен 100 шақырымдық, 1000 шақырымдық, басқа да марафонның бәрiне қатысуға дайын едiм.

— Жараған тұлпар секiлдi әбден бабыма келген кезiм едi ғой десеңiзшi!

— Нақ өзi! 1995 жыл спорттық бабымның әбден толысқан шағы едi. Министрге дейiн, одан да жоғары орындарға хат жаздым. Ештеңе шықпады. Айтатындары: «ақша жоқ!» Ал, мен өзiмнiң бар жиған қорымды 1990—1992 жылдардағы марафондарға қатысуға, әлемнiң шөлдерiн жүгiрiп өтуге жұмсап қойған болатынмын.

—Ең үлкен арманыңыз орындалмады... Сiздiң қатты күйзелгенiңiз сонша, ауруханаға түсiп қалдыңыз. Тiптi, содан кейiн 17 жыл бойы жүгiрудi қойып кеттiңiз...

— Өзiңiз ойлаңызшы, қазақтың атын әлемге жаятын қандай тамаша мүмкiндiктен  айрылып қалдық... Мен жынданып кете жаздадым. Мәскеудiң ауруханасына қалай тап болғаным есiмде жоқ. Дәрiгерлер «мынадай жағдайдан соң жынданып кетуiңiз әбден мүмкiн едi, қайта сiз «жеңiл құтылдыңыз» – бар болғаны амнезияға, жадыны жоғалту ауруына ғана ұшырадыңыз» дестi.

Қалай жынданбайын, бiздiң шенеунiктер —  министрi бар, басқасы бар, алдында маған уәде бермесе бiр сәрi едi ғой! Олар аямай уәде бердi. Ал, жеме-жемге келгенде, бiр апта қалғанда «ақша жоқ» десiн!.. Мен сатуға болатын нәрсемнiң бәрiн саттым, қарызға кiрдiм. Бiрақ, қажет қаржыға қол жеткiзе алмадым, есесiне банкрот болдым...

Жадымды жоғалтқан маған дәрiгерлер жүгiрумен айналысуға тыйым салды. Әйтпесе, менiң жер шарын айналып жүгiрiп шығу деген арманымның соңына қайтадан түсуiм мүмкiн ғой...

— «Фарцовщик» кәсiбiңiздi еске түсiрiп, суреттерiңiздi шетелдiктерге сатуға тырысып көрмедiңiз бе?

— Сiз кезiнде менiң суреттерiмдi бiр ФРГ азаматына 3000 долларға сатқанымды меңзеп отырсыз ғой. Дұрыс, мен кеңес заманында онымен де айналыстым. Асқан сақтықпен. Бiрақ, өмiр өзгерiп кеттi ғой – менiң суреттерiм Батыспен екi ортада «темiр тор» тұрған кезде құнды, бағалы едi, кеңес өкiметi құлап, шекара ашылған соң ондай суреттердi сату-сатып алу ешқандай қиындық тудырмай қалды.

 — Сiздiң суреткерлiк жаратылысыңызға, талантыңызға жүгiру процесiнiң әсерi болған жоқ па? Мысалы, құмның iшiнде сағаттап бiр өзiңiз келе жатырсыз. Неше түрлi пейзажды көресiз....

— Жоқ, ондай ешнәрсе байқамадым. Егер жадымның бiр бұрышында жатталып, қатталып, «оянатын» сәтiн күтiп бүк түсiп жатқан болмаса...

— Сiздiң бойыңызда қазiр екi талант  бар, бiреуi – суретшiлiк, бұл туабiттi талант; екiншiсi – спортшылық, марафоншылық, бұл сiздiң өмiр сүре келе өз бойыңызда өзiңiз қалыптастырған қолекi талант. Сiздiң жағдайда екiншiсi басым түскен болып тұр ғой?

— Туабiттi талантың болу аз, оны күн сайын жаттығып, дамыту керек, әйтпесе құм басқан құдық сияқты көмiлiп қалады. Жүгiруге да аз-кем  туабiттi талантым болған шығар, бiрақ, мен көп жүгiрдiм, үздiксiз жетiлдiрдiм ғой оны...

— «Кемеңгерлiк дегенiмiз 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деп кеткен Лев Толстойдың айтқанындай болып шықты десеңiзшi.

— Иә. Мен қазiр сурет салуды қайта бастасам, жарты жылдан соң бұрынғы деңгейiме жетуiм мүмкiн. Ал, жүгiруден...   Қанша жүгiрсем де 1995 жылғы нәтижеге жете алмаймын – кәрiлiкке дауа жоқ... Мен, бiрақ, қазiр де күнiне 20-25 шақырым жүгiремiн. Жанымның қалауы бұл.

— Яғни, кез келген адам жаттығу арқылы күнiне өз жанының қалауына 10, 15, 20 шақырым жүгiре алатын болады? Және бұл денсаулыққа тек қана пайдалы?

— Нақ солай! Мiне, осы сiздiң алдыңызда ғана 62 жастағы кiсi 10 шақырымын жүгiрiп, үйiне қайтып кеттi. Бұған дейiн ешқашан жүгiрумен айналысқан емес! Бiр айда қолы жеткен көрсеткiшi. Ендi ол кiсiнiң тобындағы адамдарға жаттықтырушы керек емес. Өздерi жүгiре беретiн болады.

Тек құлшынғаннан ешнәрсе  шықпайды

— Сiздiң әдiстемеге сүйенiп нағыз спортшыны, олимпиадаға қатысып, марафоннан жүлде алатын спортшыны да даярлап шығуға бола ма?

— Әрине, болады! Тек ол үшiн алдымен 11-13 жасар балалар арасында iрiктеу өткiзу керек. Таланттарды табу керек. Тест тапсырту қажет. Солардың iшiнен 100 баланы алып, соларды медициналық тексеруге салып, қайсысының организмi дамуға, яғни, жоғары нәтиже беруге бейiм, соларды таңдап алу қажет. Кiмнiң қанында бейiмдiлiк күштiрек, әне соларды жаттықтырса марафоншы шығады. Жүгiру кениялықтар мен эфиопиялықтардың қанында бар, бiз де сондай жүгiруге бейiмдiлiгi қанында бар балаларды таңдап, тауып жаттықтырсақ қана нәтиже шығады. Әйтпесе, бәрi бекер.

— Өзiңiзде сондай марафонға жүгiруден олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарсам деген құлшыныс болған жоқ па?

— Құлшынғаннан ешнәрсе шықпайды, спорттық база керек. Мысалы, Астанада хоккейдiң базасы, спорт сарайы бар, велосипедтiк спорттың да базасы — велотрек бар, ал, жеңiл атлетиканың ондай базасы жоқ. Түсiнген адамға олимпиадаларда жеңiл атлетиканың 26 түрiнен жарыс өтетiнi, оның «спорт ханшайымы» аталуы тектен-тек емес. Астана әкiмдерi жеңiл атлетикаға арналған ғимарат саламыз деп уәде берiп жүр, қашан салатынын...

Сосын жай ғана, көп базаның бiрi емес, ұзындығын бiр шақырым етiп, төбесiн жабық етiп салса, қасында мектеп-интернаты, онда оқитын, жаттығатын балалардың тамақтану мәселесiн шешетiн базасы да болса деймiн. Өйткенi, жаттықтырушының үнемi бақылауында болатын дұрыс тамақтану – өте маңызды мәселе!

Үлкен спорттық нәтиже үшiн мемлекет, үкiмет, министрлер мүдделi болуы тиiс. Олар мүдделi емес. Неге? Жоғары жалақы төлеп, шетелдерден жақсы жаттықтырушылар әкелу керек. Ол жаттықтырушылар өзiнiң шәкiрттерiн тәрбиелеп шығарады. Бiрақ, бұл әдетте 2-3 жыл емес, 7-8 жылға, ұзаққа созылатын процесс. Министр ондай жаттықтырушыларды әкеледi, ал, оның жемiсiн кiм көредi? Дұрыс, келесi министр көредi! Тiптi, одан да кейiнгi министр көруi мүмкiн. Жұмыс iстеп тұрған министрге сол керек пе?.. Елдiң болашағын емес, өз еңбегiнiң жемiсiн жегiсi келетiн министрлер жаттықтырушыны емес, дайын спортшыны сатып әкеледi! Бiз бұл жүйенi өзгертпей, отандық жақсы спортшыларды даярлай алмаймыз...

Сондықтан, мен алдыма ондай мақсатты емес, қалың көпшiлiктi, бiрiншi кезекте барлық мектеп оқушыларын дұрыс жүгiруге үйрету, баулу деген мақсат қойып отырмын. Мен қазiр үш жылдан берi Астанада осы мақсатымды iске асыру жолында жаттықтырушылықпен айналысып жүрмiн. Өзiмнiң жүгiру мектебiмдi ашқым келедi. Не үшiн? Стайерлiк қашықтықтарға – 5 шақырым, 10 шақырымға тұрақты түрде жүгiрiп тұру – денсаулығыңыздың мықты болуының кепiлi! Дамыған елдерде еңбектеген баладан бастап еңкейген кәрiге дейiн жүгiредi. Сантехниктен президентке дейiн жүгiредi.

— Көне гректердiң Олимп тауының жартасына қашап тұрып: «Денiм сау болсын десең – жүгiр! Ақылды боламын десең – жүгiр! Сұлу боламын десең – жүгiр!» деп жазуында үлкен мағына бар дейсiз ғой?

 — Әрине!

— Дұрыс екен. Осы тақырыпты ары қарай жалғасақ. Бiз қайтсек Марат Жыланбаевтың өмiр бойы жинаған бiлiмiн көптiң пайдасына жарата алатын боламыз?

— Мен кiтап жазып жатырмын. Құдай қаласа, қыркүйек айында шығады. Онда өмiрбаяным да айтылады, жаттығуды қалай дұрыс жасау жөнiндегi нұсқаулар да болады.

— Тамаша! Мысалы, мен, Шымкентте тұратын адам, сол нұсқауларыңызды оқып, пайдалана отырып, сiздiң 62 жасар шәкiртiңiз секiлдi бiр айдан кейiн 10 шақырымға жүгiре алуым  мүмкiн бе?

— Кесiп айту қиын. Өйткенi, бастапқы кезде сiздiң қасыңызда мiндеттi түрде  жаттықтырушы болуы тиiс. Ол сiзге дұрыс жүгiру техникасын қойып бередi ғой. Мысалы, мен дұрыс жүгiрiп үйрену үшiн менiң жыл бойы жалаңаяқ жүгiрген кездерiм болды. Қыста да, жазда да. Алты марафонға жалаңаяқ қатыстым.

Жеке, өз бетiнше дайындалып та нәтижеге жетуге болады. Шымкентте де жаттықтырушылар бар ғой... Ең бастысы, жүректi отырғызып алмасаңыз болды.

— Сiздi шетелге тұрақты қоныс аударуға шақырушылар болған жоқ па?

— Болғанда қандай! Алыстағы Америкадан бастап, қасымыздағы көршiмiз Ресейге дейiн. Әлi күнге дейiн шақырады. Бiрақ, мен Қазақстаннан кетпеймiн, тiптi, жердегi жұмаққа шақырса да бармаймын. Өйткенi, бiз кеңес заманында өстiк, тәрбиелендiк, елiмiздiң патриоты болу бала күннен санамызға сiңдi. Мен әскерде танкист болдым. Бiр күнi бiздiң полкты командир сапқа тұрғызып, «Ауғанстанға ерiктi болып баратын адам болса – бiр қадам алға шықсын!» дедi. Мен бiр қадам алға шықтым. Мен ғана емес, бүкiл полк бiр қадам алға шықты... Мiне, бiз сондай патриот болып өстiк. Мен ешқандай партияда жоқпын, сонда да Екiбастұз қалалық мәслихатына екi рет депутат болып сайландым. Депутаттық қызметiм үшiн жерлестерiмнiң бетiне қызармай қарай аламын. Қазақстандағы өмiр Батыстағыдай емес, кемшiлiгi көп деп кете берсек, елiмiздi кiм жақсы ел етедi?..

— Рахмет, Мәке! Дегенiңiзге жетiңiз!

Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «Оңтүстiк Қазақстан». 

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper