"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«АҚЫНДАР АУЫЛЫНА КЕШТЕУ КЕЛIП ҚОСЫЛДЫМ»

Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 13:38
«АҚЫНДАР АУЫЛЫНА КЕШТЕУ КЕЛIП ҚОСЫЛДЫМ»

 

Исрайыл САПАРБАЙ ақын, композитор:  «АҚЫНДАР АУЫЛЫНА КЕШТЕУ КЕЛIП ҚОСЫЛДЫМ»

 

Рухани байыған сайын адам Абайға жақындай түседі

– Исрайыл аға, «жетпіс бес» деген қандай болады екен? Алпыста «талтүстен» астыңыз, жетпісте «пістіңіз», енді бүгін жетпіс бестесіз. Айырма бар ма екен?

– Мен 70-ке, 75-ке жетемін деп болжаған жоқпын. Алпысымды болжадым. Ал, «алпыс – тал түс» деген ұйқас қана, риторика. Тал бесіктен түсіп, ең алғашқы қадам басқан кезден бастап «адамның маңдайына жазылып қойған» делінетін, бірақ, ешкімге, сенің өзіңе де көрінбейтін тағдырың – «жазмышың» басталады. Сол алғашқы қадамды оң аяқтан бастайсың ба, сол аяқтан бастайсың ба, бұл – Құдайдың қолында. Көбіміз баламыздың апыл-тапыл жүргеніне мәз болып, қай аяқпен бірінші қадам жасағанына мән бермейміз. Біреу оң аяқпен аттайды. Міне, сол адамның өмірі негізінен сәтті болады. Мысалы, Асанәлі ағамызды алайық. Қалай болғанда да көп адаммен салыстырғанда бұл кісінің ғұмыры – жолы болған адамның үлгісі деп ойлаймын.

– «Жазмыштан озмыш жоқ» дегенде жазмыш Алланың белгілеп берген шеңбері, сен сол шеңбердің шыңына шыға аласың ба, жоқ барыңды пайдаланбай, етекте қалып қоясың ба, ол енді өзіңнің ақыл-білім, қайрат-жігеріңе ғана байланыс­ты демекшісіз ғой?

– Дәл өзі! Нақ сол секілді Сәбит Оразбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Төрегелді Шарманов, Олжас Сүлейменов, олардың алдындағы Қасым Қайсенов, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев ағаларымыздың өмірін өзіме үлгі тұтып жүргенде, өзімнің де қалай 75-ке келгенімді байқамай қалыппын. «Сыған серенадасында» Шәмші ағамыздың көшеге шыққанда сыған қызынан «бәрін айт та бірін айт, мен пайғамбар жасына жете алам ба?» деген сөзі – пьесаның лейтмотиві. Сонда ана қаршадай қыздың жауабы қандай?! «63 деген жас не, тәйірі?! Сенің  маңдайыңда жазулы тұр ғой – қазақ деген халық қанша жыл жасаса, сен де сонша жыл жасайсың!» демей ме? Не десек о дейік, бірақ сығандарда мистикалық қуат, дарын бар. Шәмші қанша жасайтынын білгісі келеді. Оны бәрі де білгісі келеді. Соған қарап өмірін реттегісі келеді. Алпыстан асқаннан бастап адам кемелдене бастайды. Шүкір, мен Абай атам жетпеген жасқа жетіп отырмын. Сөйтсем, мына шыңға шықсаң, ар жағында тағы шың бар екен. Оған шығу үшін алдымен мына шыңнан түсу керек. Міне, осы түсу – ең қиыны. Келесі шыңға абыроймен шыға аласың ба, жоқ па? Қадыр ағамыздың керемет бір өлеңі бар:

Шыңға биік шықтым-ақ, қона алмадым қайтейін!

Болам дедім мықтырақ, бола алмадым қайтейін!

Сұмдық философия жатыр мұнда. Мақсат – шыңға шығу! Шыққан соң басында қала аласың ба, жоқ па, оны бір Алла біледі, әзір айта алмайсың.

–  Сіз өз шыңыңызға шығып үлгердіңіз бе?

– Жоқ, мен өзімнің шыңыма әлі шыққан жоқ сияқтымын... Шыңға шығам деген сайын өмірдің тауқыметі де көбейе береді, күшейе береді. Қадыр ағамыз шыңға шығып отырып неге жаңағыдай өлең жазды? «Қазақпен бірге жасаймын ба, жасамаймын ба?» деген күдік ол кісінікі. Неге ол өзіне осы сұрақты қояды. Оның алдында 30 жасында Төлеген кетті. 45 жасында Мұқағали кетті. Ол өзін Мұқағалидан кем көрген жоқ...

– Біз де кем көрмейміз ол кісіні!

– Біз Қадекеңді көзінің тірісінде, 70 жасында «данышпан» деп атадық. Басқа ешкімді олай атаған жоқпыз. Қадекең өзін Мұқағалимен іштей салыстырды. «Артықпын» деп те айтқан жоқ. Бірақ, ол кісіде елдің аузында ертең қалам ба, қалмаймын ба деген ой болды-ау...

– Мүмкін емес қой қалмауы! Өлең жолдарының нақылға, қанатты сөзге, мәтелге айналуының өзі Қадекеңді Абайдан кейінгі екінші орынға нық шығарып отырған жоқ па?!

– Ал, мен қарсы сұрақ қояйын, Жұмекендей керемет философ ақын бүгіннің өзінде неге көп айтылмайды? Неге ол Мұқағалимен қатар жүрмейді? Оның әр сөзі қорғасындай ауыр. Оны дәл өзі деңгейлес дайындығы мол оқырман ғана түсініп, рахаттанып оқи алады. Қадекең болса өлеңдерін қалыппен кірпіш құйғандай етіп құйды. Сол өлеңдерінен ғаламат ғимарат тұрғызып кетті. Мұқағали болса, менің ақындық пайымдауымша,  үй де салған жоқ. Үй салуды ойлаған да, керек еткен де жоқ. «Айтарын айтып кеткен ақында арман бар ма» деп өзінің айтқысы келгенін аңқылдап айтты-айтты да кетіп қалды.

Бұл арада мәселе – халықтың танымында. Сол себепті «Жұмекен күндері» жоқ. Анда-санда «Төлеген күндері» өткізіліп тұрады. Абайға Шәкерімді қосып өткізіп көріп едік, онымыз сәтсіз болып шықты, «Шәкерім күндері» де жоқ. Қазір, Құдайға шүкір, «Махамбет оқулары» бар. Бірақ, болашақта қалай болады? Орыстар жыл сайын 40-50 ақынның оқу күндерін өткізеді.

– Немісте – Гете институты, орыста – Пушкин институты бар. Бізде «Абай институты» да жоқ әлі күнге дейін...

– Мен жақында «Қазақ әдебиетінде» Абай туралы «Іште пікір өлгенше» деген үлкен мақала бердім.  Менің өзім студент кезде оқыған Абайды қазір оқысам мүлде басқа кітап оқығандай әсерде боламын. Рухани байлығың көбейген сайын адам Абайға жақындай түседі екен. Ендеше, біз алдымен Абайды тануымыз керек. Абай – Алланың ерекше жаратылысы! Абай – құбылыс! Жақында Абайдың бір тақырыпқа жазған екі өлеңін оқыдым. Неге бір өлеңмен бітіре салмай, екінші өлеңін жазған? Өлеңге тақырыптың сипаты толық ашылмай қалды деп қайта оралып отыр. Әбіштің өліміне арналған 10-12 өлеңі бар. Ең ақырында «жақсы өліпсің, япырым-ай» дейді. Өйтпесіне болмады, қанша өлең жазса да күйікті баса алмады. Ең ұлы деген адамдардың өзінде «бір кем дүние» болады екен. Абай – Алланың бізге берген сыйы, ал, біздің сорымыз – оны әлі аша алмай, маңайлай алмай жүрміз. «Сегіз аяқты» алайық. Бұл өлең – жеке әлем.

– Абайдың әрбір дерлік өлеңін жеке әлем деуге болады ғой.

– Міне, міне! Ал, біз оның ішіне кіре алмай жүрміз. Кіру – сен екеуміздің міндетіміз. Өзгелердің де міндеті. Абайды арнайы зерттегендердің біразы Абайдың кодын аша алған жоқ. Меніңше, Абайдың жүрегіне барынша жақындаған жалғыз адам – жазушы Тәкен Әлімқұлов болды. «Жұмбақ жан» деп жазды. Кішкентай ғана кітапша. Қаншама ғылыми еңбек бір төбе де, жазушының осы еңбегі бір төбе. Соңғы 25 жылдың ішінде біз Абайға жақындай түскен жоқпыз, қайта алшақтап бара жатқандаймыз. Абайды керек етпей отырған халық Қадырды керек ете ме ертең?.. Мен жыл сайын «Абай оқуларына» қатысып тұратынмын. Қазір бармайтын болдым. Себебі, оны ұйымдастырушыларға айтқанымды істете алмай қойдым. Кім Абайдың өлеңін көбірек жаттайды – бас бәйге соған беріледі... Мен өзім Абайды енді түсінгендей болып жүрмін. Біз Абайды танып-біле алмай жүргенімізде, басқалар жайлы не айтуға болады?

Ясауидің «Хикметін» алайық. Ол жайлы Әбіраш Жәмішевтің жазғанын кезінде көпшілік жылы қабылдады. Сосын ақтөбелік ақын Есенбай Дүйсенбай жазды. Осы екі кітаппен тоқтап қал­дық. Мен соңғы 7-8 жыл бойы «Манкент» шипажайына келемін. Кезекті  дүние жазу өз алдына, мен Сайрамдағы музейге бару үшін келемін. Семейдегі Абай музейінің марқұм Төкен Ибрагимовтей шырақшысы болса, бұл музейдің де дәл сондай шырақшысы Мірқадыр Мірқайдаров есімді көкеміз, жақында бақилық болып кетті, біраз жыл бұрын маған: «Сенің жыл сайын дем алу үшін емес, мұражай көру үшін келетініңе ризамын. Менде көптің қолына түспей жүрген, еш жерде жарияланбаған керемет дүние – «Хикмет» бар. Өзбекстаннан келіп менен сол кітапты «беріңізші, біз аударайық» деп қайта-қайта сұрайды, қанша дегенмен түбім қазақ қой, оларға бермей жүрмін. Соны саған берейін» деді. Қолыма алып қарасам, шағатай ма, көне түркі тілінде ме, жазылған-ау... «Ағатай-ау, мен бұны аудара алмаймын ғой? Аударып беріңізші» дедім. Мағынасын өзбек тіліне тікелей аударып берді. 50 хикмет екен. Мен бұл жайлы ешкімге тіс жарған емеспін, қазір алғаш рет аузымнан шығып отыр... 

Бір ай бойы Ясауи жайлы әдебиеттерді, оның орысша, қазақша басылған «Хикметтерін» оқыдым, қысқасы, жақсылап дайындалдым. Драматургияны да, басқаны да, бәрін санамнан сілкіп тастадым. Әлемдік сенсация жасайтынымды білдім. Содан бір күні моншаға түсіп алып, үстелге, компьютердің алдына отырдым. Бірақ... Бір шумақ та жаза алмадым! Сенесің бе, бір әріп те түсіре алмадым. Қанша әрекеттендім, әурелендім, ешқандай нәтиже шықпады. Мәселе – кодын таппадым... Кейін Ә.Жәмішевтің, басқалардың жазғанын қайтадан қарасам, бетінен қалқу екен бәрі. Астарына, түбіне, тереңіне бойлай алмаған, маржанын тере алмаған екен. «Мынаған адамның ғұмыры керек екен ғой...» деген ой келді. Абайды оқып көрсем, ол да сондай екен. Абай, Ясауи дегендер жай адамдар қатарынан емес, мүлдем басқа деңгейдің адамдары екеніне көзім жетті.

– Егер сіз де өмір бойы таза жүріп, Ясауи сияқты ғұмыр кешкеніңізде, мүмкін, аудара алған болар ма едіңіз...

– Мүмкін, мүмкін... Алып-ұшқан көңілім ақыры жеңілгенін мойындады. Не істерімді білмеймін. Әлі тұр үйде...

– 1996 жылы Арыстан бапқа зиярат етіп барғанымда үш қасиеті бар: әліпті таяқ деп білмейтін; жыл он екі ай ораза тұтатын және «Хикметті» бастан-аяқ түгел жатқа білетін қашқадариялық қариямен танысып едім. Не жайлы әңгіме болса да, сөзінің соңын «Хикмет» былай дейді деп, бір шумағын келтіріп аяқтайды екен. Діндарлар «барлық сұрақтың жауабы Құранда бар» дейді. Давид Кугультинов «На все вопросы есть ответы у Пушкина» деді. Біз «Абайдан табамыз» дейміз...

– Айттым ғой, содан бері Абайға да әлгіндей көзқараспен қараймын. «Хикметті» аша алмасам да Абайды ашуға тырысып көремін. «Іште пікір өлгенше» – соның «бісмілләсі».

 

Дүние басқа бағытпен кетіп барады...

– Дегеніңізге жетіңіз, аға! Абайдан енді сізге қарай ойысайық. Филфактың түлегісіз. Ақын болуды бала кезден армандадыңыз. Сол шақтарда Тайқара деген досыңызды әжуалап: «Нан дегенде тоймайды. Тартып жегенін қоймайды. Қарны – қабақ. Арам - тамақ» деп өлең де шығарып, оны оқыған мұғаліміңіз «Исрайлдан болашақта үлкен ақын шығады» деген екен...

– Менде балаларға арналған өлең тұрмақ, оннан аса әнім де бар. Қадыр ағамыз бен Жарасқанның балаларға арнаған өлеңдері тұтас кітапты құраса, олар тапсырыспен жазды, ал, мен үйдегі 45 жылдан бері балабақшада істеп келе жатқан мамандығы музыкант жеңгеңіздің көңілін табу үшін жаздым. Өлеңді тақпаққа лайықтап жаздым және оған ән жазып отырғанды дұрыс көрдім. Мен жыл сайын кемі бір балабақшаға барып, олармен кездесіп тұрамын. Олар – періште ғой. Рахат сезімге бөленіп қайтамын. Ақындарымыз балабақшаға бармайды. Оларға арнап өлең жазбайды. Ал, орыстарда поэзия балаларға арнап дүние жазудан бас­талады.

– Пушкиннің өзі үлгі-өнеге көрсетіп кетті дейсіз ғой.

– Иә. Самуил Маршак, Агния Барто секілді қаламгерлер осы салаға тұтас өмірлерін арнады ғой. Бізде сол үрдіс жоқ. Адам балалар ақыны болып тууы, жаны бала болып қалуы керек екен. Мен ондай бола алмадым, әйтсе де әйелдің тілін табу үшін еркек байғұс қандай құрбандыққа, қандай ерлікке бармайды дейсің... Балаларға арнап Ермек Өтетілеуов ағамыз да, өзгелер де жазды, бірақ, оның бәрі басқа дәуірде қалды ғой.

– «Жалқау қазақ болса да, аңқау қазақ жоқ бүгін. Мәңгүрт қазақ болса да, аңғырт қазақ жоқ бүгін» депсіз. Бар және бар болғанда қандай! Қазақтың табиғатын «кемелденген социализм» де, «жабайы капитализм» де өзгерте алар емес. Жоқ болса біз бүгін мүлдем басқаша өмір сүрген болар едік...

– Оған бір-ақ жауап беруге болар еді. Қазақ «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейді. Сөйте тұра сол айтқанын өзі іске асыра алмайды. Неге? Түлкіні ит алмайды, түлкіні тазы алады ғой, ал, сол тазы жоқ қой! Тазы бола алмайтын да түріміз бар, себебі, біз көк бөрінің ұрпағымыз. Содан барамыз да мына түлкі заман талабына сай бейімделу өте ауыр соғып жатыр бізге. Бейімделеміз деп жүріп, өзіміздің аңғырт, аңғал, адал болмысымыздан айрылып, Абай атамыз айтқан «пысықтыққа», пасықтыққа, зымияндыққа, алаяқтыққа, дүниеқоңыздыққа ұрынып жатырмыз. Капитал үстемдік құрған, салтанат құрған заманда адамгершілік емес, қалтаның қалыңдығы алдыңғы орынға шығуы – заңдылық. Мен қорасында аздаған малы бар, үйі тола баласы бар, демек, қазақтың дүниесі түгел заманды, сал-серілер елдің еркесі болған Абайдың, одан да арғы заманды аңсаймын. Дүние басқа бағытпен кетіп барады... «Алты жасар баладай қылығы бар, адал, аңғал құлыңды ая, Құдай!» деуімнің себебі сол.

Біздің бүгінгі заманымыз жайлы да ұстаз Абай айтып кеткен. Жүз пайыз болмаса да, жетпіс-сексен пайызын дәл болжап кеткен. «Әркімнің мақсаты – өз керегінде. Білмедім, пысығын да, зерегін де» дейді. Оны ол қашан айтты? 19-ғасырда. Бірақ, Абайдың классиктігі, кемеңгерлігі сонда – қай заман тап келсе де қазақ өзінің сұрағына жауапты Абайдан табатын болады. «Ақынның аузына сөзді Алла салады» дейді. Менің айтайын деген ойымды дана Абай баяғыда айтып қойған. Әркім өз басымен әуре, басқада шаруамыз жоқ біздің. Бүгінгі қазақ – тура осындай! Мына 25 жыл бұрынғы таза, аңғал қазақты, біздің менталитетімізді мүлдем өзгертіп жіберді...

– Дәл осы тұрғыдан келгенде осыдан тура 40 жыл бұрын алғашқы кітабыңыз шыққан кезде алдағы өмірден күткеніңіз не еді? Бүгін сол күткен үмітіңіз ақталды ма? Мұны сұрап отырған себебім, сіз кейде күйректікке салынғандай боласыз. «Біліп айтам, тіліп айтам деп жүріп, Тірлігімде қанша зардап шектім мен» дейсіз. «Тура айтам деп жүріп, туғанына жақпаған, Тағдырым бар табанымен шоқ басқан» дейсіз. «Елге кетем, егін егем» дейсіз...

– Иә, иә! «Елге кетем, Елге барып, егін сеуіп, еңбек етем, Қала ішінде жұқтырған кеселімді, ел ішінде еңбекпенен емдетем» дегенмін...

– ...Осы 40 жылда сіз қандай эволюцияны бастан кештіңіз? Жалғыз сіз ғана емес, «халықтың айнасы» дейтін басқа ақындар қалай кешті, осы жайлы айтыңызшы.

– Менің алғашқы кітабымның аты – «Аққу арман». Бір жапырақ қана. Көктемгі жапырақтай жасыл түсті. Төлегеннің алғашқы кітабының аты – «Арман сапары». Төлеген екі өкпесін қолына алып, Шәмші ағамызға келмей ме? «Шәке, міне, менің тұңғышым!» деп желбезегінен жел есіп жетпей ме? Шәкең кіп-кішкентай, жұп-жұқа кітапшаны ашып, аударып қарап, соңғы бетіне көзі түссе 5 тиын деген жазу тұр екен, табан астында аузына келген: «Көбейіп тұр бұл күнде, Ақындардың қатары. Бес-ақ тиын тұратын, Неткен «Арман сапары» деген бір шумақты лақ еткізіпті. Төлегеннің пәрпігі басылып қалады ғой. «Жоқ, сен ренжіме, Төлеген! Ұлы сапар алғашқы кішкентай бір адымнан бас­талады, жүр кеттік, мен жуып беремін» депті...

Алғашқы кітабым шыққанда менде де «Құдайға шүкір, ақындар қатарына қосылдым ғой» деген сезім болды... Оның үстіне мен бұл «ауылға» кештеу келіп қосылдым ғой. 35-тен асқанда, «Алматыға бармасам болмайды» екен деп ару қалаға, сол кездегі астанаға келгенімде менің тұстастарым Жұ­матай, Жарасқан, Кеңшіліктердің әр­қайсысы екі-үш кітаптан шығарып, елге танымал болып үлгерген еді. Кемі 7-8 жыл кешігіп қалған екенмін, қатарларым әлдеқайда озып кеткен екен. Олар өлең оқыса жұрт дүрілдетіп қол соғады, мен оқысам бір-екі адамның шапалағы естіледі. Танымалдылық тұрмақ, мені ешкім танымайды да! Салым суға кетіп, үйге қайтамын. «Бұлардың қасында мен ақын емес екенмін ғой» деймін...

Соның күйігінен бе, жоқ әлде «ақын болатын адам алдымен ішіп үйрену керек» деген ой бол­­­­ды ма, мен, әйтеуір үш жылдай ішімдікке салынып кет­тім... Бір күні са­­нам өзінен-өзі дүр сілкінді: «Мен неменеме жетісіп ішіп жүрмін? Бұлар ішсе бірнеше кітабы шыққан, қызметі, үй-жайы бар, елге белгілі адамдар. Ал, мен бұрқыратып жазып жатқан өлеңім, шығып жақан кітабым жоқ, үй-жайым, әйел-бала-шағам Шымкентте, бір өзім Алматыда не бітіріп жүрмін?» Осылайша ішуді пышақ кескендей тоқтаттым. «Мен қатарларыма жетіп алуым керек! Жеткеннен кейін озуым керек!» дедім өзіме өзім.

– Осы жерде бір сұрақ, аға, француз мақалын түрлендіріп айтсақ, «ақындар ауылда туып, астанада өледі» екен. Сол себептен бе, қазақ ақындарының басым көпшілігі кезінде мектеп бітіре сала Алматыға ұмтылды. Газет-журналда, баспада жұмыс істеді. Ал, солар Алматыдан басқа не көрді? Өмірдің ащы-тұщысын тату деген шығармашылық адамы үшін таптырмайтын мектеп, таусылмайтын азық емес пе?! Олар соның бәрін ертең өңдеп шығармай ма? Мысалы, сіз екі жыл жоғары партия мектебінде оқыдыңыз, бір жыл Сыртқы істер министрлігінде, үш жыл Өзбекстанда елшілікте қызмет еттіңіз. Осылайша «қайнаған қазанның» ішіне түсіп шығу ең бірінші кезекте ақын-жазушылардың өзін байытпай ма? Білім өресін биіктетіп, пайым көкжиегін кеңейтпей ме?

– Өте дұрыс сұрақ. Жауабын өзің де білесің, бірақ, сен ақынның пікірін керек етіп тұрсың ғой... Мен 35 жасқа дейін Алматыға анда-санда барып тұрдым. Париж секілді Алматы да бізді арбап, баурап, өзіне тартып тұратын, өйткені, оның ол кездегі табиғаты,  аурасы, атмосферасы, эйфориясы мүлде бөлек еді, ол – жұмақ-қала болатын... Ақындардың қаласы болатын! Оның ең алдымен ғалымдары, әкімдері емес, ақындары ауызға ілінетін! Маған сол орта керек болды. Ал, Алматы ақындардың ортасы ғана емес, ордасы еді! Сырбай, Қуандық, Олжас! Жазушылар одағы қыз-қыз қайнап жататын. Оның ішіне кіру – арман... Жоғары партия мектебінің өзіне мен Алматыға жақындай беру үшін түстім. Бір күні «Оңтүстік Қазақстанның» редакторы Әмірсейіт Әлиев ағамыз «сен осы күндіз-түні Алматыға қарап «ұлисың» да отырасың ғой, пайдалана алсаң, бір мүмкіндік болып тұр» деді. «Ойбай-ау, айтсаңызшы!» «Екі орын бар, біреуі – жалпы факультетке, екіншісі – журналистикаға. Бірақ, оған үміткерлер он  шақты». «Болды, аға, барамын! Он емес, жиырма болса да жарып шығамын!» Өзіме өте сенімдімін, өйткені, оқығаным, тоқығаным бар, шамам жететінін білемін. Айтқандай, екі орынның біреуін иеленіп шыға келдім.

Екі жыл оқыдым. Құдайдың құтты күні кешке мен Жазушылар одағынан табыламын. Жұматай бастаған ақындар менің партия мектебінің жатақханасындағы бөлмемнен шықпайды. Тіпті, оны кафеге айналдырып жіберген күндеріміз де болды... Қадекең бастаған ақындарды күнде көремін. Мен сол екі жылды жақсы пайдаландым, сол үшін келдім ғой, әйтпесе, партияның мектебін не қылам мен! Наум Михайлович деген деканымыз бар еді, ол мені топтың старостасы етіп тағайындады, маған еркіндік берді, менің бар жағдайымды жасап қойды.

– Ол кезде таланттарды тани білетіндер көп еді ғой...

– Дұрыс айтасың, таныды ол! Маған «ты – необыкновенный человек!» дейтін. «Мықты ақын боласың!» дейтін. Соның арқасында тайраңдадым мен... Айтайын дегенім, мен сол Алматыға жеткенше жаңағы жапырақтай кітабым «Жалын» баспасының қоржынында бақандай бес жыл жатты! Жылда еңбек демалысын алған бойда қойны-қонышымды ақшаға толтырып Алматыға тартатынмын. Тұманбай, Сағи ағаларыма, Жарасқандарға жолығамын. Олар маған «міне, кітабың келесі жылдың тақырыптық жоспарында тұр» дейді. Мен соған мәзбін, жата қап «жуамын». Бір апта өтпей Шымкентке қайтамын. «Ақын емес екенмін ғой, әйтпесе, неге менікі шықпай қала береді?» деп те ойлаймын... Мен партия мектебіне келген соң барып, алтыншы жыл дегенде шықты ғой кітабым.

– Шыққан кезде қандай көңіл-күйде болдыңыз? Төлеген тәрізді ағаларыңыздың біреуі­не жүгірген жоқсыз ба?

– Жоқ. Жазушылар Ода­ғында Қабдыкәрім Ыдырысов деген «Жалын» баспасының директорын көріп қалдым. Сә­лем­дестім. Ол кісі мені танымайды. Өзімді айтып едім «өй,  Исрайыл, кітабың шықты ғой, сен неге келіп алып кетпей жүрсің?» дегені. «Шын ба, аға?» «Шын! Сен өзің жақсы ақын екенсің ғой. Сосын шығардық қой!» Мені ертіп барып он дана «сигнальный» кітапты қолыма ұстатып жіберді... Мен Жазушылар одағы­на сол алғашқы кітабыммен мүше болып қабылдандым! Сабырхан Асанов, Жүсіп Қыдыров, Қуандық Шаңғытбаев кепілхат берді. Қуандық ағам: «Мен саған сенемін, сен үмітті ақтайсың!» деді. Сосын: «Және саған аманатым бар, соны орындайсың» деді. «Айтыңыз, аманаттың қандайын болсын орындаймын» деп жатырмын. «Оңтүстіктің насыбайы күшті болады. Насыбайым таусылған кезде мен саған телефон соғамын, маған бір бөтелке насыбай салып жіберіп тұрасың!» О, Құдай, «аманаты» сол екен... Бала сияқты ақкөңіл адам еді. «Және жылына бір-екі рет «суарып тұрасың мені, шөлдеген кезімде оны да өзім айтам» деді. «Суарып» дегендегісі бір бөтелке арақ, бір бөтелке коньяк екен... Апарамын, өзім бірге ішіп қайтамын ғой. Ағам мен айтқанын орындағаныма мәз. Осындай ағаларым болды...

Кейінгі жылдары Қадыр ағаммен көп араластым.  Ол кісі түпсіз тұңғиық еді ғой. Көп тәрбие алдым мен. Кітап етіп жазамын оны.

 

Мені биікке шығарған — намысқойлық

– Оған дейін біздің оқырмандармен бір-екі мысал келтіріп, бөлісе отырсаңызшы.

– Мысалы, бірде Шәмшінің фестиваліне жюри ретінде қатысу үшін Қадекең, Темірхан, Әшірбек төртеуміз Шымкентке шықтық. Бір купедеміз. Қазы-қартамызды жеп, коньягімізді ішіп отырмыз. Сағат он екіде Қадекең «жігіттер, ұйықтайық. Ертең бет-аузымыз мыж-мыж болып тұрып жатсақ ұят қой. Бәрібір, коньяк пен қазыны тауыса алар түріміз жоқ. Исрайыл, бұл екі жігіт жасымызды сыйлап бізге төменгі орынды берді. Онысына рахмет! Бірақ, біз жоғарыға жатайық. Себебі, түнде жазатайым біреуі үстімізге құлап кетсе, бізді шыбын құрлы көрмей езіп тастайды ғой!» деді. Осылайша қағылез екеуміз жоғарыға жайғастық. Астындағылар пырылдап ұйықтап қалды. Қадекең аяғын айқастырып жатыр. «Бұл кісінің осылай ұйықтайтын әдеті ме екен?» деп қоямын. Бір уақытта шырт еткізіп өзінің бас жағындағы шырақты жақты. Аяғының үстіндегі бір жапырақ блокнотқа біраз нәрсені жазды-жазды да, шырақты өшірді. Біраздан соң тағы жақты. Тағы жазды. Мен жаққа қарап қояды. Мен ұйықтағансып жатырмын. Осы әрекет бес-алты рет қайталанды. Мен сол кезде: «Туу, Қадеке, төбеге шығарып алдыңыз-дағы  ұйықтатпадыңыз ғой!» деп өкпелеген болдым. «А, сені ұйықтап қалды екен десем... Ұят бопты-ау! Бопты, жазбаймын» деді.

Сонда Қадекең не жазды дейсің ғой? Әңгімеде не бір қызық нәрселер айтылды. Бір Әшірбектің өзі неге тұрады?! Қадекең «ұмытып қалмайын» деп солардың  керекті детальдарын түртіп алды. Оның бәрі – олжа! Біз болсақ, «ертең жазармыз, ұйықтайын» дейміз. Ертең қол тимей кетеді. Арғыкүні тағы. Сөйтіп жүргенде детальдар, ньюанстар ұмытылады, көмескі тартады, еске түспей күйдіреді. «Жазмыш» осындай әңгімелердің арқасында жазылған. Міне, ұқыптылықтың, еңбекқорлықтың үлгісі! Мен сол жерде «мынадай олжаны жібермеу керек екен» деген ой түйдім.

Ал, оның энциклопедиялық білімі ше? Кейде жюриде отырып, қызу әңгімеге кірісіп кетеміз. Сол кезде сөз сөйлеуге шақырады. Сонда Қадекең Сократ, Платоннан бастайды-дағы, бес минут ішінде сөзін бітіреді. Шөлі қанбай қалған жұрт «айта түссеңізші!» десе де көнбейтін. Міне, мол білімнің пайдасы!

Тұмағаң елге шыққанның өзінде күніге «100 жол жазбай ұйықтамаймын» дейтін. Сондай кезде маған «неге жазбайсың?» деп ұрсатын.

– Әдеби ортаны таптыңыз, келісемін. Ал, «өмір көру» дегенді қайтеміз?

– Әдебиетті насихаттау бюросы деген болды. Он шақты күн жүреміз. Сыр-ағаң, Қад-ағаң секілді ағаларымыз бастап жүреді. Осы он күнде небір бара алмайтын жерге барасың. Небір адамдармен, ұжымдармен кездесесің. Өмір емей не осы? Ал, «қайнаған қазанда пісіп шығуға» келсек, адам өмірінде ондай сәттер қалайда кездеседі екен. Бір-екі-ақ мысал айтайын. Сол партия мектебін бітірерде 3 ай «Социалистік Қазақстан» газетінде өндірістік тәжірибеден өттім. Очерк жаздым, өлең жаздым. Қайтар шағымда газет редакторы Сапар Байжанов «сенің жазуың бізге ұнады. Бар да құжатыңды алып кел!» деді. Қуанып кеттім. Себебі, бір-екі жылда үй аламын ғой! Бір аптадан соң келдім, жауапты хатшы Мыңбай Ілес құжаттарымды алып кіріп кетті. Содан жоқ... Жарты сағаттан асқанда нарттай болып «оңбаған, оңбаған» деп келді... Сөйтсем, Мыңбай Ілесов пен партия комитетінің хатшысы екеуі менің сорыма қарай жерлесім екен. Біреулер «ол екеуі аз ба сізге, үшінші шымкенттікті алсаңыз, ертең өзіңізді аударып тастайды» деген ғой. Мен өзім кірдім. Сапекең маған айныған себебін мүлде басқаша түсіндірді. «Айналайын, кешір, Орталық Комитет бұл орынға басқа бір адамды ұсынды. Мен оның өтінішін орындамай тұра алмаймын ғой». Мен қызметке алғысы келмей отырған адамды зорлайын ба, «жарайды, аға!» дедім. Сөйттім де «Алматысы құрысын бүйткен» деп... сүмірейіп Шымкентке қайттым. Бір апта бұрын «уралап» шығарып салған ұжымға  – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қайта келдім. Әмірсейіт аға: «Бұл – бірінші сынақ. Мұндайдың әлі талайын көресің. Бұрынғы орныңа бар да отыр!» деді. Бұл соққының маған ауыр тигені сонша, ішіп кете жаздадым ғой...

– Екінші сынақты айтыңызшы.

– Оны ең бірінші сынақ десе де болар. Мен екі жасар кезімде сал болып ауырыппын. Одан мені анам жазып алыпты. Ал, мектепке барар жазда асық ойнап жүріп жалаңаш аяғыммен күл астындағы шоққа түсіп кеттім... Содан маймақ болып қалдым. Бір күні мектепте балалар «Исрайылға ұқсап жүрейікші» деп менің жүрісімді салып мазақтамасын ба... Жаныма жаман батты. Содан әр түн сайын жұрт ұйықтағанда айдың жарығымен әбден шаршағанымша жүрісімді түзулеумен болдым. Жас организм жөндеуге келеді екен. Әйтсе де, осы Нармахан Бегалиевпен оқуға түскеннен кейін өзім сұранып 3 жылға әскерге кеттім. Неге? Әскерде жүгіртеді ғой, сол үшін. Онда он айлық сержанттар мектебіне тап болдым. Жүгірудің не бір атасын сонда көрдім. Арқаңда 35 келі қаппен, қолыңда қаруыңмен, үшінші жылдың соңында 10 шақырымға эстафетаға жүгірдік. Ең соңында өзім жүгірдім. Мәреге 300-400 метр қалғанда есімнен танып құлаппын. Солдаттарым, өңкей Балтық жағалауындағы елдердің жігіттері еді, мені көтеріп алып жүгіріп мәреге жеткізген ғой. Содан жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан мен 3 ай лазаретте жаттым... Есесіне маған басшылық патриоттығым үшін 10 күн демалыс берді... Өкпемді күйдіріп жібере жаздап жүрген намысқойлық қой. Мені биіктерге сол намысқойлығым шығарды.

– Содан «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қайтып келдіңіз. Бірақ, көп істемедіңіз ғой деймін?

– Иә. Жазушылар одағының облыста филиалы ашылып, оның жетекшісі Нәсіреддин Сералиев ағамыз мені әдеби кеңесшілікке шақырды. Қашан 1983 жылы Алматыға ауысқанша сонда жұмыс істедім ғой. Нәсіреддин ағай мені көп нәрсеге үйретті. Бір атақты аға жазушымыздың  повесін оқуға берді. «Мен поэзия болмаса прозаны оқуға онша құмар емес едім...» десем де қоймады. Біраз күннен кейін сұрады. «Оқыдың ба?» «Иә. Тек 20 беттен ары аса алмадым». «Ал, мен 10 бетін ғана оқыдым. Әдеби тіл мен публицистикалық тілді араластырғанда осындай қойыртпақ туады. Жазушы емес бұл!» Әне, талғам деген қайда жатыр!..

Бауырым, біраз жерге бардық қой деймін. Келесі сұхбатқа да бірдеңе қалсын.

–Рахмет, аға! Құдай қуат берсін, осы шабысыңыздан таймаңыз!

 Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper