"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Қалила Омаров, кинорежиссер: «РЕЖИССУРА МЕНIҢ IЗДЕГЕНIМ ЕКЕН»

Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 10:17
Қалила Омаров, кинорежиссер: «РЕЖИССУРА МЕНIҢ IЗДЕГЕНIМ ЕКЕН»

 

«Кемшіліксіз кино – осы!»

– Өмеке, алдымен мына суреттерді қарап шығыңыз. Бұл кісі – Мұса Рахманбердиев. Кеңес Одағы құлап, кино түсіру тоқтап, жұмыссыз қалған мен күнкөріс үшін темекі сатып жүргенімде үйіндегі бар жиған-терген ақшасын – 5000 теңгесін маған «кино түсір, сауданы қой» деп әкеліп берген адам... Мына суреттегілер – менің Ленинградтағы ұстаздарым. Бәрі – еврей. Солар мені де еврей деп ойлады ма, әйтеуір, жандарына жақын тартты ғой. Олар мені үйлендіргісі де келді...

– Жарайды, сұхбатымызды «Похоронен заживо» деген фильмің жайлы сұрақтан бастайықшы.

– Ол фильм менің курстық жұмысым болатын. Мен Ленинградтағы мәдени-ағарту училищесінің кинофото бөліміне оқуға түскенмін. Бірінші жылы фото ісін, қалған екі жылда кинооператорлықты үйретеді.

– Онда қазақ баласы сирек баратын бұл мамандықты неге таңдағаныңнан аттап кете алмаймыз. Қашан, қалай пайда болды бұл құштарлық?

– Жетінші класта болса керек. Бірнеше ұрпақ іздеп жүріп оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын бір-ақ күнге сұрап әкелгенмін. Тығып оқимын. Әкем көріп қойып әбден ұрысты. Ертесіне шешем класс жетекші апайға барып, менің үстімнен шағым жасады. Апайым ол кісіні сыпайы шығарып салды-дағы, маған «сенен бәрібір математик шықпайды, оқи бер» деді. Сол сөз қанат бітірді. Оқуды, жазуды күшейттім. Келесі жылы, 8-класта аудандық газет «штаттан тыс тілші» деген мәртебе берді... Бір қызығы, Жаңақорғанда аудандық газеттің мақалалары жарияланбай тұрып, жергілікті радиодан оқылатын. Көшедегі радиодан «Коммунизм жолы» газетінің штаттан тыс тілшісі Қалила Омаров» деген сөздерді естігенде төбең көкке екі-ақ елі жетпей тұрады. Бүгінгі сөзбен айтқанда «жұлдызсың, мегажұлдызсың»!.. Нұртас есімді Мәскеу мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетінде сырттай оқитын екі аяғы мүгедек жігіт бар еді, өлеңдерімді бір күні соған көрсеттім. Оразбек Мақсұтов дейтін Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің тілшісі екеуі – алғашқы сыншыларым. Джек Лондон – кумирім.

1927 жылы молдалар репрессияға ұшырағанда Самарқанға өтіп кеткен біз 1961 жылы ғана Жаңақорғанға қайта оралыппыз. Басы қазандай үлкен болып туған маған қарап есікке зорға сиятын атам Үбайда: «Осы балам әкем Омардың атын шығарады» деп отырады екен... Атақты Айқожа ишанның ұрпағы әркімнің босағасында, «времянкада» жүрген ғой. Әкем Нәметолла – біздің әулетте алғаш арақ ішкен адам. Шешем намазын қаза қылмайды. Содан бір күні «Жайнамаздағы бөтелке» деген әңгіме жазайын...

Мектепте жүргенде «Алғашқы махаббат» деген әңгіме жаздым. Комсомол комитетінің хатшысы, екі көзі танадай қызға ғашықпын. Қасында жүру үшін қабырға газетіне мақала жазып жүрдім. Қырындауға батпаймын, бірақ, жоғары кластың «неге жолайсың» деген балаларынан таяқ жеймін...

8-класты бітірген жазда қалтамдағы 6 сом ақшамен Ленинградқа тарттым. Мақсат – орыс жазушылары сонша сипаттаған қаланы көзіммен көру. Бірақ, Ақтөбеде милиция ұстап алды... Бастаған әңгімемді бітіргенше адресімді айтпадым. «Детский приемникте» бір апта отырып жазып шықтым...

Мектептен кейін әскерге барып келдім. Украинаға түссем де, 100 қазақ баласы бір жерде болған соң, орысша үйреніп жарытпадым. Жалпы, тіл маған ауыр соқты. Екі жылдан кейін әкем «қайда барсаң онда бар» деп бір танасын сатып берген, сол ақшамен Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) мәдениет институтына кеттім. Кітапхана бөліміне құжат тапсырдым. Емтихан басталардан бұрын қабылдау комиссиясы «собеседование» өткізді. Келген мақсатымды сұрады. «Я хочет читать книги и быть писатель» дедім. (Әзіл емес, шынымның өзі сол болатын). «Айналайын, жалғыз сен үшін Шымкенттен дәл осындай институт ашылды, қиналмай еліңе қайт!» деді олар... Есіктен шыққан жерде қарасам «культпросвет училище на кинофото отделение принимает абитуриентов» деген жазу тұр. Барып, режиссер бола аласың ба дегендей сұрақтарға дұрыс жауап бердім-ау деймін. Диктант жазудан емтихан болды. Мұғалімдер 10 балалы үйден келген, бұтында әйелдер киетін крепдешин матадан тіккен «клеш» шалбары бар, орысша білмейтін «стиляга» мені келіп бір көріп кетеді. Диктант жаздырған оқытушы да менің «тапор» деп жазғанымды байқап, «топор» деп қайталады. Жөндедім. Бір уақытта қайтадан «тапор» деп оқыды. Мен де солай жаздым. Не керек, «3» қойып берді ғой...

Сөйтсем, режиссура менің іздегенім екен. Өйткені, жазып қарық қылмадым. Ал, айтар ойым көп. Мына режиссурада көп соз­бай, сол ойды көрсету арқылы бере бастайды екенсің...

Сол кезде Ленинградта тұратын бір қазақ кісіге жолықтым. Әйелі – орыс. Сол кісі «менің көрген азабымды сендер көрмеңдер, тек оқумен шектелмеңдер, адамзат тарихын біліп алыңдар, сонда қазақтың әлемдегі орнын да білесіңдер» деп әр апта сайын ауылдан келген 5-6 баланы өз ақшасына Эрмитажға, театрларға, онда-мұнда апарады. Үйі тола кітап, содан береді. Әйелі болса «ақшаны қазақтарыңа құртып жатырсың» деп тамақ істеп бермейді... Ленинградтағы «Жерлестіктің» президенті болдым. Училищеден кейін институтқа түстім, бірақ, аяқтай алмадым. Оқып жүріп жұмыс істеп, 450 сомға кинокамера сатып алдым. Күніге 2 рет киноға барамын. Алекперов дегеннің кітабын оқыдым, онда орыстың отарлық озбыр, арам, екіжүзді саясатының бәрі тұр...

Вячеслав Никифорович Героев деген оқытушы курстық жұмысыма жетекші болды. Ол бір күні қаладағы көп қабатты үйлердің төбесіндегі антенналар крест секілді, үйлердің өзі табыт секілді деп идея тастады. «Адамдар түнде өледі, күндіз тіріледі» деген ойды айтпақ болып жұмысымды «Похоронены заживо» деп атадым. Сөйтсем, ұстаздарым ме­ні кеңес өкіметін әшкерелеуге, кинодағы Булгаков болуға дайын­даған екен ғой...

– Иә, сонау отызыншы жылдары Ильф пен Петров «Бір этажды Америка» де­п жазса, сол Америка халқы бүгін де жеке коттедж үйлерде тұрғанды жақсы көреді және сол жағдай оларға жасалған ғой...

– Содан менің фильмім көрсетілмейтін фильмдер қата­рына кіріп кетті... Енді Өнер академиясындағы Құрманғазы образын сомдап жатқан Жаубасар Қалиев есімді мүсіншіге шықтым. Ауыл­ға келіп алдымен даланы, дарияны, көкпарды түсірдім. Сосын мүсіншінің жұмыс үдерісін түгел түсірдім. Жасап қойған жерін қайталаттым. Туындымның атын «Кісен ашқан», орысшасын «Воплощение» деп қойдым. «Белая ночь» деген фестивальге апардым. 88 фильмнің 87-шісі жайлы талдау жүріп жатыр. Менің кином ауызға да алынбады. Өзім шақырған қазақтарға қарауға бет жоқ. Сол кезде жюри төрағасы: «Міне, сіздердің атыңызға айтылған кемшіліктерден ада, құбылыс деуге әбден болатын бір туынды бар, ол – «Воплощение». Онда идея бар, кейіпкер бар, тарих бар, динамика, музыка бар, қысқасы бәрі бар, соның бәрі гармония құрып тұр. Біз оған Гран-при береміз!» деді. Сол кезде қазақтарым мені тік көтеріп әкетті! Есениннен кейін бұл мәртебе бұйырған өнер адамы мен шығармын. Мені де ресторанға көтеріп барды-ау деймін...

Мен негізі портретистпін. Бірінші, оны табу керек еді, таптым. Енді оны ашу үшін мен Сталинді де бердім. Құрманғазы қазақтың жиынтық бейнесі болды. Балтық жағалауындағы фестивальге апарғанымда коммунистер қарсы болып, бас бәйгені ала алмай қалдым...

Сөйтіп жүріп стипендиядан қағылдым. Ақшам жоқ. Идеям көп. Ауылға қайтқым келмейді. Сол екі ортада анаша тартуды үйрендім. Кереуетім астындағы қорапта жатады. Бір күні түсіме Пайғамбар мен оның төрт шадияры кірді. Әзіреті Әлі Пайғамбарға: «Мына жігіт – менің ұрпағым. Бұл бөтен елде жүр. Қазір теріс жолға түсіп кетті» деді. Пайғамбар маған қарап: «Еліңе қайт!» деді. 3 сағат ішінде америкалық былғары күрткемді 160 долларға сатып, қарыздарымды беріп, елге қайтып кеттім. Сол күні түнде анаша шегетіннің бәрі ұсталыпты және олар мені сатпапты...

Қанша жыл қыз таңдап келіп, Жаңақорғандағы жалғыз үй қыпшақтың медучилищеде оқитын жас қызына үйлендім. Күріште жүргенде мас болып құлап қалған мені аяп, жататын бөлмеге әкеп салыпты. Қолымда қалған қызыл орамалы арқылы тауып алдым. «Мұндай жанашырлық көрсеткен жан үлкен өмірде де сатпас» деген жалғыз ой болды...

Елден елді аралап, көнекөз қарияларды іздеп, әңгіме теріп жүріп, Отырар ауданындағы «Балтакөл» кеңшарында тұратын бір қазына қартқа тап болдым. Өріктің астындағы темір кереует үстінде үш-төрт жастыққа арқасын сүйеп тақырбас, көзі өткір ақсақал отыр. Екі жағында екі бүркіт. Сәлемдесе беріп едім: «Тоқта!» деді. «Мынау не?» деп бүркітті нұсқады. Айттым. «Қайсысы қандай?». «Біреуі – дала, біреуі тау бүркіті болар» дедім. Сосын барып сәлемімді алды. Сәл болмағанда қайтарып та жібере жаздады... Бір әңгіме айтады өзі, бір әңгіме сұрайды сенен. «Қазақ туралы керемет кинолар түсіремін әлі» деймін. «Шырағым, төре де, қожа да елді аштықтан құтқара алмаған кезде, олар менсіне бермейтін қара қазақ тарының күшімен құтқарған. Қазақ төрені төрелей, қожаны қожалай сыйлап өткен. Сен сол қазақты ата-бабаң сүйгендей сүйе алсаң, оған ата-бабаңа қызмет еткендей қызмет ете алсаң, сонда сенің жолың ашылады» деді бір күні. Сірә, менің бет-әлпетімнен «қожамын, ақсүйекпін» деген пиғыл есіп тұрса керек... Қалданбай Алтайбаев ағамыз Е.Бекмахановтың шәкірті екен, сөйтсем. Ақыры мені ұлттық тұрғыдан тәрбиелеп шығарды ғой.

...Ауылдан інілерінің сілтеуімен Қалтай Мұхамеджановқа келгенмін. Ол кісі «Қазақфильмге», Сламбек Тәуекеловке, «Қазақтелефильмге», Кәрім Танаевқа жіберді. Тәуекелов «кейін кел» десе, Танаев «таныспен келгенді жек көремін» деп шорт кесті. Кетіп бара жатыр едім, «қолыңдағы не?» деді. «Блокнот. Қазақ киносы туралы сыни ойларым». Содан екеуміз 4 сағат сөйлестік. «Асфальтта өскен балалар қазақ киносын сорлатып жатыр. Қазақи кино түсірсең, мен саған көпір боламын» деді...

Бірінші кином Тәушен жайлы еді. Ол жарқ ете қалды. Телеарнадан берілген күннің ертесіне «знаменитый» болып ояндым ғой... Одан кейін Мәриям Хакімжанова жайлы «Атамекенді», «Замана шеруін», «Мағжанды» түсірдім.

 

Қаратаевтың күрсінісінтүсіріп алдық...

– Мағжан туралы кино қалай қабылданды?

– Біздің үйдің алдында бәйтерек бар. Сол желден майысады, бірақ, сынбайды. Мағжан да сондай болған ғой... Екінші рет қамақтан келгеннен кейін Мағжан Сәбит Мұқановтан көмек сұрап, «Қарағым, Сәбит! Саған бұл хатты жазбас едім, жағдайым қиын болып тұр, көмек көрсетемін деген едің» деп хат жазады...

Мағжанға жасалған қиянаттардың басы-қасында Әбділдә Тәжібаев пен Мұхамеджан Қаратаев жүрген. Әбекеңе сұхбат алуға үш рет барғанымда да ананы-мынаны сылтауратып бермеді. Сосын Мұхамеджан Қаратаевқа «жалпы қуғын-сүргін заманы жайлы айтыңызшы» деп өтініш жасадым. Үйіне бардық. Кинокамерамыз – ескі. Мотордың дыбысы естілмесін деп көрпемен орап қоямыз. Пленканың 1 метрі 3 доллар тұрады, сұхбатты түгел жазуға қаржы жоқ, керек деген жерін ғана жазамыз. Ананы-мынаны сұрап келіп, Мағжанмен алғаш рет қалай кездескеніне көштім. «Сәбең (Сәбит Мұқанов) Жазушылар Одағының төрағасы, мен оның хатшысымын, – деді Мұхаң. – Бір күні кабинетке аппақ костюм киген, қою бұйра шашты әсем жігіт кірді. Сәлемдестік. Кім екенін сұрадым. «Мағжан Жұмабаев!» дегенде денем ду ете қалды! Өлеңдерін бүкіл қазақ жатқа айтатын Мағжан ғой... Бірақ, газеттерде суреті жарияланбайтын. «Күлсе күлсін, аспандағы күн күлсін!» деп бастап, бір-екі өлеңін жатқа айтып тастадым. «Ә, біледі екенсіңдер ғой!» деді. «Зонадан» шығып келіп отыр ғой... Сол кезде Сәбең келді. Содан не керек, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нұрпейісов төртеуміз бірінші хатшы Л.Мирзоянға бардық. Сәбең Мағжанды таныстырып жатыр. Мирзоян тыңдап болды-дағы Сәбеңе қарады: «Қазақтың мықты жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі адасқанын мойындап, қатарымызға келіп қосылды. Енді қазақтың мықты ақыны да келген екен, оны да орталарыңа алыңдар!». Сәбең «ия, ия!» деп жатыр... «Бұл жігітке, біріншіден, жұмыс бер. Екінші, пәтерақысын төлейтін ақша бер. Үшінші, отын бер!». «Ия, ия» деді Сәбең. Содан, шықтық...».

Мұхамеджан Қаратаев осы сөзді айтты да үндемей отырып қалды. Сәлден соң операторым, түлкібастық Мұстафаға белгі бердім. Келісіп қойғанбыз, ол «пленка жоқ» деді. «Пленка таусылды дейсің бе? Қашанғы айтамын саған үнемдеп жұмса деп!» айқайды салдым. Ол бұрқылдап, ақталған болып жатыр: «Өзің ғой, шал көрсең болды «түсір, түсір» дейсің...».

– Екеуің де нағыз әртіс екенсіңдер ғой! Рөлді әдемі ойнап жатсыңдар...

– Иә... Қаратаев болса бізден көзін алмайды. Қойып отырған сұрағымның өзі өте бір кінәмшіл, шамшыл тақырып қой... Менің міндетім – 20 жыл НКВД түрмесінде отырған, небір бәлені басынан өткерген, өзі сыншы адамға қалай да шынын айтқызу. Мұхаңа қайта бұрылдым: «Құрысын, ең болмаса өзіміз естиік, не болып аяқталғанын айтыңызшы, аға» дедім. Мұхаң камераға қарай беріп еді, «қарамай-ақ қойыңыз, пленка таусылыпты ғой» дедім. Ал, өзім тағы да белгі бердім. Қаратаев сол кезде: «Сол шыққаннан кейін біз Мағжанды көрген жоқпыз, Мағжан бізді көрген жоқ. Сәбең ешқандай жұмысқа қабылдамады оны» деді де үн-түнсіз отырып қалды...

Мақсатыма жетсем де зұлмат заманның тірі куәсінен тағы бір нәрсе күткендеймін.

– Не күтетініңді, нені керек ететініңді өзің де түсінбейсің?..

– Түсінбеймін, бірақ, бір штрихтың жетпей тұрғанын ішім сезеді. Орнымнан тұрдым да «қап, сізді крупный планмен түсіре алмадық-ау» дегендей бірдеңелерді айтып жүріп, екі жақтағы лампаларды Мұхаңа жақындатыңқырап қойдым. Ол кісі терлей бастады. Бір уақытта қалтасынан беторамалын алды. Мен осы кезде Мұстафаға тағы белгі бердім. Қаратаев бетін сүртіп болды да «У-ух!» деп күрсінді...

Болды, бітті! Монтаждадық. Ертесіне Мұхамеджан Қаратаевтың қалай қиналған сәтін бүкіл ел көрді. «Арқамнан қағатын шығар» деп Кәрімге бармаймын ба? Сөйтсем, ҚазМУ-дің профессоры Тұрсынбек Кәкішев бастаған ғалымдар «Біздің ұстаздарымыз Сәбит пен Сәкенді сатқын етіп көрсететіндей Қалила Омаров деген кім өзі?» деп шу ете қалыпты. Кәрекең маған «Сәбитке, Мағжанға байланысты маған ғалымдар, жазушылар келе жатыр, сен көрінбей отыра тұр» деді. Мен де қарап қалған жоқпын, кетіп бара жатып «олар мені сотқа берсе, мен 57-58 жылдардағы құжаттардың бәрін жарыққа шығарамын» деп доқ көрсетіп кеттім. Кәрім қадірлі ақсақалдар бой бермей бара жатқан соң «сотқа берем десеңіздер мен қарсы тұра алмаймын. Бірақ, ондай жағдайда ол баланың «1957 жылы Мағжан да Сәкен, Тұрарлармен бірге ақталған екен, бірақ, оның ақталғаны неге жария етілмей қалғаны жайлы кешегі киноның жалғасын түсіремін» деп жүргенін сіздерге ескертемін» депті. Бұл сөзге әлгі кісілердің қайтарар уәжі болмай, орындарынан тұрып жүре беріпті...

– 1989 жылы Мағжан ақталып, бір томдық шығармалар жинағы жарыққа шыққанда соған алғысөзді Әбділдә Тәжібаев жазғанда Зылиха апай, Мағжанның жесірі, «басқа кім жазса ол жазсын, тек Әбділдәға жаздырмаңдаршы» деп жылаған дейді ғой...

– Зылиха апай – өмір бойы Мағжанның өлеңдерін жастығының ішіне салып, сақтап келген адам... Деректі кинода түсіремін деп жүрген адамыңның жасы келіп немесе ауырып, ия болмаса басқа да себептермен келмеске кетері сезілсе, сіз «уходящий объект» деген шартты атаумен сол кісіні түсіріп қалуға қаржы мен техника ала аласыз. ...Мағжан ақталғаннан кейін шыққан, жаңағы сіз айтып отырған кітапты Зылиха апай қолына тұңғыш рет ұстаған сәтін түсіріп алу керек болды. Бұл іс қазақ тілді режиссер Тұраш Ибраевқа тапсырылды. Мен – оператор Анатолий Федуловтың ассистентімін. Сонымен, Зылиха апай келіп орындыққа отырды. Мағжанның кітабын апайға әкеліп ұсынды. Ол кісі кітапты алды. Маңдайына тигізіп тәу етті. Сосын көкірегіне басты. «Арманым жоқ, арманым жоқ, Мағжаным қазағымен табысты! Енді өле берсем де болады» деп өксіп-өксіп жылады...

1989-90 жылдары Мұхтар Шахановтың Желтоқсан жайлы комиссиясы жұмыс істеді. Кәрім Танаев соның жұмысын, «Желтоқсан» жайлы кім түсіреді?» дегенде «Қазақтелефильмнен» мен ғана тілек білдірдім... Кәрекең: «Мен саған үй, атақ, тағы-тағыларын әперем деп уәде бере алмаймын. Бірақ, мына фильм үшін түрмеге қамалар болсаң, қасыңа барып отыруға уәде беремін» деді... Содан Мұхаңа келдім. Ол кісі жаңа жапон бейнекамерасын таптырып берді. Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» деген әні фильмді музыкалық жағынан демеп отырды. Киноны түсіріп болдым. Қабылданды...

Негізі, қазақтың ұлттық мүддесіне қызмет ету – бұл Хан-Тәңірінің ұшар шыңы сияқты нәрсе. Оған шығу үшін әркім әр- түрлі жолды таңдайды. Біреу «алаш жолы – дұрыс жол» деп соны таңдайды; біреу «кеңес жолы – дұрыс» деп сол жолды таңдайды...

– Қайсысына болса да уақыт төреші дейсің ғой.. «Алаш» демекші, сен арасына 15 жыл салып «Алашорда» жайлы екі фильм түсірдің. Биыл – «Алаштың» 100 жылдығы. Бірінші фильмде нені көздедің, ол мақсатқа қолың жетті ме? Бұл мәселеге екінші рет қайта айналып келудің сыры неде?

– Жалпы, «алашқа» мені алып келген адам – ақын Мәриям Хәкімжанова апай. Өйткені, ол кісі Сәкендермен қатар Ахмет Байтұрсынұлы жайлы да керемет дүниелер айтып беріп еді.

– Айтқанда, ол екеуін біріне бірін қарсы қойып айтқан жоқ қой?

– Жо-жоқ, бірақ, екеуіне де менің көзімді ашып берген сол кісі. Жалпы, баяғы Балтакөлдегі қария мені жалпы тәрбиелесе, Мәриям апай мені әкеліп тікелей арыстардың арасына кіргізіп жіберді. Мен «Тәушенде» халықтық тұрмысты, ауылдағы ел анасының бейнесін ашсам, Мәриям Хакімжанова образы қалалық зиялы қауым өкілдерінің бейнесін ашып берді.

Алдымен Мағжан, сосын Міржақып туралы түсірдім. Міне, осы екеуінен кейін барып маған алаш тақырыбы берілді.

– Жалпы, сол кезде алаш арыстарының арамызға қайта оралуына байланысты режиссерлер тарапынан «олар жайлы деректі фильм түсіруге кім көбірек лайық?» дегендей бәсеке болған жоқ па?

– Біреумізге Мағжанды, біреумізге Міржақыпты, біреумізге Ахаңды берді. Мен «Мағжанды» түсіріп келгеннен кейін үлкен жиналыс болды. Ал, ана екі әріптесім тақырыпқа кіре алмай, Міржақып та маған бұйырды. Жалпы, маған қиын тақырыптарды беріп тұрды... Содан мен 1994 жылы «Слово об Алаше» деген фильм түсіріп біттім. Әдейі орысша жасап бердім. Өйткені, алдыңғыларымды екі тілде түсірсем де тек қазақшасын көрсетіп жүрді. Ол кезде тарихи «ақтаңдақтар» енді ашылып жатыр еді. Және «Азат» қозғалысы сол уақытта құрылған болатын. Мен сабақтастық көрінсін деп оларды да «Алаш» жайлы фильмге кіргізіп жібердім.

1996 жылы менің алаш жайлы 6 кинофильмім («Мағжан», «Міржақыптың оралуы», «Слово об Алаше», «Мұхаммед Салық», «Атамекен» және «Мұстафа Өзтүрік») мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Бірінші турдан, екінші турдан өттім. Үшінші турдан да 52 пайыз дауыспен өткен екенмін. Қарсыласым – Сатыбалды Нарымбетов, оның «Көзімнің қарасы» фильмі. Тамаша дүние. Қалтай ағамыз Мұсадан: «Жас қой, әлі талай сыйлық алады» деп сәлем айтып жіберіпті... Мен өз кандидатурамды қайтып алдым. Режиссер Дамир Манабаев кейін осыны естіп, «дурак, сен алып тұрғансың!» деді. Жарайды, бұйырмаған дүние-дағы...

 

Мойнымда Кәрімұстазымның аманаты бар

– Жалпы, несібені адам емес Алла-тағала береді екен, сондықтан мүмкіндігінше оны қайтармай, алып қалуға тырысқан жөн көрінеді. Және несібе де уақыт, айтылған, мүмкіндік секілді қайтып келмейтін нәрсенің бірі көрінеді... Сонымен,..

– Сонымен, ашаршылық туралы кино түсіруге кірістім. Оның ішінде «шолақ белсендіні» іздедім. Таптым да. Қаржы министрінің орынбасары болып істеген адам екен. «Халықтың аузындағысын шырылдатып тартып әкеткен, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дегенді іске асырушының бірі мен едім» деді. Өзімді таныстырып едім, «тұра тұршы!» деп асүйге кіргізіп, өзіне де, маған да 100 грамнан коньяк құйды. Тартып жіберді. «Мен Совминнің ауруханасында Кәрім Танаевпен бірге жаттым» деді бұрынғы белсенді. «Ең соңғы, көзін жұмар сәттегі сөзі бар еді, соны айтайын саған. Дәрігерлер «бізден қайран жоқ» дегеннен кейін Кәрім ауруханаға Мұсаны, Сағат Әшімбаевты шақырды. Екеуіне қарап: «Әйел мен кішкентай екі балаға көз қырыңды саларсыңдар» деді. Сағат: «жақсы, үй алып беремін» деді. Сосын тағы да: «Менің тәрбиелеген үш-төрт шәкіртім бар еді, ішінде үміт күтетінім Қалила, соған да көз қырларыңды салыңдаршы, сол шығарады қазақтың атын» деді. Соны айтып болды да, жөнеп жүре берді...».

Міне, Өмеке, менің мойнымда Кәрім ұстазымның аманаты бар. Бизнесте жүре беруіме болар еді, бірақ, жаңағы сөз жүргізбеді ғой... 1991 жылы қаңтарда Кәрекең қайтыс болды, 1992 жылы әлгі кейіпкерімнен жаңағы сөзді естідім.

– Мұса ақшаны қай жылы апарып берді?

– 1993 жылы. Мен Жамбылдың киносын түсіруге дайындалып жатқанмын.

– Апарып берсе, ұстазыңның сөзі жадыңда, темекіні тас­тап бірден киноға кетуге болмады ма, жоқ әлде, қайткен күнде де «азырақ қор жинап алайын, сосын кетермін» дедің бе?

– Қашан кино түсіру басталам дегенше сата берейін дедім ғой. Одан бұрын Әлжан досым келді. «Неге киноны қойып кеттің?» деді. «Кино түсіруге ақша жоқ. Бәріміз жан-жақта тентіреп жүрміз». «Бухгалтерияларыңның телефоны қандай?». Айттым. «Түстен кейін жұмысыңа бар». Онша сенбедім. Бірақ, Әлжан сөзінде тұрды... Және ақша табу үшін Дәулет Тұрлыханов туралы кино түсіруге кеңес берді... Биыл 60 жылдығыма арналған «АнтиСУАЙТ-Қалила» деген бенефисіме келді бәрі...

...Бауыржанның киносын түсіргенде Нұртас Оңдасынов жайлы бір ауыз ағат сөз үшін оның немересі мені сотқа беретін болды. «Сіздің кесіріңізден әкем инфаркт болды. Енді сізге қарсы өзім шығамын, 10 млн. теңге айыппұл төлетемін» деді. Сол кезде үйді үлкен баламның атына, жерді кіші баламның атына, машинаны әйелдің атына жаздым. Енді әйелімді біреудің атына жазу қалды... Сотқа бармас үшін мен кешірім сұрадым. Ал, ол кісі жайлы 3 кітаптың авторы Гүлсім Оразалиева атасы үшін менімен соттасайын деп жүріп, бір мұнайшыларды тауып әкеліп берді. Олардан 10 мың долларға тапсырыс алдым. Нағыз қазақтың қызы сол – Гүлсім!..

Енді сізге ешкімге айтпаған нәрсені айтайын.

– Е, сөйтші, айналайын, сұхбаттың сәні сол ғой!

– Мен бір түс көрдім. Түсімде көшпенділер мені қуып келе жатыр. «Ойпырмай, бұларға не жаздым?» деймін. Бірақ, ойланар уақыт жоқ, қашып келем. Сауранның дуалы сияқты қамалдың дуалына іліктім. Ең үстіңгі қабатқа жеттім. Дуалдың үстіне шығып отырдым. Төменде қуғыншылар садақтарымен сатырлатып атып жатыр, бірақ, жебелері маған жетпейді... «Бұл не түс?» деймін. Жебе жаудырып жатқан өз қазағым – салафиттер екенін түсіндім. Олар қазақты қақ бөліп отыр ғой бүгін. Бағана қоңырау соққан Тілеген есімді жігіт «Қалила, дінге иелік етуің керек сенің» дейді. «Қой, айналайын, дінге иелік ететін мүфти бар, молдалар бар, бұл қай сасқаның?» деймін. «Дінге иелік етпесең ертең Алла алдында жауап бересің!» дейді ол.

– Бұл қай жылдары еді?

– Осыдан 3-4 жыл бұрын. Бірақ, діни ахуалдың ушығып бара жатқанын көріп тұрып, иелік етпесең де қол қусырып тағы отыра алмайды екенсің. Содан салафиттерге қарсы шықтым. Және ол былай болды. «Тайм» журналының тілшісі «Исламға қалай қарайсыз?» деп сұрады. «Мен исламды қазақ жеріне әкеліп таратқан адамдардың тікелей ұрпағымын» дедім. «Секталарға қалай қарайсыз?». «Сектаның өзі тұрмақ, ертең елді бұзатын, бірімен бірін соғыстыратын оларға бүйрегі бұратын ислам өкілдерін де мойындамаймын. Олардан атеистерді артық көремін. Сектаға кіргенше атеист болғаным артық».

– «Тайм» журналы сенің жауабыңды басты ма?

– Иә, журналға менің жауабымды суретіммен бірге шығарыпты. Және оны апарып еліміздегі салафиттердің басшысына – білесіз ғой кім екенін - апарып беріпті. Оның оң қолы – менің бір бауырым. Басшы болса оған «мен қазақ ең болмаса намаз оқыса екен деп жүгіріп жүрмін, ал, ағаңның істеп жүргенін қара!» деген ғой. Содан бастап ағайындарымның біразы мені өз қатарларына қоспай қойды. Нағыз алапестің өзі болдым да қалдым. Осылай қаншама жыл жүрдім ғой. Олар мені бір күні «атеист болғаным жақсы» деген сөзіңе кешірім сұра, бұл – Құдайдан безген адамның сөзі» дейді.

– Сұрадың ба кешірім?

– Түсіріп жатқан кином жоқ, жағдайым қиын, балаларды үйлендіру керек, сұрасам сұрайын деп әлгі «дәу» бауырыма бардым. Ол болса: «Неге бұл кісі кешірім сұрайды? Бұл кісі өз ойындағыны айтыпты, онда тұрған не бар?» деп қайта маған қолдау көрсетіп жіберді. Онымен де қоймай, үлкен қаржы берді. Соған балаларды үйлендірдім, үй салып жатырмын...

Айтпақшы, Бауыржан Момышұлы жайлы кино түсіріп жатқанымда маған «Мұхтар Әбләзов жайлы кино түсір» деген тапсырыс келді. «Ақша қанша керек дейсіз, сонша аласыз, шектеу болмайды» деді. Мен сосын интернетке кіріп, ол жайлы не бар, бәрін жинадым. Байлық бөлісу, байлықты шашу... Сценарийдің сұлбасын, тұғырнамасын жаздым. Тапсырыс берушілерге «байлықты бөлісіп жатқан, шашып жатқан адамдарға шығуға мүмкіндік беріңдер, халықаралық сарапшыларға шығуыма жағдай жасаңдар, сол кезде мен Әбләзов ұры ма, жоқ әлде Әбләзов ұлттық батыр ма, әркім оны өзі бағамдай алатын етіп екі жақтың да сөзін, пікірін беремін» деп едім, аналардың көздері атыздай болды, төбе шаштары тікірейіп кетті...

Сол екі-үш айда қатты қиналдым. Бір жағынан есепсіз сұмдық ақша аждаһадай өзіне тартып әкетіп барады, екінші жағынан... Маған: «Түсіріп бере салсайшы киносын, нең кетеді? Балаларың анау – жұмыссыз отырған, үйлерің мынау – бәрің бір жерге тығылған, әр балаңа бір-бір пәтер әперсең де аз ба саған?» деген достарым болды. Осылай қиналып жүргенде бір күні қасыма Қуаныш балам келді: «Әке, қиналмаңыз. Бұл кино болмағанда да күнімізді көрер едік қой! Ертең артыңызда қалатыны – түсірген киноларыңыз ғой. Әлі еліңіздің аманаты, Кәрім ағайдың аманаты бар» деді. Қуанғаным сонша, жылап жібердім...

– Аманат демекші, сен салафиттермен күресу дегенді көз алдыңа қалай елестетесің?

– Сол үшін мен бірінші кезекте Айқожа ишанды жарыққа шығардым. Бұл – шоқындылыққа жол бермеудің амалы. Тоқсаныншы жылдары Жұматай Жақыпбаевтың әйелі Зайда Елғондиновамен бірге сырттан келген секталармен күресу жолында «Қазақ жастары неге ислам дінінен жериді?» деген тақырыппен сегіз хабар жасаған едім.

«Ислам – ата дініміз» деген фильм түсірдім. Айқожа ишан бабамыз өмірден озарының алдында: «Дін жолына қызмет ету бойымдағы ақындық, палуандық және зергерлік өнерімді сыртқа шығаруға мүмкіндік бермеді...» деп өкініп кеткен екен. Мен бабамыздың сол сөзінің мәнісін бүгінгі таңдағы дәстүрлі дініміз үшін жүріп жатқан күреске қарап енді түсіне бастағандаймын. Қайта соңғы жылдары интернетте «фейсбук» деген керемет дүние пайда болды, соны белсенді түрде қолданып жатырмын. Есенғали секілді достарым: «Сенің сынамайтын адамың жоқ, біз бір мақала жазсақ, жаман сілкілеуге түсеміз, сені де біз секілді мазалай ма?» дейді...

– «Өлтірмегеннен басқаның бәрі бізді тек қана шыңдайды» деген сөз бар ғой, Қалила. Еңбегің жана берсін!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper