"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТӘЖIРИБЕСI ТИIМДI

Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 10:36
ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТӘЖIРИБЕСI ТИIМДI

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң қашықтықтан оқыту технологиясының қолға алынғанына он үш жыл болыпты. Бұл жүйенiң артықшылығы неде? Сұрақтарымызға университеттiң қашықтықтан оқыту институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еңлiкхан Шәрiпханұлы Қозыбаев жауап бердi.

 

– Қашықтықтан оқыту институт ашылғалы қанша маман диплом алып шықты? Әңгiменi оқу орнының тарихынан сыр шерте отырып өрбiтсек...

– Жалпы, университетте мамандарды өндiрiстен қол үзбей даярлаудың кешкi бөлiмi 1957 жылдан, ал, сырттай оқыту факультетi 1959 жылы Қазақ химия-технологиялық институты негiзiнде ашылды.

Қазiргi уақытта озық технологиялардың бiрi болып саналатын қашықтықтан бiлiм беру технологиясы 2004 жылдан берi тәжiрибе жүзiнде университеттiң оқу процесiне енгiзiлген. Ал, 2015-2016 жылғы жоғары оқу орындарының ұлттық рейтинг көрсеткiштерi бойынша республикада бiздiң бiлiм ордасы 1-орынды иелендi. 2008 оқу жылынан бастап қашықтықтан бiлiм беру технологиясын пайдалану аясының ұлғаюына байланысты сырттай оқыту факультеттерi институт болып қайта құрылды. Бүгiнгi таңда институттың Ақтау, Қарағанды, Мәскеу қалаларында өкiлдiктерi жұмыс iстейдi. Университеттегi ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын оқытушы-профессорлық құрамның ең тәжiрибелi 1765 оқытушыcы институттың оқу процесiне жұмылдырылған. Олардың iшiнде Ұлттық Ғылым академиясының 4 академигi, 95 ғылым докторы мен профессоры, 577 ғылым кандидаты мен доцентi бар. Бiлiм беру үрдiсiне жақын және алыс шетелдерден, оның iшiнде АҚШ, Германия, Испания, Бельгия, Ресей, тағы басқа елдерден белгiлi ғалымдар шақырылады. Жалпы, институтты түрлi мамандықтар бойынша жыл сайын мыңнан астам студент бiтiрiп, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде экономикалық және әлеуметтiк жағдайды көтеруге атсалысуда. Университетте оқу үрдiсi 2161 компьютермен қамтамасыз етiлген, олардың жартысынан көбi жаңа үлгiде. 1800 компьютер интернет желiсiне қосылған. Университеттi басқару қазiргi заман талабына сәйкес алғашқылардың бiрi болып 2004 жылы ИСО 9001-2000 версиясымен Сапа менеджментi бойынша сертификаттаудан өткен. 2007 жылдан бастап республикадағы жоғары оқу орындарының арасынан алғашқысы болып 7 техникалық мамандық бойынша Германияның АСИИН аккредитациялық агенттiгiнен халықаралық аккредитациядан өте бастады. Сол мамандықтардың iшiнде химия, IТ бағдарламасы бойынша бiтiрушiлерге елiмiзде алғашқы рет евробакалавр үлгiсiндегi дипломдар табыс етiлуде.

– Елiмiзге қажеттi маман даярлау барысында шешiлуi қиын күрделi түйiндердi атап бере аласыз ба?

– Университетте техникалық, гуманитарлық, экономикалық, педагогикалық және шығармашылық бағытта 86 мамандық бойынша бакалаврлар даярланса, соның 64 мамандығының кешкi және сырттай оқу түрлерi бойынша студенттер өндiрiстен қол үзбей оқуларын жалғастыруда. Оқу процесiне заманауи инновациялық технологиялар толық ендiрiлген. Қазiргi уақытта заман талабына, қоғам мен ел экономикасының сұраныстарына байланысты жаңа кафедралар мен мамандықтар ашу жағы ректорат тарапынан үнемi ескерiлiп тұрады. Ең негiзгiсi, қазiргi кезде оқу бағдарламасын құрастыру барысында жұмыс берушiнiң талап-тiлектерi ескерiледi. Яғни, болашақ маман университеттi бiтiргеннен кейiн қандай кәсiпке ие болады? Мiне, осыған басымдықтар берiледi.

– Кешкi оқу дегенiмiз не? Қашықтықтан оқыту түрiн тәмамдаған мамандар қандай диплом алып шығады? Олардың күндiзгi бөлiмдi бiтiрген азаматтардан айырмашылығы бар ма?

– Кешкi оқу түрi бiраз уақыт үзiлiстен кейiн, яғни 2012 оқу жылынан бастап өндiрiстен қол үзбей оқимын деген барлық жастарға бiрдей жағдай жасау мақсатында ашылды. Бiтiрушi түлектерге оқытудың кешкi, сырттай немесе күндiзгi оқу түрiн аяқтағандарына қарамастан бәрiне бiркелкi мемлекеттiк үлгiдегi диплом берiледi. Олардың айырмашылығы – тек оқу бағдарламасында, (кешкi – 5 жыл, қысқартылған – 3 жыл, жеделдетiлген – 2 жыл) және оқу мерзiмiнде. Университет бiтiрушiлердiң қаншалықты құзiреттi және еңбек нарығында бәсекелестiкке қабiлеттi болуы – ол болашақтың сыны. Педагогикалық бағыт бойынша орта кәсiби бiлiм негiзiнде оқитын студенттерге мемлекеттiк бiлiм беру гранттары қарастырылған. Ал, кешкi оқу түрi бойынша оқитын студенттерге бiлiм гранттары жоқ. Күндiзгi оқу түрiне қарағанда кешкi оқу түрiнiң айырмашылығы, тек оқу жүктемесiнiң көлемiнде. Оқу жүктемесi күндiзгi оқу жүктемесiнiң 50 пайызын құрайды және сабақ кестесi ыңғайлы түрде студенттермен келiсiлiп, кешке жұмыстан кейiнгi уақытқа қойылады. Ал, оқу үдерiсiне қойылатын талап бiрдей.

– Қашықтықтан оқыту қалай жүзеге асады?

– Университетiмiзде қашықтықтан бiлiм беру технологиясы, жоғарыда атап өткенiмiздей, 2004 жылдан берi оқу процесiне ендiрiлген. Осы жерде атап айтып кеткен жөн, қашықтықтан бiлiм беру оқу түрi емес, ол – технология. Бұл технология сырттай оқу түрi бойынша оқитын студенттерге, шетелдерде тағлымдамадан өтiп жатқандарға, мүмкiндiгi шектеулi жандарға арналған. 2009 жылдан берi қолданыстағы «Қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша оқытуды ұйымдастыру. Негiзгi ережелер» атты Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарты және ҚР Үкiметiнiң 2012 жылғы 19 қаңтарындағы №112 қаулысымен бекiтiлген «Қашықтықтан бiлiм беру технологиялары бойынша оқу үрдiсiн ұйымдастыру Ережелерiне» сәйкес жүргiзiледi.

Желiлiк технология РRОМЕТЕҮ қашықтықтан оқыту жүйесi арқылы iске асырылады. Осы уақытқа дейiн бұл жүйе үш рет жаңартылып, бүгiнде оның 4.7 жаңа нұсқасы iстеп тұр. Осы жүйенiң негiзiнде кешкi және қашықтықтан оқыту факультетiнiң заманауи дизайнда орындалған ақпараттық-бiлiм беру порталы жұмыс iстеуде. Порталда келесiдей мәлiметтер орналастырылған: факультет жаңалықтары, оқу ғимараттарының орналасуы, оқу үрдiсiнiң кестесi, сабақ кестесi, емтихандар кестесi, оқу жетiстiктерiн сыртқы бақылау сұрақтары, талапкерлерге қажеттi ақпараттар және басқа да пайдалы ақпараттар. Әрбiр студент өзiнiң логинiн және паролiн теру арқылы жүйе кiтапханасынан керек мәлiметтi алып, өз бетiнше дайындала алады. Оқытудың бұл технологиялары бiлiм беру ресурстарына қолжетiмдiлiктi едәуiр арттырып, өндiрiстен қол үзбей бiлiм алуға, сонымен бiрге мүмкiндiгi шектеулi азаматтардың iзденуге деген ынтасын қанағаттандыруға мүмкiндiк бередi.

Кейс-технология желiлiк технологияны iске асыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда қолданылады. Кейстiк технология – студенттiң өзiндiк бiлiм алуы үшiн дайындалған мультимедиялық оқу-әдiстемелiк материалдардың жинақтарын (кейстердi) қолдануға негiзделген технология.

Кейс-технология бойынша әрбiр студент электронды тасығышта немесе шағын дискiде өзiнiң мамандығына бекiтiлген оқу жоспарына байланысты оқылатын пәндердiң оқу-әдiстемелiк құралдарын ала алады.

ТВ-технология – бұл бiлiм алушыларға оқу-әдiстемелiк материалдарды жеткiзуде, бiлiм алушылардың оқытушылармен және өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ету үшiн теледидардың, ғаламдық, локальдiк желiлердi пайдалануға негiзделген технология. Қашықтықтан оқыту бағдарламаларын кеңейту және iске асыру мақсатында университет тарапынан жабдық және бағдарламалық қамтамасыз ету сатып алынып, жұмыс iстеуде.

Аталмыш жабдықты және бағдарламалық қамтамасыз етудi иемдену және қолданысқа енгiзу алдыңғы қатарлы отандық және шетелдiк ғалымдарды, олардың тiкелей қатысуын қажет етпей қашықтықтан интерактивтi бейнесабақтарды өткiзудi толығымен қамтамасыз етедi.

– Институтта сессия емтихандарын тапсыру жүйесi қалай жүзеге асады?

– Сессия университеттiң ғылыми кеңесiнде бекiтiлген оқу үдерiсiнiң кестесiне сай жүргiзiледi. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi бекiткен Ережесiне сәйкес жылына екi рет 20 күннен сессия өтедi. Күзгi және көктемгi. Сырттай оқитын студенттердiң оқу жұмыс жоспарының 70 пайызы өз бетiнше дайындық жұмысына арналуына байланысты олардың курстық және бақылау жұмыстары, тағы басқа тапсырмалары қашықтықтан оқыту технологиясын пайдалану нәтижесiнде «Прометей» жүйесi арқылы қабылданады. Ал, аралықтағы қорытынды аттестаттау (сынақ-емтихан тапсыру) университетте жүргiзiледi. Сессияға бақылау жұмыстары мен курстық жұмыстарды толық орындаған, ақылы негiзде оқитын оқудың төлемақысын төлегеннен кейiн жiберiледi. Келесi сессияға шақыру қағазы сессияны ойдағыдай тапсырған студенттерге берiледi.

– Кешкi немесе қашықтықтан оқыту қазiргi заманда тиiмдi ме?

– Әрине, тиiмдi. Студент өзi қалаған мамандығы бойынша қалаған уақытта, қалаған жерде, күндiз жұмыс iстеп, кешке оқу орнында теориялық бiлiмiн толықтырады. Оқу ақылы негiзде болғандықтан оқу ақысын өз еңбегiмен табады. Төлемақысы күндiзгi оқу түрiне қарағанда 50 пайызға төмен.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper