"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ЕЛДIҢ ДӘУЛЕТIН СӘУЛЕТIНЕ ҚАРАП ТАНУҒА БОЛАДЫ

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 11:23
ЕЛДIҢ ДӘУЛЕТIН СӘУЛЕТIНЕ ҚАРАП ТАНУҒА БОЛАДЫ

 

Облыс экономикасының нақты жағдайын бүгінгі құрылыс жұмыстарының қарқынына қарап білуге де болады. Осы қағидаға сүйенсек, бұл күнде өңір экономикасының өркендеу үстінде екеніне көз жеткізесіз.Жыл сайын қаншама әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Құрылыстың қарқын алуының арқасында, ең алдымен, облыстың әлеуметтік мәселесі шешілуде, жаңа мектептер, ауруханалар, балабақшалар халық үшін өз алдына бір игілік болса, екінші жағынан, өңірдегі жұмыссыздық деңгейінің азаюына да лайықты үлесін қосуда. Иә, елдің сәулетіне қарап, дәулетін танисыз. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашевпен сұхбатымыз да осы ойлардың төңірегінде өрбіді.

 

– Құттыбек Рахматуллаұлы, құрылыс саласы бойынша өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды, нендей нәтижелерге қол жеткізілді?

– Былтыр облыстық құрылыс басқармасы арқылы 233 инвестициялық жоба іске асырылды. Осы мақсатқа орай 66 миллиард 452,2 миллион теңге қаралды. Инвестициялық жобаларға тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдіктері. 2017 жылы 233 нысанның 115-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған болатын. Бұл меже толық орындалды. Яғни, былтыр 115 нысанның барлығы да ел игіліне пайдалануға берілді. Өткен жылғы құрылыстарға қаралған қаржы 100 пайызға толық игерілді. Былтыр білім беру саласы бойынша 82 нысанның құрылысы жүргізілді. Соның ішінде мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 35 мектеп салынды. Оның 19-ы 2016 жылы басталса, былтыр 16 мектептің құрылысы қолға алынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде, 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 20 мектеп пайдалануға тапсырылса, 15 білім ошағының құрылысы биылға қалдырылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы 600 орынды мектеп құрылысының былтыр жоспардан тыс біткенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек аудандық, қалалық бюджет есебінен 12 білім беру ошағы бой көтерді. Жалпы, өткен жылы барлығын қосқанда 44 білім мекемесі ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Соның арқасында өңірде балабақша, мектеп тапшылығы біршама төмендеді. Апатты мектептер саны да біраз қысқарды. Ал, облыстық бюджеттен қаралған 3,7 миллиард теңгеге 38 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның 33-і былтыр пайдалануға берілсе, 4 емхана мен 1 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Сонымен бірге, Шымкент қаласындағы №1 психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне жапсарлас салынған 110 орынды ғимараттың тұсауы кесілді. Ақсукент ауылында 30 орынды уақытша ұстау изоляторының іргетасы қаланды. Бәйдібек пен Сарыағаш аудандарында 350 орынды мәдениет үйлері ауыл тұрғындары үшін есігін айқара ашты.

– Тұрғын үй құрылысы бойынша да мәлімет бере кетсеңіз...

– Былтыр облыста қаржыландырудың барлық көздері арқылы 980,4 мың шаршы метр немесе 279 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша 649,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 369,9 мың шаршы метрі немесе 4777 пәтер – көпқабатты, қалған 279,5 мың шаршы метрі немесе 1860 пәтер – жеке тұрғын үй. Осының нәтижесінде 6637 оңтүстікқазақстандық отбасы баспаналы болды. Тұрғын үйлердің құрылысына 45,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл қомақты қаржының 20,1 миллиард теңгесі – мемлекет инвестициясы. Тұрғын үйлер салуға былтыр 2016 жылмен салыстырғанда қаржы 8,9 пайыз көп бөлінді. Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы жоспардағы 550,6 мың шаршы метрдің орнына 649,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

– Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы өңірде халықты баспанамен қамтамасыз етудің жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Ендеше, осы бағдарламадағы қолдау тетіктері, олардың әрқайсысы қалай жүзеге асырылатыны жайлы айтып берсеңіз.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №922 қаулысымен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бекітілді. Бұл құжаттың басты мақсаты – халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету және нарықта түрғын үй құрылысын ынталандыру. Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мен «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында қаралған қаражаттар осы бағдарлама бойынша берілуде.

Бағдарлама негізгі бес бағыттан тұрады. Біріншісі –ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыру бағыты. Мұнда екінші деңгейлі банк тарапынан ипотекалық тұрғын үйдің жылдық 16 пайыз мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған. Ол үшін бағдарламаға қатысушы міндетті түрде мына шарттарды орындауы тиіс. Несие 180 айға дейін беріледі. Қарыз алушының шотында тұрғын үй құнының 30 пайызы жинақталуы керек. 15 млн. теңгеге дейінгі ипотекалық тұрғын үйлердің ғана пайыздық мөлшерлемесі субсидияланады.

Екінші бағыт – жеке құрылыс жүргізушілерді ынталандыру. Бұл бойынша екінші деңгейлі банктен несие алушы құрылыс компаниялардың қарызының 7 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы субсидиялап, қаржылық әлеуеттерін жақсарту көзделген. Осы бағытқа сәйкес былтыр облыста 16 құрылыс компаниясы 107 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізді. Ол 430,6 мың шаршы метрді немесе 5405 пәтерді құрайды. Нәтижесінде 432 пәтерден тұратын 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, былтыр 9 қарашада өңірлік үйлестіру кеңесінде 3 жоба субсидиялау бойынша қолдау тапты.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үйлер салу – бағдарламаның үшінші бағыты. Оған «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары, кезекте тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлері кіреді. Кредиттік баспаналар салуға қаржы Ұлттық қордан, жергілікті атқарушы орган шығарған облигациялар есебінен және квазимемлекеттік субъектілерден тартылады. Мұндай үйлердің 1 шаршы метрінің өзіндік шекті бағасы бар. Мәселен, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалалары үшін ол 180 мың теңгені құраса, қалған өңірлерде 140 мың теңгеден аспауы тиіс. Осының аясында облыста былтыр Ұлттық компаниялар және жеке құрылыс салушылар тарапынан 84 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Жылдың аяғында соның 49-ы пайдалануға беріліп, 2662 отбасы үйлі болды.

Төртінші бағыт халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жалға беретін, яғни арендалық тұрғын үйлер салуға арналған. Осы бағыттың аясында былтыр 88 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, оның 47-сі немесе 2176 пәтер кезекте тұрған азаматтарға уақытша пайдалануға берілді. Соның ішінде 4 үй Ұлттық қордың, қалған 43 үй облыстық бюджет есебінен тұрғызылды. Жыл қорытындысы бойынша арендалық үйлер құрылысына бөлінген қаржы толықтай игерілді.

Бесінші бағыт жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды көздейді. Бұған сәйкес, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылған жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі.

Бүгінгі күнге облыс орталығында бірыңғай сәулеттік стильде пилоттық жобаларды іске асыру басталды. Бұл жобалар бойынша инфрақұрылым жүйелері жүргізілген, құрылысы біткен дайын коттедждер жергілікті атқарушы органда жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға несиеге немесе қолма-қол ақшаға сатып алуға беріледі. Бағдарламаға сәйкес тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспауы тиіс.

Сонымен қатар, өткен жылы 8,9 миллиард теңге мемлекеттік бюджет қаржысына 21 инфрақұрылым нысаны салынып, оның 8-і пайдалануға тапсырылды. Осының арқасында жеке тұрғын үй құрылысына арналған 5704 жер телімі тиісті инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз етілді.

– Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері Шымкент қаласының қай аумағынан берілді?

– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының бесінші бағыты бойынша 2 пилоттық жоба іске асады. Оның біріншісі «Бозарық» шағынауданында 20 гектар жер телімінде 166 жеке тұрғын үйден құралған «Бозарық» тұрғын үй кешенінің бой көтеруі болса, екіншісі – «Бозарық-2» тұрғын алабында 80 гектар жер учаскесіне 600 жеке тұрғын үйдің салынуы. Бүгінгі таңда үйлер мен инфрақұрылым жүйелерінің жобаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Істеріңізге сәттілік тілеймін! Ой бөлісіп, әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper