"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


МЕМЛЕКЕТ ТIРЕГI – ЖАСТАР

Сейсенбі, 26 Желтоқсан 2017 10:02
МЕМЛЕКЕТ ТIРЕГI – ЖАСТАР

 

Жастардың мемлекеттегi алатын орны жөнiнде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Тәуелсiз елiмiзде өмiр сүрiп, бiлiм алып жатқан жастарымызға қолдау жеткiлiктi. Елiмiздiң 30 пайызын жастар құрайды екен. Мемлекеттiң тiрегi саналатын жастардың бiлiм алуы, кәсiби маман болып өсуiне көңiл бөлу – заңдылық. Осы орайда Оңтүстiк өңiрiнiң жастарына басшылық жасап жүрген облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасының басшысы Балмаржан Нарбековамен сұхбаттасқанды жөн санадық.

 

– Балмаржан Полатқызы, әне-мiне дегенше 2017 жылмен де қоштасқалы тұрмыз. Осы жыл сiз басшылық етiп жүрген басқарма үшiн несiмен есте қалды?

– Өздерiңiз бiлетiндей, бiздiң облыс тұрғындарының саны ең көп өңiр саналады. Жастардың саны жағынан да бiздiң облыс алдыңғы орында. Өңiрiмiзде қазiргi таңда 748 027 жас бар. Былтыр бұл көрсеткiш 762 124 едi. Аталмыш көрсеткiштiң кемуiне «Серпiн» бағдарламасының аясында солтүстiк облыстарға кеткен жастар себеп болып отыр.

Облыстағы жастардың 43,7 пайызы қалалық жерде, 56,3 пайызы ауылдық жерде тұрады. 2017 жылы мемлекеттiк жастар саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 279,6 млн. теңге (оның iшiнде мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысқа – 155,7 млн. теңге), республикалық бюджеттен «Жасыл ел» бағдарламасына 63,1 млн. теңге бөлiндi. Облыстық, аудандық, қалалық жастар ресурстық орталықтарына 281,4 млн. теңге көлемiнде қаржы бөлiнген.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша биыл 1275 жас сарбаз кезең-кезеңiмен көгалдандыру жұмыстарына тартылды. Оның iшiнде 487-сi Шымкент қаласының көгалдануы мен көркеюiне атсалысса, 788-i аудан, қалаларды көгалдандыруға өз үлестерiн қосты. Айта кетерлiк бiр жайт, олардың жалақысының 50 пайызы мемлекеттiк бюджеттен төленсе, қалған 50 пайызы жұмыс берушi мекеме тарапынан берiлдi.

Жастардың бос уақытын тиiмдi пайдалану мақсатында жазғы студенттiк құрылыс отрядтары құрылды. Оған 424 жас тартылды. Оның iшiнде 200-ге жуығы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң құрылыс мамандығы бойынша бiлiм алып жатқан студенттерi. Олар университетке қарасты Қазығұрт ауданы мен Түлкiбас ауданындағы арнайы индустриялық аймақтарда өндiрiстiк практикадан өттi. Ал, қалғандары мемлекет есебiнен ауылдық жерлерде салынып жатқан әлеуметтiк нысандардың құрылыс жұмыстарына тартылды.

Сонымен қатар, облыстағы 12 жоғары оқу орнының 6-ында кәсiптiк және өндiрiстiк бiлiм беру мамандықтарында оқитын 1106 студент облыстағы 64 кәсiпорын мен зауыт-фабрикаларда өндiрiстiк практикадан өттi.

– Мемлекетiмiз жастарға жеткiлiктi деңгейде қолдау бiлдiрiп отыр. Алайда, қала жастарына қарағанда ауыл жастарының мүмкiндiгi аз деген әңгiменi жиi естимiз. Ауыл жастарымен жұмыс iстеу қай деңгейде? Аймақтардағы жастар ресурстық орталығының жұмысын қалай бағалайсыз?

– Облыстағы барлық аудан, қалаларда жастармен тiкелей байланыс жасайтын «Жастар ресурстық орталықтарының» жүйесi қалыптасқан. Осындай орталықтарда облыс бойынша 254 маман жұмыс iстейдi. Өңiрлiк әкiмдiктер жанындағы жастар iстерi жөнiндегi кеңестердiң жұмысы күшейтiлген. Аталған кеңестерге аудан, қала әкiмдерiнiң өздерi төрағалық етедi. Бүгiнгi таңда облыста жастар қоғамдық бiрлестiктерiнiң саны 62-ге жеттi. Былтыр ол 56 болатын. Және 7 республикалық жастар ұйымының филиалы мен этномәдени орталықтардың жанынан құрылған жастар ұйымдары жұмыс iстейдi.

Биыл жастар арасындағы «ыстық нүктелермен» жұмыс iстеу үшiн аудандарға арнайы iссапарлар ұйымдастырылды. Халқы тығыз орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының жастарымен кездестiк. Пiкiр алмасып, бiрлесе жұмыс iстеуге шақырдық. Кентау қаласындағы «қиын балаларды» оқытатын мектеп-интернатына бардық. Балалардың жағдайын көрiп, оқу процесiмен таныстық. Бұдан былай ол мектеп-интернаттағы мерзiмi аяқталып, үйiне қайтатын балалардың одан кейiнгi өмiрiне, тәрбиесiне өздерi тұратын аудан, қалалардағы жастар ресурстық орталығының басшысы жауап беретiн болады.

– Ал, ендi әңгiмемiздiң ауанын бiздiң облыстағы мемлекеттiк бағдарламалардың iске асуына қарай бұрсақ...

– Мектеп бiтiрушi түлектерге арналған «Серпiн – 2050» жобасы бойынша солтүстiк аймақтардағы жоғары оқу орындарында бiздiң өңiрден 6490 жас бiлiм алуда. Ал, колледждерде бiлiм алып жатқан оңтүстiкқазақстандық жастардың саны – 1097.

Жалпы, 4 жылда бағдарлама аясында жоғары оқу орындарына оқуға қабылданған студенттердiң 50 пайызы Оңтүстiк Қазақстан облысынан екенiн айта кеткен жөн.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 849 (2016 жылы – 773 жас) маманға жолдама берiлдi, оның iшiнде 279 жас (2016 жылы – 303 жас маман) тұрғын үй алды. Бұл цифр өткен жылмен салыстырғанда 76-ға өстi.

«Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 2017 жылдың 10 айының қорытындысымен – 5294 жас (2016 жылдың қорытындысы – 5135 жас) жұмысқа тартылып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткiш 159 жасқа өстi (оның iшiнде 2 741-i – ауыл жастары).

Бүгiнгi таңда облыс бойынша 4 мыңнан астам ерiктi жас бар. Олардың тiкелей қатысуымен жыл басынан берi 500-ден астам қайырымдылық iс-шарасы, ақпараттық түсiндiру жұмыстары ұйымдастырылды.

Бұдан өзге Астана қаласында өткен ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесiнде шет тiлiн еркiн меңгерген 150 ерiктi жас барлық талаптар бойынша толық даярлықтан өтiп, 30 маусым мен 1 тамыз аралығында ЭКСПО-ға келушi шетелдiк қонақтарға қызмет көрсеттi. Олар ЭКСПО қалашығында ұйымдастырылған көптеген байқаулар мен жарыстарда алдыңғы орындарды иеленсе, Қарағанды облысында өткен республикалық ерiктi жастар слетiнде командалық есепте бас жүлденi жеңiп алды. Осылайша облыстағы жастардың белсендiлiгiн мақтанышпен айтуға болады.

– Уақыт бөлiп, сұхбаттасқаныңыз үшiн көп-көп рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттiлiк тiлеймiз.

Сұхбаттасқан Ерболат Айнабеков, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper