"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«БIЗДIҢ ӘЛЕУЕТIМIЗ БҰДАН ДА ЖОҒАРЫ»

Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 13:48
«БIЗДIҢ ӘЛЕУЕТIМIЗ БҰДАН ДА ЖОҒАРЫ»

 

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрiгерi Әнуарбек МАЙМАҚОВ: «БIЗДIҢ ӘЛЕУЕТIМIЗ БҰДАН ДА ЖОҒАРЫ»

 

Қараша айының соңында облыстық балалар ауруханасына Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ балалар кардиохирургиясы бөлiмшесiнiң меңгерушiсi Д.Горбунов бастаған, құрамында 7 бiлiктi маманы бар бригада келiп, 3 күн шеберлiк сыныбын өткiздi. Туа бiттi жүрек ақауы бар жиырмаға жуық сәбиге тегiн ота жасалып, 60-тан астам науқас сәбилердiң ата-аналарына кеңес берiлдi. Осыған орай газет тiлшiсi облыстық балалар ауруханасының бас дәрiгерi Әнуарбек МаймаҚовпен әңгiмелесiп қайтқан едi.

– Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының деректерiне жүгiнсек, Қазақстанда аман-есен босанған 1 000 баланың жетеуi туа бiткен жүрек ақауымен дүниеге келедi екен. Бұрын мұндай ақпарат айтылмайтын. Ал, бiздiң өңiрiмiздегi жағдай қандай?

– Дұрыс айтасыз. Мұндай ауруларға бұрын диагноз қойыла бермейтiн. Көп ата-ана «Құдай бердi, Құдайдың өзi алды» деп тағдырдың дегенiне көнетiн. Жасыратыны жоқ, сәбилердiң шетiнеуi жиi едi. Жылына дүниеге келетiн шараналардың бестен бiрiнде жүрек кемiстiгi кездесетiн. Бұдан басқа да ауру патологиясы бар 50-60 нәресте көз жұматын. Медицинаның соңғы жылдардағы жетiстiктерiнiң арқасында келеңсiз жағдай бiршама төмендедi.

– Қазақстан әлемдегi дамыған елдердiң қатарына ену үшiн сәби өлiмiн азайту қажет. Бұл көрсеткiштердi жақсартуға неоталды кардиохирургияның дамуы көмек беретiнi сөзсiз ғой...

– Әлбетте. Өздерiңiзге мәлiм, Елбасының тапсырмасы бойынша 2011 жылы Ұлттық кардиохирургиялық орталық ашылған болатын. Қазақстанда балалар жүрегiне ота жасайтын 12 орталық, аурухана мен бөлiмше қызмет көрсетедi. Соның бiрi – бiздiң аурухана. Күрделi операциялар жасауға әзiрлiкке 2014 жылдың соңында кiрiстiк. Оның алдында алғышарттар жасалды. Украина, Израиль, Румыния, Литвадан бiлiктi мамандарды шақырып, бiрнеше рет шеберлiк сыныптарын ұйымдастырдық. Олар бiздiң дәрiгерлерге қалай ота жасау керектiгiн үйреттi. Машықты одан әрi жетiлдiру үшiн жоғарыда аталған мемлекеттерге өз дәрiгерлерiмiздi жiберiп, кәсiптiк шеберлiктерiн шыңдадық. Ал, 6 дәрiгер Румынияда, Мәскеуде бiр жылдай жұмыс iстеп, тәжiрибе жинақтап қайтты. 2015 жылдан берi бiздiң ауруханада күрделi операциялар жасау жолға қойылды. Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының мамандары 2017 жылы 4 рет келiп, шеберлiк сыныбын өткiздi. Соңғы сапардың бiр ерекшелiгi, астаналықтар бiр бригада болып келдi. Яғни олардың арасында хирург, анестезиолог, реанимотолог, 2 фельдшер, 2 мейiрбике бар. Жоғары бiлiмдi мамандар науқасқа операция жасау дағдыларына баулыса, кiшi медициналық қызметкерлер отадан кейiн кiшкентай науқастарға қалай күтiм жасау керектiгiн бiздiң мейiрбикелерге үйреттi. Қонақтардың пiкiрiнше, бiздегi жағдай қанағаттанарлық дәрежеде. Медициналық мекеменiң материалдық-техникалық базасы, құрылғылармен және құрал-саймандармен жабдықталуы еуропалық стандарттарға жақын. Дәрiгерлердiң бiлiктiлiгi жоғары. Кардиохирургия бөлiмшесiне тәжiрибелi маман А.Байсалов жетекшiлiк етуде. Бұрын бiр жасқа дейiнгi балаларға ота жасалатын. Қазiргi таңда туғанына 3-10 күн аралығындағы нәрестелерге де операция жасалады. Ауруханада жылына 300-ге дейiн операция жасалады. Нәтиже тәуiр: 100 баланың үшеуi ғана шетiнесе, қалғаны аман-есен қатарға қосылып жатыр. Туабiттi кемiстiгi бар сәбилердiң жүрегiндегi тесiктердi «жамаған» соң, тез сауығып кетедi. Бұл неврологиялық, сал, Дауна немесе басқа да инфекциялық аурулар емес қой.

– Сәбилерге жасалатын мұндай күрделi отаның құны қандай? Астаналық дәрiгерлерге төлемақы төлеу қалай жүзеге асырылады?

– Әрбiр операцияның өз ерекшелiгi бар. Кейбiрi 6 сағатта аяқталса, келесiсi 12 сағатқа созылуы әбден мүмкiн. Өйткенi, шақырылған мамандарға ең күрделiсiн ұсынамыз. Операцияның әрқайсысына 700-900 мың теңге аралығында қаржы жұмсалады. Мұның бәрi мемлекеттiк кепiлдендiрiлген медициналық көмек аясында жүзеге асады. Науқас бүлдiршiннiң ата-анасы ешқандай дәрi-дәрмек сатып алмайды. Шетелде бiлiктi дәрiгерлер мұндай күрделi әрi нәзiк операцияны қымбатқа жасайды. Ал, бiз астаналық мамандардың жолақысы мен жатқан қонақүйiнiң шығынын ғана көтердiк. Өз дәрiгерлерiмiздi Астанаға жiбергенде де солай. Олар отаны тегiн жасап, ақысыз шеберлiк сыныбын өткiздi. Оның үстiне Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» акционерлiк қоғамының басқарма басшысы Юрий Владимирович Пя – бiздiң жерлесiмiз. Шеберлiк сыныбына ұжымын өзi бастап келуге ниет бiлдiрген екен. Өкiнiшке қарай, аяқ астынан өте күрделi ота жоспарланып қойылғандықтан туған жерiне келе алмайтынын телефон арқылы айтты. Осылайша ол кiсiнiң жоспарлаған қайырымдылық акциясы кейiнге қалдырылып отыр.

– Нәрестелердiң жүрегiне Шымкентте ота жасау жерлестерiмiз үшiн тиiмдi шығар?

– Әрине. Науқас перзентiн Алматы немесе Астана қаласына апаруға көп ата-ананың мүмкiндiгi бола бермейдi. Басқасын айтпағанның өзiнде, жол шығыны да аз емес. Санитарлық авиация үшiн де төлей алмайды. Сондықтан оларды алысқа сандалтпастан облыс орталығында емдеткен әлдеқайда жақсы емес пе? Рас, бұрын елiмiздiң екi қаласына жылына 300 науқас жiберсек, қазiр оның тең жартысына бiздiң мамандар ота жасайды. Бұл қос қалаға науқастар жiберiлмейдi деген ұғым тудырмауы тиiс. Күрделi операцияларды қажет ететiн пациенттер Алматы мен Астанаға барады. Бiздiң аурухананың әлеуетi бұдан да жоғары. Келешекте ота санын арттыру қажет. Ол үшiн қазiрден бастап мамандар даярлауды қолға алдық.

– Ауру бала нелiктен көбейiп тұр? Себебi неде?

– Баланың құрсақтан ауру немесе сау болып туылуы ең алдымен оның әке-шешесiнiң денсаулығына тiкелей байланысты. Сонымен қатар, олардың өмiр сүру ортасына, экологияға, әлеуметтiк жағдайына да көп нәрсе тәуелдi екенiн ұмытпауымыз керек. Әлеуметтiк жағдайы нашар ананың қаны аз, гемоглобинi төмен болса, дүниеге қайбiр денi сау ұрпақ әкеледi? Сондықтан ең алдымен ерлi-зайыпты жастар денсаулықтарын алдын-ала тексертiп алса, құба-құп. Бұл – бiр. Екiншiден, құрсақ көтерген жас ана жүктiлiктiң 12 аптасында УЗИ-ге түсiп, шарананың сау немесе ауру екенiн анықтай алады. Жалпы, 22 аптаға дейiн ол бала тiрi деп есептелмейдi. Демек, қай аурудың да алдын алуға болады. Ал, мүгедек бала жалғыз ата-ана үшiн емес, қоғам үшiн қайғы екенi түсiнiктi.

Бiздiң ауруханада балалар кардиохирургиясы, нейрохирургия, офтальмология, эндокринология, травматология бөлiмшелерi жұмыс iстейдi. Егер науқасқа шалдыққан бала бiзге шұғыл жеткiзiлсе, оны жан-жақты медициналық көмек көрсетiп, аман алып қалуға мүмкiндiк бар.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper