"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«АДАМДЫ БАРАРЫНДА ЕМЕС, ҚАЙТАРЫНДА СЫНА»

Дүйсенбі, 08 Қаңтар 2018 11:16
«АДАМДЫ БАРАРЫНДА ЕМЕС, ҚАЙТАРЫНДА СЫНА»

 

Орынбасар ТАСТАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әділет департаментінің басшысы: «АДАМДЫ БАРАРЫНДА ЕМЕС, ҚАЙТАРЫНДА СЫНА»

 

– Орынбасар Зайдинұлы, облыстық әділет департаментіне басшы болып қайта оралуыңыз құтты болсын!

– Рахмет. Мен елімнің солдатымын. Қайда бар десе де дайынмын.

– Астанада, министрліктің көз алдында жүргеніңіз Сізге тиімді болды ғой деймін. Бұрын екінші едіңіз, енді бірінші басшы болдыңыз. Әлде, мұның басқадай себептері бар ма?

– Мен үшін ең бастысы міндетіңді өте жақсы білу, екіншіден – адал, таза атқару. Қазақта «Адамды барарында емес, қайтарында сына» деген өнегелі сөз бар. Облыстағы әділет департаментінің басшысы Шығыс Қазақстан облысына ауысқан соң министрлік бос орынға іріктеу байқауын жариялады. Мен де үміткер ретінде құжаттарымды тапсырдым. Иә, таңдау ұзаққа созылды.

Мана өзіңіз айтқан министрліктің көз алдында міндетімді атқарудағы іскерлігім, жүріс-тұрысым, мінез-құлқым, тағы басқа да адами қасиеттерім себеп болған шығар, таңдау маған түсті. Бұл – жауапкершілігімді, еңбекке құлшынысымды бұрынғыдан екі-үш есе арттыра түсті. Оның үстіне төрт ай болса да Астанада үлкен астаудан дәм тата жүріп, едәуір тәжірибе жинақтадым. Оның алдағы еңбек жолыма арқау болары сөзсіз.

– Себеп-салдардың бірқатарына қаныға түстік. Енді негізгі әңгіме желісіне ауысалық. Әр басшы сыпырғыны өзінше ұстап, өз қалауынша пайдаланады. Сіз Ерлан Сламханұлы екеуіңіз ұзақ жылдар бойы қоян-қолтық араласа жүріп, департаменттің берекелі істерінің басы-қасында жүрдіңіздер. Сол кездерде «Былай істесек дұрыс болар еді» деген ойларыңызды қазір жүзеге асыруға кірістіңіз бе?

– Сіздің сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Қанша астарласаңыз да, айтарым ақиқаттың ауылынан алыс емес. Ерлан Сламханұлы екеуміз түйдей құрдаспыз. «Құрдастың құдайы бір» деген. Бес жыл бойы қоян-қолтық араласа жүріп, еңбек еткен уақыттарда екеуміздің жырымыз да, сырымыз да, мақсатымыз да бір болды десек шындықтан ауытқымаймын. Оның айтқанын мен, менің айтқанымды ол қолдап отырды. Әрине, дұрысын. Ал, бұрыс болғанының өзі өте сирек. Сондағы сыпырғы сол күйінше – қолда. Жақсы іс жалғасын тауып жатыр. Жалғаса да береді. Біздің еліміз бағалай білгенге өміршең ел ғой. Өміршең өмірде жаңалықтар көп болады. Жаңалықтарға ілесе алмасаңыз, көштің соңында қаласыз. Алдына шығып, оны бірінші болып қолдана алсаң, онда мәңгілікке жол тартқан еліңнің мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтатқаның.

─ Өткен жылдың айрықша ерекшелігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы болды. Осыған орай, Сіз басқарып отырған департамент мақалада атап көрсетілген мәселелер бойынша қандай іс-шаралар қабылдап, жүзеге асыруда?

–  Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мемлекеттің рухани өміріндегі әрі саясатындағы басты бағыттарға жаңаша леп әкелген дүние болды. Жалпы алғанда, рухани өмірдің әрбір саласына талдау мақалада терең әрі нанымды берілген. Әсіресе, ескі мен жаңа секілді философиялық категориялардың нақты жазылуы, Елбасының өз аузынан шығуы көп жыл руханияттан қол үзіп қалған халқымызды үлкен серпіліске үндеді.

Ұлттың рухани коды туралы мазмұнды әрі мәнді айтылған. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Батыс мәдениетінің озығы да, тозығы да бар. Мен Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген сөзімен толық келісемін!          Президент «Цифрлы Қазақстан», «Үш тұғырлы тіл», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты ұзақ мерзімге жоспарланған бағдарламалар аясында алдымызға нақты міндеттер қойды. Бұл орайда, облыстық әділет департаменті «Өзіңнен баста» атты акциясы аясында қызметкерлердің «электронды үкіметтің» веб-порталына және «мобильді үкіметке» тіркелді. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Ал, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастары­мыз­дың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қолға алды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті көрсету бойынша ақпараттың толықтығы мен олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әділет департаменті мен қалалық, аудандық басқармалары және аумақтық сот орындаушылар бөлімдері мемлекеттік қызмет көрсету түрлері бойынша мемлекеттік қызмет алушыларға арналған және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің «онлайн» тіркеуі туралы ақпараттық жадынамалар әзірленіп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес  АҚ филиалы мен өңірдегі халыққа қызмет көрсету ғимаратындағы мемлекеттік қызметті пайдаланушылар үшін қолжетімді жерлерге орналастырылды. Бұл жөнінде департаменттің интернет ресурсында инфографика орналастырылып, ол халық арасына таратылды. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін кеңінен насихаттау мақсатында былтырғы 10 айда жалпы 61 семинар өткізілді. Сонымен қатар, 9 «дөңгелек үстел» мәжілісі, 17 лекция, 4 сұхбат, 3 мақала жарияланды. Қараша айының 7-11 күндері аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының нотариаттық палатасымен бірлесіп, жеке нотариустарға жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласы бойынша сабақ өткізілді. Алдағы уақытта да облыс халқының құқықтық мәдениетін көтеру бойынша мұндай түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыра береміз.

– Бабаларымыз салған сара жолдың бірі – бітімгершілік. Би-шешендеріміз ежелден «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген қағиданы басшылыққа алып, қос тарапты татуластыруды бірінші кезекке қойған еді. Кешірімді болу ынтымақ пен берекеге алып барар төте жолдың бірі емес пе?

– «Кең болсаң, кем болмайсың», «Әділ би екі адамды дос қылады, жаман би екі адамды қас қылады», «Атаңның құлы айтса да, әділдікке

бас іи», «Әділ би – халқы үшін, залым би – құлқы үшін». Қараңызшы, қандай асыл ойлар, гауһар сөздер. Осындай тура билер ─ халқының қазынасы, ынтымағы мен бірлігінің ырыс-несібесі болған. Бітіс дау мен келіс жаудың жайын бір ауыз сөзбен шешіп, оны халық алдында жария етіп, нағыз демократияның көрінісін көз алдыңда дәлелдеген.

Сондықтан да қазіргі қолданыстағы заңдарымызға ата-баба дәстүрін, ұлтымыздың игілікті әдеп-ғұрпын енгізе отырып, әділдіктің ақ туын желбірете көтеріп, көп мәселені, дау мен кейбір жеңіл-желпі қылмыстарды бітімгерші­лікпен шешудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Керісінше, бұл адамгершілік қасиетті нұрланды­ра әрі жетілдіре түседі.

Ерте заманда Арқадағы екі ауыл арасында жанжал шығып, Тоқсан деген кісінің жалғыз ұлы қаза табады. Баласының құнын даулауға Тоқсан­ның өзі аттанады. Бұларды қарсы жақтан Ізбасты би күтіп алады. Құныкерлердің бетін қайтару үшін Тоқсанға: – Құлағы жоқ шұнақ би, құйры­ғы жоқ шолақ би, екі рулы елді араздас­тыруға келдің бе? – дейді. Сонда Тоқсан би:

 

– Құлағым жоқ болса,

Сұңқар шығармын,

Құйрығым келте болса,

Тұлпар шығармын.

Уа, ешкі егіз табады,

Ит сегіз табады,

Доңыз тоғыз табады,

Сен тоғызыңмен толған екенсің,

Әбден қырсық болған екенсің,

Сенің тоғызыңды аламын десе,

Тағдырдың шамасы жоқ па?

Маған перзент берейін десе,

Алланың баласы жоқ па?

– деп жауап беріпті. Шынында, Ізбасты бидің тоғыз ұлы бар екен. Ол Тоқсанға қисынсыз тиіскенін біліп, айыбын мойнына алады. Өршігелі тұрған дау бейбітшілікпен бітеді.

«Аталы сөз ─ баталы сөз» деген осы. Біз сотқа дейінгі даулы мәселелердің бірқатарын Алқалы билердің шешімімен жүзеге асырып, бітімгершілікті одан әрі дамыта түссек, одан ұтыла қоймайтынымызға кәміл сенімдімін.

– Әділет департаменті мен аудан-қалалардағы басқармаларда халыққа қызмет көрсетуді одан әрі жетілдірудің тың жолдарын ойластырдыңыздар ма? Жалпы, күнделікті өмірде кең қолданысқа түскен электронды үкімет дегеніміз не?

─ Электронды үкімет дегеніміз – мемлекеттік басқарудың, ел көлеміндегі басқару үдерістерінің барлық жиынтығын автоматтандыруға негізделген жүйе. Ол мемлекеттік басқару тиімділігін айтарлықтай көтеру мен қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатында қызмет етеді. Электронды үкімет –ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Білім» бөлімінен білім заңнамасы, елдегі алдыңғы қатарлы оқу орындары, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін және жоғары оқу орындарына арналған пайдалы сілтемелерді, білім беру бағдарламаларын және мемлекеттік органдар туралы толық ақпарат таба аласыз. Алайда, портал тек ақпараттық ресурс қана емес, оның пайдаланушыларына мемлекеттік органдардың әртүрлі электрондық қызметтері ұсынылады. Қазірдің өзінде ұзақ кезекте тұрып, уақытты босқа өткізбей-ақ мемлекеттік анықтамалар алуға болады. Көп нәрсені өз компьютеріңізде отырып бітіруге болады. Бүгінгі күні «электронды үкімет» порталында Әділет, Білім, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері, сонымен қатар Жоғарғы сот пен Салық комитетінің қызметтері көрсетіледі.

─ Электрондық тіркеу туралы кеңірек мәлімет берсеңіз? Бізде оның қолданылуы қай дәрежеде?

─ Елбасы өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету институтын нығайтуға баса назар аударады. Себебі, мемлекеттік қызметтерге көңіл аудару уақыт үрдісінен туындауда. Ал, бүгінгі күннің талабы ─ халыққа сапалы қызмет көрсетіп, Қазақстанның әрбір азаматының құқын қамтамасыз ету болып табылады.

2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық нотариустармен жасалатын мәмілелерге мемлекет­тік тіркеу тек электрондық нұсқада жүргізіледі. Ағымдағы жылы 40991 нотариуспен жасалған мәмілелер электрондық нұсқада тіркелді. Айталық, бүгінге дейін әділет органдарынан және өзге мемлекеттік мекемелерден, сондай-ақ нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес 31 өтініш қабылданды.

«Doing Business» бәсекелестікке қабілеттілік индексі рейтингідегі Қазақстанның ұстамын жақсарту мақсатында кәсіпорындарды ашу индикаторы бойынша 2017 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, заңды тұлғаны «электронды үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік тіркеу кезінде банктік шот ашуға арналған жеке сақтандыру келісім-шартын жасау мүмкіндігін беру бөлігі бойынша «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына түзетулер енгізілген.

Онда шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаларға жұмысшылар үшін жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасауға мүмкіндік береді. Осы түзетулер биылдан бастап қолданысқа енгізіліп отыр.           Сонымен қатар, «Doing Business» рейтингісінің есеп айырысу әдіснамасы бойынша заңды тұлғаның бизнес ашып, оны жүзеге асыруына дейінгі, сондай-ақ мерзімі мен шығындарын өтеу рәсімдері есепке алынады. Яғни, қажетті бизнесті бастау үшін заңды тұлғаларды, әділет органдарына тіркеумен қатар барлық қажетті рұқсаттарды, талап етілетін хабарламаларды, куәліктерді алу және тіркеуді ресімдеп, тиісті органдарда тіркеуден өтеді. Осылайша, жиынтық көрсеткіш есептеу кезінде орындалатын мемлекеттік құрылымдардың жанында бизнесті ашу үшін пайдаланады. Заңды тұлғаларды тіркеу тек әділет органдарының қарауына жатқызылған.

Бизнесті ашуға байланысты ресімдерді оңайлату мақсатында 2015 жылғы 1 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қолданысқа енгізілді. Онда «электронды үкіметтің» веб-порталында тіркеуді жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін тіркеу мерзімі 1 сағатқа дейін қысқартылған. Сондай-ақ, аталмыш заңда шағын және орта субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қызметін тоқтатқаны үшін бюджетке тіркеу алымын төлеу, шаруашылық серіктестіктерді тіркеу кезінде жарғылық капиталын қалыптастыру жөніндегі талап алынып тасталды. Бұған дейінгі жекеменшік компаниялардың мөрлері болуы туралы міндет те жойылды. Енді жеке компаниялар үшін мөрінің болуы – олардың құқығында. Заңды тұлғалардың банкте шот ашқан кезде жарғысының нотариаттық көшірмелерін ұсынуы және адамдардың қолы нотариат куәландырған талаптар да қысқарды. Осындай жеңілдіктер арқылы бизнес ашуға қойылатын талаптар барынша азайды деуге болады. Бұл елдің жоғарыда аталған рейтинг көрсеткіштеріне оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз.

– Әділет жүйесінде қолға алынған тың бастамалар тұрғындар үшін тиімді екенін байқап отырмыз. Ал, енді өзіңізге қатысты бір-екі сауал, алғаш танысқан адамыңыздың мінезін қалай пайымдайсыз?

– Бірінші қарапайымдылығына мән беремін. Ал, адамның санасы қаншалықты төмен болса, ол соншалықты мұрнын аспанға көтереді. Демек, онда өркөкіректік пен менмендік басым. Ең нашар қасиет те – осы. Өзің білме, білгеннің тілін алма.

– Ел арасында жиі айтылатын, бірақ сізге ұнамайтын сөз қандай?

– «Берекесіз елдің айтқаны өсек болар, жатқаны төсек болар» дейді халық. Оннан-мұннан терген желсөздерден алыс жүремін. Кімді болса да сыртынан ғайбаттау – адамдыққа жат нәрсе.

– Сіз үшін тіпті өлімнен де күшті қандай қорқынышты нәрсе бар?

– Біреудің ала жібін аттап, адалдық пен тазалыққа кір келтіру.

– Қандай тағамды, киімді ұнатасыз?

– Етті ұнатпайтын қазақ болушы ма еді. Ал, киімнің қонымдылығы мен тазалығына мән беремін.

– Қазіргі Қазақстанды қандай төрт ауыз сөзге сыйғызар едіңіз?

– Берекелі. Құдіретті. Әлсіздеу. Қарқынды.

– Адам бойындағы мінездердің қайсысы сіз үшін жиренішті?

– Өркөкіректік туралы айттым. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) соғыс біткенде айтқан екен: «Соғыс бітті, енді адам үшін мәңгілік соғыс – нәпсіқұмарлықпен күресу».

– Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

– Есігімізге енген Жаңа жыл әрбір отбасыға мықты денсаулық, мол бақыт, ырыс пен ынтымақ, бақ пен береке сыйласын. Қазақстанымыз гүлденіп, көркейе берсін!

– Орынбасар Зайдинұлы, мазмұнды сұхбатыңызға рахмет. Деніңіз сау, бауырыңыз бүтін болсын! Жаратқан Ием жар болсын, баршамызға Алланың нұры жауа берсін!

Сұхбаттасқан Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper