"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«КҮРКЕТАУЫҚ ЕТIНIҢ ПАЙДАСЫН КӨПШIЛIК ӘЛI ТҮСIНГЕН ЖОҚ»

Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 10:37
«КҮРКЕТАУЫҚ ЕТIНIҢ ПАЙДАСЫН КӨПШIЛIК ӘЛI ТҮСIНГЕН ЖОҚ»

 

дейдi кәсiпкер, «Ордабасы құс» ЖШС-нiң бас директоры Мұрат Тағаев

 

Қазақстанда күркетауық бiрлi-жарым үйде өсiрiлсе өсiрiлген шығар, бiрақ «Ордабасы құс» ЖШС-iне дейiн елiмiзде осы бiр құсты өсiрген iрi ферма, етiн өңдеп әлемге экспорттаған iрi кәсiпорын болған емес. Бүгiнде оның өнiмдерi елiмiзде «Дәмдi ет» сауда белгiсiмен танымал. Ағзаға ауырлау тиетiн қой мен сиыр, жылқы етiнен гөрi адамға құс етiн тұтынудың қаншалықты пайдасы мол екендiгiн дәрiгерлер аз айтпайды. Осы орайда бiз үлкен шаруашылықтың басы-қасында жүрген, оның ыстығы мен суығына күйiп-тоңған, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, әл-ауқатының жақсаруына ықпал етiп отырған «Ордабасы құс» ЖШС-нiң директоры, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы, «Құрмет» орденiнiң иегерi Мұрат Құлмырзаұлы ТаҒаевпен сұхбаттасқан едiк.

– Жалпы, көпшiлiк үшiн бейтаныстау идея қайдан, қалай келдi?

– Күркетауық етiн өндiру идеясы жөнiнде тәуелсiз Қазақстан мемлекетiнiң тұңғыш Премьер-министрi болған Сергей Терещенкодан естiдiм. Облысты басқарып тұрған кезiнде ол күркетауық етiнiң денсаулыққа өте пайдалы екенiн айтып, құс фабрикасын салғысы келдi. Бұл үшiн жоба жасау, ұңғыма қазу тәрiздi бiраз алғышарттар да қолға алынды. Дегенмен, тоқсаныншы жылдың басында Кеңес Одағы ыдырап, жоба аяқсыз қалды. Мен ол кезде «Қайнар құс» фабрикасының директоры едiм.

Елiмiз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн құс шаруашылығы саласына байланысты алыс-жақын шетелдерге шығуға, заманауи технологиялармен танысуға, халықаралық семинар, көрмелерге қатысуға мүмкiндiк туды. Осы көрмелер арқылы елiмiзде күркетауық өндiрiсiнiң келешегi бар екендiгiне көз жеткiздiк. Құс шаруашылығының ардагерi, ұстазым Әбiлқасым Досболов және С.А.Терещенкомен ақылдасып, 2008 жылы «Ордабасы құс» ЖШС-iн құрдық. Оның тез iске асып, аяғынан тұрып кетуiне, бүгiнгi дәрежеге жетуiне Елбасымыздың тапсырмасы мен Үкiметтiң «Үдемелi индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының көмегi көп болды. Осы жоба аясында агрокешен саласына жаңа өндiрiске жаңа технологияны ендiру үшiн 2009 жылы «ҚазАгро» Ұлттық холдингi басқармасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 1 миллиард долларды 6 пайыздық жеңiлдiкпен несиеге беру туралы шешiм шығарды. Бiрақ, оның талабы өте күштi болды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы барлық бизнес-жоспарыңызды дәлелдеу тәрiздi үш сатыдан өтуге тура келдi. Соның нәтижесiнде бiз 2010 жылы 21 желтоқсанда Елбасының қатысуымен өткен ең алғашқы телекөпiр арқылы 70 мың күркетауықты бордақылауға қойғанымызды көрсеттiк. Елбасы Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған iссапары барысында сол бордақылауға жiберiлген құстардың сойылу процесiне өзi қатысып, бiздiң өндiрiспен танысты. Жұмысшылармен кездесiп, келешекте осы өндiрiстi одан әрi қарай ұлғайту үшiн қолдау көрсететiнiн айтып, бiзге бағыт-бағдар бердi. Өндiрiстi тек бiр ғана саламен шектемей, одан әрi қарай түрлi шұжықтар, диеталық өнiмдер шығаруға, сонымен қатар, құстың саңғырығын өңдеп органикалық тыңайтқыштар алуға дейiн кеңес берiп, бiзге үлкен жауапкершiлiк жүктедi.

– Шаруашылық сол жауапкершiлiк үдесiнен қаншалықты шыға алды?

– 2011 жылы 2000 мың тонна тiрi салмақта күркетауық етiн өндiрсек, 2016 жылы 10 мың тонна ет өндiрiп, 70-тен астам өнiм түрлерiн шығардық. Биыл да сол межеден көрiнудi көздеп отырмыз.

Күркетауық мекиендерiнiң сойған кездегi салмағы 10-12 келiге дейiн болса, қораздарының салмағы 18-20 келi, тiптi одан да асады. Бiр қойдың етiне жақын болғандықтан оны бiр адам ала бермейдi. Сондықтан оны бөлшектеп, әр азаматтың табысына сәйкес қолжетiмдi етiп өндiрудi қолға алдық. Одан өндiрiлетiн шұжықтардың өзiн де қолжетiмдi етуге тырыстық. Осы бағытта жұмыс iстеп келе жатырмыз. Бадам, Бөржар ауыл округтерiндегi 400-ден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа жыл мерекесiнде өзiмiздiң өнiмнен әр адамға өзi қалаған өнiм түрлерiнен 7 келiден беремiз. Ал, Наурыз мерекесiнде серiктестiк есебiнен дастарқан жайып, сый-сияпаттар тапсырамыз.

Бiздiң тәуелсiз елiмiздi бүкiл әлем Астана арқылы таныды. Сондықтан бас қаламызды әр азамат көрiп, сонымен мақтанса деген ниетпен ұжымдағы еңбек озаттарын елордаға жiберiп отыру туралы шешiм қабылданды. Былтыр 10 адам, биыл ЭКСПО көрмесiне орай 20 адам Астанаға барып қайтты. Жұмысшыға материалдық, моральдық қолдау көрсетiлiп тұрса, әрдайым өндiрiс те табысты болады.

– Өндiрiстiң бүгiнгi ахуалы қандай?

– Қазiргi таңда өнiмдерiмiздiң 40 пайызға жуығы Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда. Әрине, сұраныс көп. Бiрақ, бiздiң алға қойған мақсатымыз – iшкi нарықты қамтамасыз ету. Экологиялық таза өнiмiмiздi алдымен өзiмiздiң азаматтар тұтынса деген ой ғой бiздiкi.

2010 жылы тiкелей телекөпiрде Елбасының әзiл араластыра отырып: «Күркетауық етiн өздерiң жей бермей, елорданы да ұмытпаңдар» дегенi бар едi. Оны әзiл деп емес, бiз үшiн үлкен жауапкершiлiк деп қабылдадық. Содан алғашқы күннен бастап Астананы да қамтамасыз етудi қолға алдық. Астанадағы АҚШ, Канада, Израиль елшiлiктерi де бiздiң өнiмдерiмiздi тұтынады. ЭКСПО көрмесi кезiнде үш ай бойы 500 тоннадан астам күркетауық етiн елордаға жiберiп отырдық.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында Үкiмет, жергiлiктi билiк, Кәсiпкерлер палатасынан үнемi қолдау тауып келемiз. Соның нәтижесiнде iшкi, сыртқы халықаралық көрмелерге қатысудамыз.

2015 жылы «Алтын сапа» байқауында «Халық маркасы» аталымы бойынша онлайн дауыс беру арқылы жеңiмпаз атандық. Сол жылы Италияның Милан қаласында өткен ЭКСПО-да бiзге жеңiмпаз болғанымыз үшiн сертификат табыс етiлдi. Заман алға қарыштап дамып барады. Күркетауық өндiрiсiнде әлемдегi ең озық израильдiк технологияны ендiре отырып, өз өнiмiмiздiң сапасы, бағасы жағынан да бәсекелестiкке қабiлеттi екенiн сезiп отырмыз.

Қазiргi таңда бiздiң «Дәмдi ет» сауда белгiсiмен шығарылатын күркетауық етiнiң қаптамадағы түрi, ысталғаны, шұжығы шетелдерге кеңiнен белгiлi бола бастады. Мұның бәрi –«Жаңа үдемелi индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан iстердiң нәтижесi. Былтыр 500-ден аса кәсiпорын қатысқан арнайы байқауда ҚР Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығын алдық. Мұны бiздiң жұмысымызды халықтың өзi жоғары бағалағаны деп түсiндiк. Облыс бойынша былтыр «Үздiк салық төлеушi кәсiпорын» номинациясын да жеңiп алдық.

– Бәсекелестерiңiз бар ма?

– Ең үлкен бәсекелес – «Буштың аяғы» (окорочка). Ал, негiзiнен күркетауық өндiрiсiнде бiзге Қазақстанда, Орта Азияда тең келер компания жоқ. Ресей ғана бәсекелесе алады.

Бүгiнгi таңда Қазақстандағы iшкi нарықта құс етiмен өзiн-өзi қамтамасыз ету 50 пайызды құрайды, ал, 50 пайыз ет сырттан келедi. Соның 49 пайызы – әлгi айтқан тауықтың жамбасы. Ол, бiрiншiден, арзан, екiншiден, бiздiң халық құс еттерiнiң өзгешелiктерiн ескерiп, аражiгiн ажырата бермейдi. Күркетауық па, жай тауық па, тiптi тауықтың аяғы ма – бәрiбiр. «Буштың аяғы» мен күркетауық етiнiң айырмашылығын Сiз бен бiз халыққа түсiндiре алсақ дұрыс болар едi. Ал, әлемдiк нарықта күркетауық етi сиыр етiнiң бағасынан 10-15 пайыз ғана төмен жүредi. Одан соң 10-15 пайыздық төмен бағада бройлер және тағы басқа тауықтар сатылады. Жылқы мен қой етi тек Қазақстанда ғана бағаланады. Бүгiнгi таңда Ресей құс етiмен өзiн-өзi толықтай қамтамасыз ете отырып, сыртқы нарыққа шыға бастады. Олар құстардың iшiнде етi сапалы күркетауық өсiрудi қолға алған. Олармен бәсекелеспiз, бiрақ сапа жағынан олардың алдындамыз. Себебi, бiзде өндiрiс балапаннан бастап союға дейiнгi толық циклда жұмыс iстейдi. Соның iшiнде еттi өндiруде өзiндiк құнының 70 пайыз үлесi – азықтық жемде. Оны өзiмiздiң құрама жем өндiру зауытында шығарамыз. Зауыт толық автоматтандырылған. Қажеттi дәрумендерi жеткiлiктi. Мамандарды өзiмiзде, шетелде оқыттық. Соның айғағы – бiздiң еттiң сапасы. Шаруалардан бидай, жүгерiнi сатып аламыз. Өзiмiз айналысу үшiн бiзге жылына 25 мың тоннадан астам бидай мен жүгерi, соя дәнi керек. Оның үстiне мұның бәрiн өзiмiзде өндiруге суармалы жер аумағы жеткiлiксiз. Сондықтан шаруалардан сатып аламыз, ал, бұл оларға да пайдалы.

– Алда қандай мiндет-жоспарлар тұр?

– Қазiргi таңда компас жасау, яғни малдың қиынан, құстың саңғырығынан органикалық тыңайтқыш, биогаз, энергия шығару жобасын жасап қойдық. Құсты сойғандағы қан аралас қалдық суды тазалай отырып, оған саңғырықты қосып, органикалық тыңайтқыш жасауға болады. Бұдан бөлек, Бадам елдi мекенiнде темiржол тұйығымен қоса дәндi дақылдар қабылдайтын 20 мың тонналық қойма салдық. Қайбiр жылдары солтүстiк өңiрде қамбаға сыймаған бидай далада үсiп қалды. Мiне, сондай болмасын деп шаруаларға өнiмдерiн бiздiң қоймада сақтауға мүмкiндiк беремiз. Мысалы, жүгерi өсiрумен айналысатын шаруаларды алайық. Собық уақытында сатылып кетпесе, жаңбыр жауып, қар басып қалса оның бәрi шiрiп кетедi. Үлгерсе, сарайында сақтайды немесе сыртта палаткамен жауып қояды. Сондай сәттерде шаруадан тiкелей егiс даласына барып қабылдап алып, оны өзiмiзде өңдеп, кептiрiп, сақтайтын қойма аштық. Осындай жобалардың нәтижесiнде тағы 40 адамды жұмысқа қабылдаймыз. Бiздегi жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 81 мың теңге.

Бүгiнде жастарды шетелде оқытып, жаңаша жұмыс iстеуге үйретудемiз. Тек бұған өзiнiң қызығушылығы мен талабы болса жеткiлiктi.

– Ұсақ шаруашылықтар жөнiнде не айтуға болады?

– Ауыл шаруашылығы кооперативтерi арқылы да өнiмнiң көлемiн көбейтудi ойлап, жоба құрып, бизнес-жоспар жасадық. Мемлекет басшысының ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi алдына ауыл азаматтарының ауыл шаруашылығы кооперацияларына бiрiгуге мiндет қоюына байланысты күркетауық өсiрушiлердiң кооперативiн құрып, iстi одан сайын ауқымды етуге барынша күш салудамыз. Бұл ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға мол мүмкiндiк бередi.

Барлық ет өнiмi бәсекеге қабiлеттi, сапасы жоғары болуы үшiн оның биологиялық, ветеринарлық қауiпсiздiгi өте жоғары дәрежеде болуы тиiс. Бiз күркетауықты өсiруге ұсақ шаруашылықтарға берiп көрдiк, бiрақ олар оны сақтай алмады. Себебi, 20-30 жылда бiр рет те дәрiленбеген қорасында ұстайды. Сондықтан бiз мұны тоқтатып, кооперацияға бiрiктiру туралы шешiм қабылдадық. Бұл үшiн өзiмiздiң жанымыздан алаң дайындадық. Сол жерден құсхана салып, несиесiн алған шаруаны балапанмен, құрама жеммен қамтамасыз етiп, зоотехникалық, ветеринарлық кеңестер беремiз, түрлi ауруларға қарсы екпе салдыртамыз. Қораны түрлi зиянкестерден залалсыздандырамыз. Ал, шаруаның мiндетi – тек бағу. Бордақыланып, союға жеткен уақытта оларды өзiмiз сатып аламыз да, үлкен цехта өңдеймiз. Сонда қауiпсiздiктiң бәрi сақталады. Қазiр осы жобамыз жөнiнде түсiндiру жұмыстары жүргiзiлуде. Бiздi қолдаған бiрен-саран азаматтар жұмысты бастап та кеттi. Егер осы жоба жүзеге асатын болса, мұның тиiмдiлiгi керемет болғалы тұр. Әрине, бұл шаруаны өзiмiз де iстей аламыз, бiрақ өзгелерге де көмегiмiздi тигiзгiмiз келедi.

Күркетауық өндiрiсi – құс шаруашылығында ең күрделi сала. Себебi, ең нәзiк балапан – күркетауықтың балапаны. Оған жағдай жасау – жас баланың күтiмiнен де қиын. Азығы сапалы болмаса, өсiрiп-жетiлдiремiн деу бос әурешiлiк. Қазiргi кезде бiздiң өндiрiс орны қажеттi алдыңғы қатарлы технологиялармен толық қамтылған.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper