"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ ИММУНИТЕТIН КӨТЕРУ ҚАЖЕТ»

Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 13:55
«ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ ИММУНИТЕТIН КӨТЕРУ ҚАЖЕТ»

 

Нұржан ӘШIРОВ, облыстық мәслихаттың депутаты: «ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ ИММУНИТЕТIН КӨТЕРУ ҚАЖЕТ»

 

– Нұржан Сапабекұлы, сiз облыстық мәслихаттағы аумақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөнiндегi тұрақты комиссия мүшесiсiз. Алдымен осы тұрақты комиссияның жыл басынан берi атқарған жұмысына тоқтала кетсеңiз.

– Облыстық мәслихаттың депутаты, белгiлi кәсiпкер Серiкжан Сейiтжанов төрағалық ететiн тұрақты комиссияның құрамында 9 депутат бар. Бұл комиссияда осы уақытқа дейiн 11 мәжiлiс өткiзiлiп, 30-дан астам мәселе қаралды. Қазiр «облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттiк қолдау шаралары мен бюджеттiк бағдарламалардың орындалу барысы жөнiндегi есебi туралы» мәселе күн тәртiбiне қойылып отыр. Осы мәселенi алдағы сессия қарауына ұсыну үшiн уақытша депутаттық комиссия құрылып, жан-жақты талдау жүргiзiлуде. Сонымен қатар, уақытша депутаттық комиссия мен тұрақты комиссия мүшелерi Сайрам, Төлеби аудандарындағы кәсiпкерлiк нысандардың жұмысымен танысып, осы екi аудандағы шаруа қожалықтарының төрағаларымен және жеке кәсiпкерлердiң қатысуымен көшпелi отырыс өткiздiк. Басқосуда маңызды мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылды. Жалпы, бiздiң облыстың ауыл шаруашылығы саласында iлгерiлеу байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда, ауыл шаруашылығын мемлекеттiк қолдау көлемi 11 пайызға артқан. Аталған салаға 10 млрд, 7 млн. теңге инвестиция тартылған. Өңiрде тамшылатып суару, терең қопсыту әдiстерi кеңiнен қолданылып, жылыжайлар көлемi де артқан. Ал, мал шаруашылығына келер болсақ, мемлекеттiк бағдарламаларды тиiмдi пайдаланудың нәтижесiнде ет өндiрiсiнiң көлемi ұлғайған. Облыс бойынша 20 мыңнан астам қосалқы және фермерлiк қожалық бiрiгiп, 242 кооператив құрылған. Әрине, жұмыс атқарылып жатқан жерде әртүрлi мәселелер де туындайтыны сөзсiз. Шаруалар нарықтық экономикадағы өзгерiстерден дер кезiнде құлағдар болып отыру үшiн жиi кездесу өткiзiп тұруды өтiндi. Ауыл шаруашылығын субсидиялау, жеңiлдетiлген несие алуда құжаттарды ресiмдеудi оңайлату жөнiнде де әңгiме қозғады. Бiз, яғни халық қалаулылары алдағы уақытта көтерiлген мәселелерге талдау жасап, тиiстi орындарға депутаттық ұсыныс енгiзетiн боламыз.

– Облыстық мәслихаттың депутаты ретiнде өңiрдегi мемлекет тарапынан ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы, табиғи-қорық нысандарын сақтау және пайдалану ережелерi жайлы айта кетсеңiз. Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан Келес өзенiнiң жағалауы заңсыз қазылып жатыр деген жанайқай жиi естiледi. Бұл мәселе жайында не айтар едiңiз?

– Қазығұрт тауынан бастау алатын Келес өзенi Сырдарияға құйғанға дейiнгi үлкен аймақты нәрлендiрiп жатқалы қанша ғасыр өттi десеңiзшi! Бүгiнде қарт Келестiң сыр бүккен қойнауынан кейбiреулер пайда iздейдi. Ондайлар, әсiресе, осыдан 2-3 жыл бұрын тым көбейiп кеткен болатын. Аталған мекенде рейдтiк шаралар ұйымдастырылып, құқық қорғау органдары қызметкерлерi жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың жолын кесуге барынша тырысып-ақ жатыр. Сонда да жыл басынан берi осындай 10 дерек анықталыпты. Оның бiреуiне 100 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айыппұл салынып, мемлекет пайдасына 226 900 теңге өндiрiлген. Тағы да 4 дерек облыстық экология департаментiнде қаралып жатса, 5 дерек бойынша iс қысқартылған. Мұның бәрi тұрақты комиссияның жiтi қадағалауында. Негiзiнен Келес өзенi бойынан шағыл-құм алуға жер қойнауын пайдаланушы 3 мекемеге ғана рұқсат етiлген. Оның екеуi келiсiмшартта көрсетiлген аумақтарын су қорғау белдеуiнен шығарып, шекарасын жаңадан белгiледi.

– Сiз Қазығұрт ауданынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайландыңыз. Аудандағы апатты және үш ауысымды мектептердiң мәселесiн шешу қалай жүзеге асырылуда?

– Ауданда 13 апатты жағдайдағы мектеп бар едi, қазiр солардың 10-ының мәселесi оң шешiлдi. Қызылсеңгiр ауылындағы 300 орынды мектеп келесi жылы пайдалануға берiлсе, «Жылыбұлақ» және М.Әуезов мектептерiнiң құрылыстарын жүргiзу үшiн жобалық-сметалық құжаттары әзiрленiп, келесi жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлiнетiн болды.

– Қазығұрт ауданына газ тарту жұмыстары толығымен бiткенiмен, кейбiр ауылдар «көгiлдiр отынды» әлi де пайдалана алмай отыр. Редакцияға хабарласқан Алтынтөбе ауылының тұрғындары газ тарту жұмыстарында олқылықтар орын алған дегендi алға тартады. Бұған не дейсiз?

– Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберiнде жүктелген мiндеттер Оңтүстiк Қазақстан облысында өз мерзiмiнде орындалып келедi. Өңiрде, әсiресе, елдi мекендердi «көгiлдiр отынмен» қамтамасыз етуде ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктер аз емес. Бүгiнде Қазығұрт ауданы тұрғындарының 83 пайызға жуығы газ тұтынып отыр. Ал, өзiңiз айтқан Алтынтөбе ауылдық оқругiнде табиғи газ тарту құрылысы 2015 жылы толық аяқталып, техникалық құжаттары газ таратушы мекемеге тапсырылған. Алайда, Қосағаш, Алтынтөбе, Қаржан, Аққұм ауылдарына 2010 жылы әзiрленген жоба бойынша газ тартылғанымен магистральды құбырдан ауылдың шекарасына дейiн орта қысымды газ құбыры салынбаған. Себебi, жобада қарастырылмаған. Оның ұзындығы – 1440 метр. 2010 жылғы жобаны жасаушылардың, оны қабылдап алған мемлекеттiк сараптама мекемесiнiң кемшiлiгiнiң салдарынан 4 ауылдың тұрғындары 3 жыл бойы iргесiне келiп тұрған газды пайдалана алмай отырды. Дегенмен, биыл орта қысымды құбыр тартылып, мәселе оң шешiлдi. Қазiр сығымдау жұмыстары жүргiзiлуде. Таяу күндерi халыққа газ берiледi.

– Ауданды таза ауызсумен қамту жұмыстарына да тоқтала кетсеңiз. Өгем өзенiнен Оңтүстiктiң тұрғындары үшiн ауызсу алу жөнiнде Өзбекстанмен келiсiм жасалды. Қазығұрт ауданында бұл жоба бойынша қандай жұмыс iстелiнiп жатыр?

– Айта кетейiк, Өгем – басым бөлiгi Қазақстан аумағында ағып жатқан трансшекаралық өзен. Облыс әкiмдiгi 700 мыңға тарта тұрғыны бар Сарыағаш, Мақтаарал, Қазығұрт және Шардара аудандарын ауызсумен толық қамтамасыз етудi Өгем өзенi арқылы түпкiлiктi шешпек. Қазақстан мен Өзбекстан Үкiметi өкiлдерiнiң екiжақты ынтымақтастықты жетiлдiру мәселелерi жөнiндегi бiрлескен жұмыс тобының басқосуында Өгем өзенiнен секундына 3-3,5 текше метрге дейiн су бұрып, жоғарыда аталған аудандардың тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесi қаралып, оң шешiмiн тапты. Ол үшiн Қазығұрт ауданының Өгем ауылы тұсынан Өгем өзенiнен құбыр арқылы су бұру жұмыстары жүргiзiледi. Бiздiң өңiрден сайланған Парламент депутаттары осы мәселеге қатысты нақты ұсыныс енгiзiп, республикалық бюджеттен қаржы бөлудi сұрады.

– Өңiрде ет экспортын арттыруда Қазығұрт ауданындағы iрi қара мал бордақылаумен айналысатын «Қайып ата» ЖШС республика бойынша танымал шаруашылыққа айналып үлгердi. Ал, өзiңiз басқаратын серiктестiкте мал шаруашылығын дамыту үшiн қандай жұмйстар атқарылып жатыр?

– Жуырда облыс әкiмi Ж.Түймебаев Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен келген болатын. Сол сапар барысында өңiр басшысы мен төрағалық ететiн «Сапа–2002» ЖШС-нiң жұмысымен танысты. Мұнда құны 275 млн. теңге болатын мал бордақылау кешенiн салып жатырмыз. Қазiр 170 миллион теңге игерiлiп, 6,5 мың қой сиятын алаңның құрылысы аяқталды. Мұнда салмағы 90-95 келi тартатын қазақтың асыл тұқымды қылшық жүндi құйрықты қойлары және меринос қойлар бағылады. Алдағы уақытта жылына 1 мың тонна жоғары сапалы қой етiн өндiрудi мақсат етiп отырмыз. Қазiргi таңда ирандықтар мен арабтар жас марқалардың етiне қызығушылық танытып отыр. Ал, семiз қойларға Өзбекстан тарапынан сұраныс көп. Мемлекеттiк қолдаулардың арқасында жаңа техникаларға қол жеткiзiп, кәсiбiмiздi өркендетудемiз. Iрi қарасы бар, қой-ешкiсi бар, бүгiнде шаруашылықта 9 мыңға жуық мал бар. Серiктестiкте 120 адам жұмыс iстейдi. Жансейiт Қансейiтұлы ет өнiмдерiн өңдеу туралы ұсыныс айтты. Бұл өзiмiздiң де ойымызда бар едi. Бизнес-жоспарымызды әзiрлеп жатырмыз. Алдағы уақытта тек мал бордақылап қана қоймай, шұжық өндiрiп, консервiленген ет өнiмдерiн сатуды қолға алмақпыз. Қажеттi қондырғыларды алуға «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры» акционерлiк қоғамының қолдауына ие болып, екiншi деңгейлi банктерден жеңiлдетiлген несие аламыз деген ойдамыз.

– Депутат ретiнде өзiңiздi не толғандыратынын шамалағандай болдық, ал, азамат ретiнде сiздi қандай мәселелер толғандырады?

– «Елiм – жүрегiм, тiлiм – тiрегiм» дейтiн азаматтардың бiрiмiн. Менi көбiне ана тiлiмiздiң тағдыры алаңдатады. Бiздегi жағдай бiршама тәуiр болғанымен республиканың өзге өңiрлерiнде қазақ тiлiнiң хәлi мәз емес. Астана, Алматы қалаларына жиi сапарлаймын. Кейде көшеде кетiп бара жатып тiлi ендi шыққан бүлдiршiндердiң өзге тiлде шүлдiрлеп бара жатқанын көргенде жүрек сыздайды... Ұлтымыздың ұлылығының айнасы – қазақ тiлi. Ана тiлiмiз – әуездi, шұрайлы, аясы өте кең, сөздiк қоры мол тiл. Ол ғылымның да, техниканың да, бизнестiң де тiлi бола алады. Тек ғалымдар тарапынан iзденiс, мемлекеттiк қолдау күшейе түсуi керек. Елбасы «Қазақстанның болашағы қазақ тiлiнде» дедi. Ендi соны күнделiктi өмiрде барша халық сезiнетiндей шешiмдер, нақты iстер керек-ақ. Билiк қазақ тiлiне деген сұраныс туындатуы тиiс. Бүгiн осындай iстер атқарылмаса келер ұрпақ та өз тiлiне немқұрайды қарайтын болады. Одан кейiн жат ағымдардың жетегiнде кетiп жатқан жастардың жайы жанға батады. Бұған жастардың дiни сауатының төмендiгi, фундаментальдi бiлiмдерiнiң жоқтығы, ой-өрiстерiнiң тарлығы тiкелей әсер етуде. Сондықтан да жас буынның бойына Қазақстанға сырттан енушi дiни экстремизм мен түрлi радикалды ағымдарға қарсы әрекет ете алатын иммунитет егу қажет. Қауғадай сақал қойып, балағын тобықтан шорт кескендерге не айтарыңды да бiлмейсiң. Не iстеу керек? Ең алдымен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды кеңiнен насихаттау қажет. «Баланы – жастан» дегендей, бала тәрбиесiн мықтап қолға алған дұрыс. Осы орайда, бәлкiм елiмiздегi бiлiм жүйесiне тiл мен дiлге қатысты бiр серпiлiс қажет шығар деп те ойлаймын.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper