"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«ӘЛЕМДI КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ҚҰТҚАРАДЫ»

Сенбі, 30 Желтоқсан 2017 21:02

 

Жаңа жылдың қарсаңында бiз жазушы, халықаралық «Алаш» және «Түркi әлемiне қызметi үшiн» сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерiнiң иегерi Мархабат БАЙҒҰТ ағамызға үш сұрақ қойған едiк.

– Мархабат аға, күнтiзбе бойынша тауық жылы да аяқталды. Әдетте тауықты бейнетқор, тындырымды санайды, жылды да солай болжайды. Өтiп бара жатқан жылда қазақ прозасында үздiк шығармалар жарық көрдi ме? Ерекше бiр туындыны атай аласыз ба?

– Қазақ поэзиясында да, қазақ прозасында да талай-талай дүниелер жазылды, жарияланды деп ойлаймыз. Бәрiн бiрдей оқи алмайсыз. Бүгiнде. Көркем әдебиет кiтаптары өте аз таралыммен шығады. Газет-журналдардан ғана там-тұмдап байқаймыз ғой. Тауық жылы жазылып, бәйге алған бiр айрықша шығарма бар. Ол – талантты прозашы Несiпбек Дәутайұлының «Тағдыр» дейтiн әңгiмесi. Жалпы, Жамбыл облысындағы Қордайдың құнарлы топырағында туып-өскен Несiпбектiң шығармашылығы жоғары бағаланып жүр. Әсiресе, әңгiмелерi мен повестерi. «Тағдыр» әңгiмесi шағын жанрдағы жаңалық деуге болады. Асқар Сүлейменов «Жазушы – қоғамның сүйегiнен адамның жанын iздейтiн бейбақ» деген ғой. Несiпбектiң мына әңгiмесi әйел жанында кенет оянған, күтпеген құбылыс хақында.

– Оңтүстiк өңiрiндегi жастардың шығармашылығы туралы не айтар едiңiз? Соңғы жылдары әдебиетке, әсiресе поэзияға бiршама бетбұрыс байқалатындай ма, қалай өзi?

– Өте дұрыс айтасыз. Өлең өнерiне деген бетбұрыс қатты қуантады. Бақытжан Алдиярдың «артыма қарасам, қорқамын» дегендей пiкiрi бар едi ғой. Сол Бақытжаныңыздың да қаупi сейiлгелi қашан. Батырхан Сәрсенхан, Әлiмжан Әлiшер, Мұқағали Кенжетайұлы, Сүндет Сейiтов, Нұркен Нұрғазы сияқты бiрқанша жiгiттер, Арайлым, Ақбота, Мақпал сынды қыздарымыз – әдебиетiмiздiң бүгiнi және ертеңi. Айрықша шаттандыратыны – жауқазын жастарымыздың әрқайсысының әдiптi де әдептi, өмiршең де өткiр өзiндiк мәнерлерi бар. Абылайхан Сматуллаұлын қаламы қалыптасып үлгерген прозашы деуге болады. Аяулым Сағындықова дейтiн қызымыз да үмiт күттiредi. Проза саласында тер төгуге тәуекелдерi жеткен талаптылар да байқала бастады.

– Аға, сiз келешек туралы, өсiп келе жатқан балауса буын туралы өте сенiмдi айтып отырсыз. Ал, кейбiреулер, тiптi көп адамдар көркем әдебиеттiң, кiтаптың күнi ертеңiне күдiк келтiредi. Әлем әдебиетiнiң, оның iшiнде қазақ әдебиетiнiң болашағына қалай қарайсыз?

– Күдiк-күмәндар көп айтылып та, жазылып та жүр. Қағаз кiтап пен газет-журналдың күнi бiтуге таяу, көркем әдебиет те солай дейтiндер жетiп-артылып жатыр. Әдебиетiн әлсiретiп алған елдер де дүние жүзiнде аз емес. «Интернет жақсы, компьютер керемет, әлеуметтiк желi тамаша, алайда, бiз кiтаптар мен кiтапханаларды мәңгiлiк сақтаймыз» деген болатын. Бiр кiсi. Бiр-екi жыл бұрын. Кiм дейсiз ғой? Владимир Путин. «Интернетке итiне беретiндердi кiтап оқитындар басқарады» дегендi Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мәнiстеген.

Қазекемде ерекше елiктегiштiк, ермелiк те бар. Көбiнесе асыра сiлтеп, артынан өкiнемiз. Көршiлес Ресейдiң қалаларына бара қалсаңыз, автобустарда да, трамвайларда да, троллейбустарда да, метроларда да, аялдамаларда да кiтап оқып отыратындар жиi кездеседi. Ал, қазекемде тек қана ұялы телефондар, тағысын-тағы «фондар»... Әлеуметтiк желiнiң әсерлi, пайдалы, шындыққа шапшаң жетелейтiн, жедел жеткiзетiн жақтарын ешкiм де жоққа шығара алмайды. Алайда, әлеуметтiк желiңiздiң әсiреңкiлiк, әулекiлiк жақтары басымырақ. Тiптi, әдебиетiңiздi, көркем әдебиетiңiздi де әлеуметтiк желiге бейiмдеу керек дейтiндер де көбейiп барады-ай. Кiм не десе о десiн, айналайындар. Әдебиет, яғни көркем әдебиет, бәрiбiр, әулекiлене, әумесерлене алмайды. «Клиптiк ойлау» («клиповое мышление») дегенiңiз әсерiн де, кеселiн де тигiзуде, тигiзе бередi. Алайда, шын әдебиет, шынайы көркем әдебиет мәңгiлiк адамгершiлiк, мәңгiлiк iзгiлiк, мәңгiлiк жан-жүрек үнi, әуен-әуезi мәнзелдес дамуынан жаңылмайды. Шынымен жаңылса, ол әдебиет, көркем әдебиет бола алмайды.

Әлемiңiз әсiреңкiленiп, әулекiленiп, әумесерленiп барады. Талай да талай жақтарынан.

Әлемдi әдебиет, көркем әдебиет қана құтқара алады.

– Рахмет, аға!

Әңгiмелескен Үмiтхан АЛТАЕВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper